Бисимилләһир-рахманир-рахим!
Асы жайлауының сұлулығына тамсана, таңдана тамашалаған бала Шағаманның жанары самсап тұрған қарағайға қадалды. Міне, керемет, етектен сап түзеген қарағайлар бірінің артынан бірі тізіліп, тау басына қарай қоюланып, қаптаған қалың қолдай самсап шыға келді. Шіркін-ай! Осы қарағайлардай қалың қолмен қаптаған жау жоңғарларға шапсақ қой! – деп, күбірлей берді. Досы Еспер түртіп, ойын бөліп жіберді де: – Ей, не ойлап тұрсың? Әлмерек абыз ұстазымыз досын қолын-дағы қозысымен мойнына мінгізіп, тауға қарай жүгіргенде бір шаршамайды екен. Оның досы қанша жүгірсең де маңдайың тіпті жіпсімеді ғой. Түсір мені, – дейді екен. Ойдан арыла алмай тұрған Шағаманның мойнына қарғып мінген ол Әлмерек пірімізге тартқан ба екенсің, бір көрейік, тарт алға!, – деді. Әлмерек піріміздің есімі қамшы болды ма? Тауға қарай жүгіре жөнелді. Намысқа тырысып жүгіріп келеді. Шаршайтын түрі жоқ. Жаңағы қалың қарағай самсаған сарбазға айналып барады. Олар көбейген сайын, адымы да ашыла түсті. Бейне бір көктен Алланың қуаты құйылғандай жүгірісін бір бәсеңдетпеді. Керісінше қарқындата түсті. Досы Еспер: – Ей, ей, Әлмерек әулие, ұстазымызға тартқан екенсің. Болды, болды, тоқта түсемін, – деп айқай салды. Шағаман тоқтар-тоқтамастан жерге секіріп түскен ол: «Терлемек түгілі ентігіп те тұрған жоқсың ғой! – деп досын құшақтай берді.
Етектегі жайылған мал көрінбей қалыпты. Шағаман сабырлы кейіппен ұстазымыз Әлмерек абызымыз пұлды, малды аямай мылтық сатып алыңдар, – дегені есіңде ме? Мана әкем бөлген малды ертеменен Шелектің жәрмең-кесіне айдаймыз. Мылтық сатып алам. Сол шиті мылтықпен екеуміз де атуды үйренеміз. Енді садақ атып жарысайық деді. Олар сәлден соң садақ атуға кірісіп кетті. Балғын шанжа қарағайға дәл тигізіп атқан екеуі енді рауғаштың өзегін дәлдеп көздеуге кірісті. Бірінші болып Еспердің жебесі рауғашты қиып түсті. Ал, Шағаманның жебесі рауғаштың өзегін жұла бірге кетті. Күш атасын танымас деген осы да. Әлмерек ұстаздың сені бала мергенім деп басыңнан сыйпағаны тегіннін-тегін емес екен деп, Шағаман айтып үлгергенше Еспер де: – Сені де, сені де, ұстазымыз «Бала батыр» деп тегіннен тегін айтпайтын. Екі дос бірін-бірін мақтап, өз өнерлеріне риза болғандықтарын жасыра алмай, қуана құшақтаса, етектегі киіз үйге қарай беттеді.
Түн қоюлана түсті. Таң қылаң бере дүрліккен мал, шұрқырай кісінеген жылқы, «Аттан, аттан, кешегі бөлген жылқыны айдап кетті», – деген айқайдан оянған екеуі әр уақытта дайын тұратын ерттеулі аттарына қарай жүгірді. Міне шауып, жылқылардың артына түсті. Ұрлыққа келген барымташылардың саны көп сияқты. Әр жерде қан саулаған басын ұстап, жылқышылар жатты. Айналасында улап, шулап, байбалам салған әйелдер жүрді. Оларды көрген бала Шағаман жігерлене, атына қамшы салды. Оқ бойы оза шапқан әкесі алдынан қарсы келген екі барымташыны бүйім құрлы көрмей, шоқпарымен салып өтті. Барымташылар аттарынан омақаса құлап, тұруға шамалары келмей жатты. Бала Шағаман әкесінің ерлігіне қызыға қарап, жігерлене алға ұмтылды. Анта-лай ұмтылған барымташылармен теке тірес басталды. Әкесі Еламанмен бірге шапқан ауылдың айбатты жігіттері барымташыларды ойсырата соққының астына алды. Барымташылардың жеңіліп жатқанын байқаған екінші тос-қауылда тұрған көк атты дәу қара шоқпарын көтере бұларға жалғыз қарсы шапты. Алдарынан шыққан қуғыншылардың қарқынын қайтарып, аттарынан құлатып, екеуіне жақындай түсті. Дәу қара десе дегендей екен. Ақтық айқас енді басталды. Бала Шағаман мен Еспер де әскери өнерді жетік меңгеріп, қалыптасып қалған кезі еді. Бір-бірін айтпай түсінген олар дәу қараға Шағаман оң қапталынан, Еспер сол қапталынан қапталдаса берді. Екеуін баласынып, менсінбегені сол-ақ еді Шағаманның көз ілеспес жылдамдықпен тізесінен соққан соққысынан дәу қара атынан есеңгірей құлап, жерде жатты. Көк аты көлденеңдей шауып, желіп барып, иесін жоқтағандай тұрып қалды. Еламан әкесі де өзіне қарсы шапқан барымташылардың тағы екеуін аттан құлатып, ұлына қарай жақындай берді. Артынан келген серіктері де қолға түскен барымташыларды матап, байлап та үлгерді. Қанға малынған дәу қара: «Мені кім құлатты, кім құлатты!» дей берді басын шайқап. Бұл дәу қара атақты баукеспе ұры, сойылшы, шоқпаршы, жауырыны жерге тимеген палуан Жанқара еді. Бала Шағаманның көзсіз ерлігін көріп, ептілігіне таң қалған Жанқара жеңілгенін мойындап, аты шулы көкқасқа тұлпарын Шағаманға сыйға тартып: «Енді басы бүтін ұрлық-ты тастадым. Бұдан кейін сенің атқос-шың боламын», – деп ант-су ішеді. Ол сөзінде тұрды. Өмірінің соңына дейін Ер Шағаман батырдың көлеңкесіне айналды.
Базарға сатуға таңдаған жылқы-ларды жәй айдап, Көктің бегіне келді. Көкбек кейінгі аты Бартоғай. Көкбек Үйсін патшаның ақылшысы, сақаба пірі болған. Бұл қалың ну тоғайда жабайы қабандар жайлаған. Жоңғарлар қабан десе ішкен асын жерге қояды. Жылқыны үйіріп, күзет қойған би әкесі Еламан: Көбірек қабан ауласақ, мылтықтың саудасын қыздырып, оны алу оңай болады. Қаншама мал, небір тұлпар, үйір-үйір жылқы берсек те мылтық ала алмадық. Осы жолы Алла сәтін салар: «Арамды арамменен бауыздайық. Таңмен таласып, жабайы қабан аулай-мыз. Күзеттегі жылқышылардан басқа-ларың ерте жатыңдар», – деп бұйыра сөйледі.
Бұл жолы Таң намазынан кейін тоғайды өзіміз азан-қазан қылдық. Дауылпаздар дауылдатып, кернейшілер кернейлетіп, іші қуыс ыдыстардың бәрін тарсылдатып, тоғайды басына көтеріп, кіре шулатқан олар арнайы алдын ала қазылған орға қабандардыайдады.
Күн арқан бойы көтеріліп келеді. Тоғайға жарық толық түсті. Шағаман жан-жағына қаз қатар тізілген құрыштан құйғандай найзагер, садақшы ағаларына қызыға қарап тұрды. Досы Еспеге көзі түсті. Ол да таңдана, тамсана қарап қалыпты. Екеуінің кешегі ерлігін ескеріп, бірінші рет қабан аулауға шығарған еді. Ол кезде бұлар небәрі он бір жаста еді. Бір түнде батырларша тұлғаланып, есейіп шыға келді. Күш-қуаттары тасып, болаттай шыңдалды. Жабайы қабандарға жауына атылардай тас түйін бола қалды. Екеуі де балалықпен қоштасқандарын ұғынып, бала батыр сарбазға айналып бара жатты.
Тұрған жерлерінде доғалдана ор қазылған, оның шетін қазып, қаққан қарағайға қарағай қаланып, оны қыл арқанмен байлаған. Біраз жерді алып жатыр. Биіктігі бір жарым метрдей бұлар тұрған жердің асты биіктетілген. Белдерінен шығып тұр. Қолдарында садақ, қысқа найзалары қарағайға сүйелген. Тұрған жерлері үлкен алаңқай бір қамал дерсің. Зерделей қарап тұрған зейінін: «Шықты, шықты» деген айқай бұзды.
Жер тарпаған жабайы қабандар зулап келеді. «Дайындалыңдар!» деген әкесінің қатқылдау үні есітілді. Адамдар-ды көрген жабайы қабандар оларға қарай тікелей еселене, құйындата жөңкіді. Алды орға құлап, арты қуып жетіп, омақаса құлап жатты. Алдыңғысы бораған садақтың оғының астында қалды. Соңғысы найзаға қадалды. Опыр-топыр ойран дүние демде басылды. Өңештен тура қадалған найза мен садақтан қан атқылап, қорылдай бастады. Ол да әпсәтте басылды. Жиырма шақты қабан теңкиіп жатты. Бастары кесіліп, ішек-қарындары ақта-рылып, ұраға тасталып, көмілді. Терісі сылынып, арбаның астына жусан төселіп, терісіне оралған еттердің үстін-де жусанмен жапты. Ордың ішіндегі қанды ернеуді топырақпен жауып, үстіне тағы да жусан төселді. Ізім-ғайым бір демде өз қалпына келе қалды.
Әкесі Еламан: Қарғалар үймелеп, бұл ор әдісін жоңғарлар білмесін деп, алдын ала қиылған жиденің бұтағымен ордың бетін жауып, ізін жасырып, жолға шықты. Таңғы салқынмен Шелектің жәрмеңкесіне де жетті.
Жоңғарлар баяғы әдетіне басып, жәрмеңкені тура бесін намазы кезінде ашты. Үлкендер намазға кеткен кезде әдейі қатын-қалаш, бала-шағамен саудаласпай, қалаған бағасына малдарын алатын. Өйткені жәрмеңкенің маңында намаз оқуға тиым салынған. Бұл жолы да сол әдетіне басқан базар иесі жоңғардың саудагерін бала Шағаман сөзге тартты.
– Сен маған шиті мылтық сат, – деді.
– Өй, бала, мылтық сатылмайды. Сенің бар малың оған жетпейді, – деді.
– Менде әкемнің қонтайшыға сыйға берем деген жиырма қабанның еті бар, соны берем деді сендіре сөйлеп.
– Шын ба? Көрсет, – деді. Онын қонтайшыға беріп, абырой жинап, қалғанын өзімнің қалауыма қарай жұмсасам деп, ойланған ол бұның әкесі келмей тұрғанда, не де болса мылтық беруге келісе кетті.
Жабайы қабанды көріп, көзі жайна-ған ол мылтық пен бірге оқ-дәріні де молдау етіп берді.
– Отыз жылқыны қабанмен қосып қалдыр. Қалған малыңды қалаған затыңа ауыстыр, мен айтты дегін деп, жусан исі бұрқыраған қабан етінен көз алмай қала берді.
Шағаман Есперге мылтықты, оқ-дәріні және арбаларды бірге күзеттіріп, қалған балалармен бірге базардың қожайыны айтты деп, көп мол керекті, қажетті дүниені өздері қалаған бағамен алып, заттарды арбаға тиеп, базардан шыға жөнелді. Осы алған заттарды қонтайшы тартып алып қоятындай көрінді. Былай шыға: «Әкемнің айтқаны-ның бәрін алдық қой» – деп қуанғаннан Есперді құшақтай берді. Қайқайтып тиелген арбалар «біз де ризамыз» дегендей дөңгелектері әндеткендей, шиқылдап жөнеле берді.
Бала Шағаман: «Енді біз оларды жеңеміз!» – деп, шиті мылтықты қолына алып, шаттана түсті. Олар Әлмерек ұстазын қуантуға асықты. Еспер де, бала достары да мәз. Әкесі де, ауыл үлкендері бұл қуанышты ести сала, арттарынан жетті. Бұл болашақ жеңістің алғашқы күні еді. Расында Алланың қалауымен талай жеңіске жететіндері әлі алда.
Он сегіз жасында жоңғардың ханы Нәсір халшаның бас батыры Шағырды жекпе-жекте басын алып, інісі Найманбайға бата бергізіп, кейін жекпе-жекте Нәсір халша ханның да басын алып, елін ерлікке бастайды. Досы Еспер мергенге қамалдың қақпасына салынған құлпысын көздеп атқызып, оның да парша-паршасын шығарып, қамалды алып ірі жеңіске жетеді. Абылай ханды алаңдатқан жоңғардың жеңілмейтін Қалшат батырының басын алып, қазақ батырларының абыройын асқақтата түсті. Шағаман батырдың ерлігін ерекше бағалаған Абылай хан оң тізесінен орын беріп, бүкіл қазақ батырларына үлгі етті!
Інісі Найманбайдың ұлы Әжібай батырды өзі тәрбиелеп, оған Қазақтың туын тапсырып, Қызылбөріктердің ұра-ны: «Әжібай!» деп ұрандатып, жауға шапты. Ер Шағаман батыр Абылай ханмен үзеңгілес болып, ел басқару ісіне де араласты. Ел аузында «Қара қылды қақ жарған» әділдігімен, шешен шеберлігімен есінде қалды. Осы игі істердің бәрін кейін Әжібай батырға тапсырады. Әжібай батыр да аға амана-тына берік болып, көпшіліктің алғысына бөленеді. Әжібай батыр Түркістанда, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде, хандар мен сұлтандардың қасына жерленген.
Досы Еспер мерген, мергендер қолын жасақтап, оны өзі басқарып, әр түрлі белгі беретін, ысқырық жебелерді шебер пайдаланып, талай жауды сан соқтырған ерліктерімен есте қалды.
Ал, бұл күндері Еспер мергенге Алға-бас ауылында ескерткіш тас қойылды.
Арғын елі ер Шағаман батырды ардақтап, ауылдың атын беріп, осы күнге дейін құрмет көрсетіп келеді. Бұл құрмет – еліміздің елдігін, бірлігін сақтаған батырларымызға деген мәңгілік тағзым!
Шиті мылтықтың қуанышы оларды осы болашаққа жетелеп бара жатты. Олардың болашақта ұрпақтары үлгі тұтар тұғырлы ерлікке толы мәңгілік жаннаттық ғұмырлары басталып кетті. Өйткені елін қорғаған ер бақытты. Оны үлгі тұтқан ұрпағы бақытты. Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Шағаман ауылының маңында, күре жолдың бойында, батыр жерленген жерде Ер Шағаман батырға қойылған ескерткіш тақта соның дәлелі іспетті. Арқаның киелі желі күбірлеп, тербеле Ер Шағаман жырын оқып тұрғандай.
Арғымақпен жарысқан,
Жалына қол сап жабысқан.
Жауыменен алысқан,
Ер Шағаман арыстан!
Жауы қашып, шулаған,
Оңды-солды тураған.
Алла! деп ұран сап,
Қылышы қында тұрмаған.
Абылай ханның қыраны,
Ту ұстар тұраны.
Әлмерек абыздың озымы,
Жеңіс оның тұрағы!
Дәулет Телбайтегі,
экономика ғылымдарының докторы, академик, журналист.
4.08.2025 ж.



