Түрген сайы деп басы Асы жайлауындағы жүздеген тұма – бұлақтардан, биік тау басындағы мұздықтардан басталатын Түрген өзенінің бойындағы шың – құздар мен терең шыңырауларды бойлай созылып жатқан сай деп айтуға сыймайтын, аса көрікті табиғи шатқалды атаған екен. Сол шатқал бойымен суы балдай, шөбі шүйгін Асы жайлауына төмендегі ел жылқысы мен қойын бағып ерте күзге дейін отырып, жаздың соңында ғана Сартауқым, Қараой тағы басқа қыстауларына көшеді екен. Міне, сол Төре жайлаудың етегін ала орналасқан асфальт жол аяқталып, Түрген өзенін бірнеше жерден “аттаған” көпірлерден өткеннен кейінгі ірілі-ұсақ тастар арасынан салынған “қара” жолдың оң жағын – Батан деп атайтынын білеміз. Бірақ бұл Батан кісі аты болса, кім болғанын сұраған оқырмандарға жауап бере алмай келдік. Газеттің шыға бастағанына 95 жыл толуына байланысты қазіргі редакция ұжымынан бұрын еңбек еткен журналистер қауымының, әсіресе газетке басшылық жасаған әріптестеріміздің мақала, естеліктерімен танысу барысында көп жайттарға қанық болдық, тіпті көптеген сұрақтарға жауап та ала алдық. Соның бірі біздің аудандық газетті екі мәрте басқарған соғыс ардагері – Үсенбай Бақтиярұлы Тастанбековтің «Ұзақ жолдың қызығы мен қиыны» Естелік-эсседен келтіріп отырған Батан туралы үзінді:
Біздің ауыл сол Құланбай балаларының ұрпақтары. Жылқайдардан төрт ұл, екі қыз, Тастанбектен төрт ұл, бір қыз, Станбектен үш ұл, екі қыз, Оңалбайдан төрт ұл, бес қыз болған.
Ілгеріде айтқанымдай Қарақойлылар қазіргі Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Құмарық деген жерінен көшіп келіпті. Көшті бастап келген Батан мен Құланбай екен. Көшу себебі былай болыпты.
Қалың Қарақойлының бірнеше ауылы Құмарықта отырған бейбіт шаруалар болған. Малын бағып, егісін егіп тіршілік етіп жатады. Бірақ құдай қырын алғанда осы жер әйгілі Жібек жолының бойында екен. Күндіз-түні шұбырған керуен осы жерден өтіп жатады. Бәрі тыныш, жөнімен келіп, жайымен кете барады. Тек жылына екі рет: көктемде Қытай мен Үндістанға, күзде сол жақтан қайтатын Қоқан ханының жүз түйелік керуені күн көрсетпейді. Бейбіт елді былай өткенде де зар қақсатады, кері қайтқанда да зар еңіретеді. Жүз түйе айдаған өңшей сойталдай-сойталдай озбыр жігіттер алдымен тұрғын елдің малын тартып алып, сойып жейді, одан соң қыз-келіншектерді қорлайды, зорлайды. Ауыл адамдары бір жыл шыдайды, екі жыл шыдайды. Оның үстіне ауылдың ер-азаматтары жоңғар қалмақтарымен соғысып жүрген кезі. Ауылда күштің жоғын пайдаланып керуеншілер тым басынып алады. Бір кезде соғыс толастап, жауынгерлер ауылға келіп қалған екен. Осы сойқанды естіп ызаланған батырлар тез жиналып керуеннің келуіне дайындалады. Керуен де көп күттірмей келіп қалады. Батан, Құланбай батырлар бастаған жасақтар керуеннің жігіттерін қоршап алып, бәрін байлап тастайды.
– Басшыларың кім? – деп сұраса ол Қоқан ханының баласы екен. Батан келіп, оған жөн айтады.
– Сендер жыл сайын айуандық істеп жүрсіңдер. Біз болмасақ иесіз ауылды бүгін де солай етіп бүлдіретін едіңдер. Біз сендерге жау емеспіз. Сондықтан Құран ұстап ант бер, бұдан былай тиіспей жөндеріңмен жүріңдер. Біз сендерді босатып жібереміз – дейді.
Қоқанның қаһарлы ханына, оның қылышынан қан тамған мың сан қол әскеріне сенген хан баласы:
– Мен ешкімге ант бермеймін. Және бұрын қалай жүрсем, бұдан былай да солай жүремін. Сендер маған не істей аласыңдар?! – деп айбат көрсетеді.
Батан мен Құланбай райынан қайтар, құдай-тоба аузына түсер деп, оны тағы үш күн байлап ұстайды. Ол айтқанынан қайтпайды. Қайта одан әрі ерегесіп айбат көрсетеді. Батырларды боқтап, лағынеттеп, намыстарына тиеді. Олар үлкендерді, билерді, молдаларды шақырып келіп тағы сөйлеседі. Ақыл айтып, адамгершілікке, дінге жүгінеді. Өзбек пен қазақ ағайын, туыс ел. Сондықтан ел арасына іріткі болмаңдар, жік салмаңдар – дейді. Есірген хан баласы одан ары құтырып ашу шақырады. Үлкендерді, сыйлы адамдарды жәбірлейді, оларға тіл тигізеді. Сонда Батан мен Құланбай ақырғы рет ескертеді.
– Саған таң атқанша ойлануға уақыт береміз. Егер ертең ерте райыңнан қайтпасаң басыңды алып, еліңе жібереміз. Ал мына керуенші сотанақтарың екінші рет біздің қолымызға түссе, олардың да бәрінің басын кесеміз, ойлан! – дейді.
Ертеңіне барлық керуеншілерді бір жерге жинап, кешегі айтқан сөздерін бәріне хабарлайды. Керуеншілер үндемейді. Хан баласы тілін тартпайды, Сонан соң Батан талай қалмақтың басын домалатқан қылышымен керуен басының басын шауып түсіреді де қоржынға салып түйеге байлайды. Керуенші жігіттердің бәріне 50-ден дүре соғып, қайтарып жібереді. Олар жандарының қалғанына қуанып, түйелерін айдап еліне қайтады.
Артынан Қоқан ханы көп әскер жіберіп “баламның бір басына үш бас аламын” деп бұйырады. Бұл хабар қазақтың ханына да, билері мен батырларына да жетіп, екі халық соғысуға жақын қалады. Бірақ арада елшілер мен билер жүріп, соғыс хаупін жояды. Хан баласының құнын төлеуге келіседі. Дегенмен өзбектер бәрібір Батанның басын аламыз деп кектеніп кетеді. Сонда қазақтың игі жақсылары жиналып, Батанға “Алысқа кетіп, бой тасалай тұр, әйтпесе жазым болып кетерсің” деп, кеңес береді.
Сөйтіп Батан атамыз өзінің берік досы, жан жолдасы Құланбай екеуі туысқан, туғандарымен оншақты үй көшіп отырып, Түргендегі Шапырашты нағашыларына келеді. Бұл 1720 – 1730 жылдар шамасы болса керек. Оларды алғаш жақсы қарсы алған нағашылары жер бөліп, қоныс береді. Ол жер қазіргі Төре жайлаудың етегі екен. Батан әрі батыр, әрі әулие, әрі қарапайым, өте еңбекқор кісі болған. Сол отырған жері осы күнге дейін Батан жайлауы деп аталады.
Бірақ ол жерден бірнеше жылдан кейін көшуге мәжбүр болады. Батан еңбекқорлығымен әлгі отырған жайлауға, бұлақтан бұрып су шығарып, жер жыртады. Оған бидай, арпа егеді. Бірер жыл одан өнім алып, ес жияды. Осында қалып мықтап қоныстануға бел байлайды. Осылай көңілдері орнына түсіп, егінін салып, оны суғарып, баптап жүргенде ауылдың бір қойшылары егініне қол жайып зиян шектіреді. Батандар бұны да кешіріп, қалған егінін күтіп отырғанда бір есерсоқ жылқышы қасақана сол қалған егінін таптатып өтеді. Батанның жігіттері ыза болып, әлгі жылқышыны ұстап алып, сабап жібереді. Ертеңіне жылқышының қожасы, жақындары жиылып келіп “Қаңғырған баскесер, қанішер қарақшылар, жүрген жерлеріңнен кісі өлтіріп, бүлдіріп келіп, енді біздің қанымызды ішкілерің келді ме? Жылқышыны неге ұрасыңдар?!” – деп тіл тигізеді. Ар-намыстарын қорлайды. Өңшей нарық білмес топастардың сөз түсінбейтініне, жөн-жора білмейтініне ызаланып Батандар бір түнде көшіп кетеді. Қырғыздағы нағашыларына барып, сол жақтан пана табуды ойлайды. Қордайға қарай бет алып кетіп бара жатқан көшті көріп және ол көштің Дулаттың бір баласы Қарақойлының атақты батыры екенін біліп, осындағы Жаныстың игі жақсылары: “Дулаттың бір ауылы Түргендегі Шапырашты нағашыларына ренжіп, көшіп барады екен, көріп отырып елдігімізді, туыстығымызды істемесек бізге ұят емес пе? Бұны естісе ана жақтағы қалың Сыйқым не дейді? Өз ағайынымызды бауырымызға тарта алмасақ, бір емес, екі жерден зәбір көрген ағайынға пана бола алмасақ, біздің кісілігіміз қайда?” – деп кісі жіберіп көшті қайтарып әкеледі. Оларға Қарасудың жағасынан қазіргі жерді беріп, орналстырады. Жайлауы мен қыстауына Үшқоңырдың етегі мен Кебежені береді. Осылай ауып келген Батандар осы жерді мекендеп қалады. Егін салу үшін Батан атамыз ұзындығы 7 шақырым үлкен арық қазады. Сол арық қазір де бар. “Батан тоғаны” деп аталады.
Батан атамыздың арық қазудағы әдісі туралы ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыз әңгіме бар. Ол кісі атына мініп, қамшысының сабымен арық қазылатын жерді нұсқап көрсетіп жүріп отырады. Артынан келе жатқан жігіттер кетпен, күректерімен жерді шауып қазып, белгі салып жүреді. Арық қазылатын жердің бәрі осылай белгіленіп болғанда жабыла қазуға кіріседі екен.
Сөйтіп жеті шақырымға созылған, Қаскелең қаласының аяқ жағынан, бұрынғы диірменнің жанынан басталып, қазіргі Қошмамбет ауылына дейін созылған, Қарасудың жағасын, сай-сайдың жағалауын, жардың басын, қыраттың белін жағалап өтетін үлкен арықтан су ешбір мүдіріссіз зулап ағып жатады. Оның үстіне сол арық үлкен-үлкен екі сайды науа арқылы (акведук) аттап өтеді. Науаны тақтайдан қиып, ұзындығын 200 метр етіп, астына биіктігі 30 – 40 метр мықты тіреулер орнатып жасапты. Сол науа әлі бар. Кейінгі өнерлі ұрпақтары науалар ескірген, тозған кезде қайта жасап, жөндеп отыратын.
Үлкен арықтың ойлы-қырлы, иір-иір жерлерді айнала өтіп, егіндікке қанша керек болса, сонша су ағызып әкелетін қабілетті құрылыс болып қазылуы өте ғажап. Қолында ешбір техникалық, ғылыми құрал-жабдығы жоқ адамның өзінің кәдімгі қарапайым көзімен, ой-санасымен өлшеп отыруы, жеті шақырым жерге су шығарып, жүздеген гектар жерді суғарып отыруы ғажаптың ғажабы екенін мойындамай тұра алмайсың!
Батан асқан ержүрек батырлығымен қатар данышпан да кісі болған. Сол даналығымен елін қорғап, жауын әрқашан жеңіп, тойтарып отырған. Тек өз ауылында ғана емес, бүкіл сол аймақтағы Жаныс, Орынбет, Шыбыл, Жалайыр руларының ауылдарында да дау-дамайды қалтқысыз шешіп, кем-кетікке, әлсізге үнемі қол ұшын беріп, көмектесіп отырған. Сондықтан да кезінде оның есімі осындағы 80 үй Қарақойлының ұранына айналған. Жауға шапқанда, бәйгеге ат қосқанда, көкпарда, күрестерде Қарақойлылар “Батан! Батан! Батан!” – деп ұран салатын.
Осы 95 жылдық газет «өмірбаянында» редакцияны басқарған азаматтар жайында, ұжымымыздан тәжірибе жинақтап, қанат қағып биіктерге шырқаған журналист, қаламгерлер туралы суреттеме, очерктер жариялау жоспарымызда.
Әлбетте, газет, жалпы ақпарат құралдарының қызметі шығарылып отырған аумақтың өмірімен тікелей байланысты болғандықтан ауданымыздың, оның орталығы Есікті қаласының тарихы да жарияланып тұруы заңды.
Х. АХМЕТЖАНОВ.