Жұма, 18 Тамыз 2017 17:39

Ұлт тұтастығы және БАҚ

«Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы: діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады... Қазақ даласында ислам дінін орнықтырғандардың бірі – данышпан бабамыз Ахмет Йассауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы ислам дәстүрлерін қалыптастырады. Осы дәстүрмен, мінеки, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана-сезімдерін байланыстыруда. Сондықтан ұлттық сипатқа айналған дәстүр мен дүниетанымымызға сырттан келіп, түзету жасағысы келетіндерге жол бере алмайтынымызды ашық айтамыз» – деген еді Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Тәуелсіздік белестері» атты кітабында. Рас, бүгінде асыл дінімізді құртып, мұсылмандар арасында іріткі салғысы келетіндердің қарасы көбеюде. Ал бұл келеңсіздіктің алдын алудың бірден-бір жолы – халық арасында насихат жұмыстарын жүргізіп, адасушыларды дұрыс жолға салу. Осы орайда жақында Талдықорған қаласындағы жастарға қызмет көрсету орталығында «Діни идеологияны таратуға қарсы тұруға және конфессияаралық қатынастарды сақтауда БАҚ рөлі» тақырыбында облыстық семинар-тренинг өтті.

Аймақтағы діни тақырыпта қалам тербеп жүрген тілшілердің басын қосқан шараға облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, «Білім» білім беру мәдениет орталығының директоры Руслан Иржанов, РАНТ мүшесі, «Нұрлы білім» деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, теолог Рүстем Сыздықов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, теолог Расим Челидзе және ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиев қатысты. Жиынды жүргізген Рахмет Есдәулетов теріс діни ағымдарға қарсы тұрудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі орасан зор екендігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, төртінші билік өкілдерін осы бағытта бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Алғашқы болып сөз тізгінін алған Руслан Иржанов ақпараттық соғыс жайында әңгіме өрбітіп, бүгінгі теріс діни ағымдардың негізгі мақсаттарын атап өтті:

Баршамызға белгілі, арамыздағы жүрген бірнеше бауырларымыз жат ағымның жетегінде. Олар өздерінің істерін дұрыс санап, бізді «кәпірге» теңейді. Бұның астарында дін емес үлкен саясат жатыр. Осыдан 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген қытай қолбасшысы елді соғыссыз жаулап алудың жолдарын жазып қалдырған екен. Қазіргі таңдағы діни ағымдардың жүргізіп отырған саясаты мен ұстанымы сол қолбасшының айтқандарымен сәйкес келеді. Яғни, іріткі салушылар діни алауыздық туғызып қана қоймай, елді, мемлекетті, ұлтты түп-тамырымен жоюға ықпал етеді – деп мысалмен нақтылады.

Шынтуайтында, ағымның жетегінде жүргендердің мақсаты белгілі – «кәпірлердің» көзін құртып, Ислам мемлекетін құру. Ал олардың негізін қалап жатқан «Ислам мемлекетінің» саясатын көзімізбен көріп жүрміз. Алысқа бармай-ақ, Сирияны алайық. «Жиһадшылар» мұсылмандар мекенін күл-талқан етті. Аш-жалаңаш бала-шаға, қаңғырып пана іздеген босқындар, бауыр етінен айырылған аналар, жақындарын қорғаймыз деп құрбан болған азаматтар. Хақ дініміз мұндай қатігездік пен жауыздықты құптамайды. Алайда, осы жолды таңдаған қаншама отандасымыз ата-анасын боздатып шекара асып кетті. Көрді. Тәубесіне келді. Алайда, бәрі кеш. Мұның барлығы ашық негізде жүріп жатқан ақпараттық үгіт-насихаттың әсері. Бұл бассыздықты тоқтату үшін журналистер қауымы дін өкілдерімен тізе қосып әрекет жасау керек. Бұл турасында да Руслан Самарқанұлы әңгіме қозғады:

Тілшілеріміз сенсация жасауға асығады. Айталық, осыдан бір жыл бұрын Ақтөбеде болған террористік актіні журналистер жарыса жазып жатты. Тақырыптарын көрсең адам шошиды. «Оразадағы ойран», «Қанды қырғын» деген секілді құлақты елең еткізер тақырыптар. Террористердің көздегені де сол, халық арасында үрей туғызу. Осы арқылы журналистер оларға көмектесіп жүр. Сондықтан, тақырып таңдауда да абай болу қажет. Сенсация жасау керек, бірақ, өз орнымен – деп, жиылған көпшілікке ой тастады. Сондай-ақ, бала тәрбиесі тақырыбына кеңінен тоқталып өтті. Айтуынша, қазіргі уақытта көп ата-аналар қу тірліктің қамымен жүріп, баласының тәрбиесіне көңіл бөлмейді. Ол немен айналысып жүр, кімдермен араласады, қайда барады? Осының барлығын ата-ана қатаң қадағалау керек. Себебі, дұрыс тәрбиеленген бала ешқашан жаман жолға түспейді, ақ пен қараны ажыратып, ешкімнің ала жібін аттамайды. Қысқасы, мұсылман адам террорист, ал террорист ешқашан мұсылман бола алмайды.

Келесі болып «Діни уәжденген экстремизм мен терроризмге қарсы іс-шаралардың кейбір ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасаған Рүстем Сыздықов діннің ойыншық еместігіне кеңінен тоқталып өтті:

Қазір екінің бірі діни мақала жазып, интернетте немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап жатады. Мейлі, мұғалім не дәрігер болсын, өзін діннің маманы сезінеді. Бірақ, бұл – дұрыс емес. Айталық, дін өкілдері математикалық теңдеулерді шешу туралы кітап жазса немесе биолог ақпараттық технология туралы диссертация қорғаса күлкілі емес пе? Сол секілді діннің атынан сөйлеу екінің бірінің қолынан келмейді. Мұнымен тек мамандар айналысуы керек – дей келе смартфондар, компьютерлер мен әлеуметтік желілердің қауіпті екендігін ескертті:

Кез-келген адам бүгінде кедергісіз ғаламторға қол жеткізе алады. Бұл енді ғана жетіліп келе жатқан жасөспірімдеріміз үшін өте қауіпті. Осыны білген теріс ағым өкілдері неше түрлі қулықтарға барып, жастарымызды тура жолдан тайдыруда. Мұның алдын алу үшін әрбір ата-ана кем дегенде айына екі рет баласының телефонын немесе компьютерін қадағалауы тиіс. Оған қоса, әлеуметтік желілерде түрлі діни әңгімелер мен видеороликтерді тарата бермеуіміз керек – деді. Сонымен қатар, Рүстем Мәлікұлы адамды теріс ағымның қатарында екенін анықтауға болатын бірнеше жолды айтты. Егер жақынымыз дінге қатысты сөздер қолданып, іс-әрекеттері өзгере бастаса, ең бірінші, қай мәзхабта намаз оқитындығын сұрау керек. Теріс жолда жүрген адам мәзхаб ұстанбайды. Сондай-ақ, олар мешіттегі имам мен дін өкілдерінің сөздерін жоққа шығарып, өздерінің «ғалымдарын» ғана тыңдайды. Егер адамдардың басқа ағымның қатарында екенін аңғарсақ, бірден ішкі саясат бөліміндегі дін маманына немесе имамға айтуымыз қажет. Себебі, теріс ағымның алғашқы баспалдағында жүрген адам ертеңгі күні қолына қару алып, «жиһадқа» аттанып кетпесіне кім кепіл? Осы тектес мәселелерді жік-жігімен түсіндірген Рүстем Мәлікұлы көрінген діни кітаптарды оқымауға кеңес берді. Оқуға болатын кітаптарда дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің сараптамасынан өткендігі жөнінде ақпарат немесе Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасымен мақұлданған деген жазу болуы шарт. Олай болмаған жағдайда оқулықты міндетті түрде имамдарға, дін өкілдеріне көрсетіп алуымыз қажет. Рүстем Мәлікұлы ізденбей мақала жазатын журналистер қауымына да ренішін білдірді. Айтуынша, кейбір төртінші билік өкілдері діни материал дайындағанда көбіне ғаламтор көмегіне жүгінеді. Сөйтіп, тапқан ақпаратына мәз болып, терроризм мен діни экстремизмді насихаттайтын «ғалымсымақтардың» сөздерін мысал қылып береді. Яғни, өзінің аудиториясын теріс жолға итермелейді. Мұндайда, дін өкілдерімен ақылдаса отырып материал дайындауға кеңес береді мамандар.

Біз баламызға дұрыс діни бағыт беруіміз үшін, алдымен, өзіміз діннен хабардар болуымыз керек. Әрине, қазір көп ата-аналардың күйбелең тіршіліктен қолы тимейді. Сондықтан ұлттың тұңғыш ұстазы Ыбырай Алтынсариннің 70 беттен тұратын «Мұсылмандық шарты» деген кітапшасын оқып алсақ, мұсылман адамның мойнына қандай міндеттер жүктелетіндігін білетін боламыз. Және ұрпағымызды соған тәрбиелейміз – деп сөзін қорытындылады Рүстем Сыздықов. «Светскость и свобода вероисповедания» атты баяндамасын оқыған теолог Расим Челидзе және Жаныс Сапарғалиев журналистерді дін өкілдерімен бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Ақпараттық технология дамыған заманда еліміздің егемендігіне кесірін тигізер іс-әрекеттерге бірге қарсы тұру керектігін сөз қылды.

Жиын барысында Рахмет Есдәулетов облыстағы аудандық, қалалық газеттердің діни тақырыпты қозғауда ақсап тұрғандығын ашына айтты:

Жастарымыздың діни иммунитетін қалыптастыруды қажет етіп тұрған осы уақытта кейбір өңірлік басылымдарымыз діни мәселелерге қалам тербеуге келгенде тосылып жатыр. Кейбір аудандар түрлі діни тақырыптарды қамтыған мақалаларын ұсынса, кейбір өңірлер «сен тимесең, мен тименің» күйін кешуде. Бұлай болмайды. Бәріміз бірігіп, деструктивті діни ағымдарға қарсы тұруымыз керек – деп, алдағы уақытта тізе қоса еңбек ету керектігін жеткізді. Шара соңында тілшілер дін мамандарына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Сондай-ақ, семинар-тренингке қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

 

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 2432 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ұлт тұтастығы және БАҚ Ұлт тұтастығы және БАҚ »

Соңғы жаңалықтар

Қар 28, 2024

«АТАМНЫҢ АМАНАТЫ» қоғамдық…

«АТАМНЫҢ АМАНАТЫ» қоғамдық бірлестігі (Нұр-Сұлтан қаласы) Ұлы Отан, екінші дүниежүзілік…
Қар 28, 2024

2. ОО «Atamnyn amanaty», Астана,…

https://atamnyn-amanaty.kz/, Здравствуйте! Для подачи заявки в ОО «ATAMNYN AMANATY»…
Қар 28, 2024

Ұлт саулығы — маңызды мәселе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,…
Қар 28, 2024

Алматы облыстық мәслихатының № 15…

Мен Галиев Бақытжан Карлұлы, 1974 жылы 5 қараша күні Есік қаласында дүниеге келдім. Ұлтым…
Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет