Саяхат барысында оқушылар алма ағашының заманауи, жаңа технологиямен өсірілетінін, көлемі аз жерден көп өнім алуға болатындығына көз жеткізді. Бас агрономның айтуынша, мұндай бақтардың көлемі артып, төңірекке алманы өңдейтін завод ашылады, яғни келешекте агроном, технолог, тракторист-машинист мамандары қажет. Осылайша, оқушылар да болашақта қандай мамандық иелеріне сұраныстың жоғары болатынын біліп қайтты. Бұл сая-хат оқушылар үшін «Болашаққа бағдар» болады деп сенемін.
Гүлнар Тұрсынбек,
Қаратұрық ауылдық округінің
жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы.
Бала-лардың демалысының жан-жақты талапқа сай болуы үшін жұмыс жоспары жасалды. Жоспарға сәйкес түрлі мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Балалардың өз Ота-нын, елін сүюге тәрбиелеу мақсатында «Алтын адам» мұражайына саяхат жасап, өлкенің тарихымен танысты. «Солнышко» тобының жетекшісі Ф.Ш Тамазова оқушылармен қызықты ойын түрлерін және салауатты өмір салтын насихаттау үшін спорттық жарыстар өткізді. Барлық іс-шараларға балалар қызығушылықпен қатысты. Оған қоса, мектеп кітапханасына саяхат ұйымдастырылып, кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы пікір алысты. Ауыл маңына серуен құрған балалар табиғат аясында да әңгіме-сұхбат өткізді.
Топ жұмысының қорытындысы ретінде ата-аналармен «Менің баламның демалысы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ата-аналар пікірлерін білдіріп, алғыстарын айтты.
П.Мамирова,
«Төле би атындағы орта мектеп-мектепке
дейінгі шағын орталығымен» КММ директордың
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Лагерьде 2 мектеп алды даярлық тобы, 1-4 сынып оқушылары, барлығы 100 бала демалды. Еңбек практикасына 5-10 сынып оқушылары, барлығы 81 бала көгалдандыру жұмысына қатысты.
«Біз бақытты баламыз!» тақырыбында іс-шара өткізіліп, оқушылар лагерь қауіпсіздік ережелері мен танысты. 1-4 сынып оқушылары біркүндік Алматы қаласындағы мұра-жайларға экскурсияға және табиғатқа саяхатқа шықты. Лагерь тәрбиешілері Д.Бекмухаметова мен С.Нургазиева «Ертегілер еліне саяхат» тақырыбында кітап оқу жарысын өткізіп отырды. Мақсаты – балалардың сөйлеу мәнерін дамыту, түсініп оқи білуге дағдыландыру. Оған қоса лагерь тәрбиешілері мен пән мұғалімдерінің ұйымдас-тыруымен «Білгенге-маржан», «Книга спрашивает – книга отвечает», «Жолың болсын, балақай!», «Actions song», «Кем быть?», «Аппликациялық жұмыс», «Where is it », «Ойнайық та , ойлайық » , «Бақытты балалық шақ», «Эстафеталық ойындар», «Қозғалыс ойындары» сынды танымдық, ойын сабақтары мен спорттық жарыстар, тренингтер өтті. «Балдәурен» лагерінің VI-ауысымының жабылу салтанатында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, 4 сынып оқушылары өз өнерлерін көрсетті. «Қазағым менің!», «Ана туралы жыр» әндері шырқалып, «Қара жорға», флешмоб билерін көрермен назарына ұсынды.
Ш.ҚАСЫМЖАНОВА,
Көлді орта мекетбінің педагог-ұйымдастырушысы.
Мектеп жанындағы лагерьде күнделікті қырықтан астам бала демалып, түрлі шараларға қатысты. Ағылшын тілінен дәріс алып, Шелек өңіріндегі бау-бақшаны тамашалады. Бөлек ауылындағы саябаққа саяхатқа шыққан балалар өз әсерлерін қағаз бетіне түсірді. Ата-аналар әр шараға баға беріп, мектеп ұжымына алғыстарын айтты. Әр оқушы жаз қызығын тамашалап, тынығып, жаңа оқу жылына көңілді күймен келуге дайын.
Г.Давленова,
мектеп директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары
Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Осыған орай, 1 маусымнан Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп жанында жаздық «Күншуақ» лагері ұйымдастырылды. Лагерьде бастауыш сынып оқушылары демалды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Ускенбаева жаз бойы балалардың демалысын қамтамасыз етсе, бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың бос уақытын үнемді әрі қызықты өтуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар, үш тұғырлы тілді дамыту мақсатында ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері оқушыларды ағылшын тіліне үйретіп, жаңартылған білім мазмұны бойынша информатика, физика, химия, биология пәндерінен глоссарий құрастырып, күнделікті сабақта қолданылатын терминдерді үйретуде.
Оған қоса, жалпыға білім беру қорынан 15 оқушы, Мұрат Жолтай, Эльмира Сатаева, Дәулетхан Әбдіқалықов сынды жомарт жандардың демеушілігімен 10 оқушы «Таужаңашар», «Алтын адам», «Happy camp» , «Сәлем» лагерьлеріне барып, жақсы көңіл-күймен қайтты.
Ш.Абдукалыкова,
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің
педагог-ұйымдастырушысы.Қырбалтабай ауылы.
Спортты денсаулықтың кепілі деп түсінген аудан жастары тағы бір аладоп бәсекесінде бас қосты. Малыбайда өткен шағын футбол турниріне 13 команда қатысып, өзара үздіктерін анықтады. Ұйытқы болған «Елім-ай» қоғамдық қоры және аудандық жастар ресурстық орталығы. Қолдау білдірген – аудандық ішкі саясат бөлімі.
Шара шымылдығын қор төрағасы Жаңаберген Мұхамедов құттықтау сөзімен түрді. Ыстық лебізін білдірді, сәттілік тіледі. Таңнан кешке дейін жалғасқан байрақты бәсекеде асылық «Дихан» командасы үштікке жайғасса, екінші орынды «Малыбай орта мектебі» иеленді. Бартоғайлық «Бәйсейіт» құрамасы топ жарып шықты.
Өз тілшіміз.
Жақында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Елім-ай» қоғамдық қоры және аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен маргиналды жастар арасында волейболдан аудандық турнир өтті. Шараға қор төрағасы Жаңаберген Мұхамедов, аудандық мәслихат депутаты Қайнар Жұмағожа, аудандық жастар ресурстық орталығы жетекшісінің бас кеңесшісі Сұлтан Тойғанбай қатысып, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Турнирде аудан бойынша 8 команда өнер көрсетті. Олар өзара екі топқа бөлініп, Көлді және Толқын ауылдарының мектептерінде сынға түсті. Нәтижесінде, 3 орынға «Қаратұрық» командасы табан тіресе, «Тес-кенсу» құрамасы екінші орынды місе тұтты. Тамаша ойынымен жанкүйерлерін желпінтіп тастаған «Толқын» командасы үздік деп танылып, біріншіліктің биігінен көрінді. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар, медальдар табысталды.
Адамның рухани байлығы мәдениет болса, мәдениет үйі сол байлықтың кені. Нұра ауылының мәдениет үйінде өнердің өзегі саналатын өлең сайысына жан-жақты дайындық жасап, қонақтарын қошеметпен қарсы алды.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бо-йынша «Еңбекшіқазақ аудандық әйелдер одағы» қоғамдық қорының қолдауымен, аудандық жастар ресурстық орталығы мен Сөгеті ауылдық округінің ұйымдастыруымен «Елбасы және Астана» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.
31 жыл мәдениет үйін басқарып жүрген тәжірибелі директор Дәулет Тұрғанбаев бастап, осы өнер ошағында біте қайнасқан кітапхана, музей қызметкерлері қостап, бұл шараға тыңғылықты дайындалыпты. Қазақы нақыштағы ою-өрнекпен әшекейленген сахна төріне жыр сайысының тақырыбы ілініп, «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» және «Өнегелі өнер» деген тақырыпқа сай кітаптар көрмесі қойылды. Келген қонақтар мен жас ақындар осы кеңшардың алғашқы қазығын қағып, 30 жыл басқарған директор Сағыныш Еспергеновтың музейін аралап, көрмедегі кітаптармен танысты.
Ауылдық кітапхана қызметкері Клара Есімова жас ақындарды таныстырып, шараны жүргізді. Өзін таныстыру, төл туындысын жатқа оқу кезең-дерінен тұратын мүшәйраға 6 округтен – Тес-кенсудан Еркежан Әбілтай мен Дінмұхаммед Бекболатұлы, Қаракемерден Жадыра Конгирбаева, Қырбалтабайдан Гүлзира Бақыт, Қаратұрықтан Нұрлан Әбдінұр, Сөгетіден Бағжан Әлпия мен Мұхит Жомартов, Шелектен Думан Иманбаев, барлығы 8 қатысушы қатысып, бақ сынасты. Та-қырыпты жан-жақты ашатын жыр мазмұнына ерекше көңіл бөлінді. Әрі сахнада өзін ұстауы, талапқа сай киімі, мәнерлеп оқуы – бәрін әділ-қазылар мүшелері: қоғамдық қор төрайымы Роза Омарқызы, аудандық жастар ресурстық орталығы-ның бас кеңесшісі Сұлтан Тойғанбай мен аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің өңірлік тілшісі назарда ұстады. Жарыс кезеңдерінің арасында мәдениет үйінің қызметкерлері – көркемдік жетекші Жайырбек Құрамаев, директор Дәулет Тұрғанбаев патриоттық рухтағы әндерді асқақтата орындады.
Нәтижесінде, тескенсулық ең жас талант иесі Дінмұхаммед Бекболатұлы оза шауып, көш бастаса, сөгетілік Мұхит Жомартов пен қаракемерлік Жадыра Конгирбаеваның жиған балы тең түсіп, қосымша «Ауылым» деген тақырыпта бір-екі шумақ өлең құрап оқу тапсырылды. Жадыра біраз дайындалуға рұқсат сұраса, Мұхит бірден шумақ құрап:
Алтын бесік – ауылым сені еледім,
Кіндік қаным тамған жерім сен едің.
Ес білгелі өзіңде өсіп, еркелеп,
Ер жеткіздің, бақытқа мені бөледің.
Сөгетімді құрметке бөлеп келемін,
Шабытыма арқау болған өлеңім, – деп өлең өнеріне төселген талант иесі екенін танытты. Жадыра да Қаракемер туралы бір шумақ өлең құрастырып, үшінші орынды иеленді. Оза шапқан үш талапкерге диплом, бағалы сыйлық, қалғандарына алғыс хат табыс етіліп, естелікке суретке түсті. Талант таудың басында тасты жарып шығатын еңлік гүл сияқты, бәлкім келешекте музаның аламанында топ жарып шығатындар да бар шығар осы таланттардың ішінде. Лайым, солай болғай!
Анарбек БЕРДІБАЕВ.
Жақында кезекті 6-шақырылған аудандық мәслихаттың жанындағы тұрақты комиссиялардың біріккен отырысы өтті. Онда спорт саласының 2016-2017 жылдардағы салыстырмалы даму қарқыны, үдемелі индустриялдық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында аудан аумағында атқарылған жұмыстар мен болашаққа қойылған міндеттер және өңірімізде салынып жатқан ғимараттардың, басқа да нысандардың құрылыс сапасын қамтамасыз ету туралы тиісті бөлім басшыларының есебі тыңдалды. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов жүргізіп отырды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерболат Сарабеков баяндама оқыды. Осы күнге дейінгі атқарылған жұмыстарымен таныстырды. Кезек халық қалаулылары тарапынан сұрақтарға ойысты. Алғаш боп Гүлсара Егінбаева: «Спорт саласын қолдау және дамыту барысындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің құрылу деңгейі қандай? Осы бойынша қандайда насихат жұмыстары жүргізілді ме?» – деді. Кейіннен Қайнар Жұмағожаұлы: «Бірлік ауылындағы спорт алаңын жасау мәселесі бүгінде қордаланып тұрғанын білесіз. Қазіргі уақытта осы бойынша қандай да болсын нақты шаралар атқарылды ма?» – деді. Алғашқы сұраққа сәл сүрінгенімен, бөлім басшысы екіншісіне: «Бүгінде Бірлік ауылындағы спорт алаңын жандандыру үшін округ әкімімен барып барлап қайттық. Қазір құжаттарын заңдастыру жұмыс-тары қарқынды жүргізілуде. Бұйыртса, жақын арада шешімін табады деген үміттеміз» – деді. Ал Бекет Төлегенұлы бөлім басшысынан аудандағы білім беру мекемелеріндегі спорт алаңдарының жағдайы жайында, білім, спорт мектептеріндегі мұғалімдердің кәсіби дайындығы төңірегінде, ауылдардағы спорт нұсқаушыларының жұмысы аясында бірнеше сұрақтар қойды. Алайда, бірқатарына оңды жауап болмады.
Екінші мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрболат Серғали есебін берді. Оның айтуынша, жылына 16 млн дана медициналық инфузиялық система шығаратын «Алтомед» ЖШС жақында өз жұмысын тоқтатқан. Оған басты себеп: кәсіпорын шығаратын өнімі медициналық жүйелерінің өзіндік ерекшелігі бар, яғни да-йын өнімді залалсыздандыру үшін арнайы этилен оксиді бар газ қажет болған. Аталған газ Қытай халық республикасынан алынатындықтан кәсіпорынның қаржы жетіспеушілігінен кәсібіне нүкте қойылған. Бұдан да өзге мәселелер бойынша Бекет Ахметов: «Былтырғы жылы іске қосылады деген Нұрлыдағы құс фабрикасы әлі де жұмысын бастай алмай жатыр. Ондағы басты себеп – қосалқы салынған ғимаратқа электр жүйесін қосу керек. бұл бойынша аудан әкімінің атына ұсыныс хат жолдау керек» – деді.
Үшінші мәселе бойынша ау-дандық құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Смағұлов таныстырды. Биылғы жылғы аудандағы салынып жатқан нысандар мен оларды бақылау бойынша жан-жақты саралап өтті. Ал депутаттар Қырбалтабай ауылындағы жер беру мақсатында салынған инфрақұрылымдар қараусыз жатқанына қынжылды. Бұл тұрғыда бөлім басшысы: «Қазір Қырбалтабай ауылының 43 гектарына инфрақұрылым жұмыс-тары толық аяқталды. Енді оны заң шеңберінде кезекте тұрған азаматтарға жер беру – округ әкімінің құзырында» – деді.
Шелек ауылындағы «Келешек» балабақшасының канализациясы да сөз болды. Әділжан Смағұловтың айтуынша, канализацияны қанша мәрте тазартса да, айға жетпей толып кетеді. Яғни, онда бұлақ көзі де болуы мүмкін деген болжам бар. Ендігі кезекте басқа жерден ойық қазып, мәселені осылай шешуді жоспарлап отыр мамандар.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.
Әлбетте, ғарыш пен жерді, құрлық пен көлді жалғап жатқан осынау қазақ жерінің қай қиыры болсын рухқа суарылған, қасіретке малынған. Біз, қазақ елі, өткен тарихымыз бен тағдырымызды тасқа қашап қалдырған елміз. Қара қазан, сары бала қамы үшін, үкі таққан үкілінің ары үшін дауды шешіп, жаудан семсер алдырған елміз. Қайсарлығы қара тас-ты үгіткен, бауырмалдығы қатпар тоңды жібіткен, қаһарынан дұшпан аты үріккен намысты елміз. Оған дәлел, білегінің күші алтын, найзасының ұшы алтын Абылай хан, Үйсін Райымбек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Ер Қарасай бабаларымыз. Одан кейін де Ұлы дала елінің басынан небір күнгейлі күндер мен теріскейлі кезеңдер өтті. Бірде бағымыз үстем болса, енді бірде басымыз бұғауда, бармағымыз шайнауда қалды. Алайда, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Ресей империясының орталық билік жүйесіне қарсы бағытталған алашорда қозғалысының орны бөлек. Дәстүрлі қазақ шаруашылығын дағдарысқа ұшыратып, ұлттық мүддемізді тұншықтырып, ата-қонысымыздан кіндігімізді ажырату тұрғысын-дағы кеңес империясының құйтырқы саясаты жолында ұлт болашағы үшін тізесін бүкпей тік құлаған баһадүрлеріміздің есімі бүгінде жүрегімізге намыс, кеудемізге айбат отын сыйлары анық. 21 шілдеде Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі, аудан депутаттары, аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің қолдауымен, аудандық ішкі саясат бөлімінің және «Елім-ай» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Бәйдібек би ауылында «Күн сөнгенше сөнбейміз» атты тақырыпта өткен облыстық ақындар айтысының да көксегені осы: 100 жыл бұрын сүйем жер үшін сүйегін берген арыстарымызды жас ұрпаққа насихаттау. Келелі шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, аудан әкімі Бинәлі Ысқақ, аудандық мәслихат хатшысы Бекет Ахметов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуат Байғоджаев, айтыс өнерінің ақтаңгері Жүрсін Ерман арнайы қатысып отырды. Дүбірлі сөз додасына Райымбек, Талғар, Іле, Қарасай, Жамбыл аудандарынан және Алматы қаласынан бас-аяғы 10 ақын іріктелген-тін. Еңбекшіқазақ ауданынан Даубай Әбдісаев, Ринат Нарханов және Нұргелді Қожа, Қарасай ауданынан Қанат Мырзахан және Аяулым Жұмабек, Жамбылдан Айдана Қайсарбекқызы, Талғар өңірінен Айтбек Тұрсынбай, Іледен Ақниет Жұбанышов, Райымбек ауданынан Ермек Рақымбай, Алматы қаласынан Айтуған Жетебаев сөз барымтасында өздерін сынап көрді. Төле бидің туралығын, Әйтеке бидің әділдігін айтып, Қазыбектің қазылығын көрсеткен әділ-қазылар алқасына елімізге белгілі журналист-жазушы, профессор, академик республиалық «Президент және Халық» газетінің бас редакторы, ауданымыздың тумасы Марат Тоқашбаев төрағалық етті. Сондай-ақ, құрамында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, Қазақстан Журналистері одағы сыйлығының лауреаты, екі шақырылымда Алматы облыстық мәслихатының депутаты болған азамат, Қазақстанның құрметті журналисі, «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, белгілі ақын-сазгер, Дәркембайтанушы, Кәмнұр Тәлімұлы, Қазақ радиосының дикторы, Алматы студиясының жетекшісі, республикалық айтыстардың жүлдегері Бақыт Жағыпар секілді ел азаматтары кіл жүйріктен кім жүйрік екенін анықтады. Айтысты ауданның мәдениет саласын ұзақ жылдар басқарған Мұрат Ақаев жүргізді.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА.