Жұма, 23 Желтоқсан 2022 10:50

Оқырмандар клубы

Шелек ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Сұлтанқызы деп таныстырған апай мектепте «Мен оқыған бір кітап» атты іс-шара өткелі жатқанын, сол іс-шараға келіп, оқыған кітаптарымнан естеліктер айта отырып, оқушылармен сыр бөлісуімді сұрады. Бірден келісім бердім. Уәделі кезінде мектептің акт залына кірсем, қолдарына бір-бір кітап ұстаған оқушылар мені балалық шағыма жетелеп кете берді. Дәл осылардың жасында өзімнің олар оқып жүрген кітапты оқымақ түгілі аттарын да естімегем. «Қандай бақытты балалар!» деген ішкі сезіміме ерік бердім. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте «Көңілді оқырмандар клубы» барын, бұл клуб Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 2021 жылы қыркүйек айында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Сұлтанқызы Омирбекова мен мектеп кітапханашысы Бақытгүл Шакенқызы Бүргебаеваның бастамашылығымен құрылғанын ұқтық. Президентіміздің әкесі де жазушы болғанын еске алсақ, кітап оқудың адамзат үшін ерекше пайдалы екенін, сондықтан да жас буынның кітаптан мол білім мен тәрбие алатынын, өзінің өмір жолындағы тәжірибелерін жас буынға үлгі еткенін байқаймыз.

«Мен оқыған бір кітап» атты іс-шараның мақсаты болса, оқушылардың жыл бойы оқыған кітаптарының ішінен өздеріне ерекше әсер еткен бір кітапты талдап, ол кітаптың артықшылықтарымен өз ойларын бөлісу, осы арқылы оқушылар бір-бірімен оқыған кітаптарын таныстыра отырып өзгелерге сол кітапты оқуға кеңес беру. Өзін Динара Тимурқызы деп таныстырған 9 «Ә» сынып оқушысы атақты Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабынан үзінділер оқи отырып: «Бүгінгі менің сіздерге ұсынғым келіп отырған кітабым – Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» атты кітабы. Жалпы кітаптың шығу тарихына тоқталар болсақ, Бауыржан Момышұлы бастапқыда отбасынан бөлек тұрады. Бірақ кейін өкінішке қарай оның жары қайтыс болған соң, Бауыржан өзінің баласы, келіні және немересін қанатының астына алады. Осылайша бала мен әке, ата мен немере арасындағы байланыс орнатылады. Бұрын соңды атасымен бетпе-бет сөйлесіп көрмеген Зейнеп бастапқыда атасынан өте қатты ұялып, жасқанады. Атасының көзіне тіке қарай алмай, онымен әңгіме құрудан қашады. Бірақ бірнеше жылдан соң бұның бәрі өзгереді де, Зейнеп  өзінің атасының қандай адам екенін біледі. Оның сондай қарапайым, ақжарқын адам екенін түсінеді. Атасының аузынан шыққан әр сөздің тәрбиелік мәні мен оның бағалылығын түсінеді. Осылайша атасымен болған әр әңгімесі мен оқиғаларын күнделікке түсіріп жүреді. Бір күні бұл құпиямен бөліскісі келіп жары Бақытжанға айтады. Бірақ Бақытжан оны келеке еткендей атасына бәрін жайып салады. Сонда Зейнеп өте қатты ұялады. Бірақ атасы Зейнепке былай деп айтады:

– Балам мен туралы жазба демеймін, жаз. Өз қалауың білсін. Бірақ ешбір сөзімді бұрмаламай жаз. Қазақшаны қазақша, орысшаны орысша жаз, – деп айтады. Бұл кітапты оқу арқылы мен өзіме өте үлкен тәрбиелік өнеге алдым десем де болады. Бұл кітап қолда бар алтынның қадірін білу, үлкендердің айтқан әр сөзінен жақсы ой түюді дәріптейді деп ойлаймын. Жалпы маған бұл кітап өте пайдалы болды. Бұл кітапты мен сіздерге де ұсынғым келеді», – деп «Шуақты күндер» кітабын қысқаша таныстырды. Мен де оқушының айтқандарын қысқаша беруді жөн көрдім. Аңыз болып айтылатын Бауыржан Момышұлы өзі туралы кітап жазғандарға өтірік жазбауды, мен өтірік айтпаймын, ал сен өтірік айтсаң саусағыңды кесемін деп айтқанын өз келініне де сыпайы түрде жеткізгенін көріп отырмыз. Жалпы, бұл кітап мектеп оқулықтары қатарына енгізілуге әбден лайық. Өйткені үлкенді құрметтеп өскен ұрпақ, өнегелі тәрбие алған жас буын Бауыржан Момышұылының ерліктері арқылы елін де, жерін де қорғауға рухты келетінін бәріміз түсінеміз. Осы іс-шарада Айділда Нұрланқызы оқырман қауымға саясаттанушы Бақытжан Бұқарбайдың «Күміс кітап» атты кітабын талдап берді. Мектеп оқушыларының кітап оқу керек екенін білсе де неден әрі қашан бастау қажет екенін түсіне бермейтіндігін, кітапты не үшін оқу керек, ол не үшін пайдалы, ол қалай әсер етеді, кітап оқу арқылы қандай жетістікке жетуге болады және кітапты қалай оқып бастау керек деген сұрақтарға осы кітаптың берер бағыты мен кеңесінің мол екенін оқушыларға түсіндірді. Іс-шара барысында оқушылар тек оқыған кітаптарын ортаға салудан тыс, өзге де концерттік нөмірлер болды. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабынан қойылған сахналық көрініс көрермен қауымға жайдары көңіл-күй сыйласа, жыраулар әдебиеті бойынша қойылған сахналық көріністер адам жанын сергітіп, рухыңды желпіндіріп, тұлпар мініп жүргендей сезімге бөледі. Кеш қонағы ретінде келген Шелек модельді кітапханасының қызметкері Мадина Бақытқызы Үмбетова сөз алып, бұл жолғы іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айта келіп, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп оқушыларының кітапханаға өте көп келетінін, кітап оқуда ерекше белсенді екендіктерін айтып, алдағы уақытта «Көңілді оқырмандар клубымен» бірлесе отырып жұмыс жасауға дайын екендігін айтты.

Іс-шара соңында мектеп кітапханасына жол тарттық. Мектепте өтетін әрбір шараларға қатысып, оқушылармен етене жақын жүретін мектеп директоры Муслима Мухамеджанқызы да бастан-аяқ бізбен бірге болды. Іші жылы әрі тап-таза, жайланып отырып кітап оқуға ыңғайлы орындар біздің асықпай отырып әңгіме айтуымызға қолайлы болды. Көркем әдебиеттер, танымдық-тәрбиелік кітаптар, тарихтан сыр шертетін кітаптар самсап тұр. Қазақстан жазушыларынан сырт, әлемге әйгілі қаламгерлердің қазақ тілінде «сөйлеген» кітаптары да көзге жылы ұшырап тұр. Әңгіме барысында кітапханада 4000-нан астам кітап барын білдік. Бұл цифр шағын мектеп кітапханасы үшін, телегей теңізбен пара-пар мол қазына екені айдан анық. 2021 жылы құрылған «Көңілді оқырмандар клубының» іргетасы тым ерте қаланғанын сезіндік. Мектеп кітапханасынан мол білім алған түлектер бүгінгі күні еліміздің әр саласында қызмет істеп жатқанын, сонымен бірге осы клубтың құрылуына мұрындық болған, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі Мадина Оқас бүгінгі күні «Алматы ТВ» арнасының мықты жүргізушісі болса, Гүлдана Айтақынқызы Алматыдағы Халықаралық ақпараттық университетінің «Журналистика және репортерлік іс», бағыты: Телерадио журналистикасы факультетінің студенті болып білім алып жатқанын білдік. Кітапхана жыл сайын жаңа кітаптармен толығып отырады екен. Аталмыш мектеп түлегі, Назарбаев университетінің жоғары білім мектебінің магистранты, «USTAZ PRO» оқытушысы Жұлдыз Талғатқызы Саламатова өзі мектепке арнайы келіп, осы клуб оқушыларымен кездесіп, Марк Твенның «Том Сойердің басынан кешкендері», Домбайжы Нұрдың «Қабағы тұнжыр балақай», Джанер Паскальдың «Иссак Ньютон кім?» қатарлы 24 кітап сыйға тартқанын естігенде, бәріміз де іштей рахметімізді айттық. Осы клуб мүшелері тек кітап оқып, мектеп ішінде түрлі іс-шараларға қатысып қана қоймай, аудандық, ауылдық, республикалық байқауларға да қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр екен. Тілге тиек етсек, 7 «Б» сынып оқушысы Даулеткелді Сержанұлы «Бір ел, бір кітап» жобасы аясында облыстық байқаудан үздік нәтиже көрсетсе, 3 «А» сынып оқушысы Өмірханұлы Расул «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Тұлға болам» атты республикалық бәйгеде көзге түсіп, марапатталған. Клуб мүшелері жыл сайынғы өтіп тұратын оқуларға белсене қатысып, облыс, ауыл мен аудан, мектеп пен клубтың намысын қорғап келеді екен. Ұзаққа созылған әңгіме барысында бұл мектептің еліміздің кеңістігінде еркін самғайтын қырандардың қанатының қатаюына ерекше мән беріп, олардың жан-жақтылы болып есеюлеріне жақсы жағдайлар мен зор мүмкіндіктер жасап отырғанын көріп білдік. Біз әңгіме қызуында отырғанда кітапхана есігі ашылып, бастауыш сынып оқушылары сау етіп жетіп келді. Бұлар үзілістерде, демалыс уақыттарында және сынып сағаттарында «Еркін оқу кеңістігі» жобасы аясында кітап оқуға келген оқушылар екен. Қарап тұрып қызығасың және сүйсінесің. Бір оқушы қолына «Ер төстік» ертегісін алып парақтай бастады. Мен ішімнен: «Шалқұйрығың шалдықпасын, Ер Төстігім!» – деп өз тілегімді айтып, кітапханадан шықтым.

Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ,

Шелек тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы.

Оқылды 3233 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ауылдың атасы еді... Ел боламын десең, бесігіңді түзе »

Соңғы жаңалықтар

Қар 28, 2024

«АТАМНЫҢ АМАНАТЫ» қоғамдық…

«АТАМНЫҢ АМАНАТЫ» қоғамдық бірлестігі (Нұр-Сұлтан қаласы) Ұлы Отан, екінші дүниежүзілік…
Қар 28, 2024

2. ОО «Atamnyn amanaty», Астана,…

https://atamnyn-amanaty.kz/, Здравствуйте! Для подачи заявки в ОО «ATAMNYN AMANATY»…
Қар 28, 2024

Ұлт саулығы — маңызды мәселе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,…
Қар 28, 2024

Алматы облыстық мәслихатының № 15…

Мен Галиев Бақытжан Карлұлы, 1974 жылы 5 қараша күні Есік қаласында дүниеге келдім. Ұлтым…
Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет