Ұлттық ой-сананың өркендеуі мен дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп, соны серпіліс туғызған дара да дана тұлғаның бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы. Биыл Алаш үшін арда туған Ахмет Байтұрсынұлының өмірге келгеніне 150 жыл толды. Ол туралы сөз бола қалса, «Қазақ» газетін атамау әсте мүмкін емес. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының бар саналы ғұмырының елеулі кезеңі осы мерзімді баспасөзбен тонның ішкі бауындай сабақтас. Сондай-ақ, «Қазақ» газеті – ХХ ғасыр басындағы сахара елінің күллі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани тыныс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын, тіл байлығын қаз-қалпында айнаға түскендей бейнелеп берген энциклопедиялық басылым.
Біз сөз еткелі отырған «Қазақ» газетінің мұндай діттеген деңгейге жетіп, биіктен көрінуі – оның іргетасын қалаушы мен идеялық-саяси дем берушісіне, рухани жебеушісі мен қаржылай демеушісіне өзара байлаулы екені
аян. Бұл ретте қадау-қадау нақ осындай іргелі де күрделі әрі жауапкершілігі зор міндетті тағдыр-талайлары қоғамдық-саяси өмірдің қиыр-шиыр соқтықпалы, соқпақсыз жолында тоғысқан Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан сынды күрескер үш алып кемеңгер ынтымағы жарасып бірге атқарды.
Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлының сан салалы ғылыми-шығармашылық, ағартушылық-ұстаздық қырларын байыптаған сайын ұлттық баспасөзімізге қосқан айрықша үлесі өзінен өзі соғұрлым айқындала түседі. Бұл тұрғыдан Ахаңның әмбебаптығы қайран қалдырады. Ғалым еңбегін әлі де жан-жақты зерделеп, жүйелі зерттеуді қажет етедіСонда ғана оның өзіне тән адамгершілік, кісілік мінез-құлқы, ақыл-парасат әлемі, оқыған-тоқыған білім өресі, қаламгерлік машығы мен шеберлік ерекшелігінің басқа да сыр-сипаттары ашыларына шығар күндей куә болармыз анық. Ақылман жан не жайында жазса да аз сөзге саз мағына үстеп, оған ұлттық идеологияны сыйғызып, астары қат-қабат терең пәлсапалық тұжырыммен түйіндейді. «Қазақ» газетінің тұңғыш санында Ахаң мерзімді баспасөздің басты-басты төрт түрлі функциясын атап, оған қысқа да нұсқа назар аудартып өтеді: «әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі…», – дейді. Бұл мерзімді баспасөздің қоғамдық ақпараттық жан-жақты қызметіне берілген ғылыми анықтаманың классикалық үлгісі деуге болады. Жыл он екі ай бойы табиғат-ананың қас-қабағына қарап, үнемі аттың жалы, түйенің қомында көшіп-қонған, ата кәсібі төрт түлік мал шаруашылығымен айналысқан туған халқының талғам-түсінігі мен таным-көзқарасына орай газет хақындағы ұғымды шым-шымдап сана-сезіміне терең сіңіруді ол перзенттік парызы санады. Шындығында, бұл жаратылыстың қарапайым мысалмен кез-келгеннің қабылдау түйсігіне образдылығымен әсерлі жеткізілген. Екі аяқты, жұмыр басты пендеге маңдайға біткен қос жанар мен құлақтың, ауыздағы тілдің анатомиялық-биологиялық қажеттілігі қандай болса, қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік, мәдени- рухани ортадағы атқаратын қызметі де сондай айрықша маңызды. Яғни, мерзімді баспасөз құралының барша қадір-қасиетін қалың бұқараға, дүйім жұртқа салыстырмалы түрде адамның өз бойының дене мүшелерімен шендестіріп түсіндіру тәжірибесі ғылымда Ахаңа дейін кездеспеген жаңалық.
«Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады». Иә, өзі өмір сүрген уақыт аралығында бұл мақсат үдесінен де «Қазақ» газеті абыроймен шықты. Алаштың сол дәуірдегі оқыған-тоқыған, аузы дуалы зиялылары осы баспасөздің айналасына кеп топтасты. Олар отарланған елінің, мешеу қалған халқының басындағы ең өзекті де түйінді мәселелерге үндерін қосып, ақыл-кеңестерін берді, бағыт-бағдар сілтеп, саяси дербестігі мен азаттығы жолындағы күрес майданына шығуға белсенді іс-әрекеттерімен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Мұның бәрінде де ұлтын шексіз сүйген маңдай алдында Әлекең, Ақаң, Жақаңдар қасқайып тұрған еді.
«Үшінші, газет – халыққа білім таратушы…». Алдымен, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында қазақ қоғамындақалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдай қандай еді? Осы тарихи өтпелі кезеңдегі күрмеуі қиын болған жайтқа аз-кем көктей шолып өткен жөн. Бұл Ресей империясының қазақ даласындағы үстемдігі әбден шегіне жетіп, айтқанын істетіп, дегеніне көндірген шағына тұспа-тұс келді. Қазақ даласындағы әкімшілік басқару жүйесі түгелімен орыс патшалығы ыңғайына көшіп заңына бағындырылды. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағынан жан-жақты тәркіге түскен сахара халқының ең соңғы қамалы рухани-этникалық белгілері жойылуға шақ тұрды. Осы бір қоғам өміріне төніп кел жатқан дүлей апатқа қарсы төтеп беріп, елдік қасиетін сақтап қалу үшін ұлт зиялыларының арасынан қармана ізденіп исі қазақтың сана-сезімін оятып, дерттің дауасына ұмтылдыруға Әлекең, Ахаң, Жақаңдар жан-тәнін салды. Сайын даланы көшіп-қонып, шашырай қоныстанған елдің жүрек түпкіріне нұр сәулесін түсіріп, рухани дайындығын шыңдап, сөйтіп, ынтымақ-бірлігін жарастыра отырып, саяси белсенділігін арттыру оларға оңайға соққан жоқ. Алайда мұның басты тетігі – ана тілінде оқу-ағарту жұмысын жандандырып, жедел қарқынмен жетілдіру, баспа өнімдерін жолға қоюға көңіл аударып, мерзімді төл баспасөзін шығаруға мұрындық болу еді. Әлекең, Ахаң, Жақаңдар өздерінің ұстанған идеялық арман-аңсарларын насихаттап, дүйім халықты дүниедегі жаңалық, өзгерістермен жедел құлағдар етуді мақсат тұтып, 1913 жылы Орынборда «Қазақ» газетін бастыруға қол жеткізді. Міне, осылайша тәуелсіз қазақ баспасөзінің алтын әріпі жазылып еді. Мұның бәрін моншақ тізгендей термелеуіміздің себебі – халықтың арасына өнер-білім тарату, рухын ұштау, санасын тәрбиелеуге демократиялық баспасөздің қаншалықты ықпалы болса, қоғамдық ой-пікірді қалыптастыруға соншалықты пәрменді құрал екенін еске салып өту. Демек, империяның қанатының астындағы кіріптар елдің мұндай мүмкіндікке ие болуын шектеп, шама-шарқынша ой- санасын шырмауықтай шырмап ұстауға тырысуы заңды құбылыс. Қалай десек те, «Қазақ» газеті шын мәнісінде туған халқының оқу-өнерге сусап, шөлдеп қалған мейірін қандырып, білім дариясына армансыз шомылып, еркін жүзуіне бар пейілін салды. «Қазақ» газеті шәкірттерге білім беру, оқыту мәселелеріне де зор көңіл бөлді. Оқимын деген жастарға әрбір ата-ана өз жан қалтасынан ақшасын шығарса, «Көп көтерген жүк жеңіл» демекші таза қазақша, сапалы білім беруге, ұлтжанды, отаншылдық сезімі асқақ шәкірт тәрбиелеуге толық болатынын газет бетіне жан-жақты талдап, әдемі түсіндірді. Бұл орайда тағы Ахмет Байтұрсынұлына жүгінсек, оның мына ғибратты сөздері бүгінгі күні де әсте есте ұстайтын, мәнін еш жоғалтпаған даналық қағида деуге болады. «…Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Балам деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін, жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан – қазына, қазынаға борыштымыз деп жүр. Жастарды оқыту расходынан қашып, қазынаға борышты қылып қойса, жастарда не жазық бар? Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы…». Оқу оқыту, білім берудің мемлекеттік деңгейдегі отарлау жүйесі тұтынған мақсат-мұратының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-рухани сыр-сипаттарын Ахаң ел-жұртының көзіне шұқып, жанына батырып, айтудай-ақ айтқан. Халқының пікірін тәрбиелеген ұлы ұстаздың бойына біткен күллі қадір-қасиетін аңғартар осы ұлағаттың өзі бір елдің жәдігер мұрағатына татырлық.
«Қазақ» газеті Ресейдің орталық қалаларында, шетелдерде жоғары дәрежелі білім ордаларында оқып жүрген студент жастар туралы, олардың көңіл-күйлері, хал-ахуалдары хақында дайын мәліметтер беріп отыруды әдетке айналдырды. Бұл да ұлт болашағына сенім артқан талапкер ізбасарларды қанағаттандыру, өзгелерге үлгі тұтудан туған дәстүрдің озығы. Елдің рухани жан-дүниесі мен тәннің салауаттылығына атсалысқан зиялылардың сан қилы ұсыныс-тілектері көптің талқысына түсіп, көкейіне тоқуына газет алтын көпір болды. Қысқасы, «Білім» деген ұғымның тілімізде мағынасы өте кең. «Қазақ» газеті халық арасына білім таратуды осы кең мағынасында жеткізіп, сана- зердесіне сіңіруге өлшеусіз қызмет етті. Әрине, оның бәрін мақала көлеміне сыйғызып, жіктеп, сала-сала бойынша таратып, баяндап шығудың өзі оңай емес. Сонда да Ахаң, Жақан, Әлекеңдер басшылық еткен «Қазақ» газеті – отарлық езгі мен қанаудан титықтаған халқының басына қара бұлт үйірілген қиын кезеңде күннің нұрлы шапағындай жылуы мен жарығын шашып, қоғамдық өмірдің сан-сапат қыр-сырынан толық мағлұмат беріп, білім өрісін жайған ұлттық баспасөз.
«Төртінші газета – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халық арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газета арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады». «Қазақ» газеті тура осы бағытта «аталы жұртының, ауданды ұлтының» ар-намысын қызғыштай қорыған бірден-бір медеу тұтар қорғаны, мұңын шағып, шерін тарқатар жанашыр досы, жігер отын шар болаттай жанып-жанып, қайрап-қайрап алатын бойға күш-қуат дарытар рухани серігі болды. Қазақты елді ішінен іріткен, рулық пен жікшілдіктен өресі аспаған «жер дауы, жесір дауы» деген бұрыннан бар әлеуметтік кеселді, енді отаршылдық саясат қасақана асқындырып, көшпелілердің бұл жалғанда тіршілік етуіне екіталай күн туған ұлттық зор кесапатқа айналдырды. Осынау ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділердің өмір сүру салтын, тіршілік ету үрдісін бұзу арқылы империялық пиғыл ең бастысы, олардың этникалық бітімін, рухани болмысын өзгертуге әрекеттенді. Бұл идеяны іс жүзіне асыру мақсатын көздеген патша үкіметі дала өлкесінде қоныстандыру басқармасын құрып, қазақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы кеп, жерін жөн-жосықсыз кесіп-пішіп, «артық» деп санаған небір нулы-сулы шырайлы бөліктерін келімсектерге қалауынша үлестіріп, ту-талақайға түсірді. Қысқасы, «Қазақ» газеті – ғасыр басындағы қоғамдық өмірдің барлық саласында өз із-бедерін қалдырған, ана тілінің қолданыс мәдениетін жоғары сатыға көтерген, әдеби тілдің жөндігіп, өріс аясының дамуына үлес қосқан мерзімді баспасөз. Бұл ретте газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны әлі де байыптап зерттей түсу алдағы уақыттың үлесі. Бүгінде жұрт арасында «Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда газетке жазылу мен оны оқудың не керегі бар?» дейтіндер кездеседі. Бірақ мерзімді баспасөз Ахаң нұсқаған бағыт-бағдардан адаспаса керек.
Ерзат АСЫЛ.