«Бала – болашағымыз» дегенді жиі айтамыз. Бірақ сол болашақтың бүгіннен басталатыны мен ертеңгі күннің жарық болуы қазіргі қадамдарға тікелей қатысты екенін көп жағдайда ескере бемейміз. Осы олқылықтың орнын толтырар кез келген сияқты. Былтыр жылдың аяғында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл халыққа үлкен сый жасады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, елдегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның үлкен бастамасына батасын берді.
Ол қандай бастама? Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың қарапайым халыққа пайдасы бар ма? Ал балаларға қатысы қанша?
«Балалардың мәдениет, спорт, ғылым саласында өз әлеуетін жетілдіруге жағдай қарастырылуы керек. Мұның бәрі балаларға қолжетімді болғаны жөн» деген Аружан Саин мемлекеттің қаржыландыруымен тегін үйірмелер ашу бастамасын көтерді. Бағдарламада «Спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге қызмет көрсететін процестің барлық қатысушылары қаржыны баланың ата-анасынан емес, мемлекеттік тапсырыс бойынша алады. Оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру талап етілмейді. Қаржыландыру тек жергілікті билік органдарының спорт пен мәдениетке арналған қолда бар бюджетін тиімді жұмсау арқылы жүзеге асырылады» делінген. Осылайша бастамашы спорт пен мәдениет саласындағы шығыны көп, халыққа берер пайдасы аз концерттер мен имидждік іс-шараларды тыйып, оларға кететін қаржыны балалардың біліміне, жан-жақты дамуына жұмсау керектігін айтты. Сондай-ақ экспатрианттар жайын да қозғап өтті.
Шынымен де, басқаны айтпағанның өзінде еліміздің спорт саласында жүрген шетелдік ойыншылар жетерлік. Ал жүрегі «Қазақ», «Отан» деп соқпаған спортшы үшін үлкен олимпиадаларда «Ел намысы» деген түсініктің болатынына өз басым сенбеймін. Меніңше, карьера мен қалтаның қамын ойлаған жан одан арыға аса алмайды. Елдің намысы үшін жанын салатын – жүрегі «Жерім» деп соғып, қаны «Қазағым» деп қайнайтын сол жердің ұланы ғана. Ендеше, Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да, неге әлі күнге шетелдіктердің шашбауын көтеріп, экспаттарға елеңдеп отырмыз? Өз өрендерімізді қатарға қосатын уақыт әлдеқашан келді емес пе? Осы орайда спорттық секциялар мен мәдени-шығармашылық орталықтардың ашылуы – бүгінгі күннің талабы, әрі жолға жедел қоюды қажет ететін өткір мәселе деп білемін.
Жылдар бойғы сең қозғалып, биыл кей өңірлерде мамыр айынан, енді бір жерлерде жаздың басынан бастап балаларға тегін білім беретін шығармашылық және спорттық үйірмелер ашылып жатыр. Бәрі де жоғарыда айтқан жобамен жолға қойылған. artsport.edu.kz деген арнайы платформа құрылып, үйірмелерді ұйымдастырушылар мен оған қатысатын балалар туралы қажетті мәлімет сол жерде жинақталған. Сайт дерегіне жүгінсек, тек Алматы облысының өзінде шығармашылық үйірмелер үшін 150 064 000,00 теңге, ал спорттық секцияларға 250 000 000,00 теңге бөлінген екен. Үйірмелер тегін. Сабақтар аптасына екі күн болады. Әр топта 10 баладан білім алады. Бір отбасынан екі бала және олардың әрқайсысы таңдаған екі түрлі үйірмесіне жазыла алады. Ол үшін artsport.edu.kz платформасына тіркеліп, үйірмені таңдауы керек. Ары қарай орталыққа құжаттарын өткізеді.
Есік қаласында орналасқан «Әдемі-ай» шығармашылық орталығының директоры Айдана Омарханова: «Балаларын үйірмелерге жаздырып жатқан ата-аналар өте көп. Қазірдің өзінде біздің орталыққа 500 шамасында бала тіркеліп тұр. Домбыра, домбырамен ән айту, ораторлық өнер, эстрадалық вокал, заманауи би, компьютерлік графика, сурет сынды үйірмелерге сұраныс өте жоғары. Сұранысқа сай ұсыныс болуы керек қой. Осыны ескере отырып, біз тренерлерді Алматыдан – Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясынан, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториядан шақыртып отырмыз», – дейді.
Бүгінгі көрсеткіш бойынша республика көлемінде шығармашылық және спорттық секциялардың 100 шақты түріне бала қабылдап, оқытып жатыр. Ал Еңбекшіқазаққа келер болсақ, мұндай үйірмелер тек аудан орталығы – Есік қаласында ғана емес, Бәйдібек би, Қаракемер, Түрген, Төле би, Өрікті, Әймен, Бөлек сынды ауылдарда да ашылған. Есіктің өзінде бірнеше жерде осындай орталықтар жұмысын жүргізіп отыр. Ол жерлерде шығармашылығын шыңдап, спорт түрлерінің қыр-сырын меңгеріп жатқан балалар саны кемі 10-20-дан бастап, ұзын-ырғасы – 1000-ға жуық екен. «Алтын бала» шығармашылық орталығының әдіскері Айнұр Шерубай: «Мемлекеттік грант есебінен осындай жобаның қолға алынғанына халық ризашылығын білдіріп, алғыс айтып жатыр. Біздің орталық бастапқыда 1200 балаға негізделген. Қазірдің өзінде орталыққа тіркелгендер саны осы меженің жартысына жетіп қалды. Сондықтан алдағы уақытта 1500 балаға дейін қабылдау жоспарымызда бар», – дейді.
Демек, ауданымызда осынша бала бос уақытында теледидар мен телефонға телмірмей, білім алып, бір кәсіпті меңгеруге қадам жасап жатыр. Яғни болашақтың кірпіші бүгіннен қалануда. Бұл қадам бала немесе ата-ана үшін ғана емес, қоғам, бүкіл ел үшін, елдің мәдениеті мен спорты, тіпті экономикалық жағдайы үшін де өте маңызды. Өйткені болашақ олимпиада чемпиондары да, он саусағынан өнер тамған өнерлі өрендер де солардың арасынан шығады. Осы орайда айта кетерлігі, егер бұл жұмыс жүйелі жүргізілетін болса, artsport.edu.kz порталы болашақта еліміздегі білікті мамандар базасы ретінде қалыптасуы бек мүмкін. Олай дейтінім, ашылған үйірмелер мен оларға қатысатын балалар туралы мәліметтің барлығы осы платформада сақталған. Демек, еліміздегі дарынды, өнер мен спортқа қызығушылығы, әуестігі бар балаларды бірден осы жерден тауып алуға болады.
Жоғарыда бос уақыт туралы айттым. Соған оралсақ, әке-шеше жұмыста, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа да болмаған соң таңнан қара кешке дейін балалар бар уақытын телефонмен өткізеді. Олардың басым бөлігі тәрбиені де, басқаны да қолындағы смартфоннан алып жатқаны жасырын емес. Тіпті соның салдарынан телефон мен ондағы ойындарға тәуелділіктің артып бара жатқанын психолог мамандар да айтып-ақ жүр. Ал ол тәуелділік баланың тек психикасына ғана емес, бүкіл денсаулығы мен өмір салтына көп өзгерістер әкеліп, кері әсерін қалдыратыны белгілі. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтсек, телефонға тәуелділік баланың мінезін бұзып, тым күйгелек болып өсуіне, өз ойын жеткізе алмайтын ынжық, жігерсіз болуына, көз, бас, омыртқа ауруларының дамуына себепші бола алады екен. Бос уақытын өзіне және қоғамға пайдасы тиер бір іс істемей, бекер өткізіп жатқан жеткіншектердің ерте жастан қандай да бір қауіп-қатерге ұрыну, қылмысқа бару, теріс жолға түсіп, зиянды әдеттерді бойына жинау ықтималдылығы жоғары. Ал мұндай балалар ертеңгі жарқын болашақтың негізі бола ала ма?
Осы орайда балаларды ерте жастан білім-ғылым мен шығармашылыққа, спорт пен өнерге баулудың маңызы зор. Әр баланың бойында белгілі бір салаға, кәсіпке деген қызығушылық, икем, тіпті мықты дарыны да болады. Егер оны уақытылы байқап, жан-жақты жетілдірер болса, болашақта оның биік белестерді бағындырары сөзсіз. Қазақтың тұңғыш психолог-ғалымы Төлеген Тәжібаев: «Еңбексіз бос жүру адамды моральдық жағынан құлдыраушылыққа, жалқаулыққа, зерігушілікке, жұрт еңбегінің есебінен күн көруге әкеп соғады, табиғи талантын мұқалтады» деген екен. Сондықтан табиғи талантты мұқалтпай, керісінше, барынша шыңдау керек. Ал осы ретте балаларды үйірмелерге беріп, болашағына бүгіннен инвестиция салудың орны бөлек.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ