Бейсенбі, 03 Қараша 2022 09:26

Тәрбие құралының маңызын неге төмендеттік?

Облыс әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев аудандарды аралап, тұрғындармен кездесулер барысында Есік-Шелек өңірлеріндегі ардагерлермен, аузы дуалы ақсақалдармен пікір алмасқан болатын. Сондағы кездескенде экономика, әлеуметтік-саяси бағыттармен қатар, ел болашағы жастар тәрбиесі сөз болды. Бұл мәселе аудан әкімі Алтай Машикұлы Досумбаевтың қызметтік кабинетінде де көтерілген еді. Әлі де аяғына дейін тексеріліп бітпеген қаңтардағы қанды оқиғаға қатысқан жастардың көпшілігі оң-солын танып болмаған, саясаттан да, күнделікті болып жатқан өзгеріс-жаңалықтардан да бейхабар жас азаматтар екені рас. Оған кім кінәлі? Әдетте бірден мектеп пен ұстаздар аты аталады. Ата-ана қайда қалады? Қоғам, қоғамдық ұйымдар қайда қарайды? Осы сұрақты, жастар тәрбиесін көтеріп отырған аға буын қандай жұмыс атқаруда?

Соңғы аталған ардагер аталар жағына ойысатын болсақ, халқымыздың жинақтаған бай тәжірибесін жоққа шығара алмаймыз. Соны жастар бойына сіңіретін, аталы сөзін айтып ұлттық тәрбие үлгілерін көрсететін бүгінгі ақсақал қариялар емес пе? Ұлттық тәрбие тілден басталатын болса, аталарымыз орысша шүлдірлеп жүрген ұл-қыздарына, немере-шөберелеріне «Ана тіліңде сөйле!» деп айта ма екен? Күмәндімін. Арнайы сауалнама жасамасам да, телефон арқылы сол немерелерімен сөйлесіп жатқан аталардың «Как дела, внучек?» деген сияқты сөздерін жиі естіп қалатыным рас. Сөздің басы – сәлем десек, кішінің үлкенге, еркектің әйелге, аттының жаяуға бірінші болып сәлем беру керектігін біле ме екен жас өркен? Қайғылы отбасына кіріп көңіл айтуға келген кейбір азаматтарымыз: «Қайырлы болсын» деп қысқа қайырады. «Қазаның арты қайырлы болсын» деп бір-екі сөз қосса, түсінікті ғой. Сөздік қоры бай тілімізде «Қайырлы болсын» сөзін қуанышта да қолданады ғой. Сондықтан да әр жағдайға сәйкес келетін сөзқосуға ерінбеу керек-ау. Осының бәрін, өте бай дәстүр-ғұрыптарымыз жайында кім айтып отыруы керек әрбір отбасында? Әрине, өмір көрген үлкендер. Тек қана отбасында ғана емес, қоғамдық ағарту орындарында, мектепте, мәдениет ошақтарында, баспасөз беттерінде. Соңғы құрал жөнінде айтуға да ұят, газет-журналдар жайында. Соңғы уақыттарда аға буынға, зейнеткерліктің зейнетін көріп отырған ардагерлерге:«Қандай газетке жазылып алдырасыз?» десеңіз, қалтасынан смартфонын суырып алып саусағымен нұсқайды: «Осының ішінде бәрі бар» дегендей. Бәрі бары бар, бірақ сауатсыздықпен, ұяттың бетін жауып қойып боқтық-боқауызымен былықтырылған посттарды, суреттерді парақтарды ашқан сайын көруге болады. Ал тәрбиелік мәні зор мақала дегендерді іздеп таппай, кезіккен шала дүниені Тик-токтан алып оқығанына мәз болу мақсат па?

Жас өркенді тәрбиелеу отбасынан басталады дедік. Бір педиатр ғалымға: «Сәбиді неше жастан бастап тәрбиелеу керек?» – десе, ғалым: «Сәбиің неше жаста?» – деп қарсы сұрақ қояды. «Әлі екі-ақ жаста», – депті жас ана. «Ендеше тәрбиені әлі бастамасаң, тура екі жылға кешіктің», – депті ғалым.

Ер баланың тәрбиесі ерекше болса, қыз баланы да өсіріп, ұлтымызға тән тәлім-тәрбие беру – аса күрделі де өте жауапты міндет. Қазақ бекерден бекер «Еліңді сақтағың келсе ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтағың келсе қызыңды тәрбиеле» деп айтпаған. Олай болса, мен екі бағытты да үстіртін ғана бірер мысалмен атап өте отырып, көзі қарақты оқырманды пікірлесуге шақырамын.

Ұлдар жөніндегі төмендегі ақпарат жағамды ұстатты. Әскерге шақырылатын жасөспірімдеріміздің үштен екі бөлігінің денсаулығы әскерге жарамсыз болып шығыпты. Тек осы ақпараттың өзі ата-аналарды, қоғамды, мемлекетті қатты алаңдатып, шұғыл шара қабылдауға итермелеу керек қой. Бүгінгі заманның өте күрделі әскери техникасын, қару-жарағын айтпағанда.

«Қыз баланың қылығы түзде» деген қыз бала тәрбиесіне қатысты айтуға ұялсам да, бірер көрнекті мысал келтірмей болмайды-ау. Бірде әжетханадан, енді бірде қоқыс контейнерінен, ал енді бір сұмдық жағдайда жүйткіп келе жатқан машина терезесінен лақтырылған жарық өмірге көзін ашып үлгермеген шақалақтарды болдырмау үшін шетелдерден үлгі алып, «бейби-бокс» деген құрылғыны орнатып қойғалы біраз уақыт болды. Жарнамада жазылғандай жоспарсыз жүкті болып қалған бойжеткен (бой жетпеген) қыз балалардың нешеуі осы «боксқа» тастап кетті екен шақалағын?.. Осы қазақша «Үміт бесігі» аталған үйшікке түсіп, адам қатарына қосылып кеткен бір ғана сәби болса да, ол baby-box-тың өзін-өзі ақтағаны деп есептей тұрайық та, бұл жәшіктер егер әр жерде қойылған болса, ұлтымызды құтқара ма? Ал айтыңыз пікіріңізді, оқырман!

Мақаланың авторы болсам да, алдымен дискуссияға өзім қосылып, бұл қарекет орманшының әр жерде іліп қойған «Орманды өрттен сақтаңдар!» деген ұранына ұқсас дер едім. Ал «Үміт бесіктерін» көбейтпес үшін, қазаққа қарап ұлылардың айтқан «Бесігіңді түзе!» деген сөзін ұстанып орында, қазақ, деймін.

Сөз соңында айтарым, еліміздің «Егемен Қазақстан» газеті бастаған бірнеше республикалық басылымдар бас редакторлары мемлекет басшысы-ның атына хат жолдағаны белгілі. Бұл хаттың мазмұны қазақ тілді ақпарат құралдарының таралымы жылдан-жылға төмендеу үстінде. Елдігімізді сақтауға, елдіктің басты белгісі – тілімізді сақтауға бағытталған қазақтілді газет-журналдарды жоғалтып алып, ортақ шекарамыз әлемдегі ең ұзын шекара деп мақтанатын көршіміздің ақпараттық алаңына тәуелді болып қалсақ, бір ұлы саясаткердің айтқанындай: «Мәдениетіңді жоғалтсаң, шекараңды аша бер» деген жағдайға келеріміз анық. Ал тіл, қазақтілді ақпарат құралдары – мәдениетіміздің ең маңызды құраушы бөлігі екені ақиқат. «Үлкен» газеттердің биік басшылыққа жазған алаңдаушылық хатын қос қолдап қолдайтын себебім жылдан жылға жергілікті басылымдар таралымы төмендеуде....

Х.АХМЕТЖАНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Оқылды 2794 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Тағылым мен мен тәрбиенің тал бесігі Ауылдың атасы еді... »

Соңғы жаңалықтар

Қаз 31, 2025

Сыбайлас жемқорлық туралы

Сыбайлас жемқорлық – ол лауазымды тұлғалардың өз қызметін жеке пайдасы үшін пайдаланып,…
Қаз 23, 2025

Выставка, посвященная Жетысу

В историко-краеведческом музее имени М.Тынышпаева в г.Есике к Дню Республики организована…
Қаз 23, 2025

Мемлекеттік тіл – ортақ құндылық

Қандастар – бұл тарихи себептермен әр кезеңде Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аударып,…
Қаз 23, 2025

От возрождения – к дальнейшему…

Три десятилетия тому назад, 25 октября 1990 года постановлением Верховного Совета КазССР…
Қаз 23, 2025

Кітап оқу – өркениет кепілі

Қоғамның нағыз рухани құндылықтан ажырап, алақандай смартфонға бар уақытын сарп етіп…
Қаз 23, 2025

Құрметті мамандық

Рухани-мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз…
Қаз 23, 2025

Әлеуметтік сала – ізгіліктің алтын…

Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, адамдардың…
Қаз 23, 2025

Ұлттық өркендеу жолы

XXI ғасыр – цифрлық революция заманы. Бүгінде әлемдегі барлық салалар цифрлық…
Қаз 23, 2025

Әйнекті жууға арналған сұйықтықты…

Таза әйнек — үйдің, автокөліктің де ажары. Дегенмен, әйнекті жууға арналған сұйықтықты…

Күнтiзбе

« Қараша 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет