Құрдасым – мақтанышым
Ол – бар болмысымен ұстаздыққа берілген тұлға!
Ол – ойы мен ісін бір бағытқа жинақтаған ұстаз!
Ол – алыс пен жақынды, ащы мен тәттіні, ақ пен қараны ажырата білетін азамат!
«Ол» деп отырғанымыз қырық жыл ұстаз болып, алпыс деген асқар тауға көтерілген Төкеев Дәулет Уқыпұлы. Кейіпкеріміздің өмірбаянына сәл-пәл шегініс жасайық.
Дәулет Уқыпұлы 1957 жылы қарапайым шопанның шыңырағында дүниеге келді. Бала кезінен мал қайырып, ат суарып, шөп шауып, отын да-йындап еңбекпен шыңдалып өсті. Спортты жанындай сүйді. Шелек ауылындағы интернатта жатып оқыған кезінде «жүйрік бала» атанды. Жүз метрлік қашықтықта жүгіруден алдына жан салмады. Нұрлыдағы құрдасы Үсен кездескенде: «Жарысамыз ба?» – деп әзілдейтін сондықтан. Отан алдындағы борышын өтеп, Қарағанды қаласындағы педагогикалық институттың алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру мамандығы бойынша жоғары білім алды. Ұстаздық жолын бастады.
Әлі есімде 1987 жылы Нұрлы ауылындағы, Нұрлы орта мектебінде Дәулетпен таныстым. Әскери киім өзіне жарасқан сымдай тартылған ақсары өңді жігіт бірден ұнады. Сыйлас, туыс, сырлас болдық. Содан бері отыз жыл өтті. Уақыт-ай десеңші!
Мектеп директоры Ербосын Сүлейменұлы шақырып алып: «Бар-жоғы үш ер мұғалім бар. Дәулетті тыңдап жаңа мектеп ішін, оқу бөлмелерін эстетикалық талапқа сай көркемдеп шығыңдар. Бірігіп жұмыс жасаңдар» – деп тапсырма берді. Дәулет сурет те салады, ою да ояды, ағаш, темір жұмыстарын да бар кісідей істейді. Қысқасы, «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт. Тапсырманы екі ай мерзімде толық орындадық. Сол кездегі кейбір жасалған заттар әлі де ілулі тұр. Білмегендердің біліп жүргені жақсы ғой деп қаперге іліп отырмын. Алғашқы әскери дайындық пәні бойынша оқ ататын тир, турник, жүгіру алаңы, түрлі кедергілер және басқа да ойын-жаттығу алаңындағы заттар сол кездегі Дәулеттің еңбегі. Орнын жастарға беріп, дене шынықтыру пәніне ауыс-ты. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда ауыл жастарымен көп жұмыс жасады. Аптасына екі күн ауыл жастарының спортпен шұғылдануына жағдай жасады. Ауылдағы жігіт ағасы Қайрат Мырзабеков екеуі бұл тұрғыда тізе қосып бірге істеді. Қырық жылдық үздіксіз еңбек жолында көп шәкірт дайындады. Спорттың волейбол, баскетбол, футбол түрлерін қатар алып жүрді. Қазір бір ұжымда істейтін Сұлтан Айбын, Әлхам Сәмек соған дәлел. Шағын мақалада бәрін тізу мүмкін емес. Тек 2015 жылы аудан бойынша волейболдан оқушылар арасында жарыс-та кубок жеңіп алғанын айтсақ та жеткілікті.
Ол – сүйікті жар!
Ол – ардақты ата!
Ол – қамқор әке!
Жолдасы Дария Сәтиқызы математик. Отыз жыл бірге еңбек етіп келеді. Ұл-қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі жанұя. Қызы Айгерім мұғалім, ұлы Данияр құқық қорғау саласындағы қызметкер, кішісі 8 сыныпта оқиды. Бірге жүріп, бірге жұмыс жасаған құрдасыңның жақсы болғаны адамды марқайтады. Алдағы биік белестерге жетелейді. Құрдасым – мақтанышым! Алпыс жасың құтты болсын! Шағын жазбамды мінгізген ат, иығыңа жапқан шапан деп қабылдасаң болғаны. Басқа бөтен ой жоқ.
Жөкен Қаратаев,
Нұрлы ауылы.
Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне Жетісу өңірінің шеберлері қатысып, «Шығыс базары» этноауылында «Қазақтың қолөнері – төл өнері» көрмесін өткізіп жатыр. Жетісу өңірінде гобелен, зергерлік өнер, керамика, кесте тігу, киіз басу, ағаш, металл, тері, сүйек сынды материалдармен жұмыс істеу жан-жақты дамып келеді. Келуші қонақтар жоғарыда аталған дүниелердің жасалу барысын да тамашалай алады.
Бұл өнер салаларымен айналысып жүрген шеберлердің еркін шығармашылық ізденіс, көркем идеяларды жүзеге асыру мақсатында шынайы шексіз мүмкіншіліктер жинағанын көреміз. ЭКСПО-ның басты мақсаты – «Болашақ энергиясы» тұжырымдамасын талқылау болса, шеберлер көрмесінің мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық өнерін әлемге таныстыру болып табылады.
Тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудің маңызы өте зор демекпін. Себебі, бұл көрме – мемлекетіміздің мығымдығын, еліміздің еңселілігін, ежелгі тарихымызды, өнерімізді, дәстүрімізді және халқымыздың қонақжайлығын, айналып келгенде ұлттың ұлылығын көрсететін тұс. Алдағы уақытта ЭКСПО-2017 еліміздің мерейін көкке көтеріп, тарихта қаларына сеніміміз кәміл.
Ағила Әзиева.
Cуретте: «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің» басшысы Дәулет Дәркембайұлы ҚР мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына қолөнер жәдігерлерін көрсетуде.
Астанада сейсенбі күні «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында Алматы облысы Мәдениет күндерінің ашылу салтанаты өтті. Арқа төріндегі ауқымды шараға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ, Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ, «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан ЕСІМОВ қатысты. Жетісудың өнерін паш еткен шара «Қазақстан» орталық концерт залында ұйымдастырылды.
Зал облыстың өнерін тамаша-лауға келген көрерменге лық толды. Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздары мен «Алатау әуендері» шығармашылық ұжымы астаналықтарды ерекше әсерге бөледі. «Жетісу – жұмақ мекені» деп аталған концерттің шымылдығы әйгілі сазгер Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен түрілді. Концерт М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің, республикалық байқаулардың жүлдегері, дирижер Арман Аманжолов жетекшілік еткен хор сүйемелдеуімен ашылды. Өнерпаздардың талантына астаналықтар бас иіп, қайта-қайта қошеметпен қол соқты. Аталған оркестрден бөлек, «Алтынай», «Сазген», «Адырна», «Құлансаз» секілді әйгілі ансамбльдердің өнерін Астана тұрғындары ыстық ықылас-пен қабылдады. Қара домбыра көмейінен төгілген «Махамбет» күйі залда отырғандардың рухын жанып, мерейін асқақтатты. Күй құдіретіне елтіген көрермен ерлікке толы тарихқа қайта оралғандай әсер алды. Ұлжан Айнақұлова мен Бейбіт Мұсаның орындауындағы «Той бастар» әні думан көрігін жандандыра түсті.
«Өнерде шекара жоқ» деген рас-ау. Халықаралық бай-қаулардың жеңімпазы Жомарт Тәкебаев, Асхат Мәдиев, Тілек Нағымбаев итальяндық әндерді шырқай жөнелгенде зал тағы да сілтідей тынды. «О, Соломио», «Ғашықсарбаз», «Герцогтың әні» секілді әлемге танымал туын-дыларды жетісулық өнерпаздар нақышына келтіре шырқады. Кеште «Талдықорған әуендері», «Шапағат» шығармашы-лық ұжымдары және Қанат-Айтгүл Құдайбергеновтер «Солай» әнін орындады. Көрермен «Бахор» тобының биін де жоғары бағалады.
Концерттен кейін көрермендер өздерінің алған әсерімен бөлісіп жатты. Солардың қатарында белгілі қазақ спортшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың анасы Рысжан апай да бар. Ол ұйымдастырушыларға алғыс айтып, үлкен әсерге бөлен-генін тілге тиек етті. Ал Астана қаласының тұрғыны Сәуле Омарова мұндай кештің есінде мәңгі сақталатынын жеткізді. Сәуле жетісулық жерлестері мен осындай мерекеде жолыққанын жақсы ырымға балап, барлық облыс тұрғындарына татулық, тыныштық және зор денсаулық тіледі.
Салтанатты шараға 400-ге жуық өнер адамдары атсалысуда. Жетісу өлкесінің тұрғындары Есілдің ерке қаласында қызықты көрмелер, қойылымдар, спорттық іс-шаралар, концерттік бағдарламалар ұйым-дастыру үстінде. Райымбек пен Қабанбай батырдың, Балпық би мен Қабылисаның, Сүйінбай мен Жамбылдың, Мұқағали мен Тұманбайдың кіндік қаны тамған өлке өнерпаздары Сарыарқа даласын төрт күн бойы ән мен жырдың бесігінде тербетті.
Баспасөз құралдарынан.
Суретте: ауданымыздың өнерлі азаматтарының бірі Құрманғазы Қадыров қолөнер туындысымен Алматы облысының әкімі А.Баталовты таныстырды.
Жақында Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Шаймардан Нурумов Шелек ауылдық округінің мәжіліс залында жергілікті тұрғындармен кездесті.
Қонақтарды бастап келген аудан әкімінің орынбасары Алтай Досымбаев оларды жиналған жұртпен таныстырып, халық қалаулысына сөз берді. 3 шілдеден бастап депутат Талғар, Ұйғыр, Панфилов аудандарын аралап, халықпен кездесіп, олардың көкейінде жүрген мәселелерді тыңдап, ой-пікір бөлісу үшін жүргенін айта келе, елімізде болып жатқан жаңалықтар мен жетістіктерді, Елбасымыздың Қазақстанды әлемге мәшһүр етудегі ерен еңбегін, дүние жүзі үлгі аларлық халық ассамблеясын құрып, бірлік пен бейбітшілікті ту етіп, Мәңгілік ел болудың негізін қалап, озық елдер қатарынан көрінудегі жетістіктері жайлы әңгімеледі. Шелек ауылының ақсақалдары Әлден Әбдірешов қымбатшылықтың күн өткен сайын қарқын алып бара жатқанын, ауыл шаруашылығына баса назар аудару керектігі жайлы айтып, жастарды қалаға қаңғытпай, жұмыспен қамту жағын қарастырса деген ойын айтса, Сыпатай Асанбаев жемқорлықты ауыздықтауды қатаң қолға алу керектігін тілге тиек етті. Кәріс, славян этно-мәдени орталықтарының мүшелері Татьяна Шарафуддинова мен Римма Волокитина халықтар арасындағы достық пен татулық, ынтымақтың арқасында еліміз тың қарқынмен дамып, әлемге әйгіленіп жатқан жетістіктерді Елбасының салиқалы саясатының арқасы екенін сөздеріне арқау етті. Аталмыш мәселер мен сұрақтарға Шаймардан Үсенұлы жауап берді. Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша басшысының орынбасары Данияр Сабырбаев, Достық – үй қоғамдық келісім орталығы директорының орынбасары Жанат Садеков қатысты.
Анарбек МӨКІШҰЛЫ.
Жақында ауданымызға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясының фракция мүшелері Қуаныш Сұлтанов пен Зағипа Балиева келіп, тұрғындармен жүздесті. Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ бастаған халық қалаулылары ауданды аралап, бірқатар құрылыс нысандарының жұмыс барысымен танысты.
Мәжілісмендер алдымен Қаракемер ауылында өтіп жатқан дүбірлі тойға қатысты. Ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдениет үйлері арасындағы облыстық байқауды тамашаламас бұрын, қонақтар Қаракемерден шыққан Кеңес Одағының қос батыры Қашаған Жаманқараев пен Рақымжан Тоқатаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Кейіннен, алаңдағы балуандардың белдесуін тамашалап, жеңімпаздың иығына алтын зерлі шапан жапты. «Құтты қонақ келгенде, қой егіз табады» – деген нақылға сенген қаракемерліктер құтты қонақтармен бірге жаңа туылған сәбиді бесікке бөлеп, «тыштымадан» дәм татқызды. Байқаудың екінші бөлімі де жоғарғы деңгейде өтті. Мәдениет үйіндегі концерттік бағдарламада көрермендер Қаракемердің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін видеоролик арқылы тамашалады. Концерттің шымылдығы Арайлым Мамырбекқызының орындауындағы «Керімайдай» әнімен түрілді. Ауылдың өнерпаздары әуелете ән салып, ауылдың алты ауызын тамылжыта орындады. Концерттік бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе, Қуаныш Сұлтанов «Інжу-маржан» әжелер ансамблінің орындаған Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін қосыла шырқап, өнерлеріне тәнті болды. Шара соңында сөз алған байқаудың қазылар алқасының төрағасы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров шараға арнайы қатысып отырған халық қалаулыларына алғысын білдіріп, соңғы жылдары мәдениет саласына жасалып жатқан қамқорлықты сөз етті. Айтуынша, қазылар алқасы әр ауданның екі мәдениет үйінде болып, тақырыптық концерттерін тамашалап, құжаттарын, тұрғындармен қарым-қатынасын тексереді. Тіпті, ғимараттың ішкі-сыртқы тазалығы да ескеріледі. Қорытындысы қазан айында белгілі болады.
Шара соңында ұйымдастыру-шыларға ризашылығын білдірген мәжілісмендер Қаракемер округінің әкімдігінде аудан активімен кездесу өткізді. Жиынды жүргізген Бинәлі Әбдіқапасұлы жиылғандарға құрметті қонақтарды таныстырып өтті. Алғашқы болып сөз алған Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын түсіндіре келе, осы төңірегінде ұсыныс-пікірлерді тыңдау мақсатында келгендіктерін айтып өтті:
– Елбасының саясаты 25 жыл бойы нәтижелі жемісін беруде. Әрине, мұның барлығы халықтың қолдауының арқасында. Барлығына жеке-жеке тоқталмасақ та, күнделікті тұрмыста байқап жүрміз. Тәуелсіздікпен құрдас бүгінгі жастарымыз біздің өткен қиындықтарымызды білмеуі мүмкін. Бірақ, қайдан, қалай шықтық, кімбіз, кім боламыз? Міне, Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласында елді кемел келешекке жетелейтін осындай ойлар қозғалған, – деп бағдарламалық мақаланың мән-маңызына тоқталып өтті. Сонымен қатар, жаңғырған Астана мен «ЕХРО-2017» көрмесі жайын да ұмыт қалдырмады:
– Елордамызда тәуелсіздік алған жылдары Астанадағы халықтың 7 пайызын ғана қазақтар құрайтын. Қазір елордалықтардың саны күн санап артып, қаракөздер 70 пайызға жетті. Сол уақыттағы ескі қала, бүгінде толықтай жаңарып, жаңғырды. Әрине, мұның барлығы Елбасының еңбегі, еңбегінің жемісі. Сонымен қатар, биыл бой көтерген ЕХРО қалашығы да өз алдына бір қала. Бұл маңызды шараға әлемнің түпкір-түпкірінен 115 мемлекеттің өкілдері қатысып, еліміздің қарыштап дамуын көріп, таңданыстарын жасыра алмай отыр, – деген Қуаныш Сұлтанұлы ырыс түбі – ынтымақ екендігін ерекше атап өтті. Айтуынша, қазақстандықтар әрдайым бір-бірімен тату болып, бірлікті ту етсе, біз үшін алынбайтын қамал жоқ. Қазіргі заманда кедергілерге осылайша төтеп бере аламыз.
Келесі болып сөз тізгінін алған Зағипа Балиева ә дегеннен әңгімесін рухани жаңғырудан бастады. Сөзіне сүйенсек, әлемді өзгертуді әр адам алдымен өзінен бастауы керек:
– Елбасы айтқан кемел келешекке қол жеткізіп, дамыған елдердің қатарына ену үшін өзімізді өзгертіп, өзгені сыйлай білуіміз керек. Қарапайым мысал, жаз мезгілінде ауылдарда немесе кіші қалаларда ауыз су мәселесі туындап жатыр. Себебі, жоғары жақта тұратындар бақшаларына қарай суды ағызып қояды. Бұл біріншіден, ысырап, екіншіден, басқа тұрғындардың құқығын таптау болып есептеледі. Сондықтан, біз балаларымызды, жастарымызды әрдайым елді сыйлауға, адамгершілікке, тазалыққа, қоршаған ортаны, табиғатты аялауға шақыруымыз керек. Рухани жаңғырудың алғашқы баспалдағы осы, – деген Зағипа Яхянқызы қабылданған заңдар төңірегінде әңгіме өрбітіп, 1 шілдеден жәрдемақы мен зейнетақы көбейетіндігін, 1 қаңтардан мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы артатындығын айтты.
Сонымен қатар, 2020 жылы барлық қазақстандық балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылатындығын жеткізіп, жиылғандарға әлеуметтік медициналық сақтандыруды тағы бір мәрте түсіндіріп өтті:
– Медициналық сақтандыру – дамыған елдердің барлығында жұмыс істейтін жүйе. Бізге де бұл жүйе міндетті түрде керек. Сондықтан, қазірден бас-тап барлығымыз медициналық сақтандыруға тіркелуіміз керек. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, келер жылдың 1 қаңтарынан медициналық мекемелерде сақтандырылмаған азаматтарды ақылы түрде қабылдайды. Ал медициналық сақтандырудан өтсеңіз сіз сапалы әрі тегін ем қабылдап, өз құқығыңыздың тапталуына жол бермейсіз. Бұл – заман талабы.
Мәжіліс отырысында қабылданған заңдарға қысқаша тоқталып өткен Зағипа Яхянқызы ауылшаруашылық саласындағы тиімді тұстарды атай отырып, осы салада қабылданған заңдарды қысқаша түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, жайылым туралы заңда да әрбір қазақстандықтың, әрбір шаруаның құқығы қорғалғандығын мәлімдеді. Кооперация құрудың тиімділігін де қарапайым мысалдармен келтіріп өтті.
Еліміздегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалған Зағипа Яхянқызы осы уақытқа дейін бірнеше игі істердің басын қайырды. Солардың бірі – құқығы тапталған немесе зардап шеккен балаларға арналған Call Centr ашқан. Енді кез-келген бала 111 нөмірін теру арқылы тәулік бойы тегін қоңырау шалып, өзінің қиындықтары туралы баяндап бере алады. Оның мәселесін шешуде барлық мемлекеттік органдар аянбайды. Еліміздегі бес жарым миллион баланың құқығын қорғауда осындай әдіс қолданылуда. Жұртшылыққа аталған орталықтың жұмысын жеткізген мәжілісмен мейлі мүгедек болсын, мейлі жағдайы нашар немесе бай болсын, әрбір баланың құқықтары тең екендігін нақтылап айтты.
Жиын соңында округтегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өмірқұл Тазабеков тұрғындармен жолығу үшін арнайы келген мәжілісмендерге ризашылығын жеткізіп, ақсақал ретінде, ел келешегін жарқын ету үшін жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру керектігін айтты.
Түстен кейін мәжілісмендер Ават ауылындағы орта мектеп жанындағы салынып жатқан 300 орындық қосымша ғимаратқа ат басын бұрды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан құрылыстың мердігері «Құрылысшы» ЖШС. Компания басшысының орынбасары Николай Абросимовтың айтуынша, бүгінде жұмастар қалыпты жүргізілуде. Кестеден сәл кешігіп келеді. Алайда, құрылысты жаңа оқу жылына дейін аяқтауды жос-парлап отыр.
Бүгінде Алматы облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бо-йынша салынып жатқан 31 мектеп бар. Аталған оқу орындарының құрылыс сапасын «Нұр Отан» партиясы жіті бақылауда ұстап отыр. Осы айтқан мәжілісмендер құрылысты уақытында бітіреміз деп, сапасын екінші орынға қоймауды тапсырды мердігер компанияның басшылығына. Және де ақша аударымы сынды кез-келген кедергілер бойынша аудан басшылығымен кеңесіп отыру керектігін жеткізді. Айта кетейік, құрылысына 720 млн теңге бөлінген 300 орындық мектеп ғимараты осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс.
Жоғарыда атағанымыздай, ауылдық мәдениет үйлері арасындағы облыстық байқаудың ережесі бойынша әр аудан екі мәдениет үйін көрсетуі тиіс. Соның бірі – Қайназар ауылдық мәдениет үйі. Құрметті қонақтар аталған өнер ордасында өтіп жатқан мерекелік шараға да қатысты. Алдымен, алаңда орналасқан түрлі ұлт өкілдерінің көрмелерін тамашалап, ұлттық аспаптар сүйемелдеуімен ән тыңдап, билеп те алды. Кейін-нен, ауыл өнерпаздарының ұйымдастырған концертін тамашалап, көңілдерін серпілтті. Шара соңында мәжіліс депутаттары да, облыстан келген қазылар алқасының мүшелері де жоғары бағасын беріп, ризашылықтарын жеткізді.
«Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері арасындағы облыстық байқау Қаракемер және Қайназар мәдениет үйлерінде өтті. Жоғарыдағы фоторепортаж осы мәдени шарада түсірілген.
Сардарбек НҰРАДИН.
Адам және табиғат
Қазақстан бойынша орман қоры республика жерiнiң 9,7 пайызын құрайды. Сондай орман-суы бар жерлердің бірі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Қызыл жиде» орман шаруашылық коммуналдық мемлекет-тік мекемесі. Мекеме Еңбекшіқазақ ауданында және Қапшағай жерінде орналасқан. Жер көлемі – 12946,0 га, оның ішінде жазықта орналасқан орманмен қамтылған алқап 5920,0 га құрайды. Аталмыш орман шаруашылығы Іле, Құр-Шелек, Шадай, Ақтоған өзендерімен қабысып жатқандықтан, мұнда түрлі аңдар мен сирек кездесетін өсімдіктер бар.
Орманды алқаптарда қаланың ауасымен са-лыстырғанда бактерия-лар 300 есеге кем болып, ауаның тазалығы хирургиялық операция бөлмесiндегi тазалықпен бiрдей болады. Сондай-ақ, орман топырақтың құнар-лығын сақтайды, жердiң тозуын болдырмайды. Ауылшаруашылық жерлер мен жолдарды құм, шаң басудан қорғайды. Алайда оны аялап, табиғаттың осынау бізге берген тамаша сыйын игілігімізге жаратпақ түгілі, қолымызбен отап, мылтығымызбен қырып жатқанымыз қынжылтады. Адам мен табиғат бір-бірі-мен тығыз байланыста десек, бүгінгі таңда адам баласының табиғатқа тигізіп жатқан пайдасынан зияны көп. Бастапқыда табиғатты тек қорек ретінде пайдаланып, өсімдіктер мен аңдарды азық етіп, тіршілік еткен болса, бертін келе оны ермек ете бастады. Адамдардың жабайы аңдарды қолға үйретіп, егін егуді бастаған кезінен бас-тап табиғат пен жануарлар әлеміне тигізетін зияны одан сайын арта түсті.
Өзіміз суын ішіп, топырағына аунап жүрген туған жеріміздің табиғатына немқұрайлықпен қарап, аңшылық құрып, сан жағы-нан үлкен шығынға ұшыратып келеміз. «Қызыл жиде» орман шаруашылық коммуналдық-мем-лекеттік мекемесінің аумағында қарағай, майқарағай, шырша, сексеуіл, самырсын және балқарағай сынды өсімдіктермен қатар, Қызыл Кітапқа енген ақбас тырна, жорға дуадақ, қоңыр кептер, қарабауыр бұлдырық, бидайық, ителгі, қырғауыл сынды құстар мен Орта Азия құндызы, қасқыр, қарақұйрық, қосаяқ, жалман, құдыр, қабан, ілбіс, елік сияқты сирек кездесетін және жойылып бара жатқан аң мен құс, өсімдіктердің елеулі түрлерінің тіршілік етуі облысымызға тән сипат. Дегенмен, күннен-күнге саны азайып, жойылып барады.
Заман дамыған сайын баяғы қосауыздардың орнын техниканың соңғы жаңалықтары болып табылатын тепловизор, Түркия және көршілес Ресейден шығатын 12-ші, 16-шы аңшылық және «Сайга», «Барс» «Лось» мылтықтары, тегіс ұңғылы аңшылық қарулары басып отыр. Осынау суық қарулармен сайланған браконьерлер аңдарды қынадай қырады. Кезіндегі ата-бабаларымыз салған із жоқ. Олардың аң аулау дәстүрі бүгінде өзінің бастапқы мәнінен айрылып, миссиясынан алшақтап кеткен. Бұрын өзіне азық табу үшін аң ауласа, қазір тамақ дегеніңіз дүкен сөрелері мен базарларда толып тұр. Бүгінгі адамдар табиғаттың шырқын бұзып, түз аңдарын қырып-жойып, көңіл көтеріп, ермек ету үшін аулайды.
ҚР ҚК-нің «Заңсыз аң аулау» 337 бабы 4 бөлігі бойынша бес жылға бас бостандығынан айыру және 5 мың АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылғанымен, бүгінде бұл заңға қарап жатқан ешкім жоқ. Заңсыз әрекеттің бел ортасында өз бетінше аң аулап жүргендерге айыппұл төлей салу аса үлкен проблема емес. Ал аң аулағаны үшін бас бостандығынан айырылып жатқандары некен-саяқ.
Біз, аңтанушылар, орман қорғаушы қыз-меткерлер табиғат-ты қорғау барысында көптеген жұмыстар атқарып жатырмыз. Алайда адамдардан ұят пен ар кеткен заманда тосқауыл болу қиынға соғып отыр. Ал көптеген аң-құстардың 5-6 жылдан кейін жойылып кету қаупі бар. Бұл Сіз боп біз боп ойланатын мәселе.
ТҮЙІН:
Деректерге сүйенсек, осыдан 1500 жыл бұрын жер бетінен жануарлар мен аңдардың шамамен 320 түрі жоғалған. Омыртқасыз тіршілік иелерінің қарасы екі есеге азайып кеткен. Бұрын жануарлар мен аңдардың жойылуына табиғи апаттар себеп болса, ал бұл жолы адамдардың ашкөздігінен олардың шамамен 30 пайызы мүлдем жер бетінен жоғалып кетуі ықтимал. Сондықтан ойланайық, ағайын! Табиғат біздің болашағымызға, ұрпағымызға керек! Өз қолымызды өзіміз кеспейік!
Мәлік Мұрсалимов,
аңтанушы «Қызыл жиде» орман шаруашылығы
коммуналдық-мемлекеттік мекемесі.
Впервые со дня открытия музея-заповедника на курганах «Есiк» его посетил министр культуры Арыстанбек Мухамедиулы. Во время поездки по регионам основной целью министра в Алматинской области было знакомство с раскопками древнего Тальхира в Талгарском районе. Но «обойти» вниманием музей, связанный с находкой Золотого человека, и не посетить городище Рахат он, конечно, не мог. Кстати, еще и потому, что в прежнее время, работая в администрации Президента РК, г-н Мухамедиулы лично «пробивал» строительство музея на курганах. Думается, не напрасно. Министр воочию убедился, что его детище за семь лет стало серьезным очагом культуры, обладает немалым научным багажом, является значительным объектом туристических маршрутов по Великому Шелковому пути, площадкой для инновационных музейных проектов. Историки, археологи, художники-реставраторы, гиды музея «Есік», которым с первых дней руководит кандидат исторических наук Гульмира Мухтарова, представляют собой команду отличных специалистов-музейщиков и ученых, принимающих участие во множестве региональных, республиканских и международных программ культуры. В текущем году музей реализует совместную программу археологических изысканий с учеными из Южной Кореи. Что ни год, на его базе открываются новые временные и постоянные экспозиции. Сейчас в его залах можно познакомиться с экспонатами других археологических и краеведческих музеев Казахстана. В одном из залов «расположилась» весьма реалистичная скульптура сарматского вождя, временно предоставленная автором – знаменитым реставратором Крымом Алтынбековым. А в юрте, служащей конференц-залом, презентована еще одна «изюминка» – точная копия огромного войлочного ковра из Пазырыкских раскопок. Посетителю, даже если он уже был в музее, скучать не придется – он всегда откроет для себя что-нибудь новое. О краеведах, преподавателях, молодых ученых и говорить нечего – такие экспозиции для них подлинный кладезь исторических артефактов, весьма ценных и с популяризационной, и с научной точки зрения.
Министра сопровождал ветеран отечественной археологии, ее ведущий авторитет, академик Карл Байпаков, который приложил немало усилий, чтобы музей Золотого Человека был в числе ведущих в Казахстане.
Директор музея Гульмира Мухтарова, ее заместитель Балтабай Ибраев, ученый секретарь Досым Зикирия, научные сотрудники познакомили гостей с инновационными музейными технологиями, экспонатами, заметными событиями последних лет. Много добрых слов было сказано о светлой памяти Бекене ата, бессмертной душе музея, до последнего своего часа изучавшего тайны есикских курганов…
Буквально на днях состоится выездная презентация лучших экспонатов музея «Есік» на ЭКСПО-2017. Несомненно, для участников мирового форума она будет сенсацией, открывающей дверь в историю Великой Степи.
И.ТУРАНИН
Запастағы подполковник ҚР ішкі істер органының ардагері отыз жылға жуық милицияның ауыр қызметінің барлық сатысынан сүрінбей өтіп, өміріне мол тәжірибе жинақтаған, Оразбай Ыбрайұлы Жалғаубеков Кеңес Одағы кезінде подполковник шеніне жеткен адам. Ол кезде сондай дәрежеге көтерілудің өзі кім көрінгенге бұйыра бермейтін бақыт болатын. Бұл шенге Оразбай ақсақал шыншыл, принципшіл, әділетті, адалдығының арқасында жетті.
Отызыншы жылдардың ортасында әкесі Ыбрай Жалғаубеков Еңбекшіқазақ аудандық атқару комитетінің қосымша қосалқы шаруашылығының директоры болып жұмыс атқарды. Көптеген жетім-жесірге қамқорлық жасап, оларды ашаршылықтан құтқарып, адал еңбегімен асырапты. Бұл жасаған жақсылығын Есік қаласында тұратын көнекөз ақсақалдардан талай естігенбіз. Ыбрай ақсақал сол жылдарда «Ерен еңбегі үшін» медальдың иегері атанды. Өз еркімен майданға бару үшін қаншама өтініш білдірді, сол қолының туғаннан мүгедектігі кедергі болып, майданға жарамсыздық танытты. Анасы Дәнегүл де жеті баланы аман-есен өсірген, елге сыйлы ардақты ана болатын. Сөзге тиек етіп отырған Оразбай үйдегі жеті баланың төртіншісі екен.
Оразбай 1945 жылы Есік қаласындағы Молотов атындағы (қазіргі А.Мәлкеев атындағы Қазақ-Түрік лицейі) интернаттың оныншы сыныбын үздік бітіріпті. Жасынан білім алуға өте құштар еді. Сол жылы Алматыдағы малдәрігері институтына қабылданып біраз уақыт оқиды. Жасы армия қатарына толғандықтан,Түркімен Рес-публикасына жіберіледі.Сол жерде борышын өтейді. Армия қатарынан оралған соң Еңбекшіқазақ ауданының ішкі істер бөліміне қарапайым милиция қызметкері болып орналасады.Үш жыл армиядан ысылып келген оны ішкі істер басқармасы Украинаның Харьков қаласына оқуға жібереді. Ол оқуды да үздік бітіріп, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер бөліміне мемлекеттік автомобиль инспекциясының, аға инспекторы болып қызмет атқарады. Бұдан кейінгі жылдар Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер бөлімінде қылмысты іздеу инспекторы болып жүріп, көптеген ашылмаған қылмыстың ізіне түсіп, дер кезінде шара қолданады. Оразбайдың білім біліктілігінің арқасында аудандық ішкі істер бөлімі, облыс бойынша қылмысты ашудан бірден жоғары орынға көтеріледі. Өз ісінің білгірі жас Оразбайды, Шелек аудандық ішкі істер бөліміне, милиция бастығының орынбасары етіп тағайындайды. Бұл ауданда облыс бойынша артта келе жатқан еді, төрт жыл ішінде ұжымды біріктіре жұмыс істете бастаудың нәтижесінде, аудандағы қылмыс пен күрес қалыпқа түсті.
Сол жылдары Қапшағай қаласының іргесі қаланып жан-жақтан әр пиғылдағы адамдар ағылып келіп, қылмыс күннен-күнге өршіді. Көптеген қылмыстың ұясына айналған қалаға жаңашыл, ұстамды милиция бастығы керек болды. Облыстық ішкі істер басқармасының басшылары бір ауыздан Оразбайды қайнаған оттың ішіне жіберді. Ол кезде Қапшағай қала атанып, зауыт-фабрикалар салынып іске қосыла бастаған кез. Осындай қиындықтарға мойымай, күндіз-түн демей жүріп Оразбай Ыбрайұлы Жалғаубеков үш жылың ішінде, көрсеткіші ең төмен деген Қапшағайды облыс бойынша бірінші орынға көтерді. Қапшағай қаласында жеті жыл қызмет етіп, жеті жыл бойы облыс бойынша алдыңғы қатарды бермеді. Қапшағай қаласындағы ішкі істер бөлімінің осындай үлкен жетістігінің арқасында, бұл жерге жас мамандар келді. Сол кездегі жаңа келген қадрларға, милиция қызметінің небір құпия қыр-сырларын үйретіп, өз ісіне берілген, органға лайықты қызметкерлер дайындады. Оразбай аға үйретуші тәлім-гер атанды.
Солардың ішінен жаңа келген жас лейтенанттар Мұрат Өскенбаев, Берікжан Байжүнісов, Жайлаубек Кенбаев, Қал-мұханбет Қасымовтар болатын. Бұл төртеуінің алдыңғы үшеуі қазір генерал-майорлар болса, Қ.Н.Қасымов Қазақстан Ішкі істер министрі генерал-полковник дәрежесіне көтерілді. «Мен осындай генералдарға тәлімгер болдым» деп Оразбай аға ешқашан мақтанған емес. 1985 жылы Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасына басшылық қызметке оралды. Бұл ауданды да екі жылдың ішінде облыс бойынша бірінші орынға жеткізді. Осы ұжымның бүгінде сыйлы ардагері. Жасы сексенге келсе де ішкі істер басқармасының ақылшысы бола жүріп, ауданда өтетін іс-шаралардың бәріне қоғамдық негізде өз үлесін қосып келеді. Қазақстан ішкі істер қызметінің құрметті ардагері, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы ретінде жастарды өзінің өнегелі ісімен, парасатты сөзімен отаншылдыққа баулып тәрбиелеуде. «Сексенге келдім зейнеткермін» деп қарап отырмай, егеменді елімізге өз үлесін қосып келе жатқан ардақты аға.
Шаяхмет Құсайынұлы,
ақын, жазушы, журналист, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, Еңбекшіқазақ ауданының ішкі істер басқармасының ардагері.
Округ әкімінің орынбасары Мәди Бектасов алаңға жиналған жұртты ел болашағы балалар күнімен құттықтап, қамқоршысынан айырылған, мүмкіндігі шектеулі, жағдайлары нашар отбасылар-дың балаларына балмұздақ, түрлі тәттілер таратты. Өнерлі бүлдіршіндердің әр ұлт тілінде ән айтып, биленген билері тамашаланды.
Баршамызды бал тілімен баурайтын,
Бала деген бір бақыт қой жайнайтын.
Ата-ананың арманы мен тілегін,
Бала емес пе бал-бұлақ боп жалғайтын, – демекші, «Бәйтерек» балабақшасы педагогтары мен бүлдіршіндерінің осы мерекеге орай бір жылдық шығармашылық концерті болды.
Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ тәрбиелеу десек, сол тәрбие мен білімнің қандай деңгейде екені осы шарада көрініс тапты. Бүлдіршіндер балабақшада алған тәлімі мен үйренген өнерін тамашалатты. Бал тілімен баршаны баурап, олар «Әдемі-ай», «Егемен ел – Қазақстан», «Ай дидарлы анашым», «Қошақаным», «Катюша», «Привет лето» тағы басқа әндерді орындаса, әскери, түрлі маманның, ұлттық киімдер киіп, «Домбыра», «Танец с колесами», «Көктем шуағы», «Теңізшілер», «Аспазшылар» билерін мың бұрала билеп, Мұқағали, Абайдың өлеңдерін жатқа оқыды. Педагогтар болса Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлетіп, хормен «Өз елім» тағы басқа патриоттық әндерді асқақтатты.
Концерт соңында бір жылда аудан облыс, республика бойынша қол жеткізген жетістіктері аталып өтті. Тәрбиеші – педагогтардан Салтанат Қондыбаева «Біз бейбітшілік үшін», Айгерім Анисова «Қыс ғажайыптар мерзімі», Парида Байғожаева «Наурыз – көктем», Мадина Отарбаева «Тәуелсіздік тұғыры биік», Күлзия Малжанбаева М.Мақатаевтың туған күніне орай «Жырлайды жүрек» республикалық байқауларда бүлдіршіндері жеңімпаз, жүлдегер атанғаны үшін диплом, алғыс хаттармен марапатталса, облыстық аудандық байқау, сайыстары өзі өз алдына бір-бір төбе. Қысқасы, Шығармашылық концерт жоғары деңгейде өтті.
Туа аурушаң болып арнайы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан мекемеде де бұл мереке ерекше аталып өтілді. «Тұсаукесер» рәсімі жасалып, ән айтылып, би биленді, Округ әкімдігі бүлдіршіндерге арнап, түрлі ойыншықтар сыйлады. Сөйтіп, бар жақсылық бұл күні балаларға жасалды. Өйткені:
Тәуелсіздік ел арманы аңсаған,
Ер бабалар терін төккен, шаршаған.
Бүгін міне, бар әлемге танылған,
Қазақ елі үміт артам мен саған, – деп алдыңғы аталар мен ағалар жолын қуып, өсіп келе жатқан бүлдіршіндер – еліміздің болашағы.
Анарбек БЕРДІБАЕВ.
Бірлігі бекем елдің тірлігі де түзу. Осы ретте Еңбек орта мектебінде достық фестивалі өтті. Оған Балтабай округіне қарасты қоғамдық кеңес, ардагерлер, әйелдер кеңесі мүшелері, аудандық этно-мәдени бірлестік өкілдері, ауыл жас-тары қатысты. Ұйытқы болған – «Елім-ай» қоғамдық қоры, қолдау білдірген аудандық ішкі саясат бөлімі.
Фестивальде алғаш боп сөз тізгінін алған Астана қаласында өткен Ассамблеяның 25 сессияның делегаты, қор төрағасы Жаңаберген Мұхамедов:
– Қазақ «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Расында, қайсарлығы қара тасты үгіткен, қаһарынан қас дұшпаны үріккен, қайырымдылығы тас жүректі жібіткен қазақ елі өзгенің ала жібін аттап өтпеген, жақыным деп келгенді өзектен теппеген ел. Бұл біздің арғы тегімізден қанымызға сіңген қасиет. Соның айғағы – бүгінгі қазақ даласында 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуінде. «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген екен Білге қаған. Алыс-ты арбамай, айналамызға көз салсақ, 300 мыңға жуық тұрғыны бар ауданымыздың өзінде 54 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақтың астында берекелі күн кешуде. Мемлекет басшысы Астана қаласында Бейбітшілік және Келісім сарайында өткен Ассамблеяның 25-сессиясында осындай басты байлығымызды сақтап қалу тұрғысында кеңінен ойын білдірді. Санамыздың ісімізден озық тұруын ашық айтты. Бұл дегеніміз, Жаңғырудың негізі – тұрақтылық пен келісімде екенінің айғағы. Бүгінгі іс-шарамыздың мән-маңызы да осында: ынтымақ – ырысымыз, тұрақтылық – табан тірер тұғырымыз екенін жас буынның санасына сіңдіру, - аталмыш іс-шараның мән-маңызын айшықтап өтті. Кейіннен округ аумағында ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді нығайтуда танбай еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қайсар Асқарұлы аудан аумағында бірлікті насихаттауда атқарылып жатқан істер жөнінде кеңінен мәлімет берді. Фестиваль концерттік шарамен жалғасын тапты. Әр этно-мәдени бірлестік өкілдері ұлттық билерін билеп, аудан өнерпаздары әуезді әндерін орындап, көпшілікті бір серпілтті.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.