Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.
Әл – Фараби.
Тәрбиелі, білімді, саналы, мәдениетті ұрпақ – мемлекеттің тірегі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтылмаған. Олай болса, бала тәрбиесі тал бесіктен бастау алады. Қазіргі қоғамның күш-жігері жас ұрпақты отансүйгіштік, имандылық, адамгершілік тәрбиеге бағытталуы керек.
Елімізде халықтың шамамен үштен бірін жастар құрайды. Осы жастардың әрбірінің алға қойған мақсаты – өз тағдырын өзі шешуге, өз елінің өркендеуіне үлесін қосу, мемлекетін мығым ететін, Абай атамыз айтқандай: «бір кірпіш болып қалану». Мағжан Жұмабаев: «...өз ұлтын сүйген адам өз ұлтының бақыты үшін өз бақытын құрбан қылады» дегендей, ұрпақ тәрбиелеп өсіру – қоғам алдындағы басты міндет, бұлжымастай орындалуы қажет. Дана халқымыз топшылағандай: «Дұрыс қанаттанған түзу ұшады», «Болар бала болмысынан» болудың өзі жас шыбықты игендей танымды тәрбиеге байланысты. Алайда Абай атамыз айтқандай «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген «әттеген-айлар» да көптеп кездесетіні өкінішті...
Қазақ елі тәуелсіздік алған соңғы 30 жыл ішінде іргетасы қайта қаланып, іргелі ел болу жолындағы қиын-қыстау кезеңінде қара бастың күнін күйттеп жүріп, жастар тәрбиесіне баса мән берілмей, көптеген кемшіліктерге жол берілді. Әрине, нарықтық экономика кезінде әрбір адам өзінің кемшілігін, өзінің жағдайын өзі жасауға әрекеттенуі қажет. Дегенмен, жастарымыздың арасында ерсі қылықтар, қылмысқа ұрыну, басқа да шешімін таппай жүрген проблемалар көбейіп кетті. Қазақстан жастары арасында өз-өзіне қол жұмсау фактісінен әлемдегі көш бастаған 10 ел қатарында екен. Үйленіп, үй бола алмай ажырасу жағынан да осы «үздік» ондықтың ішінде. Ұрлық, зорлық, басқа да қылмыс жасау жағынан да кенде емес екенбіз. Осы олқылықтардың орын алуы жұмыссыздықтың, үйсіз-күйсіздіктің, қымбатшылықтың, тұрмыстық жағдайдың нашарлығының, күнделікті күнкөріс күйбеңімен жүріп, бала тәрбиесіне мән берілмеуі салдарынан туындауда. Қыздарына қырық үйден тыйым жасап, ұлдарын ұлтжанды етіп өсіріп, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған заңға бергісіз дәстүрі қалай ұмыт қалды?! Жүсіпбек Аймауытов: «... адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлілігі – тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан» деп айтқандай, қазіргі жастардың заман ағымындағы зиянды әдеттерді бойына тез сіңіріп, қалыптасуынан орын алып отырғаны шындық. Осындайда жас жеткіншекке дұрыс тәрбие беріп, жақсы жағына бағыттайтын ата-ананың, қоршаған ортаның ықпалының аздығы. Мысалға, елімізде орын алған қаңтар оқиғасындағы орны толмас олқылықтардың орын алуы – осының айғағы. Қымбатшылыққа қарсы бейбіт митингіде арандатушы топтың өрескел әрекетіне жастардың еріп, ғимараттарды қиратуға, дүкендердегі заттарды тонауға, жаппай төбелеске ұрынуы – тәрбиеде кеткен кемшіліктердің салдары. «Имансыздың жүрегінде Отан сүйіспеншілігі болмайды» деп Меһмет Соймен айтпақшы, еліне оқ атып, Отанын ойрандағандар опасыз емей немене?! Облыс әкімі Қанат Бозымбаев қаңтардағы митингіге жиналған көпшілік қауыммен кездесуден соң, «жастардың тәрбиесінде қандай кемшілік жібердік?» деген сұрақ мазалап, оның себептерін отбасындағы адамгершілік-рухани тәрбиенің, мектептегі патриоттық тәрбие жүйесінің жетіспеушілігін және жергілікті билік пен қоғам өкілдері жол берген кемшіліктерін саралап, тиісті қорытынды жасау керектігін тілге тиек етті. «Егер адам бойындағы зиянды әдет-дағдыларды түп-тамырымен бір уақытта жою үшін аз да болса күш-жігерімен күрессе, одан құтылу да қиынға түспес еді... Бірақ та қиыншылығы сонда – мысқалдап ұзақ уақыт енген жаман әдет-дағдыны құрту үшін, соншама ұзақ уақыт күресу керек», – деп айтқан К.Д.Ушинскийдің ұлағатты сөзін келешекте қайталанбас үшін ескеруіміз керек. Отан қорғау борышын өтеуге жастардың ынтықпауы – ондағы «дедтердің», жаңа келген «духтарға» көрсеткен қысымы, күш көрсетіп, денсаулықтарына зақым, тіпті өмірін қиюға қауіп төндіру сияқты қатігездіктің салдарынан орын алған жағ-дай. Ал полиция қызметкерлерінің тергеуге, қамауға алынған кісілерді ұрып, үтікпен денесін күйдіру, тырнақ астына ине сұғу сияқты қиянат жасаулары да ешқандай адамгершілік қасиетке жатпайтын тағылық қылық емес пе? Меһмет Соймен айтқандай: «Дене мен рух жеке-жеке нәрселер болуымен қатар, адамның өмірінде соншама сәйкескен, тіпті біреулерінде болған ақау екіншісіне де әсер етеді». Олай болса, адамдарды алдына қойған мақсатына қарай бағалау керек». (Н.Н.Миклухо Маклай). Негізінде, ішкі істер бөліміне көбінесе мектепте нашар оқыған, бұзақылыққа бүйрегі бұрып тұратын, тентек мінезді жастар қабылданатыны жасырын емес. Президентіміздің де қорғаныс, күшті құрылымдар жүйесін реформалау керектігін тілге тиек етуі де осындай олқылықтарды болдырмаудан болып отыр.
Мемлекет тарапынан білімді, дарынды, өнерлі жастарды тәрбиелеу үшін жыл сайын қыруар қаражат та бөлінуде. Алайда жастар саясаты жастармен жұмыс істеуді, тек ұраншылдыққа салынып, жиын, түрлі басқосулар, фестивальдар, түрлі іс-шаралар өткізіп, үгіт-насихатпен шектелмеу керек. Жастарды жақсы жақтарға бастайтын нақты бастамалар, қайырымдылық жасау, үлкенді сыйлау, игі істерге жұмылдыру жағына баса көңіл бөлгені абзал. Мектептерде тәрбие сағаттарын, пікірталастар өткізуге назар аударған жөн. Әрине, жастар ұйымдары бұл проблемаларды өздері шеше алмайды. Мұндай мәселелермен бүкіл қоғам болып бірігіп күресу керек. Ал билік жастар ұйымымен тәрбиеге жол ашатын «даңғыл жол», «алтын көпір» бола білсе құба-құп. Әкімдер мен халық арасында тығыз байланыс орнату маңызды. Мұндай жұмысқа жоғарғы оқу орындарында арнайы мамандар даярлайтын бөлімдерде оқыған кәсіби мамандар тартылғаны жөн. «Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, ұлы атадан үйренбей сапар шекпес» деп Қорқыт атамыз айтпақшы ата-аналар балаларына бүлінгеннен бүлдіргі алмау керектігін, жаман әдеттерден аулақ жүретін ақыл-кеңестерін айтып, олардың әр қадамын, әр ісін бақылап жүргендері абзал.
Ғалымдардың айтуына қарағанда, жастайынан көгілдір экраннан қорқынышты фильмдер, қылмысқа толы, жеңіл жүрісті, адамды азғыратын қойылымдр, телесериалдар, мультфильмдерді көріп өскен жастардың санасының дамуы тежеліп, мінез-құлыққа қатыгездік, еріншектік, немқұрайлық пайда болады екен. Соңғы кездері қоғамда бұрын-соңды болмаған, естіп-білмеген қылмыстардың көрініс табуы да сондықтан. Мектеп жасындағы қыздардың жүкті болып қалуы, бойына біткен шарананы туа сала қоқысқа тастап кетуі көптеп кездесуде. Еркекшоралық, қызтекелік, жынысын ауыстырып, еркектің әйел, әйелдің еркекке айналуы сияқты жиіркенішті жағдайлар орын алуда. Бұрын ақылшы ақсақалдарымыз «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» десе, енді біз «ел болам десең, экраныңды түзе!» дейтін жағдайға жеттік. Әлеуметтік желілерден шәкірттің мұғалімді балағаттап, қол жұмсау, үлкендерді сыйламау, қыздардың жұлысып, төбелесуі сияқты ерсі қылықтардың да куәсі болып жүрміз. Айта берсе, мұндай адамгершілікке жат қылықтар жетіп-артылады. Қазіргі жастар газет, кітап оқымайды. Білімдері таяз. Мысалы, төрт түлік малдың қалай аталатынын білмейді. Тіпті «Абай жолын» кім жазды? деген қарапайым сұраққа дұрыс жауап бере алмаған жастар да жетерлік.
Жастардың санасын тәуелсіз елдің патриоты, ұлтжандылыққа, рухани адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеуді қоғам болып, жан-жақты қолға алу керек. Қанішер қаһармандардан тұратын ойын автоматтары мен компьютерлік ойындар, түрінен кісі шошырлық, жаппай қаруланған түрлі ойыншықтар жас ұрпақтың санасын улап, басын айналдыруда. Қазақта: «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген сөз тегіннен тегін айтылмаған. Ел, Жер, Отан өзіміздікі. Әр ата-ана өз ұрпағын, мемлекет өз келешегін шетелдерден тәрбиеге теріс әсер ететін дүниелерден аулақ ұстап, ұлтық, салт-дәстүріміздің жақсысын жаңғыртып, санасын адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке үйрететін халықтық тәрбиені төрге шығаруымыз керек. «Ұлттық мақтаныш – жеке адам мен ұлт үшін бұлжымас заң. Кімде-кім өз ұлтын құрметтемесе және оны мақтан тұтпаса – ол адам сөзсіз арамза, қаңғыбас», – деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы дөп басып айтқан. Қоғамымызда қазір шынында да отаншылдықтан гөрі арамза, қара бастың қамымен жүргендер де баршылық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Ең жақсы адам – өзгеге пайдасы тиген адам» дегендей, қандай жас болсын оның еліне, жеріне, өзге адамдарға деген көзқарасы дұрыс дамып, әу бастан тәрбиенің өзегін шайқалтпай санасына құю арқылы оны қоғамның мызғымас іргетасы ретінде қалыптастыруға болады. Өйткені жастар – қоғамның тірегі.
Баланың ақылды, парасатты, әдепті болып өсуі – ата-ананың мерейі. Қазақ сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген ұлы халық. Шәкәрім Құдайбердиев ақсақалымыз да «Адамшылық» деген өлеңінде:
«Кісіге адамшылық неге керек?
Адамдық – өзге айуаннан артық демек!
Ит талаған төбеттен қалай дейсің,
Аямай әл келгенін жұлып жемек», – деп бейнелейді. Олай болса, Шәкәрім атамыздың «Адамдық борышың» деген мына өлеңімен ойымызды қорытындыласақ:
Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл!
Ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл!
Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба, мансаптың тағы үшін,
Нәпсіге билетпе, басыңның бағы үшін.
Өміріңді сарп қыл өлгеніңше,
Жоба тап, келешек қамы үшін.
Қайтадан қайырылып, қауымға,
Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің,
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт – осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің!
Анарбек БЕРДІБАЕВ.