Жұма, 29 Сәуір 2022 08:51

АЖЫРАСУ асқынып барады

Әке – асқар тау,

Ана – бауырындағы бұлақ,

Бала – жағасындағы құрақ.

Иә, осылайша бір ауыз сөзбен бүтін бір отбасыны суреттеп берген қазақ халқы отбасына, отбасы құныдылықтарына ерекше назар аударған. Жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпаған ата-бабаларымыз отбасын құруды, оны сақтап қалуды елдіктің негізі деп білген. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз осыдан шықса керек. Алайда, бүгінгі ұрпақ бабалар аманатына селқос қарап, қоғамда отбасы деген үлкен құндылықтың мәні қалмай бара жатқандай. Әлемдегі үздіктердің қатарына қарай жылжып, дамуға бағыт алған елімізде ажырасу белең алып барады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ажырасудан ТМД елдері арасында көш бастап, алғашқы ондықтың қатарында келеміз. Тіпті, көрші Өзбекстанның өзінде ажырасу деңгейі 10 пайызға жетпейді. Тәжікстанда тіпті төмен. Ал еліміздегі мәліметтер жаға ұстатарлық. Қазақстанда ажырасу көрсеткіші 40 пайызға жетіпті. Әсіресе, шығыс, солтүстік облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында отбасы көп бұзылады екен. БҰҰ Халықтың қоныстану қоры осы тақырыпта арнайы зерттеу жүргізген. «2000 жылы неке қиғандардың 30 пайызы ажырасса, 2018 жылы статистика 40 пайызға дейін нашарлады. Егер осы динамика сақталса, бұл фактор келешекте отбасындағы екінші және үшінші балалардың туу көрсеткішіне кесірін тигізуі мүмкін», – делінген зерттеу нәтижесінде.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, онжылдықта 1,5 млн қазақстандық некесін қиған. Осы уақыт ішінде жарты миллионнан астамы ажырасып кеткен. Көпшілігі некеде 5-9 жыл тұрған 30-34 жас аралығындағы азаматтар. Жартысынан астамында ортақ балалары бар. Ең көп ажырасу – Қарағанды облысында, ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Статистика мәліметтері көрсеткендей ажырасу фактілері қалалық жерде жиі кездеседі.

Тұрғындар саны жағынан республикада көш басында тұрған ауданымызда ажырасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Аудандық статистика басқармасының берген мәліметіне сәйкес, 2020 жылы 1661 жұп неке қиған. Сол жылы 605 отбасы ажырасқан. Ал былтырғы құрылған отбасылардың саны едәуір артып, ажырасу көрсеткіші де төмендеген. 1860 неке қиылып,  513 жұп ажырасуға бел буған.

Ислам мемлекеті болмасақ та, осы дінді берік ұстанып, салт-дәстүрімізбен астастырған текті халықтың ұрпағымыз. Сондықтан да қазақ даласында неке бұзу фактілері сирек болған. Ал жары қайтыс болған әйел адамды әмеңгерлік салты арқылы дүние салған азаматтың бауырына қосқан. Осылайша, қазақ қоғамында жетім мен жесір атаулы кездеспеген. Кездескен күннің өзінде, қазақ отбасында ажырасуға бірнеше ғана себеп болған. Бұл турасында зерттеуші Х.Арғынбаев «Қазақ халқындағы семья мен неке» тарихи-этнографиялық шолу кітабында келтірген. «Халық соттарының архивін ақтарған кезде сирек болса да айрылысушылардың болғандығына көз жетті» деп жазған зерттеуші. Қазақ қауымында ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша, күйеуі соншалықты ынжық, жаман, кемтар, кәрі болса да, әйелдің айырылысуға хақысы болмаған. Қалыңмалын төлеп алғандықтан, кімге арыз айтса да, қолдау таппаған. Дегенмен, әйел тарапынан қойылатын талаптардың міндетті түрде орындалатыны болады. Біріншіден, еркектік міндетін атқара алмаса, екіншіден, күйеуі 10-12 жасар бала болып, әмеңгерлікпен алған әйелі 25-30 жаста болса немесе бай адамдары тым жас баласына кедейдің бойжеткен қызын қалыңмалын төлеп алып берсе немесе қол бала етіп кіргізіп алса, үшіншіден, жазықсыз соққыға жыға берсе, алдымен ата-енесіне, сосын әке-шешесіне айтып, келіннің ата-анасы құдалар алдынан өтеді. Бұдан нәтиже шықпаса, билер алдына жүгініп, теңдік алу еркіндігі болады.

Сонымен қатар аз мал-мүлкіне қарамай, орынсыз шашып, рәсуа қылса, әйелінің жағдайына қарамаса, кедейшіліктен әйелін асырай алмаса, күйеудің туыстарына неше рет ескерткенмен нәтиже шықпаса, әйел адам билер алдына барып, ажыраса алған. Бұл себептерден басқа шариғат жолы да бар. Некелескен күйеуі күнкөріске қаражат қалдырмай 6 ай он күн хабарсыз кетсе, 7 жыл бойына іс-түссіз жоғалып кетсе, екі куәгер кісіні ертіп, билер алдында жоғарыда аталған шарттардың шындық екенін дәлелдесе, рұқсат алады. Әйел тек осындай жағдайда ғана арызданып барған. Басқа уақытта билердің төрелігіне жүгінуге тыйым салынған.

«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қағиданы өмірлік ұстаным еткен халқымыз отбасылық мәселелерді үлкен кісілер арқылы, ақсақалдардың ақылымен шешіп отырған. Сондықтан жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөзін жерге тастамаған. Олар бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, өздері бәрін реттеп отырған. Сол себепті ажырасу ұғымы құлаққа түрпідей тиетін. Отбасы және неке мәселесін зерттеп жүрген этнограф Аманжол Қалыш елімізде ажырасу өткен ғасырдың 40-50 жылдары кең етек жая бастады дейді. Этнографтың мәліметтеріне сүйенсек, 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардардың жолдары екі айырылатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90 873 некенің 27 391-і бұзылған. Ал он бір жыл араға салып қарасақ, 2011 жылы үйленген 160 517 жұптың 44 928-і ажырасқан.

Ал бұл жайында асыл дініміз не дейді? Шариғат не бұйырады? Исламда ажырасуды жөн санамаған, ажырасу – Алла Тағаланың адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы.

Ауданның бас имамы Сапархан Айдарханұлының айтуынша, бүгінгі таңда еш себепсіз, болмашы нәрсе үшін отбасын бұзып жатқан жастардың қатары көбейіп барады. Бұл құбылысты асыл дініміз құптамайды. Сондықтан, өмірдегі қиындықтарға сабырлық танытып, ерлі-зайыптылар қиындықты бірге жеңуі тиіс.

– Айша анамыз (р.а.) айтады: «Мен бір күні үлкен түйе үстінде сапарда едім. Түйені тез жүрсін деп қамшымен ұра бастадым. Сонда Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) «Ей Айша, жұмсақ мінез, сабырлы, кішіпейіл бол. Сонда ғана Жаратқан ием абыройыңды көтереді. Егер жұмсақ мінез, сабырлы, кішіпейіл болмасақ, Жаратқан ием алдында жаман атты боласың» – деген екен. Бұл турасында қазақ халқы «Сабыр түбі – сары алтын» деп тауып айтқан. Өкінішке қарай, кейбір жас-жұбайлар сабырсыздық танытып, түймедейді түйедей етеді. Жанжал шығарып, отбасы шырқын бұзып, ажырасуға дейін барады. Бұл – дұрыс емес. Тағылымды тарихымызға үңілсек, ашаршылық, қуғын-сүргін заманында ата-бабамыз бір уыс бидайға зар болған кезде де сабырлы, салмақты қалпын сақтаған. Келешек ұрпақтың қамын ойлап, отбасының ынтымағын бұзбаған. Мұхаммед Пайғамбардың хадисінде: «Алланың құзырында адал болған, алайда Алланың қатты ашуын тудыратын амал – талақ (ажырасу)» – дегендей әйел немесе ер тарапынан ешбір кінә болмаса да сабырсыздықпен және шайтанның азғыруымен талақ беру (ажырасу) – Алланың нығметін қадірлемеу болып табылады», – дейді Сапархан Айдарханұлы.

Құранда Алла Тағала: «Жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлық танытыңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін» дейді («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы» деп бұйыруы («Ниса» сүресі, 34-аят) және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Неке – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бет бұрса, менен бет бұрған болады», сондай-ақ «Алла Тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» деген хадистері негіз болады. Шариғат үкімін айтпағанда, адам, бала тағдыры не болмақ? Бір-ақ рет келер өмірде, бір-ақ рет көрер нағыз отбасы бақыты мен жар құшағын тәрк ету қай жағынан алып қарасақ та ақтап алуға келмейтін әрекет. Кей адамдар ажырасуға амалсыздықтан, шарасыздықтан барады. Мысалы, баланың болмауы, жолдасының маскүнемдікке, әйелінің жеңіл жүріске салынуы тектес себептерден. Ал сыныққа сылтау іздеп, болмашы дүние үшін отбасын ойрандау, қу нәпсінің жетегімен ажырасу – адамгершілікке жат.

Қай заманда, қай қоғамда болмасын ажырасу – ұлттың рухани құлдырауына әкеледі. Осылай деп дабыл қаққан халық қалаулылары алдын алу жолдарын да ұсынған болатын. ҚР Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев соңғы бес жылда 52 мың жас жұптың ажырасып кеткенін айтып, отбасын сақтап қалу үшін баж салығын көтеруді ұсынды. Оның сөзінше, жастар дұрыс тәрбие алмағандықтан осындай қадамға барып отыр. Бұл мәселені шешу үшін елімізде отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталған бағдарлама құрып, мектептерде «Отбасылық өмірдің рухани негізі» пәнін енгізуді ұсынды. Ол: «Бұрын отбасы қоғамның алғашқы құрылымы болатын. Қалғандарының бәрі соның негізінде құралатын. Ал қазір ол екінші орындағы құндылыққа шығып қалды. Ажырасулардың негізгі себебі сонда», – дейді.

Ажырасу мәселесін шешуде психолог мамандардың да ұсыныстарын тізіп өтейік:

– Бір-біріңізге ауыр сөз айтпаңыз. Себебі, кешірсе де, адам өзін қорлап айтқан сөзді ұмытпайды.

– Проблемаларыңыз бен қиындықтарыңызды үнемі бір-біріңізге жүктеуден аулақ болыңыз. Адам шағымнан, жылап-сықтаудан, күн сайынғы құрбандықтарға барып жатырмын деген міндетсінулерден тез жалығады, шаршайды.

– Мәмілеге келу. Отбасы – бұл бір шаңырақ. Түсіністік танытатын кезде, жағдайды саралап, барлығын ой елегінен өткізіп, екеуіңізге де тиімді болатындай шешім жасауға болады. Егер біріңізге құрбандыққа бару керек болса, барыңыз. Ол – сіздің отбасыңыз үшін жасалатын қадам.

– Ренішіңіз болса, үндемей жүре бермей, жұбайыңызға ашығын айтыңыз. Сөйлесу мен әңгімелесу жоқ жерде дұрыс отбасын құру деген – бос иллюзия. Себебі неке – ұзақ әңгімелесу.

Қалай десек те, отбасы – қоғамның баға жетпес құндылығы. Сондықтан отбасының шаңырағын шайқалтпай, берік ұстау әр азаматтың өз қолында. «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» деп қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, барлық ізгіліктің бастауы – тәрбие. Ұл-қызымызға дұрыс тәрбие беру арқылы ғана, Қазақстан деген үлкен отбасының гүлденуіне жол ашамыз.

 

Дайындаған С.НҰРАДИН.

Оқылды 3569 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет