Қазіргі қоғамда рухани құндылықтардың орны ерекше.
Адамзат дамуының барлық кезеңінде дін – адам мен қоғамның
ар-ожданын қалыптастыратын негізгі тіректердің бірі болып келген. Осы орайда, дін мен тәрбиенің маңызы жайлы ауданымыздың бас
имамы Ибрагим Қондыбаевпен ашық сұхбат жүргіздік. Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген бала Ибрагим, жастайынан атасының тәрбиесін алып, дінмен сусындап өседі. Имамның айтуынша, атасы – Қондыбай діндар адам болған. 7 жыл майданда Отан үшін соғысқан әкесі – Нұрахмед те, Бұхара өлкесінде діни білім алып, кейінірек Қызылордадағы Ақмешіт мешітінде имам болып қызмет атқарған.
Ибрагим Қондыбаев 1998-2000 жылдары Хазірет Ратбек қажы ашқан діни институтты тәмамдаған. Еңбек жолын Қызылорда өңіріндегі «Ыбырайым молда» мешітінің наиб имамы болып бас-тайды. Қазіргі таңда аудандық мешітте бас имам болып қызмет атқаруда.
– Құрметті Ибрагим Нұрахмед-ұлы, қазір қоғамда ата-ана мен бала-ның арасында түсініспеушілік жиі болатын жағдай. Осы тұста ата-анамен қарым-қатынасты қалай құру керек? Ислам бұл туралы не дейді? Отбасында әкенің, ананың және баланың рөлі қандай?
– Иә. Ата-анамен қарым-қатынас әрқашан маңызды. Ол туралы қасиетті Құранда аят бар. Жалпы Алла Тағала бізді жаратты. Әлемдегі күллі жараты-лыстың барлығы Раббымызға тиесілі. Ең бірінші Алла Тағала: «алдымен маған шынайы құл болыңдар, ал екін-ші сендерге бұйыратын нәрсем, ата-аналарыңа қарайлаңдар. Егер ата-аналарыңның біреуі қартайып қалып, ол кісілердің өмірі сіздерге қарайтын болса, ол кісілерге қарап, «уф» деп айтудың өзі – күнә» делінген. Сондықтан дінімізде ата-ананың орны бөлек. Ата-ананың ашуы – Құдайдың ашуы деп жатамыз. Ал ата-ананың разылығы – Құдайдың разылығы деген ұғым қазақтың салт-дәстүрлерінде, мақал-мәтелдерінде де кеңінен айтылады. Сол себепті бұл тұста айтарым, ата-ананы қандай жағдайда болмасын, оларды ренжітуге, мұңайтуға, қарсы келуге болмайды. «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген сөздің түбінде осы шариғат бар. Аяттың соңында Раббымыз ата-аналарыңа сөз қайтармаңдар делінген. Ол ата-анаңа түріңді тыржитып көрсетудің өзі күнә. Оларға разы болмай, сөз қайтару да – күнә. Алладан кейінгі құрметтеу керек жандар – ата-ана. Сені қатарыңнан қалмай жеткізу үшін әкенің қолы жарылды, сол үшін де ата-анаға құрмет баланың парызы.
Ал, әкенің отбасындағы рөлі, қасиетті Құранның аяттарында анық айтылған. Одан бөлек, қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптарында да, ер адамның әйел адамнан бір саты жоғары екендігі айтылады. Ер адамның басты міндеті – отбасын асырау. Қазақта «бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды» деген әдемі сөз бар. Осы бір мәтелдің астарында-ақ ер адамның рөлі айқындалып тұрғандай. Ал ер адам сол құрмет пен сыйға лайық бола біліп, майдаланбауы тиіс. Нағыз ер азамат өз отбасына жағдай жасап, балаларына дұрыс бағытта жол сілтеп, тәрбие беруі керек. «Әкесіз жетім – құр жетім, шешесіз жетім – тұл жетім» демекші, бала үшін ана – бүкіл әлеммен пара-пар. 9 ай, 9 күн көтеріп, жарық дүниеге әкелген ана – әрқашан шексіз құрметке ие екені де белгілі. Бұл тұрғыдан ата-ананың рөлін бөліп жаруға келмес. Өйткені шариғат бойынша, әкенің де, ананың да орны бір. Баланың ата-ана алдындағы борышы – олардың шынайы разылығын алу.
– Адам дүниеге келер сәтінде, оның пешенесіне тағдыры жазылады деп жатамыз. Ал сол тағдырды өзгертуге бола ма? Сондай-ақ ке-дейлік сынақ па, әлде жаза ма?
– Иә, жақсылық та, жамандық та бір Алладан. Өміріңізге береке кіргізгіңіз келсе, шариғат шеңберінде жүру керек. Оқы, ілім ал, ой түй. Мұсылман адам жақсылыққа қол жеткізгісі келсе, жаман әдеттерден аулақ болуы тиіс. Ол – жалқаулық, білімсіздік, көре алмаушылық, ғайбат сөйлеу. Осы бір қасиеттерден, адам өзін тазаласа ол адамның өміріне береке кіреді. Сондықтан тағдырға жазылғанмен де, тағдырдың жазылуындағы берекені орнататын – өзіңіз. Біреуді кедейлікпен, біреуді байлықпен сынайды деген сөз бар. Әр адам өз өмірін өзгенің әлеуметтік желідегі әдемі өмірімен салыстырмағаны жөн. Олардың да біз біле бермейтін қиыншылықтары бар. Керісінше, шүкіршілігі артатын дүниелерге мән беру керек. Байлықты да көтере алмайтын,кедейлікке де сынып кететіндер бар. Бірақ сол сынаққа сабыр етіп, Жаратушыға тәуекел етсеңіз. Алланың қалауымен өміріңіз жақсылықпен өрнектеледі.
– Соңғы жылдары елімізде, суицид көбеюде. Тіпті әлем бойынша, Қазақстан алдыңғы қатарда екені, жан түршіктіреді. Әлеуметтік мәселелер мен тұрмыс-тық қиындықтардың қысымына шыдамай, өз өмірлерін қиып жатқандар қаншама?! Ал өз-өзіне қол жұмсау да, о баста сол адамның пешенесіне жазылған ба? Ол адам-ның жаназасын шығармайды деген рас па?
– Тамшы деген дүние болады. Тамшы бір жерге тама берсе, тамшының өзі тас жарары анық. Сол сияқты Алла Тағала пешенеме жазғанын көремін деу – қате пікір. Ал шариғат бойынша өз-өзіне құл жұмсау – ең үлкен күнәлардың бірі. Жалғанның қиыншылығына төзе алмай, өз өміріне өзі балта шабу және қандай жолмен жасаса, сол дүниесі-мен о дүниеде азапталады деген Пай-ғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде. Жалпы сынақ әр адамның басында бар. Сынақ-сыз адам болмайды. Мұсылман адам о дүние мен бұ дүниенің тепе-теңдігін ұстай білу керек.
Өз өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шығарылады. Өйткені ол да – мұсылманның ұрпағы. Қателік жасамайтын адам жоқ. Кезінде, бұндай адамдарды бөлек жерлеген. Себебі өзгелерге ғибрат болу мақсатында. Алланың алдында да, адамдардың алдында да айыбы бар екенін түсінсін деген мақсатта. Әрине, тағы да айта кетейін жаназасы шығарылып, жерленеді. Артынан дұға жасалады.
– Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Бірақ, дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар деп жатамыз. Мәселен, жас отау құрған жұбайларға үйге кірерде «отқа май құю», әр жұма сайын «жеті нан» тарату секілді дәстүрлер, шариғат бойынша қан-шалықты дұрыс?
– Сұрағыңыз орынды. Бұл мәселе туралы қасиетті кітап Құранда арнайы аят бар: «Мен сендерді ұлт еттім, ұлыс қылдым. Және сендерді руларға бөлдім. Не себепті олай жасадың де-сеңдер? Бір-бірлеріңді тану үшін» делінген. Бабаларымыз соғыста жүріп те, намаздарын оқып та, оразаларын ұстап жүріп те, салт-дәстүрлерін қалыптастырып алған. Мәселен, жас келіннің ата-енесіне сәлем салуын жат ағым өкілдері теріске шығарды. Ал бұл дәстүрде тұрған еш нәрсе жоқ. Сол секілді отқа май құюда да тұрған ештеңе жоқ. Бұл дәстүрде де біз білмейтін тәрбие мен мән мағына жатқан шығар.
Ал «жеті нан» тарату – сауапты істердің бірі. Сол жеті нанды таратып біреудің қарнын тойдырғанда тұрған ешқандай күнәҺарлық жоқ. «Мынау дұрыс емес, анау дұрыс емес», – дей бермей, ілім алу керек, ой-өрісті дамыту керек. Дінді балақпен, сақалмен ғана шектемей, тереңдей түсу абзал.
Ислам діні – үлкен теңіз. Оны тану үшін де, ілім-білім керек. Мысалы, Құран Кәрімде жазылған дүниелердің біразын, ғалымдар ұзақ жыл зерттеуден кейін жаңалық қылып, ашып жатады. Ал расында, бұл жаңалықтардың бәрі қасиетті Құран Кәрімде астарлап жазылған.
– Елімізде жат ағымдардың жетегіне ерген жастар саны аз емес. Әр ағым өзіне сай ереже мен тәртіпке бағынады. Ал жат ағым-дармен күресте неге назар аудару керек?
– Жат ағымдар еліміз тәуелсіздігін енді алған кезде, сонау 90-шы жыл-дардың басында көптеп еніп кеткен еді. Олар тоқырау кезеңін пайдаланып, қаржылай көмек беру арқылы кіріп, дінін толық меңгермеген елдің санасын оңай улады. Теріс ағымдардың көбейген уақыты 2000-шы жылдардың басы еді. Ал жан-жақтан енген түрлі ағымдарға түсіп кеткен жандарды Алланың қалауы болмаса, бетін бері бұру өте қиын. 10 жылдан астам уақыт жат ағымның жетегіне ерген жан-дармен күресіп келеміз. Бұл ретте күресті әр адам өзінен бастау керек. Алдымен дін туралы білімді нығайту керек. Оны арнайы медреселер мен ұстаздар арқылы үйренген жөн. Ал әлеуметтік желідегі арнайы білімі жоқ, «имамсымақтардан» алған ілім, ілім емес. Оның үстіне жат ағымдардың жетегіне еріп кету өте оңай. Сондықтан өте абай болған дұрыс.
– Сүбелі сұхбатта көңілге қо-нымды жауаптарыңыз үшін рахмет. Істеріңіз ілгері басып, дініміз-дің мәртебесі арта берсін!
Тілдескен
Жанерке САТЫБАЛДЫ.