Дүйсенбі, 20 Қыркүйек 2021 10:57

Көптің қалауы – Президент назарында

Дәстүрлі Жолдау... Өткенді саралап, барымызды бағалап, кем-кетігін күзеп-түзеп болашаққа бағдар құратын құжат. Құжат дегеннен шығады, өткен жылы дәл осы білім күнінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын жалпақ жұртқа жария еткен еді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев. Ентігіп келген індетпен күресіп қана қоймай, экономикамызды еселеп, тұрғындар тұрмысын түзеп, бірлігімізді бекемдей түсу тапсырылған-тын. Әлбетте, алтынмен апталмасақ та, қолымыз аузымызға жетті. Сынаптай сырғыған уақыт аралығында едәуір оң өзгерістер орын алды. Әлемдік дағдарысқа қарап, дағдарып отырғанымыз жоқ. Күн санап көшелер, ай аунап ауылдар абаттандырылғанын көріп,біліп жүрміз. Бір ғана іргелі Еңбекшіқазақтың өзінде жалпы соммасы 3 млрд теңгеге жуық қаржыға 37 елді мекеннің жолдары жөнделуде. Әлбетте бұл ауылға әр, өңірге өң беруде. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі де салыстырмалы сөйлесек, 105 пайызға артқан. Бұл оң үрдіс әр салаларда байқалуда. Бұл айтарымыз емес, аудан тұрғыны ретінде байқарымыз. Демек, келер жылдан да кемел істер күтеміз. Оның айғағы – «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» аттыЖолдауы. Дәстүрлі Жолдауды телеарнадан көріп түйсіндік.Көптің көкейінде жүрген келелі мәселелерді кесіп айтты Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Әсіресе, медицина, білім, ауылшаруашылығы салаларындағы олқылықтардың орнын толтыру мәселесі күн тәртібінде күйіп тұр. Бұл ретте Президент үшінші ауысымда оқитын білім алушылар саны еліміз бойынша 225 мыңға жеткенін жариялады. Бұлай жалғасса, 2025 жылы миллионға жуықтайтынын да жасырмады. Жағымды мәселені жылдамдатып шешуді де тапсырды әрі мұғалімдер жалақысын дәстүрлі өсіруге тағы да 1,2 трлн теңге бөлінетінін жеткізді.

Екіншіден, ауылшаруашылығындағы былықтардың да бетін ашты. Президент сөзіне сүйенсек, ауылшаруа-шылығы саласын субсидиялауға соңғы бес жылда мемлекеттен трлн теңгеден астам қаржы бөлінген. Әйткенмен, қаржы межеге жетпей, қойын қалталарға құлыптанған. Ол турасында: «Тергеп-тексерудің нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің 50 пайызға жуығы дәл осы субсидиялауда анықталған» деп ашынды Қ.Тоқаев. Одан қалса, қуаңшылықта қырылған малдардың мәселесіне де шүйлікті Президент.

«Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге кейбір шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иемденіп алған. Тіпті, оны аяқ баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер әртүрлі себептер айтып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін шаралар қабылдауы керек. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша мән берген дұрыс».

Иә, шаруагерлердің шымбайына батқан, әйткенмен біраз шенділерге қолы да, сөзі де жетпей жүрген мәселені нақ айтқан ел Президентінің бұл талабы қуантты. Осы арқылы қара жерге нәр, түлігін түгендеген қараша халық тұрмысына мән кіреді деген зор үміт бар.

Тағы бір қуантқаны, ең төменгі жалақы деңгейі 2022 жылдың қаңтарынан бастап 42500 теңгеден 60000 теңгеге дейін өсіруді міндеттеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Түмен ойдың түйіні бар. Даласын тұрмақ, санасын тәуелді етіп, ұлтын құл, рухын құм қылуды мұраттаған кеңестік кезеңнен де өттік, шүкір. Ердің күйкі, елдің жүдеу күйімен тәуелсіздікке жеттік. Мұның бәрін несіне жазып-сызып отырсыз дерсіз?! Айтпағым, Президентіміз атаған бірлік, татулық туы астына жиылу. Себебі, бүгінде тәуелсіздік төбемізден топ ете қалғандай күйдеміз. Ақиқаты осы деп қос өкпемізді қолымызға алып, шаужайланып тебінгенде алдымызға жан салмайтынды шығардық. Әрине, дұрыс. Әйткенмен, жалқылық ақиқат, жалпылық кесел тудырмауын пайымдауымыз маңызды. Еліміздің аузы енді ғана аққа тигенде кежегені кері тартпай, Абай айтпақшы, бар істі «ұғынысып, келісіп, жанжалсыз шешу» оңды қадам. Рас, азаттығымыз алдымызда, қазақтығымыз қанымызда. Ендеше, елімізді гүлдендіру, жерімізді түрлендіру – ортақ мақсат орайына жұмылайық, Бастысы, бірлігіміздің көбесі сөгілмесін!

 

Қайнар ЖҰМАҒОЖА,

«Мәңгілік Ел тұғыры» ҚҚ төрағасы, журналист

Оқылды 587 рет

Соңғы жаңалықтар

Желт 10, 2025

Көкжөтелдің қаупі

Көкжөтел – ол ұстама түрдегі ұзақ жөтелмен өтетін, тыныс алу жолдары, қан тамыры мен…
Желт 10, 2025

Жаңа туған кездегі профилактикалық…

Профилактикалық екпелер - инфекциялық аурулардың алдын-алу және…
Желт 10, 2025

Балаларға жаңа жылдық тәттілерді…

Мереке (туған күн, жаңа жыл т.б.) қарсаңында балаларға арнап тәттілер мен сый-жиынтықтар…
Желт 10, 2025

Моншалар мен сауналарға қойылатын…

Қоғамдық монша, сауналарға барған кезде ол орындардың санитариялық жағдайына ерекше…
Желт 04, 2025

Сыбайлас жемқорлық түсінігі және…

Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің тұрақты дамуына, қоғамдық қатынастардың ашықтығы мен…
Желт 04, 2025

Пиротехникалық бұйымдардың…

Пиротехникалық бұйымдарды (фейерверктер, отшашулар, жарық беру және дыбыстық эффектілер…
Желт 04, 2025

Неліктен ұнды фортификациялау маңызды

Халықтың денсаулығы мен тамақтану сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың стратегиялық…
Желт 04, 2025

Стоматологиялық ауруханаішілік…

Ауруханаішілік инфекцияларды әртүрлі микроорганизмдер тудыруы мүмкін. Оның ішінде…
Желт 04, 2025

«1 желтоқсан - АИТВ инфекциясына…

АИТВ - бұл адам ағзасының жасушаларына енетін және оны түрлі инфекциялардан қорғайтын…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет