Жұма, 13 Қаңтар 2023 09:45

Ерлік — елге мұра, ұрпаққа ұран

Биыл даңқты жерлесіміз, өшпес ерлігі аңызға айналған Кеңес Одағының Батыры Рахымжан Тоқатаевтың өмірге келгеніне 100 жыл толды. Жыл бастала салысымен батыр атамыздың есімі берілген білім ордасы қаһарманымыздың ғасырлық тойын тойлауға алғашқылардың бірі болып үн қосты.

Р.Тоқатаев атындағы орта мектепте Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» еске алу шарасы өтті. Р.Тоқатаев есімін ұлықтау, өшпес ерлігін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға батырдың ұрпақтары мен көзін көрген замандастары, әріптестері мен шәкірттері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Ең әуелі Ұлы Отан соғысында құрбан болғандардың рухына тағзым етілген үнсіздіктен басталған еске алу кеші жаужүрек батырдың соғысқа аттанған және от пен оқтың арасындағы сұрапыл шайқастар мен қайталанбас ерлігін арқау еткен сахналық қойылымға ұласты. Бозбала жігіттің анасымен қоштасқаны, алапат соғысқа бара жатқан ұлын ойлап қайғырған ана жүрегінің зары, одан кейінгі сұрапыл майдан даласы, жан алып, жан беріскен кескілескен ұрыстардың көрінісі жиналған жұрттың жанарына  жас үйірілтті.

Соғыс деген – аққан соры ақсүйектің, құлдың да,

Соғыс деген – төккен ары ұлдың және қыздың да.

Соғыс деген – сотқарлардыңқолындағы найзасы,

Соғыс деген, соғыс деген – зұлымдықтың айнасы, –

деп оқылған отты жырлар бәрімізді оңаша ойға жетелеп бара жатты. Он тоғыз жасында неміс-фашистерден отанын қорғауға кеткен Рахымжан 1946 жылдың басына дейін әскер қатарында болады. Елі үшін, жері үшін жан алып, жан беріскен қызыл әскерлер фашистерді күйрете жеңіп, Ұлы Жеңіске жетті. Сойқан майданға қатысқан Рахымжан аман-есен ауылына оралумен қоса, «Кеңес Одағының Батыры»  атағын  да ала келді.

Соғыстан кейiн Рахымжан атамыз Абай атындағы пединститутының физика-математикалық факультетiн бiтiрiп, бiлiм беру саласында еңбек етіп, сан мыңдаған шәкірттерді тұғырынан түлетті. Еліміз егемендік алған тұста батыр атамыз директор болып қызмет жасаған мектепке Р.Тоқатаевтың есімі берiлдi. Сол бір қазақ тілінде білім беретін мектептің шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейтуде оңай болмаған көрінеді.

Шараға жиналған қауым даңқты  батыр, ұлағатты ұстаз Р.Тоқатаевтың кісілік келбеті, адами болмысы туралы да әсерлі әңгімелер айтып, естен кетпес естеліктерімен бөлісті.

– Аудан орталығында ана тілімізде білім беретін мектеп ашудың машақаты аз болған жоқ. Әйтеуір бір ұлтжанды азаматтардың батылдығының арқасында  еңсе көтердік. Жаңа ашылған мектептің материалдық-техникалық базасын жасақтау да жай шаруа емес еді. Оның үстіне заманның да қиын тұсы еді. Сол кезде батыр атамызды қасыма ертіп талай есіктерді қақтым. Бірақ ол кісі қайсы біреулердей баса көктеп кірмей, өте әдеп сақтайтын. Соншама даңққа ие болса да тым қарапайым болатын, – деп еске алды аталған қазақ тілді мектептің алғашқы директоры Гүлзада Ахметова.

Отан топырағы мен майдандас достарын жанын сала қорғаған батыр атамыз, өмірде де талай жанға қамқор болып, өз шәкірттерін қанат астына ала біліпті. – Бірде  бір топ  бала мектеп аралық төбелеске қатыстық. Сол үшін ертеңінде біздің ісімізді қарауға арнайы комиссия келді. Шамасы бізді жазаға тарту керек болды. Ол кезде Рақымжан аға мектеп директоры болатын. Сол күні өмірде сирек тағатын ордендерін тағып келіпті. Ағамыздың Кеңес Одағының Батыр екендігін білген комиссия мүшелері бізді жазаға тартпай еркімізге жіберді. Сүйтіп ағамыз бізді қорғап қалды, – деп еске алды Асыл Байтулақұлы. Шара соңында Р.Тоқатаев атамыздың ұлы Ерлан Тоқатаев мектеп ұжымының қызметіне зор табыс тілеп, қатысушыларға алғыс айтты.

Ғасыр тойы тойланып жатқан топырағымыздың айтулы перзенті  Рахымжан  Тоқатаев атамыз: «Ерлік – тек  жау алдында қорқынышыңды жеңе білу, не болмаса ешнәрседен қорықпайтын жүрек жұтқан жауынгер  болу ғана емес, ерлік – ол  еңбекқорлық!  Бұны  жас ұрпақ  біліп жүру керек. Еңбек – мақсат-мұратына жеткізетін жол!», – деген екен. Ерлік пен еңбектің жолы ғана ертеңімізді нұрландыра түспек.

Е.АСЫЛ.

Оқылды 18984 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаң 27, 2026

Көңілді қыс

Қыстың ортасында тау бөктері ерекше бір тылсым күйге енеді. Ақ ұлпа қарға оранған асқар…
Қаң 26, 2026

Отбасындағы жылылық пен сыйластық –…

Ұлттық құрылтайдың V отырысы қоғамдағы отбасылық құндылықтарды, некенің беріктігін және…
Қаң 26, 2026

Отбасы құндылықтары мен рухани…

Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер отбасы институтын қолдауға, некенің тұрақтылығын…
Қаң 26, 2026

V отырыс: некенің беріктігі мен…

V отырыс отбасылық құндылықтарды сақтау, некенің беріктігін қамтамасыз ету және қоғамда…
Қаң 26, 2026

Отбасы құндылықтарын дәріптеген…

Ұлттық құрылтайдың V отырысы отбасы мен некенің маңыздылығын, рухани құндылықтарды және…
Қаң 26, 2026

Ұлттық құрылтайдың V отырысы:…

Ұлттық құрылтайдың V отырысы қоғамда отбасылық құндылықтарды, некенің берік негізін және…
Қаң 26, 2026

Ұлттық құрылтай: жастардың саналы…

Ұлттық құрылтайдың V отырысы отбасы мен некенің беріктігін, рухани құндылықтарды және…
Қаң 26, 2026

Ұлттық құрылтайдың V отырысы: отбасы…

Ұлттық құрылтайдың V отырысы қоғамдағы позитивті құндылықтарды нығайтуға, рухани тазалық…
Қаң 26, 2026

Меритократия – әділ кадрлық…

Мемлекет басшысы бекіткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың…

Күнтiзбе

« Қаңтар 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет