Биылғы жылы еліміз қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлестері мол академик жазушы Ғабит Мүсірепов пен Сафуан Шаймерденовтың мерейтойларын атап өтуде.
1980 жылдың басында бір күні Шериаздан Елеукеновтің қабылдауына Ғабит Мүсірепов келді. Белгіленген тәртіп бойынша, министрдің қабылдауына көмекшіге жазылып, қабылдау күніне келеді. Ғабит ағамыз кабинетке кіріп келгенде орнымнан тұрып сәлем бердім. Ағамыз: «Жаңа көмекші келді деп естіп едім. Нұрлан, қай туған боласың?» – деп сұрады. Мен: «Преснов ауданы Жаңажол ауылына көрші Баян ауылының тумасымен», – дедім. Ағамыз мені құшақтап бетімнен сүйді. Ш.Елеукеновтен шыққан соң кабинетке келіп әңгіме құрды. Хатшы шай ұсынды. Ғабит ағамыз: «Мүмкіндік болса, партия қызметіне ауысқаның дұрыс», – деді. Маған бұл сөз жолдамадай болған еді. Мен аудандық партия комитетіне жұмысқа ауыстым.
Ғабит ағаның шығармаларының дәрежесі жоғары, үлкен баға берілген. Мен ол кісінің теңдесі жоқ жүректі екеніне, жолбарыс жүректі болғанына ғана тоқталғым келеді.
Біріншіден, Совет үкіметі кезінде біздің одақтас республикалардың өз әскерлері болған жоқ, егеменді ел болған күннің өзінде мен «қазақ солдаты» деген сөз тіркесін естімедім. Ал Ғабит ағамыз қызыл империяның тұсында шығармасын «Қазақ солдаты» деп атауы нағыз батылдық емес пе түсінген адамға.
Екіншіден, 1928-1936 жылдары Қазақстанды Ф.Голощекин басқарған кезде, оның жүргізген солақай саясатының барысында қазақ халқының жартысы аштықтан (қолдан жасалған) қырылды. 1936 жылдардағы нәубет кезінде басын бәйгеге тігіп Ғабит аға «Бесеудің хатын» ұйымдастырған еді. Олар: Алтынбек Ембергенов 1932 жылы шілдеде – Комммунистік жоғарғы оқу орнының оқу ісі жөніндегі проректоры, Мансұр Ғатаулин Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі, Мұташ Дәулетқалиев Коммунистік жоғарғы оқу орны проректорының орынбасары, Қадір Қуанышев Қазақ АССР мемлекеттік жоспарлау комиссиясы энергетика секторының меңгерушісі еді. Тұрар Рысқұлов пен Ораз Жандосов қана қолдап, қалған зиялылар аузына құм толтырып алып, үндемей артын бақты емес пе? Бұл «ұлтымның табанына кірген шөгір менің маңдайыма кірсін» деген ерлік емес пе?
Үшіншіден, 1937 жылы Бейімбет Майлинді «халық жауы» деп қамағанда, «Бейімбет «халық жауы» болса, мен де жауымын. Елге, мемлекетке жан-тәнімен берілген адамды жау санаған партияның қатарында тұрғым келмейді» деп парт-билетін лақтырған Ғабиттің ерлігі жанып тұрған домна пешіне өзін тастаумен бірдей еді.
«Халқың үшін отқа түс жанбайсың» деп жай айтылмаған болу керек. Ғабеңді СССР Жазушылар Одағы төрағасы Александр Фадеев кірісіп, аман алып қалған екен. Ғабиттің арыстанның апандай ашылған аузына басын өзі апарып салып, Жебірейілдің алдында өлім аузында тұрғанда, бір жазушы үйіне звондап: «Ғабит кетіп бара жатырсың ғой, үйіңді өз қолыңмен бізге қалдырсаң, аруағыңа жиі-жиі құран бағыштап тұрамыз» дегеніне не айтар едің?
Төртіншіден, жетпісінші жылдары Қазақстанның мектеп бітіретін барлық түлектерін қой шаруашылығына жұмысқа баруға үгіттеген партия ұстанымы пайда болды. Бұл үндеуге жастар келісім береміз деп жауап беріп, Жамбыл облысының комсомол жастары, Семей облысының Шұбартау ауданы комсомол жастары бүкіл республика жастарына үндеумен шығып, қазақ балалары қой бағуға жіберіліп комсомол-жастар кешендері құрыла бастаған кез. Ғабең іс-сапармен Шымкент облысында болған көрінеді. Облыстық комсомол комитеті жауапты қызметкерлерінен жағдайларын сұраса, олар биыл 1200, келесі жылы 3000 жас қой бағуға жібергелі жатырмыз деп есеп берген жігітті тоқтатып: «Мектепті жаңа бітірген жастарды қойға жіберген деген не сұмдық. Айдалада жүріп қой қайыруды өркениет сатысына көтерілу деп ойлайсыңдар ма? Балаларды үлкен ғылымға, қазіргі техниканың озық үлгілерін игеруге бағыттамайсыңдар ма?» – деп ұрысқан екен. Жауапты қызметкер: «Бұл партияның нұсқауы ғой», – десе, «Өз бастарыңды істетулерің керек, партия айта береді», – деген екен Ғабит ағамыз партияның қылышынан қан тамып тұрған кезінде. Бұл болған жағдайды маған сол кезде Шымкент облыстық комсомол комитетінде қызмет жасаған Мұхтар Шаханов айтқан еді.
Ел болашағы – жастар. Жастардың, елінің болашағын ойлаған кемеңгердің сөзі емес пе бұл. Інжілде «егер бір жағыңнан ұрса, екінші жағыңды тос» деген уағыз бар екен. Мұхтар Шаханов «Сенім патшалығы» деген шығармасында ләпбай, тақсырларды былай суреттеген: «Бұйырдыңыз орындадым,
Тарс жұмдым да көзімді,
Әділеттің жолындамын деп санадым өзімді.
Сұрауға да тырысқам жоқ себебін,
Өйткені мен бас емеспін, денемін». Ғабең «дене» болған жоқ, қасқайып ер мінез танытқан батыр еді.
Адам – болмыстың тұтқыны. Ол туады, өседі, бұл абсолютті шындық. Одан өзге тағдыр адам баласына бұйырмайды. Адам өз болмысын жеңе алмайды. Сондықтан адамзат ұғымында тағдыр деген үлкен ұғым бар. Оны «маңдайға жазған» дейді. Оны өзгерту адам қолынан келмейді. Тағдырды жеңе де алмайсың. Ол адам еркінен тыс. Тағдырды қазақ халқы бұйрық деген сөзбен де теңестіреді. Сондықтан да қуған жетпес, бұйырған кетпес. «Құдай жазды, мен көндім» деп өздерін-өздері жұбатқаннан басқа, не бітіреді? Қанша маңдайыңнан ескен самал жел, көңіл жібітер, еңсеңді көтертер жігерлі сөздер айтылса да олар ойылып, үңгір болып қалған, сол тағдырдың тәлкегінің салдарын жаба алмайды. Біреуге алдын, біреуге сыртын берген тағдырға да өкпе жүрмейді. Жарық дүниеге келдің бе, қолыңнан келгеніңше өмір сүр.
Республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия комитетінің 1-хатшысы Г.В.Колбинді Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1-хатшысы етіп тағайындауы 1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдарына түрткі болды. Оқиғаға қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. 1987 жылы жазда КОКП ОК қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланды. Осы оқиғаға байланысты Алматы қаласында өткізілген жиналыстарда бірде-бір лауазымды адам қазақ жастарын қолдап ашық сөйлей алмаған еді. Республика бойынша тек 2 адам өз пікірін ашық айтты. Соның бірі – Қазақстанның халық жазушысы драматург, аудармашы, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлық иегері Сафуан Шаймерденов еді.
Некрасов «Ақын болу міндет емес, азамат болу парызың» деп Сафуан ағамыз туралы айтқандай. 1986 жылы желтоқсанда жазушылар Одағы жиналысында Сафуан ағамыз: «Біздің идеологиялық жұмыс жау қуып келе жатқандай тынымсыз. Жау іздеп оны қайткен күнде де табуға бекінген. Сіздің ой-өрісіңіздің қорытындыларынан жүрегім айныйды, өкінішім де жоқ емес. Ол – шошқаның етімен жылқы етін қосып «Достық» шұжығын жасаған кеще идеология. Шын достық Шоқан мен Достоевскийдің біріне-бірі жазған хаттарынан көрінеді. Ал дилетанттық сөзуарлықпен достық ешқашан болмайды. Мұның бәрі тұрмыстан тыс, саусақтан сорылған шаралар. Құрметті басшылар, бізде жоқ жаулар бар, бірақ олар сіздердің саналарыңызда ғана өмір сүреді».
23 мамыр 1987 жылы Жазушылар Одағы пленумында сөйлеген сөзінен үзінді. «Біз тып-тыныш тұрған жігіттеріміз бен қыздарымызға резеңке таяқ пен сапер күректерін ала жүгірдік, ит жұмсатып, өрт сөндіру машиналарынан сумен атқыладық. Ал күн аяз еді ғой. Колбин жолдас, мен сізге менімен бірге көшеге, екеуіміз ғана, күзетсіз шығуды ұсынамын. Қала көшелерімен күні-түні бірге жүріп өтелік, егер қазақтардың біреуі сізді саусақпен нұқып өтсе, өзімді-өзім өртеп жіберейін!» – деп Қазақстан Компартиясы бірінші хатшысына қорықпай тура айтқан адам еді.
КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды. Желтоқсан дүмпуі соңынан Баку, Тбилиси, Балтық жағалауында өз жалғасын тапты.
Өмірде қандай да болсын шығармашылық жолына түскен адамға жетістік, танымалдылық үлкен еңбектің арқасында келеді. Бұл екі жазушымыздың да қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі бір төбе болса, мүйіздері қарағайдай, одақтағы есептегі мыңдаған ақын-жазушыларымызға тән емес, бүгінгі күнде де үлгі аларлық адамдық нық позициялары бір төбе болған еді дер едім.
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.