Дүйсенбі, 15 Наурыз 2021 18:15

Үлкен жетістік кішкентай қадамнан басталады

Үлкен жетістік кішкентай қадамнан басталады mezet.

Жаңалық ашу үшін көп жылдық тәжірибесі бар егде жастағы ғалым болу міндетті емес. Дегенмен, «өнертапқыш» дегенде көпшілігіміздің көзімізге солай елестейтіні рас. Біле білсек, күнделікті өмірімізді мейлінше оңтайландыратын жаңа дүниелерді – көмекші құралдарды көбінде жасөспірімдер ойлап тапқан екен.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтіре кетейік. Мысалы, төріңізде тұрған теледидардың алғашқы нұсқасын Фило Фарнсуорт атты 15 жастағы бала ойлап тапса, қолыңыздағы телефонды қуаттайтын құралды Эйша Кхаре деген 18 жастағы қыз құрастырған. Калькулятор мен Брайл қарпі, жылы құлаққап пен ермексаз, ғарышкерлерге арналған тіс щеткасы, ықылықты басатын таскәмпит, таяқшалы балмұздақ, т.б.. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады, бірақ айтпағымыз ол емес. Бүгінгі кейіпкеріміз – Нұрасыл да қозғаған тақырыбымыздан алшақ емес. Ата-анасы оған «Болашақта өнертапқыш балалардың тізімін толықтырар» деген үлкен үміт артып отыр. Өйткені 11 жастағы Нұрасылдың қызығушылығы басқа балалардыкіндей ойын да, ойыншық та емес. Қатарластары телефондағы ойынға қызықса, ол телефонның құрылымы мен жұмыс жүйесін зерттеп көруге құмар. Балалар ойыншық ойнауды құп көрсе, Нұрасыл оның механизмімен танысуды жөн санайды.

«Кішкентайынан базар, дүкенге бара қалсақ, пультпен қозғалатын, моторлы ойыншықтар, кран, экскаватор алғызатын. Олардың арзан тұрмайтынын білесіз. Сонша ақшаға алғанда бала болып онымен бір күн де ойнамайтын. Жақсылап зерттеп қарап алған соң ойыншықтың ішін ақтарып, оның қалай қозғалып, қалай жұмыс істеп тұрғанын тексеріп көреді. Содан кейін қайта жинап, бірінің бөлшегін біріне салып, тәжірибе жасап отыратын», – дейді анасы Маржан. Ойыншық көліктерден кейін бұзылған тұрмыстық техника оның ермегіне айналған екен. Үйдегі ескі шаңсорғыш, үтік пен пульт сияқты ұсақ-түйектің механизмін шашып-жинап, тағы тәжірибе жасайды. Туыс пен танысқа қонаққа барса, сол үйдегі бұзылған техниканы сұрап әкеледі екен. Ол – әрине, бала бойындағы кіршіксіз тазалық пен кедергілерді көре бермейтін балалықтың бір көрінісі. Жаңаны танып-білуге деген қызығушылық пен құмарлық.

Бұл құмарлық уақыт өте жаңа кезеңге көшуі – заңдылық. Осы күнге дейін Нұрасыл қолда бар заттардан көптеген жаңа дүние құрастырған. Мысалы, жүк көтеретін экскаватор, қарудың түр-түрі, кішкентай қарындасына ары-бері бұрыла жүйіткитін кәдімгі самокат жасап беріпті. Енді маймен емес, жеңіл сұйықтықтармен қозғалатын техника жасап көргісі келеді.

Одан бөлек Нұрасыл түрлі қару, мылтықтар жасағанды жақсы көреді екен. Бірінші сыныпқа барған кезден бастап ағаштан қару-жарақ жасауға ерекше ықыласы ашылыпты. Қылыш, садақ, мылтықтың неше түрін жасап, жолдастарына үлестіріп жүреді. «Сегіз-тоғыз жасында «Мені құрылыс дүкендеріне апарыңызшы. Маған балға, шеге, темір-терсек алып беріңізші» дегенді шығарды. Осылайша қазір біршама құрал-сайманын жинақтап алды», – дейді әкесі Қуандық. Жұмысына қажетті материалдарды кесетін де, тесетін де біраз аспабы бар екен. Олардың қайсысын қайда керектенуді де жақсы біледі.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Нұрасылдың тағы бір ермегі – саз балшықтан аңдардың мүсінін жасау. Бет-бейнесін туп-тура келістіріп шығарады. Ол жұмыстарымен де таныстық. Десе де, баланың техникаға көбірек қызығатыны әңгімесінен-ақ көрініп тұр. Болашақта әскери инженер болғысы келетінін айтады. Қару-жарақтың қарапайым да, арзан әрі зиянсыз түрін жасап шығарсам деп армандайды.

Арманы асқақ, талабы таудай Нұрасылға жол көрсетер жетекші керек. Қазақта «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме?! Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін мектептерде IT сыныптарының ашылғанын айта кету керек. «Цифрлы Қазақстанның» болашағы – Нұрасыл сияқты техникаға қызығушылығы мен талабы бар бүгінгі балалар екенін Елбасы ескерді. Арнайы сыныптар ашылып, қажетті құрал-жабдықпен жасақталды. Балаларға білім беретін мұғалімдер «Робототехника» және 3D принт сияқты арнайы курстан өтіп, білімін жетілдірді. Ауданымызда осылай сақадай сай тұрған жеті сынып бар. Олар: Рахат №1 мектебінде, Шелек ауылындағы гимназияда, А.Розыбакиев атындағы,  В.Терешкова атындағы,  Райымбек атындағы, Шелек ауылындағы Абай атындағы және Қызылжар ауылында орналасқан О.Жандосов атындағы орта мектептерде ашылған. Аудандық білім беру бөлімінің ақпаратына сүйенсек, бәрінде де балалар үйірмеге қатысып, робототехниканың тетігі мен тілін меңгеріп жатыр.

Айтпақшы, кейіпкеріміз Нұрасыл оқитын О.Жандосов атындағы орта мектепте де робототехника сыныбы бар. Мамиров Рамиль есімді жас мұғалім жұмысқа биыл кіріскен екен. «Бұл сала балаларға ғана емес, өзіме де өте қызық. Жаңа дүние болғандықтан үлкен қызығушылықпен қараймын. Білімімді жетілдіру үшін робототехникамен айналысатын ресейлік мамандардан ақылы сабақ алып жүрмін. Көрген-білгенімнің бәрін балаларға үйретіп жатырмын. Алдағы уақытта робототехника бойынша түрлі жарыстарға оқушыларымды апарамын», – дейді Рамиль. Білімге құштар мұғалімге өзі сияқты технологияның тілін тануға талаптанған оқушысын таныстырып қойдық. Алдағы уақытта газетімізде олардың жетістігін жариялаймыз деп сенеміз.

 

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

Оқылды 2486 рет

Соңғы жаңалықтар

Ақп 19, 2026

Рухани тазару айы

2026 жылдың ақпан айында күллі мұсылман адам үшін қасиетті Рамазан айы басталады. Бұл ай…
Ақп 10, 2026

Мұқағалиға арнау

Ақиықтар түлеген мұзбалағы, Хантәңірінің қарапайым қыр қазағы. Поэзияның асқар шыңын…
Ақп 10, 2026

Қазақ поэзиясының Хантәңірі

Сырым да – осы, Жырым да – осы, Алдыңда Байқашы бір, Бықсыдым ба, жандым ба? Махаңдар…
Ақп 07, 2026

Забота о природе как стратегическое…

В Казахстане необходимо на конституционном уровне закрепить поощрение волонтерства. С…
Ақп 07, 2026

Предложение о закреплении в новой…

На очередном заседании Конституционной комиссии заместитель председателя…
Ақп 07, 2026

Жаңа Конституцияның жобасына теңгені…

Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасын…
Ақп 07, 2026

«Это требование времени» – Нурлыбек…

Необходимость усиления ответственности в сфере экологии и закрепления норм по охране…
Ақп 07, 2026

Нұрлыбек Нәлібаев жаңа Конституция…

Экология саласындағы жауапкершілікті күшейту және қоршаған ортаны қорғау нормаларын…
Ақп 07, 2026

Проект новой Конституции получил…

7 февраля 2026 года в Алматы состоялось экспертное обсуждение на тему «Новая Конституция…

Күнтiзбе

« Наурыз 2026 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет