Сәрсенбі, 21 Желтоқсан 2022 14:53

Ауылдың атасы еді...

Қазақ мәдениетіндегі туыстық қатынастың биігінде Атаның орны ерекше. Ұлттық дүниетанымдағы Ата бейнесі, Ата образы, Ата туралы ұғымның мазмұны мен мәні жоғары саналады. Этномәдениеттегі аталар институты дейтін әлеуметтік орта болса, сол әлеуметтік топтың өзіне тән орындайтын үлкен қызметі бар. Әдетте жасы жетіп, уақыты келгенде әркім-ақ әулетіне биологиялық тұрғыдан ата бола алады. Ал атаның аталық өлшемі әулеттің аталығынан жоғары – берісі рулы елдің, арысы ауылдың, барша жұрттың атасы болу әркімнің қолынан келе бермейтін дүние. Аталық дегенде атаның бойынан атаға тән батагөйлік, данагөйлік, діндарлық, дегдарлық, бекзадалық, туралық, даналық, тектілік, балажандылық, мейірімділік, еңбекқорлық секілді көптеген қасиеттер арқылы үлкен биікке көтерілері анық. Дәл осы қасиеттердің барлығы бір бойынан табылатын Қызылшарық ауылында өмір сүрген Кәрібайұлы Әбдіхалық кәрияға қарата айтуға болады. Бұл кісінің аталыққа тән дегдарлық қасиеті Шелек, Кеген, Нарынқол өңірлеріне кеңінен мәлім болды десек артық айтқандық болмас.

Әбдіхалық ата туыстық қатынас жағынан келгенде маған нағашы ата болады. Менің өз атам мен тумай тұрып ертерек дүниеден өтіп кеткендіктен, маған өз атамды көру бақыты бұйырмады. Алайда сол бос кеңістіктің орнын жиен деп жеке қарамаған, өз баласынан кем көрмеген, нағашы атам Әбдіхалық кәрия бар жағынан толтыра білді. Мені тіпті атасы бар бақытты бала биігіне көтерді. Атамыз тілашарымнан бастап, ер жетіп, үлкен өмірдің аламанына түсіп, шаңырақ көтерген, ірілі-ұсақты қол жеткізген жақсылықтарымның барлығының басы-қасында болып батасын берді. Біздің ел қатарлы адам болғанымыз да сол атамның батасы дарығаннан болар. Алайда өмір заңдылығына сәйкес тоқсанның төріне көтеріліп, ғасырға жуық өмір сүріп, фәниден бақиға аттанған атам туралы ауыр да болса, өткен шақта қалам тербеуге тура келіп тұр.

Ұлттық мәдениеттегі ата болмысын қалыптастырушы категориялар арқылы Әбдіхалық атаның аталық образын былайша сомдауға болады. Біз көрген атамыз-дың аталық бейнесі оның діндарлығы еді. Атам бес уақыт намазын қаза қылмай, оразасын ұстап, намазын уақытылы оқып, ораза айт, құрбан айт мерекелерінде туыс-туғандарынан бастап, көрші-қолаңнан тартып әрбір үйді-үйге барып құранын оқып, батасын беріп кетуі бұл кісінің бұлжымас қағидасы болды. Атамның осы бір қағидасына сәйкес айт мерекелерінде ел-жұрт атам келеді деп күтіп отыратын. Міне, бұл қағидат атеистік қоғамның қайнаған кезінің өзінде сөзсіз орындалып жататын. Атамның діндарлығы тек айт мерекелерімен емес, той-томалақ, құдайы тамақ, өлім-жітімнің барлығында дәстүрлі мұсылмандық үлгіде өз жалғасын үздіксіз тауып жататын. Өткен ғасырда қолына құмғанын ұстап, дәретін алып, намазына дайындалып, құбылаға бет бұрып, жәйнамазына жығылып, бес парызын өтеп жүрген адамдарды кездестіру қиынның қиыны болатын. Сол заманда осы бір парызын орындап жүрген бір жан болса, ол біздің атамыз еді. Атамның сол кездегі бейнесі көркем фильмдерде ғана кездесетін образға ұқсайтын. Ал бұл күндері көпшіліктің дінге ден қойып, намазхан дейтін жамағаттың қалыптасқандығы белгілі. Атамның діндарлығын дәстүр мен діннің нәзік жібінің үзіліп кетпегендігіне қызмет етті десек, асылық айтқандық емес. Себебі бүтін бір ауылда атам секілді бірді-екілі жан ғана діндар болатын. Әрине, бұл кісілердің діни сауаты соншалықты жоғары болмағанымен, дінсізденген қоғамдағы бір жарық сәуледей шамшырық болғандығы анық.

Атама тән қасиеттің бірі – батагөйлігі еді. Әдетте қазақ мәдениетінде батаны сауатты, иманды, зиялы, көшелі, көргенді, данагөй адамдар ғана береді. Оны халық өзі таңдайды. Бұл жағынан келгенде атамның кандидатурасы осындай параметрлердің барлығына сай келіп, той-томалақтарда, үлкен астарда, ірілі-ұсақты жиындарда атамнан бата сұрайтындардың қарасы өте көп болатын. Дастарханға бата берсін деп алыс-жақын жерлерге толассыз алдырып жататын ағайынның легі атамның өмірінің соңғы күндеріне дейін жалғасқандығы Аталық дейтін өлшемнің биік көрсеткіші болса керек. Атамның батасы жаттанды бата емес, ішкі жан дүниесінен ағылып-төгіліп, арнасынан асып жататын. Бата беру мәдениеті дейтін категория бар болса, бұғанда бір кісідей үлес қосқан жан болды.

Аталықтың белгісі – данагөйлік. Данагөйлік дейтін дүние институт, университет, академия бітірумен өлшенбесе керек. Атамның бар білімі А.Байтұрсынұлының төте жазуымен, яки жәдитше жазумен, ескіше хат танумен ғана сауаттанған. Алайда бойына біткен дегдарлық, қанмен берілген рухани зияткерлік, өзінің оң мен терісті, жақсы мен жаманды бағамдай білу қабілеті көптен жоғары екендігінің көрсеткішіне айналды. Ол кісінің Қытай мен Кеңес үкіметін, Тәуелсіз Қазақстанды қала берді, жаңа Қазақстанды бір басынан өткергендігі көпті көргендігімен қатар көп жасағандығы, қоғамның өкпек желінің қайдан басталып, қайдан аяқталарын өзінше бағамдай білуі ойының сергектігін көрсетеді. Рулы елдің шежіресінен бастап, арғы-бергі тарихтан да сауаты бар, дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі салт-дәстүрлерді, ырым-тыйымдарды, жол-жоралғыларды, көпшілік біле бермейтін мақал-мәтелдерді, аңыз-әпсаналарды жетік білетін. Оларды жатқа айтатын. Өзімен әңгімелесе кеткен жанның түп атасын түгендеп беріп, батырының батырлығын, ақынының ақындығын, ата қоныс жерінің ерекшелігін жіпке тізіп беруге келгенде де алдына жан салмайтын. Түп атасын іздегендер мен шежіресін түгендегендер, салт-дәстүр мен жөн-жоралғыны білгісі келгендер алыс-жақыннан үздіксіз келіп, рухани жан дүниесін толықтырып кетіп жататын. Атамның бір басына жетерлік шешендігі мен тауып айтар айтқыштығы да болды. Шаршы топтың алдында, қалың елдің ортасында қара сөзге қара жаяу еместігін дәлелдеп, аталы сөз бен баталы сөздің үлгісін бір кісідей көрсете білді. Сонымен қатар бір ерекшелігі есте сақтау қабілеті де өте жоғары болды. Бұл қабілетінен дүниеден өткенінше айырылмай өтті. Туыс-туғандар мен ауылдас ағайынның әр баласының есімін жатқа білетін. Кездесе қалған ағайынның бар баласының атын атап, түсін түстеп, амандығын сұрап, өзі көрген әр баланың есте қалған ескі оқиғаларын естеріне түсіріп беріп отыратын. Өз балаң туралы өзің ұмытып қалған ескі оқиғаны қарияның ұмытпай айтып бергендігін көргенде, мұндай жанды жақсы көрмей кету әсте мүмкін емес. Атамның есте сақтау қабілеті кісінің есімін жатқа білуімен ғана емес, өмірде болған әрбір жағдаятты сұрасаң, қаз қалпында баяндап беретін де еді. Ал қазір кірген есігін шығарда ұмытып қалатын адамды көрсек, таң қалмаймыз. Бұл дегеніміз қазыналы қарттың сергектігі мен санасының тұмадай тұнықтығын көрсетеді. Міне, аталықтың көрсеткіші – даналық десек, данагөйлік осындай-ақ болса керек. 

Атаның аталығы оның берген тәрбиесі, көрсеткен тәлімінен көрінеді. Бұл жағынан келгенде атамның тәрбиесі өз баласынан бастап бүтіндей ауыл баласына дейін ұласып жататын. Ол тәрбиесі өте қарапайым болғанымен, кез келгеннің қолынан келе бермейтін. Онысы өзі ғайбат сөз айтпайтын, елді сыртынан ғайбаттамайтын. Еңбектеген балаға өзі бірінші болып қолын созып, «Ассалаумуағалейкум!» дегізіп амандасуды үйрететін. «Сәлем – сөздің анасы» екендігін ескерсек, тәрбиенің үлкені осында жатыр. Жас балалар мен жасөспірімдердің жанынан кесе көлденең амандаспай өтіп бара жатқандарын көрсе, дереу тезге салып тоқтатып, ескерту жасап, ендігәрі қайталамауын қадап айтатын. «Сәлем беру – парыз, қабыл алу – сүннет» екендігін әркез ұғындырып жүретін. Мектепке барғысы келмей бара жатқан балаларға: «Опаздал қаласың!» – деп ескертіп, сабақтан қайтқандарға көше кезбей үйге баруын өзінше қадағалап жүретін. Көше тәрбиесі дейтін тәрбие осындай болса керек. Жөн сұрағанға жөнін айтып, ата жолымен туралықты көрсетіп, ағы мен қарасын айырып беріп, әркез Аталықтың ақ жолын көрсетіп отыратын. Сонымен қатар бұл кісінің еңбекқорлығы мен шаруақорлығы тәрбиенің тікелей көрсеткіші деуге болады. Күн ұзаққа бес уақыт намазын қаза қылмай, қорасындағы мал-жанын қадағалап, бақшасына қарап, бабын келтіріп ұстап жүретін.

Атамыздың күш-қуаты бойында болған кезде, қорасындағы ірілі-ұсақты мал-жанымен қатар, торы аты ол кісінің аталығының атрибуты болды. Есік пен төрдей келісті торы аты атама емірене қарап, сағағымды сипаса екен деп иектеп тұратын. Сол торы атты біз «торшик» деп атайтын едік. Алдымен әңгіме торы атта болсын. Атам торы атын бабына келтіріп баптап ұстайтын. Торы атына мініп дүниеден ертерек кеткен апам екеуі тауға кеткенде, сыртынан қызыға қарап, көзбен шығарып салушы едік. Ал торы атпен таудан қайтқанда, қоржынының екі басы тоқ, алдынан аталап жүгіре шыққанымызда бірімізді алдына алып, бірімізді артына мінгестіріп, көшені бір айналдырып үйге келгенде төбеміз көкке екі елі жетпей қалатын еді. Жануардың жүрісіде жайлы, атам қандай балаға мейірімді болса, торы аты да сондай жатырқап мінез көрсетуді білмейтін еді жануар. «Жақсы ат аяғынан кетеді» дегендей, торы аттың аяғына атам үнемі ем-домын жасап жүретін. Торы атты тағалап, жал-құйрығын тарап, суға байлап, аяғына солидол жағып жүретін еңбекқор бейнесі балалық күннің бір белгісі болып есте қалыпты. Айтқандай тақым қысып, айылды тартып атқа мінуді, екі тізгін бір шылбырды қолға алуды, аттың мінер жағы мен қамшылар жағын айырып, ат-әбзелдерінің атауы мен қызметін атам осы торы ат арқылы үйреткен еді. Енді о дүниедегі пырағың торы атың болғай!

Әбдіхалық атамның аталық болмысының бір сипаты сырт келбеті мен өмірге деген құштарлығы (бүгінгі тілмен айтсақ позитивтілік) деуге болады. Атам аталық жолға бірден топ ете қалмай, аталық дейтін әлеуметтік сатыдан (әлеуметтік лифт) толық өткен адам. Олай дейтініміз атам өз әкесі Кәрібайдың көзі тірісінде аталыққа «Кіші ата» дейтін лауазым арқылы қол жеткізген. Ал өз әкесі «Үлкен ата» деп аталатын. Үлкен атамызды біз көрмегендіктен, үлкендер жағы үлкен ата деп, атамды «кіші ата» деп атайтын. Біз үшін «кіші атамның» кіші ата деген лауазымы құлаққа сіңісті болғанымен, үлкен ата, ұлы ата болды. Сол атамның аталық сырт келбеті де ата образына толық сәйкес келетін. Оның сақал-мұрт қоюы, оны күтіп ұстауы, сөйлеген сөзі мен ерекше мақамы, шашын үнемі ұстарамен тықырлап алып отыруы, қолындағы таяғы, аталыққа тән киім киісі, басындағы бөркінен тартып, беліндегі кісесі, аяғындағы мәсісіне дейін, ерекше бір экзотикалық көрініске ие болатын. Бұрынғы қазақ мәдениетіндегі аталардың дәстүрлі жалғастығын қатаң сақтап, Атаның образын ерекше айшықтап ұстаған еді. Оны өзі осылай ұстайын деп ұстамайды, ол кісінің күнделікті өмірдегі тұрмыстық үйреншікті әдеті солай болды. Көркем фильмдерде кездесетін атаның бейнесін біз теледидардан тамашаламай, оның қойынында жатып, балаларға үлестіріп беретін тәттісінен өз үлесімізді алып, атына мінгесіп, күн ұзаққа әңгімесін тыңдап, тау-тасты аралап, мейірімі мен шапағатына қанып, бақытты балалықтың бал дәуренін бастан өткерген едік. Енді бұл күндерде оралмастың орманына айналды.

Атамның тағы бір ерекшелігі, бәлкім ең басты қасиеті болар, ол кісінің өмірге деген құштарлық көзқарасы еді. Бұл кісі үнемі өзін ашық-жарқын ұстайтын. Күліп жүретін. Күліп өмір сүретін. Қазақы қағытпа қалжыңда қапы қалмайтын. Әзіл мен қалжыңда ешкімге есе жібермейтін. Әдемі әзілді әспеттеп айтатын. Әзілі мен қалжыңы өзіне жарасымды, жөнімен орындалатын. Өзі күле де білді. Жұртты күлдірте де білді. Алайда ешкімге күлкі болған жоқ. Осы жағынан келгенде атам өмірдің әр алуан құбылысын әзілмен қабылдап, жақсы мен жаманды әзілмен жеңе білген секілді. Өмірде атамның ашуға мініп, қам көңіл боп жүрген кезін көрмедік. Мүмкін бізге көрсетпеген де болар. Алайда қай уақытта қарасаң да ол кісінің өмірге деген құштарлығы оның әрбір әрекетінен көрініп тұратын. Өзгелер секілді заманға өкпелеп, қоғамдық құбылыстарға құса болып отырмайтын. Керісінше «Әр нәрсенің бір қайыры болады, құдай орнына келтіреді», – деп сабырмен қабылдайтын. Өмірден түңілген адам атамды көрсе, әңгімесін тыңдаса, өзіне позитив сыйлап, өмірге деген құштарлығы қайта оянып, кете баратыны анық. Бұл жағынан келгенде тіршіліктің әр таңын әдемі әзілмен қарсы алып, ерекше бағалап, құрметтеп шығарып салғандай көрінеді. Бұған себеп өмірдің әрбір құбылысымен қатар адамдарды алаламай, үлкен не кіші демей, шенді не шекпенді, жас не кәрі, әлеуметтік статусына қарамай, бәрін тең көретін. Мұнысы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген тәмсілі, ауылдың қарапайым қартының өмірлік кредосы болса керек. Өмірге құштарлық бұл кісінің тұла бойынан есіп тұратын. Осыдан да болар көпті көргендігі мен ұзақ жасағандығы.

Бала біткеннің атаға деген сезімі мен құштарлығы атаның мейірімі мен балажандылығына байланысты. Өмірде бір балажан адам болды десе, ол атамдай-ақ болар. Бәлкім жетпей де қалуы мүмкін. Әбдіхалық ата өте балажан болды. Баланы сөйлетіп қойып, әрбір әңгімесін қалт жібермей тыңдап, оның айтқан сөзіне рахаттанып күліп отыратын. Осыдан өзі ләззат алатын. Ол ол емес, баланың бала боп істеген тентектік теріс ісінің барлығын, белден басып тұрып ақтап алатын. Бұл жағынан келгенде атам талай тентекке адвокат болды. Үлкендер жағы бұған кейде кейістік танытып та жататын. Бірақ соның бәрін атамның аталығы жеңіп кететін. Бала біткенді бөліп жармайтын. Жақын туыс, алыс туыс демейтін, жиен немесе жиеншар демей, өзімнің балам өзгенің баласы демей, өз немересін қалай көрсе, өзгені де солай көрді. Бұған біз куә болдық. Оның барлығына аталық кең жүрегінен орын табылатын. Атамның осы қасиетіне қарап бұл кісіні мейірім мен шапағаттан жаралған ба деп те қаласың?! Мүмкін солай да шығар. Бала біткенді бауырына басу арқылы, бала бойындағы бейкүнә пейілден өзіне үлкен энергия да ала білген болар. Ал балаға деген балажандылығы, мейірімі мен шапағаты балалардың санасында сөзсіз сақталып қалғандығы анық.

Бір адамның бойындағы айтып тауыса алмайтын осындай қасиеттер кімге де болса үлгі. Үлкен өнеге. Адамдар әдетте өзіне өмірлік идеалды алыстан, кітаптан, кинофильмнен іздеп жатады. Әсілінде, шын іздесең ол жаныңда жүреді. Ол біздің атамыз болды. Ата образын сомдағысы келген, типтік бейне іздеген, қаламдас достарға атамның прототипін ұсынар едім. Тіпті оларға өмір шындығы мен көркем шындықты үйлестіріп беруге филолог ретінде көмегіміз де дайын.

Өлшеулі өмір, өтпелі уақыт деген. Бұл күндері Атам да өмірден өтті. Әулеттің емес, ауылдың атасы болды. Өзімен бірге бір дәуір көшті. Тарихтың бір парағы жабылды. Қазақта «торқалы той, топырақты өлім» деген бар. Атамның қазасын осылайша қабыл алдық. Мойындадық. Дұғамыздың арқауына айналдырдық. Алайда өмірде атамды ұрпағының бар қызығын көрген бақытты адам деп санаймыз. Сол атама бала болған біздер де бақыттымыз! Енді о дүниеде жұмақтың төрінен орын алып, бақытты болғайсың, жан Ата! Сен өмірден өткеніңмен, біздердің мәңгілік жадымыздасың!  

Саян АМАНЖОЛҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

Оқылды 2870 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет