СОНАУ МЫҢ ЖЫЛДЫҚТАРДАН БЕРІ КЕРУЕН ЖОЛДЫҢ БОЙЫНА ОРНЫҒЫП, ШАРТАРАПҚА ӨРКЕНИЕТТІҢ ШАМ-ШЫРАҒЫН ЖАҚҚАН ШАҺАРЛАРДЫҢ ДАҢҚЫН ЖҰРТ ҰМЫТПАСА КЕРЕК. ӨЙТКЕНІ ЖОЛ – ХАЛЫҚ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ТАУАР ТАСЫМАЛЫ МЕН ӨРКЕНИЕТ АҒЫСЫНЫҢ ӨЗЕНІ САНАЛҒАН. БҮГІНДЕ ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТ ТАРИХТА БОЛЫП КӨРМЕГЕН ЗОР ТЕХНИКАЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ИЕ, АЛ КҮРЕ ЖОЛДАР ӨЗ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН ЖОҒАЛТҚАН ЖОҚ. «ЖОЛ ЖАҒАЛАҒАН ЖОҒЫН ТАБАДЫ» ДЕМЕКШІ, ЖАҚЫНДА КҮРЕ ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА ІРГЕ ТЕПКЕН, АУДАНЫМЫЗДЫҢ ШЫҒЫСЫНДАҒЫ БАРТОҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ БҮГІНГІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСЫП ҚАЙТҚАН ЕДІК.
Дәрігерлік амбулатория жас мамандармен толығуда
Әлемдегі әр елдің денсаулық сақтау саласын сынға салған пандемия медицина мамандарының қоғамға қаншалықты қажет екендігін терең ұғындырды. Бүгінде Бижанов ауылындағы дәрігерлік амбулатория жас мамандармен, жаңа емдеу құрылғылармен толығуда. Қазір екі ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда 36-ға жуық емеду қызметкерлері тұрғындарға қалтқысыз қызмет етуде.
Сауда сәтіне басуда
Бүгінде округ аумағында 150-ге жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Тоғыз жолдың торабында ірге тепкен ауылдың сауда-саттықпен айналысқысы келетіндерге берер мүмкіндігі мол. Нұрәділ Сауытов 1997 жылдан бері азық-түлік сататын дүкен ашып, кәсіп бастапты. Бүгінде ол иелік ететін жеке ғимарат дүкен, асхана, мейрамхананы қамтып, 800 шаршы метрден асатын сауда орталығына айналған. Қазір сауда орталығында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Пандемия кезінде елдімекен тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге барымызды салдық. Әрине, санитарлық талапқа сай жұмыс істедік. Аз қамтылған отбасы-ларға қолымыздан келгенше көмектестік, – дейді кәсіпкер.
Округ әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 150 адамға 14 млн 324 мың теңге көлемінде көмек көрсетілген.
Жаңа спорт кешені бой көтерді
Округ аумағында осыған дейін ескірген әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған болатын. Солардың бірі К.Ибраимов атындағы спорт кешені.«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ауыл кәсіпкерінің демеушілігімен тұрғындар игілігі үшін сыйға тартылған ғимарат 2018 жылы мемлекет меншігіне қайтарылып, 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттары жасалған. Күрделі жөндеуден өтіп, өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Бартоғай ауылдық округі тұрғындарының спортқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қайта жаңғырған спорт кешенінің күрделі жөндеу жұмыстарына 332 млн теңге қаржы жұмсалыпты.
Жабайы саудамен күрес жалғасуда
Облыстық маңызы бар жолдың жағасын жайлаған жайма базардың қалыпты көлік қатынасына тосқауыл болатыны және ондағы сатылған тауардың сапасына ешқандай кепілдік берілімейтіні айдан анық. Соған қарамастан округте күнде алма, жүзімін сатып күнелтіп жүрген жандардың саны өсіп келеді. Бұған округ әкімі Талғат Өмірбеков те алаңдаулы.
– Жабайы саудаға жол жоқ деп барсаңыз, күйбең тірлігін айтып назданады, – дейді Талғат Алтынбекұлы. Ендігі шешімі де қолға алынған. Ол турасында Талғат Алтынбекұлы:
– Осы мәселенің тігісін жатқызу үшін аудан әкімдігіне арнайы өтініш айттық. Қазір құжаттандыру жұмыстары жүргі-зіліп жатыр. Ол шешілсе, талапқа сай жолдың шетіне маусымдық базар ашамыз. Қазіргі саудагерлеріміздің барлығын сол аумаққа көшіретін боламыз, – дейді.
Өңір өзгеріп келеді
Бүгінде бірнеше алып елді мекенге апаратын күре жол Бартоғай ауылдық округ эконо-микасының күре тамырына айналған. Ертелі-кеш толас таппайтын көлік керуені жол бойын жағалай орналасқан Байсейіттегі сауда орындарына тыңнан серпін беріп келеді. Сол себепті де керуен жолдың бойынан келер күннің шуағын көрген жұрттың тұрақты түтін саны да артып келеді. Округ әкімі аппаратының мәліметіне қарағанда, өткен жылы Бартоғай округі тұрғындарының саны 7 250 болса, биыл бұл көрсеткіш 7 436-ға жеткен. Сәйкесінше, округтегі бюджеттік түсім де ұлғайып келеді. Өткен жылы округтің салық түсімі 21 млн 900 мың теңгені құраса, биыл салық түсімі 27 млн 404 мың болады деп деп жоспарлануда. Еліміздің әр аймағына өң берген «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бартоғайлықтардың өміріне де өз шапағатын шашыпты. Өткен жылы аталған бағдарлама шеңберінде Бартоғай ауылдық округіне 14 млн 834 теңге бөлінген. Қаржы Байсейіт және Бижанов ауылдарындағы су құбырын жөндеуге жұмсалыпты.
– Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – округіміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Біз бұл түйінді оңды шешуге тырыстық. Жалпы елдімекеніміздегі тұғын-дар өміріндегі күрмеуі қиын мәселелердің түйінін тарқатуға барымызды салып келеміз, – дейді округ әкімі Талғат Өмірбеков.
Округ басшысының айтуынша, ауылдағы тазалық пен абаттандыру жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес. Биыл бюджеттен санитарлық тазалыққа 4 млн 791 мың теңге, ал жарықтандыруға 8 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржыға Бижанов ауылындағы Абай, Қонаев, Тәжібаев, Уәлиханов көшелерін жарықтандыру жұмысы қолға алынған.
Мәдениет үйі мен әкімдік ғимараты керек
Окургті аралаған сапарымызда жайдарман жаңалықтың көп енкендігін аңғардық. Дегенмен, өңірде тозған жолдар мен ескірген әлеуметтік нысандар жаңартуды қажат етеді. Округтегі мәдениет үйінің мәселесі әлі шешімін таппаған. Түтін саны тұрақты өсіп келе жатқан елді мекеннің рухани өміріне ажар беретін бір мәдениет ордасының болуы қажет. Сонымен қоса Бартоғай ауылдық округі әкімдігіне де жаңа ғимарат қажет.Бұған дейін округ әкімдігі «Шелек» өндірістік кооперативіне тиесілі ғимаратты жалға алып келіпті. Жақында округ әкімдігінен «Шелек» өндірістік кооперативі өзінің меншігіндегі нысанды босатуды сұраған.
Оқу ісіндегі оң өзгерістер
Бүгінде округ аумағында М.Мақатаев және И.Таиров атындағы орта мектептер балаларды білім нәрімен сусындатуда. Бижанов ауылындағы М.Мақатев атындағы орта мектеп 1979 жылы салынған, бүгінде оқу ордасында 2 ауысымда 835 оқушы білім алады. Әлемді әуреге салған пандемия салдарынан араға бір жарым жыл салып, оқушылар мектеп қабырғасына қайта оралды. Мектеппен қайта қауышқан балалардың жүзінен қуаныш көрдік.
Биылғы білім көрсеткіші де көңілге қонымды. 2020-2021оқу жылында аталған мектептің түлектері ҰБТ-дан орташа 84 балл алған. Әрине, мұнда біліммен қоса жас ұрпақты рухани уызға жарытуға өнімді жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте, Мектеп директоры Айгүл Жарқынбекова: «Мектебіміз аудандағы оқу көрсеткіші үздік оқу орындарының қатарында келеді. Біз білім берумен бірге оқушылардың рухани дамуына да баса мән береміз. Биылғы қашықтан оқу маусымында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі жобалар бойынша біздің мектептің мұғалімдері зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жобаларды дайындаған болатын. Осы жұмыстардың қорытындысымен таныстыру бойынша мектепте мектепішілік, аудандық іс-шаралар өткізіліп тұрады», – дейді. Бір өкініштісі, М.Мақатаев атындағы мектеп әлі күнге күрделі жөндеу көрмеген. Мектеп директорының айтуына қарағанда аталған білім ордасын күрделі жөндеуден өткізу жұмысы жөспарға енгізілген. Соған сәйкес, оқу орны 2023 жылы қайта жаңғырмақ.
Округтегі мектеп жасына дейінгі балаларды біліммен қамту көрсеткіші артып келеді. Бижанов ауылындағы «Күншауақ» балабақшасында 140-тан астам бүлдіршін тәлім алуда. Балабақша директоры Дана Даутқұлова жұмыстардың басты бағыты – оқу-тәрбие процесін жүйелі жоспарлау, жаңа инновациялық технологияларды енгізге отрып, балаларды дамытудың тиімді жолдарын қарастыруда екенін жеткізді.
Мал басы көбеюде
Бүгінде ауыл шаруашылығы округ экономикасының негізгі тірегі саналады. Өйткені бұл өңір төрт түлігі мыңғырған шұрайлы алқап. Сондықтан округ тұрғындары арасында мал шаруашылығын кәсіп еткендер мен қара жерге дән еккендердің қарасы қалың. Айталық, округтегі ірі қара саны биыл 2 320-ға, ал ұсақ мал басы 1 080-ге жеткен. Ағымдағы жылы округ көлемінде 20 тонна арпа, 1 500 тонна жүгері, 2 355 тонна соя және 20 тонна көкөніс пен 238 тонна қауын жиналады деп күтілуде.
Округтегі ірі шаруашылықтың бірі «Шелек» өндірістік кооперативін 1995 жылғы аумалы-төкпелі заманда ауданымыздың құрметті азаматы Аянбек Дауытқұлов қалапты. Бүгінде кәсіпкердің ұлы Исламбек Аянбекұлы өндірістік кооперативті өз қолына алған. Қазіргі таңда фермада 600 бас «Алатау» мен «Черная пестрая» тұқымды сауын сиыры бар. Арнайы сиыр сауатын отандық құрылғымен қамтамасыз етілген шаруашылықтың өнімдері «ФудМастер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жөнелтіледі.Қазіргі уақытта шаруашылықта 40-тан астам ауыл азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған.
ТҮЙІН:
Бүгінде өзгемен терезесі тең, керегесі кең ауылдың бар өмірі баянды. Бартоғай ауылдық округіне көп этнос өкілдері ірге тепкенімен, мұндағы тұрғындардың берекесі бекем. Өйткені округ аумағында тұрақтылықтың тұғырын мызғытпауға тиянақты істер тындырылуда. Біз де жол бойынан жоғын тапқан жұрттың көз қуанышы көп болсын дедік.
Ерзат АСЫЛ.