Дүйсенбі, 26 Қыркүйек 2022 14:37

Ұлылар үндестігі

Аумалы-төкпелі дәуірде туып, ұлт үшін топтаса білген кешегі зиялылар шоғырының шыңында, сөз жоқ, өзі ғалым, ақын, аудармашы, ұлы педагог, қазақ әліпбиінің алғашқы реформаторы Алаштың Ахаңы – Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Биыл, Мұхтар Әуезовтің тілімен айтсақ, «мағынасы үлкен уақиға», «ой ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты істің бірі», «әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі» – Ахаңның 150 жылдық  мерейтойы. Сондай-ақ, Ахаңның зор тұлғасы мен сан қырлы таланытына тағзым еткен М.Әуезовтің туғанына да 125 жыл толды.

Осыдан ғасыр бұрын Ахаң туралы алғаш қалам тербеп, 50 жылдығын тебірене жазған Мұхтар Әуезов ахметтану ғылымына жол ашқан еді. «Ахаңның елу жылдық юбилейі» деген тақырыппен жарық көрген мақалада Алашорда қайраткерінің дара жолы, ғылыми еңбектері, ізденісі сөз болады. Мақаладан Мұхтар Әуезовтің Ахаңа деген шексіз құрметі, қазақ халқының дара тұлғасына деген ілтипаты анық байқалды. «Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндерінің бірі деп саналады. Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ахаң», – деп бастайды Мұхтар Әуезов мерейтойлық мақаласын. Кейінгі әдебиеттанушы ғалымдар «Ахаңның елу жылдық юбилейі» мақаласын Ахмет туралы зерттеудің кіріспесі деп жоғары бағалады. «Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестетеді. Ахаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманнан бір ай ұзағамыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиет-үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы үкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді», – дейді Мұхтар Әуезов. Енді зер сала қарасақ, Мұхтар Әуезов, кәдімгі ұлы Абайды бүкіл әлемге танытып, қазақ әдебиетіне алтыннан қымбат қазына қосқан Мұхаң Ахмет Байтұрсынұлын өзіне ұстаз тұтатынын, аға деп бас иіп тұрғанын білдік.

Мұхтар Әуезовтің жазуынша, мұғалім Ахмет Қарқаралыда жатып-ақ бүкіл қазақты оятқан. «Сол жылдардан кейін бас қосқан жиында, жазысқан хатта, оңашада болған әңгімеде ел қамы, ел мұңы деген сөздер Ахаңның аузынан кетпейтін сөзі болған. Елшілдік ұранын салып, агитацияның ауданын кеңейтіп, ел ішіне арманды сөздерін жая бастаған», – дейді М.Әуезов. Жазушының айтуынша, бұдан кейін Ахаң елдің шын қамқоры екенін дәлелдеген. Бірақ жоғарыда атап өткеніміздей, патша билігі қазақ оқығандарынан қатты сескеніп, жазалауды күшейтеді. Қуғын-сүргін қайта қолға алынады. Ахметке жан-жақтан қысым жасалады. Қайраткердің алдында әлі негізсіз жалаға, ақылға қонымсыз айыптауларға толы талай абақты күтіп тұрған еді.

Ұстазының ұлт жолындағы ерен істерін майын тамыза, масаттана жазған Мұхтар «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына да кеңінен тоқталады. Заңғар жазушы Ахаң туралы мақаласында: «Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын. Ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», – деп тебіренеді. Ұлт баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі – «Қазақ» газетіне қатысты осыдан артық сипаттау, осыдан артық теңеу қажет пе?

Мұхтар Әуезов ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғам сипатын дәл өрнектеген мақаласында Ахаңдай сыйлы адам некен-саяқ болғанын алға тартады. Сауаты төмен, білімі жоқ қыр қазақтары Ахаңды пайғамбардан кем көрмеген. Оның көзілдіріктің ар жағындағы байыпты көзқарасы, салмақты сөзі кез келген адамды ұйытып тастаушы еді. Орыс-қазақ мектептерінің берген білімін ұлт мүддесіне жұмсаған Ахмет аз жылда елін бастаған сенімді серкеге, Алашын адастырмайтын кемел ойлы көсемге айналды. Әсіресе, ұлт ұстазының «Қазақ» газетіндегі үндеулері мыңдаған қазақтың жүрегіне қонақтап, сәуле болып құйылып жатты.

Өз кезінде ұлт ұстазы болашақ кемеңгер жазушының келешегіне үлкен үмітпен қараған болатын. 1926 жылы сол кездегі астана Қызылордада беттеліп (әрине, цензурадан да өтіп), Ташкентте басылған Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» зерттеуі немесе оқу құралы – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы деңгейін көрсететін іргелі де ізашар еңбек еді. Аталған еңбекте Ахаң Мұхтар Әуезовтың «Қыр суреттері», «Оқыған азамат», «Қилы заман» атты шығармаларына талдау жасап, жас жазушының суреткерлігі мен шеберлігін жоғары бағалайды.

Мұхтар Омарқанұлы  өмір бойы Абай мұрасының шырақшысы болды. Ал біз Ахмет Байтұрсынұлы жазған «Қазақтың бас ақыны» мақаласын Абайтану ілімінің әліппесі дер едік. Аталған мақалада Ахаң «Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрын-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», – деп Абайдың  теңдессіз талантына тереңінен үңіледі. Қалай десек те Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхтар Әуезов рухы үндестік тапқан ұлылар. Бұл үндестік жас ұрпақтың жадында қашан да жаңғыруы керек деген ойдамыз.

Е.АСЫЛ.

Оқылды 5920 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаз 23, 2025

Выставка, посвященная Жетысу

В историко-краеведческом музее имени М.Тынышпаева в г.Есике к Дню Республики организована…
Қаз 23, 2025

Мемлекеттік тіл – ортақ құндылық

Қандастар – бұл тарихи себептермен әр кезеңде Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аударып,…
Қаз 23, 2025

От возрождения – к дальнейшему…

Три десятилетия тому назад, 25 октября 1990 года постановлением Верховного Совета КазССР…
Қаз 23, 2025

Кітап оқу – өркениет кепілі

Қоғамның нағыз рухани құндылықтан ажырап, алақандай смартфонға бар уақытын сарп етіп…
Қаз 23, 2025

Құрметті мамандық

Рухани-мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз…
Қаз 23, 2025

Әлеуметтік сала – ізгіліктің алтын…

Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, адамдардың…
Қаз 23, 2025

Ұлттық өркендеу жолы

XXI ғасыр – цифрлық революция заманы. Бүгінде әлемдегі барлық салалар цифрлық…
Қаз 23, 2025

Әйнекті жууға арналған сұйықтықты…

Таза әйнек — үйдің, автокөліктің де ажары. Дегенмен, әйнекті жууға арналған сұйықтықты…
Қаз 23, 2025

Диспенсерге арналған пластик…

Қазіргі таңда кеңселер мен ұйымдарда, сондай-ақ тұрмыстық жағдайда диспенсерге арналған…

Күнтiзбе

« Қазан 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет