Бейсенбі, 24 Қараша 2016 13:24

Ауданның әлеуеті зор

Өткен аптада ауданымызға республикалық-облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келіп, аграрлық ауданның келешегі кемел екендігіне көз жеткізді. Атап айтқанда, республикалық «Қазақ радиосы», «Қазақстан Zaman», «Президент және халық» газеттері мен облыстық «Жетісу» мен «Огни Алатау», Талдықорған қалалық «Талдықорған» газеттері және жергілікті басылымдар ауданымыздың болашағынбарлайтын жиындарға қатысып, әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарын аралады.

 

Таңертең жиылған БАҚ өкілдері алдымен аудандық әкімдіктің мәжіліс залында облыстық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз брифингіне қатысты. Шара барысында аудан әкімі Бинәлі Ысқақ осында атқарылып жатқан игі жұмыстар жайлы баяндады.

«100 нақты қадам», «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту-2020», «Агробизнес-2020» және басқа да әлеуметтік маңызы бар бағдарламалардың жүзеге асуы бойынша атқарылған жұмыстар легімен таныстырып өткен Бинәлі Әбдіқапасұлы:

– Ауданды индустрияландыру жұмысы белсенді қарқынмен жүргізіліп жатыр. Мысалы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары,  1991 жылы өндірілген өнеркәсіп өнімі 0,3 млн теңгені құраса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 27,2 млрд теңгеге жетті. Ал 2016 жылы бұл көрсеткішті 29 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Бұл батыл қадамның жүзеге асуының басты себебі, жаңа салынған және күрделі жөндеуден өткізілген өндіріс орындарының ашылуын-да. Соңғы 25 жылда ауданда әлемдік стандарттарға сай «Фудмастер» АҚ, «Адал» АҚ сияқты республикалық флагмандар қатарына енген, сүт өңдеу мен сүт өнімдерін шығару зауыттары ашылды. Сонымен қатар,  ауданда көкөністерді өңдеу, жеміс-жидек және шарап өндіру «Голд продукт» АҚ, «Био Тау жер», «Арба вайн», «Дионис», «Есік жеміс-консерві зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты өндіріс орындары Қазақстанда ғана емес, жақын және алыс шет елдерде белгілі. Біз жеткен жетістіктерімізбен тоқтап қалмай, ары қарай да бұл бағытта даму көрсеткішін жетілдірудеміз. Осыған сәйкес, биылғы жылы  көкөніс пен жеміс-жидекті қайта өңдейтін, қуаттылығы 30,5 мың тонна «Нур Каз Агро» ЖШС ірі өндіріс орны,  қуаттылығы 380 мың литр «Балтабай сүт» зауыты ашылды. Сонымен қатар, жылдың соңына дейін жылдық өнімі бройлерлік тауық етті 3800 тоннаны құрайтын «Нұрлы құс» құс фабрикасын ашу жоспарлануда. Бұл дегеніміз, жаңа  – 120 жұмыс орны. Жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңге – деп өндіріс орындарының жұмысы мен жоспарларына тоқталып, аудандағы энергетика саласын да сөз етті. Айтуынша, Түрген, Есік өзендерінің бойындағы гидро-электр станцияларының құрылысы аяқталып, Шелек дәлізіндегі қуаттылығы 300 МВт болатын жел-электр станциялары ашылса, өз ауданымызды ғана емес, басқа аудандарды да электр қуатымен қамтамасыз ететін боламыз. Сонымен қатар, аудан басшысы осы уақытқа дейін тартылған инвестиция көлемін де айтып берді. Сөзіне сүйенсек, осы жылдың 9 айында ауданға 41 млрд 581 млн теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 млрд 890 млн теңгеге артық. Яғни, нақты  индекс көлемі 134,5 пайыз.

Ауылшаруашылық саласы да жылдан-жылға ілгерілеп келеді. Айталық, 2011 жылы ауылшаруашылық өнімі 38 млрд теңге болса, былтыр 58 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 61 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Биыл әлеуметтік құрылыс саласы үшін де табысты жыл болды. Бәйтеректе 600 орындық, Азатта 300 орындық мектептер пайдалануға беріліп, Шелек ауы-лында 280 орындық балабақша ашылды. Сондай-ақ, Есік пен Шелекте 600 орындық жаңа мектептер құрылысы басталды. Қырбалтабай, Қорам ауылдарында тұрғын үй салуға арналған жерлерге инфрақұрылым жасалуда. Осының барлығын тәуелсіздіктің берген жемісі деп атап өткен Бинәлі Әбдіқапасұлы білім беру, шағын және орта кәсіпкерлік және әлеуметтік саладағы ілгерілеушілікке тоқталып, аудан тұрғындарының әлеуеті артып келе жатқандығын айтты.

Өз баяндамасымен ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігін сөз еткен аудан әкіміне журналистер тарапынан да сұрақтар қойылды. «Пезидент және халық» газетінің тілшісі Ғалым Жазылбекұлы аудан басшысынан қылмыстық жағдай туралы, туризм саласының даму қарқынын сұрады. Туризм саласының енді ғана ілгерілеп келе жатқандығын айтқан Бинәлі Ысқақ ауданда этноауыл ашу мақсатында инвесторлар тартып жатқандығын тілге тиек етті. Оған қоса, туристерге толыққанды жағдай жасау мақсатында Есік көлі мен Түрген шатқалынан Батанға баратын жол күрделі жөндеуден өткен.

Қылмыстық ахуалға тоқталар болсақ, жалпы есеп бойынша қылмыс бірнеше пайызға өскен. Себебі, жыл басынан бері біреу байқамай саусағын жаралап емханаға жүгінер болса, бұл да қылмыс ретінде тіркеліп отырады. Осыны жеткізген аудан әкімі қылмыстың үлкен-кішісі болмайтындығын және онымен күрес кешенді түрде жүзеге асып жатқандығын айтты. Ал аудандағы радио мәселесін көтерген аудандық «Ю и Т» газетінің бас редакторы Айгүл Габсаттарова ауданымыздағы жер-су аттарының өзгергендігінен мүлдем хабарсыз екендігін байқатты. «Мына жағы Маловодное (қазіргі аты Бәйдібек би) ал батысымызда Новоалексеевкаға (қазіргі аты Бәйтерек) дейін ғана радиомыз әлсін-әлсін ұстайды. Мемлекеттен қаржы бөлініп, радиобағаналар орнатылса, Шелек өңіріне де қызмет көрсететін едік» – деген газет редакторына Бинәлі Ысқақ радионы қолдауға барлық жағдай жасалатындығын жеткізіп:

– Облыс бойынша бізде ғана жергілікті радиомыз бар. Бұл жайдан облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы да хабардар. Радио негізінен барлық жағдайда тиімді. Алдағы уақытта, қаржының бөлінуіне қарай толыққанды құрылғылармен жабдықтайтын боламыз – деді.

Бір жарым сағатқа созылған баспасөз брифингінде болған журналистер аудандағы әлеуметтік және өндіріс нысандарына жол тартты. Алтын адамның топырағына аяқ басқан төртінші билік өкілдері алдымен Есік тарихи-мәдени қорық-мұражайына табан тіреді. Мұражайдың тарихынан сыр шертіп, экспонаттармен таныстырған мекеме директоры Гүлмира Мұхтарова жақында ғана бақилық болған Бекмұханбет Нұрмұханбетұлының жұмыс бөлмесі мемориалды кабинетке айналғанын айтып, журналистерге көрсетті. Сонымен қатар, Есік қаласының маңынан табылған «Алтын адамды» мұражайдағы ғылыми хатшы Досым Зікірия толықтай сипаттап берді.

Сақтардың мәдениеті, тұрмысымен танысып, ауданның тарихына қаныққан қонақтар «Алтын Есік» балық шаруашылығының жұмыс барысын көрді. Есік қаласының жоғарғы жағында орналасқан шаруашылық осыдан екі жыл бұрын құрылған. Басқа шаруашылықтан ерекшелігі форель балықтарын бөшкелерде өзен суына өсіреді. Биыл мұнда 300 мыңдай шабақтар әкелінген. Ал шаруашылықтың жоғарғы жағындағы бассейнге көктемде жіберілген жарты келілік форельдердің салмағы бүгінде 2,5-3 килограмға дейін барады. Шаруашылық басшысының орынбасары Досымжан Нұрманбетовтың айтуынша, бүгінде алыс-жақын шетелдерден ірі көлемдегі тапсырыстар түсіп жатыр. Сәйкесінше, өндіріс көлемін ұлғайтуды да жоспарлап отыр. Сонымен қатар, құрылғылар орнатып, балықты мұздататын қондырғылар жақында жеткізілмек. Шаруашылықта қазіргі уақытта 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Есік қаласының жоғарғы жағында орналасқан санаторлық типтегі «Аяла» балабақшасы да журналис-терге есігін айқара ашып, мекеменің басқа балабақшалардан ерекшелігін түсіндірді. Балабақша меңгерушісі Динара Жарасованың сөзінше, 6 топта 75 бала тәрбиеленеді. Сондай-ақ, ем қабылдайды. Екі қабатты ғимарат өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. 40-тан астам қызметкер еңбек етеді.

БАҚ өкілдеріне Бөлек ауылындағы «Фауна» фермерлік шаруашылығы ерекше әсер қалдырды. 2001 жылы іргетасы қаланған ферманың негізгі бағыты – жеміс-жидек пен көкөніс өсіру. Ал мұндағы 37 бас асыл тұқымды түйеқұс (страус) қонақтардың назарын өзіне аудармай қоймайды. Елімізде сирек кездесетін ерекше жануарды көруге облыс, тіпті, республиканың түпкір-түпкірінен қонақтар ағылып жатады. Сонымен қатар, аудан экономикасын арттыруда өзіндік үлесі бар Бәйтерек ауылындағы «Асфальтбетон» ЖШС тілшілер қауымының назарынан тыс қалмады. Сағатына 100 тонна асфальт пен бетон өндіретін зауытта өнімді дайындау, өндіру, мөлшерлеу мен түсіру жұмыстары толықтай автоматтандырылған.

Сапар барысында өңірлік коммуникациялар қызметінің бөлім басшысы Жанна Арынбекова: «Баспасөз мәслихаты басқа аудандарда бір сағаттың көлемінде аяқталатын, ал сіздерде бір жарым сағаттан асып кетті. Мұның өзі атқарылып жатқан және жоспардағы шаралардың көптігін білдіреді» – деген болатын. Расында да, атқарылған игі шараларды тізе берсек, газет көлемі де жетпес. Алайда, аудан әкімімен жүргізілген брифинг пен жоғарыда аталған нысандарды аралау барысында журналистер қауымының бір нәрсеге көздері жетті: 54 ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті жарасқан ауданның берекесі мол, әлеуеті зор.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

 

Оқылды 3648 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ауданның әлеуеті зор Ауданның әлеуеті зор »

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет