Жұма, 11 Маусым 2021 11:11

Аяқкиіміңіз қайдан келді?

Елімізде жеңіл өнеркәсіпті қолдап, дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобалар жетерлік. Дегенмен, аты «жеңіл» өнеркәсіп болғанымен, жұмысы ауыр бұл саланың қазіргі жағдайы мәз емес. Оның ішінде, әсіресе, аяқкиім өндірісі өлместің күнін кешіп отыр.

Бүгінде бізде тұралап тұрған бұл сала тұтынушылары импорттық өнімдерге тәуелді.  Осы жерде мынандай бір деректі ұсынып өтсек, қазақстандықтар тұтынатын аяқкиімдердің 60%-ы – Қытай елінің өнімдері екен. Ал 20% Түркиядан, 10%  Ресейден, қалған 10% басқа елдерден тасымалданады. Аяқкиім өндіруде өзгеден оқ бойы озық тұрған Қытай елінің өнімдері санымен бірінші болғанымен, сапасымен соңғылардың қатарынан табылады. Бұл туралы сала мамандары да, дәрігерлер де айтып, өзіміз де күнделікті көріп жүрміз. Сапасыз, әрі арзан материалдан тігілген аяқкиімдердің жалпақ табан дертінен бөлек оншақты ауруға себепші болатынын білесіз бе? Мысалы, жасанды теріден тігілген бұйым буын, аллергиялық аурулар мен ісік ауруларын қоздырады. Ісік ауруының туындауына Қытай өнімдерінде кездесетін формальдегид қоспасы себеп болады екен. Сондай-ақ тауардың тартымдылығын арттыру үшін қолданатын түрлі материалдар, әсіресе, балалар аяқкиімдеріндегі жанатын жарықтар мен түрлі дыбыс шығаратындар және тағы басқаның бәрі денсаулыққа зиян. Сырттай жылтыраған мұндай өнімдер аяққа кигенде ауа өткізбей, терлетіп, сасытады. Ал қымбат етікке екінің бірінің қолы жетпесі тағы анық. Сондықтан, әрине, өзгеге жалтақтамай, өз өнімімізді тұтынғанға не жетсін. Бірақ...

Бірақ біздегі аяқкиім өндірісі көптің сұранысын қанағаттандыруға қауқарсыз. Яғни нарықты қамтамасыз ете алмайды. Оның себебі көп. Біріншіден, бүгінде аяқкиім нарығы шетелдік өніммен және контрабандалық арзан тауармен толып тұр. Екіншіден, аяқкиім өндірісіне қажетті өнімнің 70-80%-ын отандық өндірушілер сырттан әкеледі. Аяқкиім тігетін негізгі шикізат, яғни былғары бізде болғанымен, оны өзіміз өңдей алмай отырмыз. Осылайша көршілеріміз бізден арзанға алған теріні өңдеп, өзімізге қымбатқа қайта сатады. Теріден бөлек, өндіріске қажет фурнитура да шеттен келген соң тігілген аяқкиімнің бағасы да аспандай береді. Үшінші себеп – аталған кәсіптің қыр-сырын меңгерген мамандардың тапшылығы. Қолөнері ежелден дамыған еліміз бүгінде етік тігу үшін, өкінішке қарай, өзгеге елеңдеп отыр. Шетелден әкелген технология мен техниканың тілін білер етікшілерді оқытып-дайындау да саланың серпін алуына көп көмек болар еді. Осы орайда отандық өнімнің саны мен сапасын арттыруды көздесек, оларға салынатын салықтың мөлшерін азайтудың да мәні зор екенін ескерген жөн. Өйткені қазірде сырттан келетін тауарларға салық көлемі ішкі өнімге салынатын сомадан төмен. Мұның өзі елде жеңіл өнеркәсіптің кенжелеп қалуына өз себін тигізіп, сырттан дайын өнімді «дорбалаушылардың» санын арттыра түсетіні аян. Егер осындай жайттарды ескеріп, жеңіл өнеркәсіпті жан-жақты ұйымдастыра алсақ, бұл саланың аз уақыттың ішінде-ақ аяғынан тұрып кететіні айқын. Қазіргі уақытта көптеген кәсіпорындар өз өнімін нарыққа арнап шығаруға бата алмайды. Өйткені сырттан арзанға келетін және салынатын салығы да төмен импорттық өнімдер отандық өндірістерді бәсекеге шыдатпай, нарықтан ысырып тастайды. Сондықтан да еліміздегі кәсіпорынның аудандысы тек тендерге телміріп отыр. Ал аяқкиім өндірісімен айналысатындар тендер бойынша Қарулы күштер мен органдар қызметкерлері үшін ғана аяқкиім тігеді. Ал сатылымға өнім шығаратын еліміздегі санаулы цех пен фабрика өндіріске қажетті өнімді ғана емес, оны дайындайтын маманды да шеттен алдыратындықтан аяқкиімдерінің бағасы нарықтағыдан әлдеқайда жоғары болады. Оны қалтасы көтермейтін жұрт, әрине, арзанды алады. Жеңіл өнеркәсіптің жағдайының ауыр болуы да осыдан.

Мақаланы жазбас бұрын Есіктің орталық базарындағы етікшіні сөзге тарттым. «Он жылға жуық осында аяқкиім жөндеп отырмын» деген Болат аға: «Елдің жөндеуге әкелетін аяқкиімдерінің сапасы өте нашар. Өкшесі түсіп, басы желінетіні былай тұрсын, тіпті табаны морт сынып кететіндері көп. Кейбірінің материалдары желім жаққанның өзінде жабыса қоймайды. Таза былғарыдан тігілген етік жоқтың қасы. Баяғыда бәріміз «Жетісу» аяқкиім фабрикасының етіктерін киетінбіз. Тозбайтын. Қазір ондай жоқ. Қазіргілердің мүңкіген иісі мен терлететін сапасыз  материалының өзі денсаулыққа қаншама зиян келтіріп жатыр», – дейді. Былғары демекші, аудандық кәсіпкерлік бөліміне хабарласып, «Ауданымызда аяқкиім тігетін цех болмаса да, былғары өңдейтін орын бар ма?» деп сұрадық. Өкінішке қарай, жоқ екен. Ал, негізінен, мал шаруашылығымен айналысатын біздің ауданда аяқкиім өндірісі үшін басты шикізат – теріні тонналап табуға болады. Тек, өкініштісі, жоғарыда айтқанымдай, шикізатты өңдейтін жердің жоғынан көпшілік теріні қоқысқа тастайды. Осылайша дайын материалды ұқсатып пайда көргеннің орнына, сасытып табиғатқа зиянын тигізіп жатқанымыз – ащы шындық.

 

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Оқылды 2452 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет