Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің игі ықпалы өлшеусіз. Жергілікті тұрғындардың, әсіресе, әйелдердің арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы – жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту. Бұл саланың өнімдеріне деген сұраныс та тым жоғары екені даусыз. Сарапшылар жеңіл өнеркәсіптің мемлекет қауіпсіздігі үшін де аса маңызды рөл атқаратынын жиі айтады. Біз аталған саланың ауданымыздағы аяқ алысын аздап сараптап көрдік.
Соңғы деректерге жүгінсек, еліміздегі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 40 пайызға қысқарған. Бес жыл бұрын елімізде жеңіл өнеркәсіпке тиселі 25 мың кәсіпорын болса, қазір оның небәрі он үш мыңы қалыпты. Былтырдан бергі пандемия салдарынан Қазақстандағы орта және шағын бизнес тұралады. Ал мемлекетіміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының 98,7 пайызы орта және шағын бизнеске тәуелді. Сондықтан Парламентте жеңіл өнеркәсіпке дем беретін бағдарламалар қаралып жатқан көрінеді. Ал ауданымыздың өнеркәсіптік өндіріс құрылымына зер салсақ, ондағы жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы 0.8 пайыз ғана. Сол себепті өңірімізде жеңіл өнеркәсіпті дамыту – маңызды мәселелердің бірі. Кәсіпкерлік бөлімінің дерегінше, ауданымызда өңдеуші өнеркәсіптің басымдылығы байқалады. Бұл ретте кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Нұрболат Серғали: «Ауданымыздың жергілікті жағдайына байланысты көптеген кәсіпкерлер ауыл шаруашылығын өркендетуге ынта білдіріп келеді. Ал жеңіл өнеркәсіпті дамытқысы келетіндер тым аз болғандықтан бұл сала тұралап қалғаны шындық. Өңірімізде жеңіл өнеркәсіпті негіз еткен ірі кәсіпорындар болмағанымен, жеке кәсіпкерлер жетерлік. Оның үстіне алда ауданымыздағы жеңіл өнеркәсіпке серпін беретін игі бастамалар қолға алынса, қолдаусыз қалмайды», – дейді.
Экономистер жеңіл өнеркәсіптің тамырына қан жүгірту үшін артық еңбек күштерді осы салаға жұмылдырудың маңызы зор екенін жиі айтады.Бұл үдеріске бетбұрыс та жоқ емес. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, ауылдық елді мекендерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Бизнес бастау» жобасы шеңберінде ағымдағы жылы 350 азаматты кәсіптік оқуға жіберу және оларға несие беру жоспарлануда. Бүгінде кәсіптік оқу курсын тәмамдап, өз жобасын сәтті қорғағандар арасында жеңіл өнеркәсіп саласына үлес қосқысы келетіндер де бар. Солардың бірі Гүлмира Оразымбетова.
– «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқып, тігінхана ашу жөнінде бизнес жоспар дайындадым және оны ойдағыдай қорғап шықтым. Қазір менің кәсіп ашуыма үкімет тарапынан 583 400 теңге қолдау көрсетілді. Бұл ақшаға тігінханаға керекті заттар сатып аламын. Болашақта өз киім брендімді жасап, оны ел нарығына шығарғым келеді, – дейді жас кәсіпкер.
Қазақстан жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттағаннан гөрі, 17 есе көп импорттайды екен. Әрине, бұл саланы дамытуға тұсау болатын өндірістің қымбаттығы, қажетті жабдықтардың жоқтығы, шикізат тапшылығы сынды көптеген факторлар бар. Жарты жыл бұрын жұмыс бастаған «Project ZENA»ЖШС-і бүгінде 20 адамды жұмыспен қамтуға, айына 500 ден астам мектеп формаларын тігуге қауқарлы. Қазір тапсырыстың аздығына байланысты тігін фабрикасы жартылай жұмыс істеп жатыр. Тігін цехындағы жұмыс үдерісін таныстырған кәсіпорын директоры Арман Оспанұлы жұмыс бастаған кезде көптеген қиындықтарға тап болғанын жасырмады. Оның сөзінше, кәсіп бастау үшін тігін цехына қажетті техникалар мен жабдықтардың барлығын шетелден сатып алған. Кәсіпкер өзіне тиесілі техникалар бұзылыса оған қажетті бөлшектерді де шетелден сатып алуға мәжбүр екенін, сол үшін өзіндік құны тым қымбаттап кететіндігін айтады.
– «Бізде неліктен отандық өнімнің бағасы қымбат?» деген сұрақ жиі қойылатыны жасырын емес. Оның көптеген себептері бар. Өйткені біз шикізаттан бастап керекті техникалардың барлығын шетелден сатып аламыз. Бұның бәрі қымбатқа түскендіктен, отандық киім-кешектің бағасы шарықтап кетеді. Ал тұтынушыларға бағасы бізден әлдеқайда арзан шетел тауарын сатып алған тиімді. Бізде жеңіл өнеркәсіпті жедел дамыту үшін ең алдымен қой жүні мен тері өңдейтін кәсіпорындарды құру қажет. Мысалы, Италия, Қытай, Түркия, Ресейден иірім жіпті, былғарыны, матаны алдырамыз. Мұның бәрі бізге әлдеқайда шығын, қаржылық тұрғыдан да тым тиімсіз. Тағы бір мәселе, әлі күнге дейін сән индустриясын сала ретінде оқытатын мамандық жоқ. Бұл әуесқой тігіншілердің саны басым болғанымен, кәсіби тұрғыдан кенже екенін көрсетеді. Оның үсітіне, елімізде тігін фабрикалары тым аз, бұл салаға қызығатын жастардың шеберлігін шыңдауы мен жұмыс табуы қиынға соғып отыр. Жеңіл өнеркәсіпте субсидия мен несие беру оңтайландырылмаған. Сондықтан толық өндіріске көше алмай отырмыз. Қазір бұл сала мемлекеттік қолдауға мұқтаж, – дейді.
Еліміздегі жеңіл өнерәсіпке серпін бергісі келетін кәсіпкерлер мемлекет бұл салаға қажетті кешенді бағдарламалар жасау керегін айтады. Қазіргі кезде Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпке көбінесе ведомстволық мемлекеттік тапсырыстар арқылы қолдау жасалып отыр, солардың есебінен кәсіпорындар жұмы-сын жалғастыруда. Бірақ түрлі себептерге байланысты бұл кәсіпорындарға технологиялық тұрғыдан дамуға, өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік бермейді. Мемлекеттік сатып алуға алып-сатарлар көп қатысады. Тендер нәтижесінде төмен баға қойған алып-сатарлар жеңіске жетіп, салдарынан тапсырыс беруші сапасыз импорттық тауар алады. Нәтижесінде бюджет қаражаты елден шығарылып, басқа елдердің экономикасын дамытуға демеуші болуда. Мұнай саласынан айырмашылығы сол, жеңіл өнеркәсіп тауарларының құны негізінен, тұрақты болып келеді. Өйткені халық тамақ ішудің сыртында, үнемі киінуге мұқтаж болып тұрады. Ал мұнайдан алынатын қуат пен жылуды энергияның өзге түрлерінен де өндіруге болатыны мәлім.Мамандар Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп тауарларының нарығын жылына 900 млрд теңгеге бағалап отыр. Яғни осы саладағы отандық тауарлар, ең құрығанда, өз нарығымызды жаулап алса, онда бір жылдың өзінде жеңіл өнеркәсіптен талай алпауыттар шығатыны даусыз.
Тоқетерін айтқанда, отандық жеңіл өнеркәсіптің түйткілі көп. Дамуға кедергі болып отырған кадр жетіспеушілігін, жергілікті шикізат тапшылығын, субсидия мен несие беру механизмдерін жетілдірмей, бұл салада оң нәтиже болады деп күту қиын. Ең бастысы, жеңіл өнеркәсіптің бар шындығы ашылып, ол елдің жоғары мінберінен бүкпесіз айтылды. Енді тек осы әңгіме нақты істерге негіз болса, саланың бағы ашылар.
Ерзат АСЫЛ