Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.
Хакім Абайдың осы бір шумақ өлеңі шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегін айшықтап тұрғандай. Ақырын жүріп, анық басып, бар білгенін шәкірт бойына сіңіре білген тау тұлғалы ұстаз, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Райымбек батыр атындағы орта мектептің директоры болған Әлімжан Түбекбаевтың ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Осыған орай ширек ғасырға жуық басқарған Есік қаласындағы Райымбек батыр атындағы орта мектепте Әлімжан Мұқанұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиетінің музей-кабинеті ашылды.
Қасиетті Рамазан айындағы тағылымды шараға «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Хайролла Ахметжанов, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Шаяхмет Құсайынұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Серік Надырбаев, мектеп директорлары мен Ә.Түбекбаевтың отбасы, туған-туыстары мен дос-жарандары, шәкірттері қатысты.
Білім ордасына келген қонақтар алдымен мектеп оқушыларының әзірлеген концерттік бағдарламасын тамашалады. Сәні мен салтанаты жарасқан тәлімгерлер әуелете ән салып, мың бұрала би биледі. Қазақтың қара домбырасымен күй тартып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Әлімжан Түбекбаев атындағы музей-кабинеттің салтанатты лентасын қию Хайролла Қасымұлы мен марқұмның бауыры Серік Мұқанұлына бұйырды.
Құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры Салтанат Турикбаева ұйымдастырушылар мен демеушілерге ризашылығын білдірді.
– «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – ұстаздікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев ұстазға осылай баға берген. Мектеп ұжымының қолдауымен, қазақ тілі әдебиеті пәнінің бірлестігі және Ақмарал Жақашқызының бастамасымен ұлағатты ұстаз Әлімжан Мұқанұлы атындағы музей-кабинетінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Осы кабинеттің ашылуына мектеп ұжымы мен түлектердің қосқан үлесі зор.
Тарихи тұлғаларды ұрпаққа үлгі етіп, өнегелі істері мен мол мұраларын насихаттау – біздің міндетіміз. Зерделі елдің заңғар тұлғасы Әлімжан Түбекбаев ұрпақ үшін тер төкті, өзін аямады, шәкіртін аялады. Еңселі мектеп ғимаратын тұрғызуға атсалысып, өзі басшылық етті. Райымбек батырды ұлықтаған ұстаздың еңбек жолына арналған бұл кабинеттің жастарды тәрбиелеу мен білім беруде үлкен үлес қосатынына, тарихи тұлғаның мектеп үшін, өскелең ұрпақ үшін жасаған қоғамдық әрі адамдық қызметі өнегелі тәлім беретініне сенім мол! – деді Салтанат Рысбекқызы.
Ұстаздар қауымының және түлектердің демеушілігімен ашылған кабинетке Әлімжан Мұқанұлының жеке заттары, жеткен жетістіктері, жазған еңбектері мен марапаттары қойылған. Келген қонақтар, музей-кабинетті аралап, ұлағатты ұстаздың өмір жолымен, қызметімен, шы-ғармашылығымен танысты. Сонымен қатар, салтанатты шара барысында ұстазға арналған «Райымбек батырды ұлықтаған ұстаз» атты естелік-кітаптың тұсауы кесілді. Кітаптың жарыққа шығуына жетекшілік еткен Шаяхмет Құсайынұлы оқу ордасына батыр бабаның есімін берудегі Әлімжан Мұқанұлының еңбегін атап өтті:
– Албанға ұран болған Райымбек батыр өмірін зерттеп, оны жас буынға оқытудан жалықпаған Ә.Түбекбаев «Совхоз» атындағы мектепке батырдың атын беру үшін талай тер төкті. Сонымен қатар, өзі сырқаттанып жүрсе де, сыр білдірмей, тікелей бабасы Есенаман туралы шежірені жазып, аруақ алдындағы перзенттік борышын орындады. Тірлігінде Райымбек батырды пір тұтып, оның ерлігі мен өрлі-гін болашақ ұрпаққа үлгі еткен ұлағатты ұстаздың есімі ешқашан ұмытылмайды, – деді Ш.Құсайынұлы.
Бәйтерек орта мектебінің директоры Шымберген Құлмұратұлы әріптес жайлы естелігімен бөлісті.
– Әлімжан Мұқанұлымен 90-жылдардан бері бірге қызмет атқарып, еңбек еттік. Ә.Түбекбаев Көктөбе мектебін басқарғаннан кейін аудандық білім бөліміне меңгеруші болып тағайындалды. Сол жылдары білім саласы облыста алдыңғы қатардан көрініп, барлық бағыттар бойынша жетістіктерге жетіп, гран-при иегері атандық. Райымбек батыр атындағы орта мектепте директор болып жүргенде осы ғимараттың салынуына сүбелі үлес қосып, мектептің батыр баба атымен аталуына және мектеп жанындағы көшелерге Райымбек батыр мен батырдың атасы Хангелді есімін беруге де еңбек сіңірді, – деді.
Музей-кабинеттің салтанатты ашылуынан кейін марқұмның аруағына арналып құран бағышталды. Мектептің мәжіліс залында Ә.Түбекбаевты еске алуға арналған кеш ұйымдастырылды. Шара барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, кәсіподақ жетекшісі Серік Дүйсебайұлы саналы ұрпақ тәрбиелеудегі жемісті еңбегіне тоқталды:
– Әлімжан Мұқанұлымен қанша уақыт араласып жүрсем де ол кісінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екенін білмедім. Маған ол тарихшы болып көрінетін. Себебі, қазақ халқының өткенін, бабалар ерлігін үнемі насихаттап, тағылымды тарихымыздан сыр шертіп отыратын. Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, балаларға сапалы білім беруге арнады. Бүгінде түлеп ұшқан түлектері еліміздің түпкір-түпірінде түрлі қызметтер атқарып жүр, – деді қоғамдық кеңес төрағасы.
«Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов:
– Әлімжан Мұқанұлының мінезі тік, қайсар жан еді. Құдай берген осы мінезінің арқасында өмірде талай қиыншылықтарды жеңіп, өзіміз отырған осы зәулім оқу ордасының бой көтеруіне себепші болды. Мен облыстық мәслихат депутаты болған тұста апатты жағдайда тұрған Райымбек батыр атындағы мектептің жағдайын жеткізіп, талай табалдырықты тоздырған. Төтенше жағдай қызметімен мектеп ғимаратын тексеріп, балалар өміріне қауіпті екенін дәлелдеді. Алған бағытынан қайтпай, хан сарайына бергісіз қазіргі мектеп ғимаратын салғызуға себепкер болды. Бірнеше жылдың ішінде мектеп аумағын жайқалған жасыл желекке айналдырды, – деп өзінің естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар, әкесі жайлы ой қозғаған Айнұр Әлімжанқызы көпшіліктің көзіне жас үйірді:
– Ешбір бала өз әкесі туралы толық білемін деп сеніммен айта алмаса керек. Әйтсе де, өз әкеңнің ең болмағанда бір қырын тани алсаң, әке алдындағы перзенттік борышыңды өтеуге ұмтылыс болар. Бірақ, әке алдындағы перзенттік парыз ешқашан өтелмейтіні анық. Әке өз перзенті үшін жауапкершілігімен қоса, өз сәбиіне қорған да болмақ. Әке – өмір мектебінің алғашқы ұстазы. Әкемізге қарап қана өз ойымыздың, пиғылымыздың түзулігі мен әр басқан қадамымыздың дұрыстығын аңғарамыз. Ұстаз-әке лайланған ой санаңды тазартып, тазалық шуағын себеді. Ол – өмірдің тар жол, тайғақ кешулерінде талмай, тынбай, шаршамай биікке жол бастайтын асыл тұлға. Әкем жайлы ойлай бастасам, санамда ғажайып бір сезім оянады. Уақыт өткен сайын оның тұлғасы іріленіп, биіктеп бара жатқанай. Мен сіздің алдыңызда мәңгі борыштымын. Ол борыштың ешқашан өтелмесін де білемін... – деген Айнұр Әлімжанқызы әкесіне арналған жыр шумақтарын оқыды.
...Әкешім – тамыры терең еменімсің,
Тұңғиық ойға толы тереңімсің.
Әулеттің сырын шертіп, тармақтаған,
Өзіңді шежіреге теңедім шын.
Әкешім, бір мен үшін орның бөлек,
Өзіңді жақсы көрем елден ерек.
Өз жанын баласы үшін садаға етер,
Әкелер дәл өзіңдей болу керек!
Шара барысында Әлімжан Мұқанұлының дос-жарандары, әріптестері, туған-туыстары мен шәкірттері өздерінің естеліктерімен бөлісіп, марқұмды еске алды. Ақ дастархан басында бас қосып, құран бағыштады.
«...Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр! Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді» – деп ғалым Қаныш Сәтпаев айтқандай, шәкірттердің бойындағы білім атты асыл тасты жарқыратуға үлес қосқан Райымбек батырды ұлықтаған ұлағатты ұстаздың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Сардарбек НҰРАДИН.