Қазақ елінің тәуелсіздік тарихын қайта парақтар болсаңыз, байрақты бәсекелерде топ жарған спорт саңлақтарының ерен еңбек-теріне қаныға түсесіз. Олар сонау 90 жылдардағы тоқырау заманындағы қиындықтарға қарамастан ел намысын ту етіп көтерді. Әлем төрінде ел беделін асқақтатты. Міне, сондай саңлақтардың қатарында кикбоксингтен Еуразия және Азияның екі дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері Елмұрат Қайыпжанов та бар. Спортшының жеткен жетістіктері, шыққан биігі жастар үшін қашанда үлгі-өнеге. Бүгінгі таңда Елмұрат бапкерлікпен қатар, ауыл спортының гүлденуіне атсалысып жүрген айтулы азамат. Біз еліне елеулі саңлақтың кәсіби спорттағы жүріп өткен жолы, бағындырған белестері, қазіргі ел спортындағы өзін толғандырған түйіндер жайында сұхбаттасып қайтқан едік.
– Ер жігіттің бойына қасиет пен қажыр-қайрат туған топырағынан дарыйды деседі. Сіз өз өлкеңізде қандай спорт саңлақтарынан өнеге алып өстіңіз?
– Мен өскен Нұра бүркітішілер ауылы болатын. Сол себепті мен дала табиғатының не бір ғажап сырына қанығып өстім. Бала кезімде аспанда ұшқан қырандарға тамсана қарайтынмын. Кейін спортты өзіме серік еткенде сол қырандар сияқты көкке самғауды армандадым. Бала кезімде мектепте көптеген спорт үйірмелері болды.Ол кезде ауыл спортының дамуына жақсы жағдай жасалған еді. Әсіресе, еркін күрестен Асан Тоққожаев ағамыз аудан спортының дамуына ересен еңбек етті. Ол кісінің Асанбай Мұрат сынды шәкірттері республика және Азия чемпионы болды. Міне, Шелек өңіріндегі осындай спорт жетістіктері біздің бала жүрегімізге «чемпион болу керек», деген асқақ арман сыйлады. Оның үстіне Шелек өңірінде бокс мектебі бұрыннан қалыптасқан. Қуаныш Абдрахманов, Марат Аухадиев, Нұрахмет Рузиев, Бекет Ахметов тағы басқа спорт саңлақтары талай шәкірттерді түлеткен еді. 4 сыныптан бастап бокспен және күреспен қатар айналыстым.Мектеп қабырғасында жүріп, аудан және облыс чемпионы атандым. Сөйтіп, спорттағы жеңісті жолым бастала бергенде, тоқырау заманына тап болдық.Көп өтпей спорт залдарының бәрі жабылып, чемпион боламын деген талай арманның талқаны шықты. Алайда, мен сол қиындықтарға қарамастан кәсіби спортты жалғастыруға бел будым.
– Тоқырау кезіндегі қиындықтарға қарамастан кик-бокста толағай табастарға қол жеткізуіңізге не себеп болды ?
– 1993 жылы Қазақтың спорт және туризм академиясына оқуға түстім. Аталған оқу орнында білікті бапкер Эдуард Габуловтың қол астында жаттықтым. Көп өтпей былғары қолғап шеберлері арасындағы қалалық және республикалық турнирлерде топ жара бастадым. Мына оқиға әлі есімнен кетпейді. 1993 жылы Алматыда халықаралық турнир өтті. Мен доданы тамашалау үшін спорт сарайына арнайы бардым. Ел күткендей жекпе-жектердің көбінде біздің жігіттердің жолы болып жатты.Тек 51 келі салмақтағы айқаста Қырғызстанның туы астында өнер көрсеткен жігітке қарсылас шақ келмеді. Ол кикбокс пен ушу-саньданы қоса алғанда, үш дүркін әлем чемпионы, Азия мен Еуропа чемпионаттарының бірнеше мәрте жеңімпазы Шабан Шадманов болатын. Алматыда өткен турнирлерде ол сан мәрте жеңіске жеткенін ұмытпаса керек. Сол кезде қалың елдің алдында Шабанның: «Мені жеңетін қазақ әлі туған жоқ» деп айтқанын естігенде, қаным басыма шапты. Намыстан жарыла жаздадым. Бірақ ол кезде қолдан келер дәрмен жоқ еді. Өйткені, қарсыласым тым мықты. Ал мен болсам, баржоғы ІІ разрядты спортшымын. Алайда ерте ме, кеш пе, біздің де уақыт келеді. Шадмановтың сол бір ауыз сөзі үшін мен кикбокске түбегейлі бет бұрдым. Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан кикбоксының даңқы аспандады. Осы өнердің Қазақстанда іргетасын қалаған Сабыржан Махметов өз шәкірттеріне қолайлы жағдай жасады. Сөйтіп, еліміздің әр өңірінде үйірмелер ашылып, оқу-жаттығу жиыны өткізіліп, халықаралық жарыстарға шығуға жол ашылды. Әсіресе, білікті бапкерлер бұл іске араласып, аз ғана уақытта Қазақ кикбоксының көсегесі көгере түсті. Сол жылдары отандастарымыз халықаралық ареналарда жақсы өнер көрсетті. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы әлемдегі озық командалар қатарына қосылды. Бұл жылдар менің спорттық ғұмырымда жетістікке жетуіме негіз қалады.Сонымен 1993 жылдан бастап «Абылай хан» спорт клубында жаттықтым. Жеке бапкерім Азат Нәдірбековтің арқасында өзім аңсаған биік белестердің біразын бағындырдым.
– Енді сол бағындырған белестеріңізді де айта отырсаңыз...
– 1996 жылы Сербияның астанасы – Белградта өткен халықаралық турнирге қатыстым. Сол жолғы жалауын желбіреткен Еуропа чемпионатында барлық қарсыластарымды ұтып, финалға жеттім. Ал шешуші айқаста «Мені жеңетін қазақ әлі туған жоқ», деп дандайсыған Шабан Шадмановпен жолым түйісті. Ол кезде Шабан 25 жаста, ал мен 21 жаста едім. Ол сол кезде атағы дүркіреген Еуропа және әлем чемпионы болатын. Сондықтан да Шабан мен шаршы алаңға көтерілгенімде тек көз қиығымен қарады. Бұл, сірә, менсінбегені болар. Ал мен салқынқандылықпен, барынша байыппен қимылдадым. Айқастың ортасына таман оны соққының астына алдым. Тіпті, бір мәрте нокдаунға да жібердім. Міне, солай Шабан Шадмановты тізе бүктіріп Еуропа чемпионы атандым. Белградтағы бәсеке менің бағымды ашты. Сонан кейін, 1996-2000 жылдары аралығында екі дүркін Еуропа чемпионы, Азия чемпионы, Әлем кубогының иегері атандым. Сонымен қатар төрт жыл бойы кикбокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны болдым.
– Спорттағы елеулі еңбе-гіңізді еліңіз қалай бағалады?
– 90 жылдардың екінші жартысында «Олимпиада бағдар-ламасына енбейді» деген желеу-мен кикбокске деген қамқорлық азайды. Мемлекет тарапынан қолдау болмағандықтан, көп қиындық көрдік. Осы спорт түрін серік еткен азаматтарға жарысқа шығу үшін өздеріне демеуші табуға тура келді. Қалталы мырзалардың алдына барған кикбоксшылардың көп жағдайда еңселері түсіп қайтып жүрді. Бірақ жарыстарға бара қалған жағдайда намыс туын биік ұстауға тырыстық. Үнемі жеңіске жетіп жүрдік. Ең өкініштісі, елге олжалы оралған кезде де еңбегімізді елеп,ескерген ешкім болмады.Шыны керек, сый-сияпат былай тұрсын, жылы сөздің өзіне зәру болдық. Қазақстанның көк байрағын аса ірі халықаралық жарыстарда желбіретсек те, өзімізді қоғамға қажетсіз адамдай сезіндік. Әйтпегенде кім білер, алар биігіміз бүгінгіден де биік болар ма еді деген ойға қаламын. Десе де, мүлдем елім елеусіз қалдырған жоқ. Спорттағы жетістігім үшін 1998 жылы Еңбекшіқазақ ауданының «жыл адамы» атандым. Ал 2019 жылы «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» атанып, «Жомарт жүрек» төсбелгісімен марапатталдым. Елдің марапатына мың алғыс, енді қал-қадірімізше елге қызмет ету керек деп ойлаймын.
– Ел деп елжіреп отырсыз.Туған жеріңізге жиі барасыз ба?
– 26 жасымда үлкен спорттан қол үздім. Бірақ спорттан түбегейлі атбасын бұрғам жоқ. Әуелде Алматыдағы Спорт және туризм, сондай-ақ Ішкі істер академияларында қызмет еттім. Болашақ спортшылар мен қауіпсіздік қызметкерлеріне жекпе-жек өнерінің қыр-сырын үйреттім. Қазірде, Арман Әшімов, Батыр Жүкенбаев сынды шәкірттерім әлемдік додаларда атой салып жүр. Кейіннен кәсіпкерлікпен айналысып, бизнестен түскен қаражатымның біраз бөлігін ауыл спортын өркендетуге жұмсадым. Шелекте Райымбек батыр атындағы спорт кешенін салуға және Нұрада Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған монументті салуға атсалыстым. Аталған елді мекендерде республикалық турнирлердің өтуіне де үлес қосып келемін. 2012 жылы Нұра ауылында «Елмұрат» бокс мектебі ашылды. Ол мектепте тәрбиеленген шәкірттердің алды Азия чемпионы атанды. 2018 жылдан бері Еңбекшіқазақ ауданында облыс әкімдігінің және спортқа жанашыр болған кәсіпкерлердің қолдауымен өз атымда бокстан жасөспірімдерге арналған республикалық турнир өтіп келеді. Мұның бәрі туған жерімнің спорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Әр жылы 9 мамырдағы жеңіс күніне арналған салтанатты шарада ауыл түлектерімен кездесуді дәстүрге айналдырдық. Онда әлем және олимпиада чемпиондары жас түлектерге өздерінің спорттағы басып өткен жолдары жайлы сыр шертеді. Шелек өңіріндегі үмітін үкілеген жас түлектер марқұм Жақсылық Үшкемпіров, ел ағалары Ермахан Ыбрайымов, Нұрбақыт Теңізбай сынды саңлақтардың ақ батасын алды. Ауыл қазақ спортының алтын бесігі. Әрине, ауыл спортына зор қолдау қажет. Спорт тек байрақты бәсекеде жүлде алу үшін емес, саламатты өмір салтын сақтау үшін де маңызды. Оның үстіне спорт, адамды чемпиондыққа емес, парасатты болуға баулиды.
– Сізді қазіргі ауыл спортының аяқ алысы қуанта ма? Мемелекет қиырдағы елді-мекендердің спорттық әлеуетін арттыруға қанша-лықты мән беріп отыр деп қарайсыз?
– Әрине, мені ауыл спорты қатты қынжылтады. Шыны керек, спорт кешендері былай тұрсын, көптеген жерде қарапайым үйірмелер жоқтың қасы. Ауылда бапкерлер мүлдем тапшы. Себебі оларға төленетін қаражат тым аз. Салдарынан білікті бапкерлерді айтпағанда, кеше ғана қолына диплом алған жас мамандардың өздері ауылға баруға құлықсыз. Ал ауылдағы жалынды жас түлектердің жарысқа шығуы қиямет-қайым. Міне, соның салдарынан қазіргі кезде ауыл спорты ақсап тұр. Өздеріңіз байқасаңыздар, қазір жақсы нәтиже көрсетіп жүргендердің дені спорт мектептері мен интернаттарында білім алып, шеберліктерін шыңдағандар. Ал ауылдағы үйірмелерде тәрбиеленген балалар арасында топ жарып жатқандары тым сирек. Дәл қазіргі кезде отандық спорттың тізгінін ұстап отырған азаматтар осы мәселеге айрықша назар аударуы қажет. Тағы да айтамын, ауыл – біздің алтын бесігіміз. Алыптар дәл сол ауылдан шығады. Соны қаперге алмасақ, көп нәрседен ұтылатынымыз шындық.
– Спорт тізгінін ұстағандарға салмақ сала сөйлеп отырсыз. Сізше осы маңызды саланы кімдер басқаруы керек деп ойлайсыз?
– Спортқа бюрократтық үкім жүрмейді. Оған нағыз маңдай терін төккен жандар ғана өзіндік шешім айта алады. Бізде кейде спортты мүлдем түсінбейтін адамдар басқарды. Спортқа терін төкпегендер, тетігін қалай игереді. Сондықтан да, спорт саласын дамыту олардың өңі түгіл, түсіне де кірмейтін шығар. Мұнан өзге де тамыр-таныстық, жең ұшынан жалғасу сынды жағдайлар да спорттың дамуына кері әсерін тигізіп келеді.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Әрине, ойға алған мақсат көп. Қазақ спортына шамамызша қызмет етсем деймін. Әсіресе ауыл спортын, Еңбекшіқазақ ауданының спортын бір белеске көтеру үшін тер төккім келеді. Ізімізден ілескен шәкірттерді әлемдік тұғырға көтерсек, бізде не арман бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Ерзат АСЫЛ