Бейсенбі, 27 Қазан 2016 11:37

Шынжырларды балқытып, тәж бен тақты күйреткен күн

Адам баласы, адамзат қоғамы қашанда алдағы болатын оқиғаны аңсай тосқан ғой. Жаңа мыңжылдық жеткенде сарыуайымшылдар қауымы: «Киелі кітапта айтылған қиямет-қайым деген орнаса, осы жолы орнайды. Жаман істеріміз шашымыздан да асып кетті. Ол үшін күллі адамзат болып жауап беретін кезіміз келді», – деп қорқыпты. Қиялшылдар қауымы: «Жаратқанның жердегі үмбетін тегіс жарылқайтын заманы енді орнайды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнауын талай күтсек, енді сол заманға да жеттік», – деп қуаныпты. Сөйткен жаңа мыңжылдық та орнады. Сол ғасырдың қызығы мен шыжығына куә болған біз де бір пендеміз. Әзір бәрі бәз-баяғысынша. Таң орнынан атып тұр. Күн орнына батып тұр. Қиямет-қайым болған жоқ. Адамзат жиырмасыншы ғасырдың табалдырығын нешетүрлі әлеуметтік алақызбалыққа ұрына, еліре аттапты. Сол өткеннің бәрі су сепкендей басылды. Тәңірім, жаңа ғасыр табалдырығынан аттап отырған біздерді де қай-қайдағы әулекіліктерге ұрындырмай, етек жиып, ес түгендеп алуымызға мұрша бергізгей... Ең бастысы, жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа егемен ел, тәуелсіз ұлт болып аттадық. Бұған жеткен де, жетпеген де бар. Өйтіп, біреуді көріп шүкір етіп, біреуді көріп пікір ету үшін өткенді қазып, бүгінге көз жіберуге тура келді. Ол үшін  бір сауалға – бұл күнге қалай жеттік? – деген сауалға жауап іздеу қажет.

 

Егер ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен көз жүгіртіп байқасақ, ежелден-ақ ата-бабаларымыздың жерін еш жауға бермеген, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлық ержүректілігін, жауына қатал, досына адал, сезіміне берік, қас жауына ерік бермеген, садақ ұстап қол күшіне сеніп, найза ұшына үкі таққан ұл қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге мұра болып жеткен. Отанды қорғаған, еліне деген патриоттық сезімі күшті, ерлер сияқты қолына қару алып, ат құлағында ойнай жүріп жауын жеңуі сақ қызы — Тұмар падишаның ерлігінің айқын белгісі. «Маған туған жердің бір уыс топырағы қымбат. Ол жерде енді не бар?!» деп тұрсыңдар ғой… Менде ел бар, менде жер бар, мен ел-жерімді қорғадым, — деген Тұмар падиша осындай байтақ та бай, дархан Отанымызды қыздарға тән жан мен тән нәзіктігіне қоса намысшыл өр мінезімен қорғағаны хақ. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас » – деп қыздарға сеніммен арқа сүйеген де, белден асқан қолаң шашын түйіп жіберіп жауға шапқан ержүрек батыр қыздардың Қазақ жерінде болуы бізді зор мақтанышқа бөлейді.

Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін түсінік берер оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен ғибраттанар ұлы тұлғалар аз болмаған. Олардың қатарына: қазақтың ұлан-ғайыр ата-қонысының қалыптасуын; ұлттық мемлекеттігіміздің бастауы – Қазақ хандығының дамуын; тағын емес, билеп отырған халқының бағын ойлап, жау қолына аяусыз тойтарыс берген хандар мен оларға ақыл-кеңесін аямаған билер дәстүрлерін; ата-бабаларымыздың елімізге, батырлардың ел тәуелсіздігі мен ата-қоныс тұтастығын сыртқы, қала берді ішкі жаулардан қорғаған үлгісін жатқызуға болады.

Ұшқан құстың қанаты талатын осынау ұлан-ғайыр Алтай мен Атырау арасын ата-бабаларымыз білек күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген. Ата жауымыз болған сан жылдық қарсылас жоңғарлардан даламызды арашалап қалған батырлар туралы дәстүрлі тарихи жырлар, Исатай, Махамбетке байланысты мұралар, Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстың басты кейіпкерлері туралы жыр-дастандар ұлттық сана-сезімімізді көтереді. Азаттық қазақтың ежелден аңсағаны еді. Түлкі бұлаң тарихтың сан бұрылысында азаттық үшін талай тарлан аттан түспеді, қолынан қаруы түспеді. 

Ата дініміз Ислам болғандықтан, мұсылмандық сабырлылықпен соғысқан жауынгерлер әуелі «Алла» деп, кейін «Абылай», «Ақжолтай» деп,  ерлерінің қадірін бағалай біліп, ұрандаған. Бізге бүгін қажет жігердің, батырлықтың, біліктіліктің, отансүйгіштіктің мысалдары тарихи оқиғаларымызда жатыр.

Ел басына күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасаттылығымен ел мұңын, тарих үнін түсіне білген, халықтың басын қосқан, халық мүддесі жолында, табандылығын таныта білген хан Абылай Қазақ халқының мәртебесін көтерді. Батырларын, елін сүйген ерлерін, ақын-жырауларын бірлікте ұстап, оларды руға бөліп жарған жоқ. Тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен, қоқаңдап қоңқылдаған Қоқанмен де, қалың қара қытаймен де, ормандай орыспен де тіл табысқан бабамыздың арқасында, осы біз өмір сүріп отырған тәуелсіз Отан – Қазақстан жері бабалардың сақтап қалған, бізге қалдырған асыл мұрасы.

Халық басына осындай қиын-қыстау заман туған шақта, Қазақ қауымының бас көтерген  ержүрек перзенттері елдің елдігін, ердің ерлігін сақтады.

Абай, Шоқан, Ыбырай дәуірі қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін дәлелдеді. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басын ала бере тарих сахнасына қазақтың оқыған зиялылар қауымы шықты. Ол кезде Отанымызда кеңестік кезең орнады. XX ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында күшейген Сталиндік жүйе қоғамның тарихи заңдылықтарына қайшы келетін  тәжірибелер жасағанын айтар едік. Олар бүкіл КСРО-ны, оның ішінде Қазақстанды да қамтыды. Бұл тәжірибелердің бағыттары мынадай болды: ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, соның негізінде байларды тап ретінде жою; мәдени-рухани салада, демографиялық саясатта, ұлт мәселесінде халықтарды орыстандыру; қоғамдық саяси өмірдің салаларында тек қана коммунистік идеологияның үстемдігін орнату.

Ахмет, Мұстафа, Смағұлдар алаш туы астында ел болуға шақырды. Сұлтанмахмұттың «Өлер жерден кеттік біз, бұл заманға жеттік біз» деп жаһанға жар салатын кезінде ұлт зиялылары не істеу керек, қайтеміз, қалай ел боламыз? – деп ойын он саққа, қиялын қырыққа жүгіртіп еді. Сонда Әлихан Бөкейхан «Автономия, бізге керегі – автономия!» деп қайта-қайта шырылдап, телеграмма салумен болды. Сондағысы «мемлекет құрып алайық, мемлекет болса, қалғанының бәрі болады» деген асыл арман-ды. Қазақ автономиясын жариялағанда алаштың арыстары «міне, ел болдық, еркіндік қолымызға тиді» деп бөркін аспанға атты. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қазақтың еркіндігінен қорыққан қызыл империя көсемдері алаш туы астына бірікендердің бәрін құртты. Ең алдымен Ж. Аймауытовты атты. Қалғандарын, қияндағы Шәкәрімнен бастап қаладағы Қазақ оқығандарын түгел қырды. М.Шоқай шетел асты… Алашорда партиясына мүше болғандардан жалғыз М.Әуезов қана аман қалды… Сөйтіп Алаш деген сөзді тарихтан өшіру әрекеті басталды. Қазақтың өз билігі өзінен кеткен шақта қара халықты қалай қорлаймыз деп қызыл империя қиналған жоқ. .

Осынша нәубеттің ішіндегі ең сұмдығы – 1949 жылдан Қазақ жері атом полигондарының сынақ алаңына айналды. XX ғасырда дүние жүзіндегі бірде-бір ел Қазақ көрген азапты көрген жоқ. Қазақстан ядролық инфрақұрылымнан құтылуды әлемге айғақ еткен Елбасымызға алғысымыз ұшан-теңіз.

М.Әуезов «Отан – анам. Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іскер күшім жоқ», дейді. Ал, В.А.Сухомлинский: «Отан – өз бесігің, өз үйің, өз бесігіңді ұмытпа»,- дейді. К.Г. Паустовский: «Адам жүрексіз өмір сүре алмайтын болса, Отансыз да өмір сүре алмайды.», – дейді. Ал, Ж.Ж. Руссо: «Ең зор ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспеншілік туғызған», – дейді. Осындай небір ұлағатты сөздер  көкірегі ояу азаматқа рух берері сөзсіз. Намысты аға ұрпақ кеңес үкіметі жылдарында, атап айтқанда, 1929-1931 жылдары, Қазақстанды күштеп ұжымдастыруға қарсы 370-тен астам әртүрлі көлемдегі қарулы қарсылықтар ұйымдастырды. Ал, 1917 жылғы Қазан революциясына дейін халқымыз отарлық езгіге қарсы 400-ден астам көтеріліске шығып, наразылық көрсетті. Осындай көтерілістің басында ел ортасынан қайнап шыққан ірі-ірі тұлғалар болды. Солар көрсеткен үлгі, сепкен ұрық бір ұрпақтан екіншісіне табиғи түрде ауыса келіп, 1986 жылғы желтоқсанда жаңғыруына әкелді. Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың өлместігін дәлелдеді.

1986 жылғы желтоқсанда жария етілген қайта құрудың 20-шы айы өтіп жатқан-ды. Құқықтық мемлекет құрамыз дегенге сеніп, Горбачевтік «сәуір тезистерінің» тың идеяларымен жігерленген Қазақ жастары орталықтың бұрынғыша өктемдігіне келіспеушілігін білдіруге митингілер, шерулер өткізіп алаңға шықты. Қылышынан қаны тамып, жарты әлемді билеп тұрған қызыл империя кеңестік коммунистік партия кезеңінде қазақ жастарының ұлттық намысын ту етіп, отаршылдыққа қарсы алғаш жойқын бұлқыныс танытуы Мәскеудегі өктемшіл шовинистердің төбесіне жай түсіргендей әсер етті. Әділдіктің салтанат құруын сұраған жалаң қолды бейбіт жандардың тілектеріне құлақ асқысы келмеген озбыр орталық жүйесі жүректері тітіркенбестен мұздай қаруланған әскермен шеруге шыққандарды аяусыз жаншыды, итке талатты. Кремльден кесепатты бұйрықтың пәрмені солай  құбылды. Мұстафа Ататүрік айтқандай, «шынжырларды балқытып, тәжбен тақты күйрететін күшті нұр – ұлттық егемендікке жеттік».

Қазақстан тарихында бұл дата бақытты бағасымен халқымыздың есінде мәңгілік сақталары анық. Қолымызда қанның емес, тердің иісі бар.

Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ,  қайсар рухының жемісі. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздік күні – қастерлі күн. Тәуелсіз еліміздің қадіріне жете білейік!!!

Дана ОТАРБАЕВА,

Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің

9 сынып оқушысы.

Оқылды 2445 рет

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет