Бейсенбі, 21 Тамыз 2025 11:09

Алау мінез Алханбек

«Еңбекшіқазақ» аудандық газетінің «атасы» – «Үлгілі колхоздың» 1953-1957 жылдардағы сарғайып, тозуға айналған тігінділерінен сол кездің отты лебі айна-қатесіз сезіліп тұр. Аудандық партия комитетінің шешімдері мен қаулыларында ауданды басқарған адамның жүрек лүпілі, азаматтық өресі мен өз ісіне жауапкершілігі, аудан үшін өткір мәселелерді қоя білетіндігі айқын байқалады. А.Мәлкеевтің жары Айымбүбінің жазған өмірден ерте өткен қосағы Алханбектің өмірбаянында елі үшін аянбай қаны мен терін төккен азаматтың биік бейнесі менмұндалайды: «Алханбек Мәлкеев 1915 жылғы тамыздың 4-і күні Алматы облысы бұрынғы Шелек ауданының Төре жайлауында туған. Он жасында анасы Тұрдыбала қайтыс болады. 1932 жылы жеті жылдық мектепті бітіріп, ауылшаруашылық қызметкерлерін дайындайтын курста оқиды. Оны аяқтаған соң, Шелек ауданындағы «Социалды Қазақстан» колхозында есепші, артынан бригадир қызметін атқарады», – деп басталады асыл азаматтың өмір жолы.

Ары қарай 1934 жылы Қазақстан жер комиссариатының жолдамасымен радиостанцияларға саяси басшылар даярлайтын бір жылдық курсқа оқуға жіберілгені, оны бітірген соң, Оңтүс-тік Қазақстан облысының Жуалы ауданындағы Бөрлі МТС-і радиостан-циясының саяси басшысы болып істегені баяндалады. – Ол жерде бір жыл істеп, 1936 жылы Алматыдағы электротехникалық байланыс технику-мына оқуға түседі. Техникумда үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Сонымен қатар, төменгі курс оқушыларына қазақ тілінен сабақ береді. Оған қоса, техникум комсомол ұйымының хатшысы қызметін де атқарады. Содан да болар 1939 жылы 12 желтоқсандағы сайлауда Алматы қалалық кеңесіне депутат болып сайланады. 1940 жылдың қаңтар айында техникумды радист мамандығы бойынша бітіріп шығады. Фабрика-зауыт училищесі (ФЗУ) директорының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып істейді. Арада бірнеше апта өткен соң А.Мәлкеев әскер қатарына шақырылады. Алты айлық арнайы курста оқып, артиллериялық дивизионы жауға алғашқылардың бірі болып соққы берді. Комиссар соғыс кезінде өте жауапты міндет болатын, Алханбек жауынгерлерді жеңіске жігерлендіріп, үнемі алғы шепте жүреді. Соғыстың бірінші күнінен 1944  жылға дейін жаумен шайқасады. Майданда көрсеткен ер-лігі үшін «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Алханбек Мәлкеев 1944 жылғы тамыз айында Мәскеудегі әскери заң академиясына оқуға жіберіледі. 1945 жылдың қыркүйек айында акаде-мияны бітірген тұста Екінші жаһан соғысы да аяқталған болатын. 1945 жыл-дың аяғында Қазақстан Министрлер Кеңесінің мәдени-ағарту техникумының директоры болып істейді.

1946 жылы шілде айынан Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Мәдени-ағарту комитетінің оқу орындары жө-нінде кадр бөлімі бастығы қызметін атқарды. А.Мәлкеев 1948 жылдан бастап Алматы облыстық партия коми-тетінің нұсқаушысы, информация сек-торының меңгерушісі, үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 1952 жылғы қыркүйек айында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ау-дандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Айымбүбі апай жазған өмірбаяндық деректер Алханбек аға ғұмырынан осылай сыр шертеді. Бұл қызметте Алханбек Мәлкеев аудан экономикасын көтеру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында көп жұмыстар атқарады. Ұсақ шаруашылықтар ірілендіріліп, қуатты совхоздар құрылады. Оларды басқаруға білімді, тәжірибелі мамандар тағайындалды. Мал санын көбейту мақсатында шопандарға ерекше жағдайлар жасалды. Көшпелі монша, дәрігерлік бригадалар, автоклубтар саны көбейтілді. Мәдениет ошақтары жанданып, олар халыққа жақсы қызмет етті. Ең бастысы, Алханбек елмен жақсы тіл табыса алды. Өйткені, ол табиғатынан мейірімді, ақ көңіл, қара-пайым адам еді. Оның үстіне ол жыр жолдары төгілген ақын, тамаша әнші, керемет домбырашы болатын. Осылай алғашқы бес жылда аудан мен облыста алдыңғы қатарға шықты. 1956 жылдың қорытындылары бойынша қол жеткізген тамаша табыстары үшін Алханбек Мәлкеев 1957 жылы «Ленин» орденімен марапатталды. Осындай ерен еңбегінің нәтижесінде ол Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. 1956 жылы СОКП ХХ съезіне делегат болып сайланып, Мәскеуде жеке табы-нушылыққа байланысты Сталинді айыптаған Н.Хрущевтің баяндамасын тыңдады. Қазақ халқы сталиндік зұлмат жылдардың теперішіне көп ұшырағанын бұрын да іштей сезетін. Кеңес Одағын Хрущев басқарған жылымық жылдарда Алханбек осы мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырысты. 1958 жылы даңқты Есік көліне асфальт жол салғызып, көлдің маңына қонақүй, мейрамхана, ойын-сауық орындарын тұрғызды. Сөйтіп көлді жалғыз Еңбек-шіқазақ ауданының емес, бүкіл облыс-тың, тіпті, республиканың игілігіне айналдырды.

1960 жылы қаңтарда Алханбек Мәлкеев Алматы облысы Іле (қазіргі Талғар) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Бұл жерде де Алханбек аудан экономикасын көтеруге, елдің әл-ауқатын жақсартуға белсене атсалысады. Еңбекшіқазақ ауданында қолға алған игі істерін осында да әрі қарай жалғастырады. Аудан халқының мәдениетін көтеруді басты назарда ұстайды. Алханбек Мәлкеев ақын әрі композитор еді, оның бірқатар жақсы өлеңдері, өзі шығарған төрт-бес әні жұртшылық арасына тез тарап кеткен. Оның поэзиядағы еңбегін Қазақстан Жазушылар Одағы лайықты бағалап, 1959 жылы оны Қазақстан Жазушылар Одағына мүше етіп қабылдайды. Амал не, Алханбек Мәлкеев кемеліне келіп, басшылық ісінде де, шығармашылық өнерінде де толысып, буырқанған шағында, небәрі 45 жасында, 1960 жылы 4 тамыз күні қайтыс болды.

«Туған халқы, еңбек еткен аудан-дарының азаматтары Алханбек Мәлкеевті ұмытқан жоқ. Қаракемер ауылында орта мектеп және бір көше Мәлкеев атымен аталады. Талғарда зиратының басына ескерткіш тас орнатылды, бір көшеге Мәлкеев аты берілді» деп жазады марқұм Айымбүбі апай. Алханбек Мәлкеев өз заманының талаптарына бейімделіп, партиялық басышылықтың жоғарғы деңгейіне көтерілген, қазіргіше айтқанда, көшбас-шы бола білген азамат. Коммунистер билеген заманды тек қана қаралауға дағдыланғандар да жетерлік, мінбеге көтеріліп қарғаушылар да қарақұрым. Тек осы көшбасшылардың ішінде партиялық басшылықтамын деп жан-жаққа, осқырына қарап, жоғарыдан төменге нұсқау беріп қана отырмай, өз қолымен ұйымдастырып, атқарып, алға бастаған басшылар да болған. Солардың бірі де бірегейі де Алханбек Мәлкеев. Оған айғақ – Мәлкеевтің соғысқа дейінгі қызмет жолы. Аға буын әріптесіміз Қаскелең қаласының тұрғыны Үсенбай Тастанбековтың айтуынша, Алханбек Мәлкеев ақ көңіл, жайдары мінезімен, ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен өзі басқарған қалың елдің де жоғары, төменгі бас-шылық қызметтегі замандас, қатарлас-тарының да алдында өте беделді болған.

1952 жылдың тамыз айында А.Мәлкеев аудандық партия комите-тінің бірінші хатшысы болып сайланған сәттен бастап шаруашылық жағдайы-мен танысады, мал соңындағы малшы-лардың тұрмысын, үй жағдайын көре-ді. Сарытауқұмдағы қыстауларды аралап, ондағы мал қыстатып жатқан шаруашы-лықтардың басшыларын кезектесіп малшылар арасында үзбей болуын тапсырады.

Аудан орталығынан, колхоз-совхоз-дардан ондаған шақырым алыстағы малшылармен қарлы, боранды қыста байланыс жасап, барып-келіп тұру оңай шаруа емес. Осы жағдайды жете зерттеп, шешім іздеген Алханбекке өзінің электро-техникалық байланыс техникумының радио бөлімін-де алған білімі мен біліктілігі көп көмек көрсеткен. Малшы қыстауларына шағын радиостанциялар орнатқызып, орталық-пен әр күні хабарласып отырғызуға мүмкіндік жасаған. Әр шопанның үйін-де радиоқабылдағыш болуын қадаға-лап, әр он күн сайын шопан қыстау-ларына, жаз айларында Асыдағы жайлауға құрамында дәрігерлер, авто-дүкен, көркемөнерпаздар, киноқон-дырғы, көшпелі монша бар мәдени-тұрмыстық бригада аттандырып отыруды ұйымдастырып, қадағалап отырған да аудан басшысы Мәлкеев еді. Сарытауқұмдағы малшылар қыс-тауларындағы «Алты аяқ» аталған уақытша күркелер мен жұпыны үй-шіктер орнына кірпіш үйлер салғы-зып, әрбір шаруашылыққа құдық қаздырып беруге, су шөп, жем таси-тын автокөлікпен қамтамасыз етуге мұрындық болып, тікелей ұйымдас-тырып, бақылаушы болған да Алханбек-тің өзі еді. Басқаруындағы аудан шаруа-шылықтарын дамыту мәселелерінің тасасында осы аумақтың мәдениеті, әлеуметтік жағдайы ұмыт қалмауын да жіті қадағалап отырды. Алғыр ойлы, алдағысын аса зеректікпен бағдарлап отыратын Алханбектің бақылауымен аудандық пионер лагері, Есік қаласында әмбебап дүкен, жаңа кинотеатр, стадион, аудандық аурухана, аудандық партия комитетінің ғимараты салынды. Бұл жаңадан салынған ғимараттарға көшкен ұйым-мекемелерден босаған үйлерде бала-бақшалар ашылды.

«Көкірегі ояу көңілі ашық, өнер-білімге, нулы, сулы, таулы өлкесіне ғашық Мәлкеев қазақ атамның «Туған жерге туыңды тік» деген қағидасын тек қанатты сөз деп қабылдап қоймай, тіршілігіне тұтқа етті. Көк шалғынды, шөбі шүйгін, суы кәусар аты аңызға айналған Асы жайлауына жол салдырып кетті. Қазіргі Түрген сайын өрлеп, Батанды басып, Асы жайлауына асатын асфальт жолды салдырған сол. Қазір Құлжа жолы атанған Алматы-Қорғас күре жолынан Есік қаласына бұрылысынан бастап, аудан орталығындағы «Бала-лар әлем» дүкені тұсынан  оңға бұры-лып, әйгілі Есік көліне апаратын асфальт жол да А.Мәлкеев ауданды басқарған жылы салынған, – дейді ақ сақалды ағалар мен ақ жаулықты аналар – Мәлкеев тұсында ғұмыр кешкен замандастары. Осыншама шаруашылықты ұйымдастыру, аудан мәдениетін, денсаулығын, білім беру салаларын дамыту да бір адамға оңай жүк емес. Бұл істерді атқарудан басқа шығармашылықпен айналысуға қалай уақыт тапты екен? – деген ой да келеді. Бірақ, дарынды адам жан-жақты демей ме? Ел басқарудағы дарындылығынан болар, ел басқарған алғашқы жылдары еліне танымал болып, үлкен беделге ие болған. Жерлестері бірауыздан Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп сай-лайды. Ал 1956 жылы Мәскеуде өткен жеке басқа табынуды әшкерелеген әйгілі Кеңес одағы коммунистік партия-сының съезіне қатысады.

«Жалпы Мәлкеев экономикалық талдау жасауға өте шебер еді, – деп еске алады соғыс және еңбек ардагері Үсенбай Тастанбеков. – Аудандық пар-тия комитетінің бірінші хатшысы болып істегеніне жыл толар толмаста аудан шаруашылығын, экономикасын терең талдай отырып, аупартком плену-мында баяндама жасағаны есте.»

«Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек» дейді халық даналығы. Заман-дастары Алханбек Мәлкеевтің сегіз қырын тізбелеп шықпақ болса, алдымен адамгершілігін атар едім. Одан кейін ақ көңіл, ақжарқындығы, үлкенге ізет, кішіге қамқорлығы, жаңашылдығы, табиғатқа, туған елге деген сүйіспеншілігі, іскерлігі, сауаттылығы, бастамашылдығы, шы-ғармашылығы. Апырмай, Алханбек туралы естіген әңгімелерден, оқыған естеліктерден әр қырын есептеп отырсақ, сол сегізден де асып кеткенін байқаймыз. «Тек табыс тауып, тамағын күйттеген адамның төрт аяқты жануар-дан қандай айырмашылығы бар?»  – деп хакім Абай айтқандай, өткір сөзбен артына адам ерте алмаса, оның көшбасшылығы қайда? Бұл ретте Құланбай Көпішевтің соғыс кезінде жазып, газеттерде жариялаған «Комис-сар біздің Мәлкеев» деген өлеңі на-зар аудартады. Одан сәл-кем үзінді кел-тірейік:

Ер боп тусаң өмірде,

Жалғыз қадам шегінбе!

Келген жоқсың өлуге,

Шықтың жауды жеңуге

Бұл иттерді қонаққа,

Жоқ едік қой шақырған

Тура соқ, бет қаратпа,

Ал жақсылап алқымнан, – деп ұран-дайды шабуылға шақырған комиссар Алханбек Мәлкеев.

Артиллерия дивизионының ко-миссары болып Калинин, Бірінші Балтық майдандарында фашист басқыншыла-рынан елін қорғауға қатысқан, әлі отызға да толмаған жас Алханбек майор шеніне дейін көтеріліп, жеке ерлігі үшін «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен, көптеген медальдармен наградталған».

Басшыға қажет бір қыры қатаң талапкерлігі болса, аңдамай жасаған қатесі үшін адамды кешіре білетіндігі де ардақты. Елдің ортақ мүлкін талан-таражға салған суық қолдыларды аямай жазалап, құқық қорғаушылар қолына тапсырып отырған А.Мәлкеев жастық-мастық қызуымен жолдан тайған азаматтарды ақылмен, орынды сынмен әділ жазасын бергізіп, дұрыс жолға түсуіне себепкер болатын. Ондай мысалдар өте көп.

Партия, үкімет қайраткері болған, жауынгерлік жолда да биіктерге жетіп, ерлігімен ел көзіне түскен Мәлкеевтің шешендігі де ақындығы да жұртты тәнті ететін.

Орынды әзілмен, отты шумақтармен кемшілікті сынап, олқылықтың орнын толтыруға себепкер болатын. Жайлау-дағы малшылар жағдайын білмек болып бір орта буын басшының үйіне кірсе, дәл төрге итін жатқызып қойыпты. Алханбек сонда үй иесіне қарап былай дейді:

Кіріп едім «арс» етті қара тазы,

Текеметке оралған қысы-жазы.

Кісі орнына тазыны құрметтейтін,

Не істетпес адамға мидың азы.

Мәлкеев «Ақши» колхозы бастығы-ның жылқы өсірудегі қырсыздығын былай сынапты:

Бурыл айғыр, қара айғыр,

Әрі ат боп жүр, әрі айғыр

Жалы болса жалпиған,

Қарны болса қампиған –

Дейсіздерме бәрі айғыр?!

Алханбектің досы, қарт мұғалім, марқұм Әділ Намазбаев былай деп еске алады:

«Ақши» колхозына аудандық ұйым-дар мен өндіріс орындарының көмек көрсетуі туралы бюро арнаулы қаулы қабылдады. Алханбек тыным таппай, өзі келіп көріп, ауылды көріктендіруге байланысты нұсқау беріп, істі тиянақты аяқтауға басшылық етіп жүрді. Алайда, көгеріп өнген ағаштарды ауылдағы мал жеп, күтімі нашарлай бастады. Бір күні ауылға жеңіл машина келіп тоқтай қалды. Машинадан А.Мәлкеев түсіп жатыр.

– Сәлеметсіз бе, Әдеке, – деп күле сәлемдесті. Ақ жарқын жүзінен ешбір ызғар сезілмейді.

Сәлеметсіз бе, Әлеке, – деп қол алыса амандастық. Қолымды жібермей, жанындағы партия қызметкері Әуезхан Ахметовке осы істің куәсі бол дегендей, күле бір қарап:

– Тұяқбай қайда? –  деп сұрады. Мен:

– Мал жаққа кетіп еді, әлі оралмады, – дедім. Тұяқбай Шәріпбаев колхоз бастығы болатын.

Ендеше, біз асығыс едік, Шәріпбаевқа мына сәлемімді айт, – деді де, жан-жағына қарап алып майда қоңыр дауыспен тақпақтай жөнелді:

– Колхоз бастық Тұяқбай,

Ұзын мұртың қияқтай

Ағашты еккен күтсеңші,

Көршілерден ұялтпай, – деді де, машинаға беттеді. Бұл өлеңді қайталай айтып, қол бұлғап қала бердім. Сын өлең жалғыз бастыққа айтылған емес, ауыл адамдарын да ұялтарлық жағдай еді.

Алханбек Мәлкеевтің мәдениетке қамқор ғана емес, өзі де өнер қуған, өлең жазған, ән шығарған, домбыраны да келісті тартып әдемі қоңыр дауыспен ән де айтқан адам болған екен. Өзі сөзін жазып, әнін шығарған «Есік көлі», «Қыз мінезі», «Асы жайлауы» атты шығармаларын әйгілі композиторымыз қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов нотаға түсіріп берген екен. Ең өкініштісі, сол әндердің нотасы табылмады. Алатау атты өлеңінде: Көз салсам Алатаудың шыңдарына, ойлаймын: Оған қалай бара аламын?» деген жолдар бар екен. Оған «тауға қарап өскен тау түлегінің» асау арманы, ақ басты Алатау шыңдарына – өмірдің небір биіктеріне шықсам деген мақсаты сыйып тұрғандай.

Небәрі 45 жас қысқа ғұмырында ол Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер, майдангер комиссар, Еңбекшіқазақ ауданының басшысы, Алматы облы-сының ардақты азаматы, Қазақ Респу-бликасы Жоғары Кеңесінің депутаты болып үлгерді. Ақындық, сазгерлігі өз алдына Алханбек Мәлкеев артында айшықты із, ел тарихында абыройлы атын қалдырған азамат болатын. Сондықтан да халқы оны ұмытпайды.

Есік қаласындағы – білім-инновация-лық лицей-интернат жауынгер, еңбек-қор, ақын жанды Алхамбек Мәлкеев атында. Есікті көлге барар үлкен көше де асыл азаматтың атында.

Хайролла АХМЕТЖАНОВ.

Оқылды 32 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Шағаман батырдың балалық шағы

Соңғы жаңалықтар

Там 21, 2025

Қатерлі қарудың қасіреті

Кеңестер одағынан қалған Семей ядролық полигоны қазақ халқының маңдайына біткен сорының…
Там 21, 2025

Ұлт рухының ұлағатты шамшырағы

«Оян, қазақ!» деп ұйқыдан оятқан тұлғалар тарихта сирек. Бірақ тарих – жүрекке жүк артқан…
Там 21, 2025

Алматы облысында 1 қыркүйекте…

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Алғаш рет мектеп табалдырығын 30 мыңнан…
Там 21, 2025

Ауданымыз газет атымен аталған

«Ұрыстан кейін шаршап, қалжыраған солдаттар дем алмастан қала ішінде жарылған бомба мен…
Там 21, 2025

Бүгінгі жас - жарқын болашақтың…

Әр заманда өз елінің болашағы үшін қызмет ететін ұлы ақын Абайдай, «Оян, қазақ» деп…
Там 21, 2025

Президенттің 2024 жылғы Жолдауын…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде отын-энергетика…
Там 21, 2025

Еңбекшіқазақ ауданында отбасы…

Еңбекшіқазақ ауданында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында “Отбасылық және гендерлік…
Там 20, 2025

Нитраты көп көкөністерден сақтаныңыз!

Еліміздің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен сатылымдағы (дүкен сөрелері,…
Там 20, 2025

Маймыл шешегі –сирек кездесетін…

Маймыл шешегі - адамға ауа тамшылы және қарым-қатынас арқылы берілетін зоонозды, вирусты…

Күнтiзбе

« Тамыз 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет