Дүйсенбі, 31 Мамыр 2021 10:36

Тарихтың ақтаңдақ беттері

Өңі сарғайған құжаттар бойынша, ХХ ғасырдың 30 жылдары саяси қуғын-сүргінге  Қырғызстанда  30 634,  Өзбекстанда 10 164,  Қазақстан бойынша 90 867 адам  ұшыраған екен. Елімізде мемлекеттік зорлық-зомбылықтың, соған сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарының көп болуына биліктің  І хатшысы Ф.Голощекин сипаты жөнінен – халыққа қарсы, салдары жөнінен аса қанқұйлы жоба «Қазақстандағы кіші қазан» бағдарламасы саяси эксперимент ретінде жүзеге асырғаны себеп болды.

Қуғын-сүргін Ресейдегі азамат соғысы кесірінен шаруашылықтың күйзеліске ұрынуы және орын алған жұттың салдарынан басталып, ауыл халқының ашаршылық шығыны 2 млн 200 мың адамнан асып, 30 пайызға  азайған.

И.Сталин 29.12.1929 жылы аграршылар конференциясында колхоздастыру науқанына кедергі келтірген бай-кулактарды тап ретінде жоюды алға қойды. 15.01.1930 жылы В.Молотов басқарған арнайы комиссия құрды. 1930 жылы 23 қаңтарда 20 аудан белгіленіп, 20 мың бай мен кулак шаруашылықтарын тәркілеп, көшіріп, темір жолдан шалғай аудандарға қоныстандыру, ол жерлерге сырттан жер аударылып әкелінетін 30 мыңдай кулак отбасыларын орналастыру көзделді.

Жаппай қуғын-сүргін жүргізудің құқықтық базасы да жасалады. 1926 жылы РКФСР Қылмыстық кодексінде 17 контрреволюциялық қылмыстың 12-іне өлім жазасы қарастырылды. Колхоз егістігінен масақ жинаған 12 жастан асқандар 10 жылға сотталады. Террористік актіні тергеу ісіне 10 күн мерзім белгіленеді. Қамауға алынған-дарға «физикалық əсер ету шараларын» қолдануға рұқсат беріледі. Ерекше жиналыс, «Үштік», одан кейін «Екілік» деп аталатын соттан тыс орган құрылады. Республикалық «үштік» құрамына Ж.Құрамысов (төраға), А.Альшанский, А.Асыл-беков  енген. Төраға – ішкі істер халық комиссары, мүше – партия комитеті бірінші хатшысы мен прокурорлар. «Үштіктер» ату, жер аудару, 8-10 жыл мерзімге лагерге, түрмеге қамауға шешім қабылдап отырады. Партия ұйымдарына жолдаған сақтық пен жауды тани алмауды жоюды талап еткен жабық хат бойынша 7 күнде 43 контрреволюция өкілдері табылып, жұмыстан шығарылған.

Науқанды жүзеге асыру ОГПУ органдарына жүктелді. КСРО Заң халық комиссары төрағасы Н.Янсеннің нұсқауында «кулактардың контрреволюцияшыл белсенді тобы» тез арада қамауға алынып, «қастандық актілерін ұйымдастырушы» ретінде ату жазасына кесілетін болады.

ҚазАКСР ХХК қаулысы  бойынша тәркілеуге ұшырағандар Жетісу және Сырдария округтері Оралға, Орал округінен Жетісуға, Гурьевтен Петропавлға, Қарқаралыдан Қостанайға, Семейден Сырдарияға, Павлодардан Ақтөбеге, Қызылордадан Адай округіне, Ақмоладан Гурьевке, Ақтөбеден Қарқаралыға, Қостанайдан Семейге жер аударылды. Қазақстанда 22 мың адам қамауға алынып, 4 мыңдайы жер аударылды. 54 625 шаруашылық бай-кулакқа жатқызылып, тәркіленіп, 1931 жылы елден  тыс жерлерге 5500 кулак  жер аударылды.  ҚР мемлекеттік архивінде 1928 жыл қыркүйек пен 1929 жыл ақпан айы  аралығында  ірі қараға шаққанда барлығы 114 мың 474 бас мал тартылып алынған. Мысалға, жер аударылғандардың ішінде №195 іс Алматы  округінен  № 9 ауылдан Шеру Бейімбетов, оныншы бумада 259  іс Ахмет Дәулет беков,  №1 ауылдан  265 нөмірде Дәулетхан Дәркенбаевтың, № 303 іс Дәулетбек Дәркембаев т.б. отбасылардың  заттары, малдары,  құрал-сайманға дейін тізім жасалып тәркіленген. 

Қуғын-сүргінге ұлттық зиялылар, Алаш қозғалысының қайраткерлері, қазақ интеллигенциясының қаймақтары, біртуар ұлдары Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Құтжанов, О.Исаев, О.Жандосов, А.Досов, А.Асылбеков, Ж.Садуақасов, С.Сапарбеков, Т.Жүргенов, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, Ж.Шанин, К.Кемеңгеров т.б.  «Буржуазияшыл-ұлтшыл», «Басқаша, бөтен ойлайтындар» Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді деп  айып тағылып,  түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды, қуғын-сүргінге ұшырады.

1930-33 жылғы голощекиндік  ет, астық т.б.16 салық түрі, жартылай көшпелі  шаруаны күшпен отырықшыландыру науқаны     басталады. Ет, астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1928 жылдың қаңтарынан 1929 жылдың 15 желтоқсанына дейін  52 300 адам сотталған. Жұмысқа кешіккені, жұмыстан рұқсатсыз кеткені, астықтың бірнеше масағын әкеткені және басқа да болмашы ағаттықтары үшін 1932 жылдың тамызынан бастап  бір жыл ішінде 33 345 адам  сотталған.

Қазақстанда  алғаш рет Қарағандыда, Семей облысынан Үржарда ашық сот процестері жүргізілген.  Мысалға, 22.05. 1937 жылы НКВД Преснов ауданы басшылары үстінен қылмыстық іс қозғалып,  2 қазанда облыстық соттың арнайы коллегиясы істі қарап, ауданның бірінші хатшысы В.Конюховқа,  атқару комитетінің төрағасы К.Капаров-қа, оқу бөлімінің меңгерушісі  Н.Уразбаевқа,  аудан прокуроры Қ.Фазыловқа, халық соты Ә.Майкотовқа ату жазасын кескен. Жер қатынастары бөлімінің бастығы С.Калугина, колхоз төрағалары А.Гоменюк пен И.Гребешканы, аудандық «Кеңес» газеті редакторы Жақия Уақбаев, колхозшы Фазыл Байзақов 10 жылға сотталса, колхозшы Жанымбет Мырзабаев, мұғалім Мұқыш Қанафин, Далабай Божбақов колхоз бас-қармасы «үштіктің» үкімімен атылған. 5400 адам сотталып, 1600 адам ату жазасына кесілген. 

Ақмола облысында қуғын үлесі 1930 жылда 3360 адам, 1940 жыл 160 мыңға жеткен. ҚКП ОК хатшысы Л.И.Мирзоян 30.07.1937 жылы И.Сталинге   «ұлттық-фашистік ұйымның» 14 лауазым иесінің тізімін, мекемелерде жұмыс істейтін 400-дей адам қамауға алынғандығын жеткізеді.

Мемлекеттік қауіпсіздік Комиссары С.Реденскінің «рұқсат-бұйрығына» сай, 4 ай ішінде 268 950 адам қудалаланып, бірден оның 75 950-і атылады.  И.Сталиннің кез келген сөзі заңға айналады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ашық  тізімінде үштіктердің шешімімен 90867 адам жазаланған. Оның ішінде 25 мың адам атылған, қалғандары әртүрлі мерзімге жер аударылған. Алматы қаласы бойынша 22597 адам, Шығыс Қазақстаннан 12 366, Қарағанды облысынан 7189, Ақтөбе облысынан 6153, Шымкент облысынан 6 766, Солтүстік Қазақстаннан 5043, Батыс Қазақстаннан 5078, Ақмола облысынан 4350, Қостанай облысынан 4107, Алматы облысынан 3846, Жамбыл,  Қызылорда, Павлодар облыстарынан 3 600-3700-ден, Атыраудан 1863, Маңғыстаудан 386 адам жазаланған екен. Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивіндегі құжаттарда Алматы округінен  1929 жылы 26 маусымда ОГПУ айрықша отырысында білімі жоқ, партияда жоқ, негізінен ауылшаруашылық саласында жұмыс атқаратын А.Еспалов,  П.Бортников, Д.Буханцов, (Москва, Ленинград қалаларында тұруға болмайды), Е.Вихрев, П.Воронов, И.Гвоздев, Г.Лапшин, В.Локтев, Т.Локтев, Н.Пожидаев, Г.Ромохов, А.Четверкин, Д.Черняков РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58 бабы 10/ІІ бойынша 3 жылдан сотталған.

Бір-бірінің сыртынан арыз жазу, домалақ арыздар нақты дəлелдері болмаса да, негізгі құжат ретінде қарастырылады.  Жалған жала жауып, халық алдында қаралау саясатын мерзімдік басылымдар ерекше қарқынмен жүргізіп, негізсіз мақалалар көбейеді. Қолшоқпар болған газеттер шешімдерді жарыса, «Халық дауысы» айдарымен жариялап, кез келген сын-пікір соңы қуғын-сүргінмен аяқталады. 1937 жылы 22 қыркүйекте «Казахстанская правдада» К.Пуховтың «На поводу у буржуазных националистов» мақаласы репрессияның жаңа толқынын туғызады. Л.Мирзоян мен республика басшыларын «халық жауларын» қорғайды жəне бүркемелейді деп айыптайды. Нағыз ұлтжанды азаматтарды «Отанды сату», «зиянкестігі» үшін айыптайды. 1938 жылы  наурыз  айының 10 күнінде  Қазақстан Əскери Алқасы арқылы  Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасынан бастап, оның орынбасарлары, барлық облыстық жəне қалалық, аудандық партия комитеттері хатшылары, жалпы 650 адам атылады. Репрессияға  ғалым, жазушы, ақын, мəдениет жəне өнер, білім қызметкерлері ілігеді.

Шешімдерді жүзеге асыру,  режимді нығайту үшін ГУЛаг, 23 жалпы жəне 11 ішкі түрме орналасады. Карлаг (ерекше режимді Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (Далалық лагерь). Олардың ішіндегі ең ірісі «ЧСИР» – халық жауларының отбасы мүшелеріне арналған лагерь. Кейіннен Алжир халық жаулары әйелдерінің, Ақмола лагерінде репрессия құрбанда-рының әйелдері, аналары, қыздары азап шекті. Қарағанды жеріндегі Осакаров ауданында орналасқан 25 поселке-обсервацияда Ресейден «халық жауы» ретінде жазаланғандар орналастырылды. Қазақстан аумағында бұл лагерлерден басқа Дальний, Песчанный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазғанлаг, Петропавл, Өскемен, Луговой, арнайы Кеңгір тағы басқа лагерлер орналасты.

1938 жылы 15 мамырда республика басшысы Л.Мирзоянға И.Сталиннен «Жұмысты Скворцовқа тапсырып, жаңа қызметке тағайындалу үшін Кремльге келіңіз» деген жеделхат түседі. Мəскеуге бара жатқан жолда,  Коломнада 23 мамырда Л.Мирзоян қамауға алынып, 1939 жылы 26 ақпанда Лефортов түрмесінде атылады. 

Елдегі тотаритарлық жүйеде жеке адамның құқығы аяққа басылып, балама пікір айтқан адам халық жауының қатарына жатқызылып, қатаң жазаланған уақыт жайында тарихтың «ақтаңдақ беттерін» зерделеу, өшкенді жаңғырту, ұрпақ бойына отаншылдық сезімін ұялатуға  мүмкіндік береді.

 

 

Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,

Журналистер Одағының мүшесі

Оқылды 1709 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет