Табиғаттағы тепе-теңдіктің сақталуы – бүкіл тіршіліктің өз ретімен жалғасуының бірден-бір кепілі. Сондықтан табиғат пен адамзаттың үйлесімде болуы, бір-бірін толықтырып тұруы маңызды. Ал бұл үйлесімдікті орнату үшін табиғи парктер құрылып, тиісті мамандар жұмыс атқарады. Тылсым табиғаттың тамашасын қаз-қалпында сақтап қалуға күш салып, экожүйенің жүйелі дамуына үлес қосады. Олардың жұмысымен жақынырақ танысу үшін Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалына арнайы бардым.
Жалпы, Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1996 жылы құрылған. Ширек ғасырлық тарихы бар үлкен парк флора мен фаунаға бай. Мұнда өсімдіктердің 2000-нан астам түрі өседі және омыртқалы жануарлардың 270-ке жуық түрі мекендейді. Ұлттық парк өсімдіктерінің 37 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына, сүтқоректілердің, құстар мен қосмекенділердің 30-ға жуық түрі еліміздің және Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітаптарына енгізілген. Ілбіс, Тянь Шань қоңыр аюы, тас сусары, Түркістан сілеусіні секілді жануарлар ерекше қорғауға алынған. 199, 186 мың гектар жерді алып жатқан парк аумағында табиғаттың ерекше сыйы – сарқырамалар, мореналық көлдер, құз-шатқалдар, көз тартар көрікті жерлер – табиғи ескерткіштермен қатар, сан ғасырдың сырын шертер тарихи ескерткіштер де көп. Оған мысал – ауданымыздағы Асы, Түрген шатқалындағы ежелгі қорғандар, обалар мен тасқа қашалған жазулар. Мұның бәрі де – өңірде туризмді дамытуға сұранып тұрған дайын дүниелер. Бұл туралы алдағы уақытта жазамыз.
Сонымен аумағы осыншама байлыққа толы үлкен парктің ауданымызда орналасқан Түрген филиалына тоқталайық. Ұлттық парк Ақсай, Медеу, Талғар, Түрген сынды төрт филиалға бөлініп, Түрген – солардың ішінде жер көлемі жағынан ең үлкені, 74 594 га аумақты алып жатыр. Филиал өз ішінен үш орманшылыққа топтастырылған. Олар – Есік шатқалында орналасқан Есік орманшылығы, 10 шақты шатқал аумағына созылатын Маловодный орманшылығы және Түрген шатқалындағы Түрген орманшылығы.
Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Түрген филиалының басшысы Марат Оразбақов филиалдың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Мұнда табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауға жұмылған 120 адам еңбек етеді. «Біздің филиалдағы орманшылықтар барлығы 33 айналымға, яғни белгіленген аумаққа бөлінген. Есік орманшылығындағы 10 318 га жер 9 айналымға, 45 736 га жерді қамтитын Түрген орманшылығы 13 айналымға, ал 18 540 га жерге созылып жатқан Маловодный орманшылығы 11 айналымға бөлінген. Осы айналымның әрқайсысына жауапты инженерлер бар, яғни 33 инженер жұмыс істейді. Сондай-ақ 10 адамнан құралған жедел топ мемлекеттік инспекторы және инженерлік техникалық қызметтерге жауапты 15 адам жұмыс атқарады. Филиал бойынша 21 қызметтік үй бар. Олардың бесеуі Есік, сегізі Түрген және сегізі Маловодный орманшылығында. Мемлекеттік инспекторлар атпен қамтамасыз етілген. Барлығына жаздық және қыстық киім, сондай-ақ салтанатты киім үлгісі беріледі», – дейді Марат Нұртасұлы. Әрине, жұмыстың жемісті болуы қызметкерге жасалған жағдайдан басталатыны – ақиқат.
Орман қоры молайып келеді
Филиалдың жер көлемі 74 594 га екенін айттық, соның жартысына жуығы 30 618 га аумақты орман алқабы алып жатыр. Орман – қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыруға белсенді қатысатын объект. Яғни сөз басында айтқан, табиғи тепе-теңдікті ұстап тұруда ағаштардың алар орны бөлек. Орман қоры өсімдік пен жануарлар дүниесінің мекені ғана емес, ол климатты реттеп, топырақты эрозия мен тұзданудан қорғап, ауаны өндіріс қалдықтарынан тазалайтын, қоршаған орта үшін санитарлық-гигиеналық, сауықтыру сынды қызмет атқаратын үлкен жүйе. Ата-бабамыздың «Бір тал кессең, он тал ек» дейтін өсиеті де осыдан қалса керек. Осы орайда филиалға қарасты орман қорының қазіргі жағдайын сұрадық. Басшының орынбасары Қанат Молдасынов орман шаруашылығында жасалып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндап берді. Орман алқаптарының азаймауы үшін мұнда жыл сайын 13 га жерге ағаш отырғызылады. Ол үшін күз айларында орманшылық қызметкерлері белгіленген мөлшерде тұқым жинайды. Жиналған тұқым «Қазақ мемлекеттік республикалық ағаш тұқымы мекемесіне» сараптамаға жіберіледі. Онда тұқымның өнгіштігі мен өсу қарқыны зерттеліп, 3 класқа жіктеледі. Яғни өну мүмкіндігі жоғары, орташа және төмен болып топтастырылады. Осы сараптама қорытындысына қарай тұқым сепкенде өсу мүмкіндігі төмен тұқым белгіленген орынға әдеттегіден көбірек себіледі. «Осылайша олардың өну мүмкіндігін арттырамыз. Жыл сайын 0,26 га жерге тұқым себіледі. Олар ұлттық парктің Түрген филиалы аумағындағы 4 тұқымбақта өсіп-өнеді. Биыл да жоспарға сай 13 га жерге көшет отырғызылды. Түрген орманшылығында 11,4 га жерде екпе ағаштар бой көтерсе, оның ішінде 5 га – Сиверс алмасы, 5 га – Шренк шыршасы және 1,4 га – кәдімгі өрік. Есік орманшылығында 1,6 га Сиверс алмасы екпе көшеттері толығымен отырғы-зылды. Тұқымбақта тұқым себу жоспар бойынша 0,26 га жерге толық себілді, оның ішінде кә-дімгі өрік 0,06 га жерде Есік орманшылығында, Сиверс алмасы 0,13 га Түрген орманшылығының Тескенсу сайында және Батан шатқалында Шренк шыршасы 0,07 га жерге тұқымдары себілді», – дейді Қанат Мұқанұлы.
Орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында стратегиялық жұмыс жүргізетін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны бар. Осы мекеме қызметкерлері 10 жыл сайын санақ жұмысын жүргізіп, парк аумағындағы қай жерлерге ағаш отырғызу керектігі мен қай аумақтағы ағаштарға іріктеп-санитарлық кесу жұмыстарын жүргізу керектігін белгілеп береді. Ұлттық парк қызметкерлері осы негізде жасалған жоспар бойынша жұмыс атқарады.
От тұтандыруға тыйым салынған
Орман жайлы сөз қозғағанда, өкінішке қарай, «орман өрті» деген тіркес те ойға сап ете қалады. Табиғаттың қас жауы – осы қызыл от болса, сол отты тұтандыратын – көп жағдайда адамдар. Былтыр ұлттық парктің Түрген филиалында 2 өрт болса, биыл 5 өрт тіркеліпті. Оның төртеуі Түрген орманшылығында, біреуі Маловодный орманшылығында болып, жалпы 9 га-дан астам аумаққа жайылыпты. Қуанышқа қарай, өрт орман алқабында емес, шөптесін жерде болған. Дегенмен, от қай жерде тұтанса да, өрттен табиғатқа келер зардап көп. Сондықтан оның алдын алу – орманшылық қызметкерлерінің басты міндеті. Осы орайда халық арасында, парк аумағына келген демалушыларға өрт қаупі үнемі түсіндіріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Былтырдан бері ұлттық парк аумағында демалушыларға от тұтатып, тамақ жасауға тыйым салынған екен. Дегенмен, шағын газ баллондарын қолдануға рұқсат. Өкінішке қарай, бұл тыйымдарға құлақ асатын адам аз. Сондықтан инспекторлар үнемі рейд жүргізіп, бақылап отырады. Сонымен қатар өрттің алдын алу мақсатында 6 адам уақытша өрт күзетшісі жұмысын атқарып жатыр. Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Түрген филиалында төтенше жағдайлар болғанда жұмылатын 10 адамнан тұратын жедел топ құрылып, арнайы киіммен және құрал-сайманмен қамтылған. Биыл 6 өрт мұнарасы, тікұшақ қонатын 6 алаң жаңартылған екен.
Аң-құс қызметкерлердің қорғауында
Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Түрген филиалында 10 адамнан жасақталған жедел топ жұмыс істейді. Олар жаңа айтқан өрттің алдын алумен қатар парк аумағындағы аң-құс, жануарлар дүниесіне жауапты. Бұл істе жедел топпен бірге аңтанушы биолог маман да жұмыс істейді. Олар жылына екі мәрте аң-құсқа санақ жүргізеді. Санақ жүргізуде мамандарға Түрген филиалындағы Түрген мен Маловодный орманшылықтарында орнатылған 10 фотоқақпан да үлкен көмек. Бұдан бөлек көктем мен күз мезгілінде тұзжалақтарын жаңарту жұмыстарымен айналысады. Тұз жа-лақтарынан бөлек жануарлар үшін тұзды сыпыртқылар дайындалып, аңдар жүретін жол жиегіне ілінеді. Ал жаз айларында жануарлардың қысқы азығы – шөп жиналады. Шөпті жинап, жер-жерге шөмеле үйіп қояды екен. Әрине, бұл аталғандар – жедел топтың атқаратын көп қызметінің тек бір бөлігі ғана. Аң-құсқа жасалатын қамқорлықтың ең үлкені – оларды адамдардан қорғау, браконьерлердің жолын кесу.
Қоқыс жиналып жатыр
Табиғат туралы айтқанда ондағы таңғажайыпты бұзатын жабайы аңдар емес, өзіміз – адамдар екені жанға батады. Яғни адамдардың жабайылығы. Осы орайда демалу мәдениетін қалыптастыру – өте маңызды мәселе. Экотуризмнің мән-мағынасын халық әлі жетік білмейтіндей көрінеді. Табиғатқа артынып-тартынып сонша тамақ апарып, жеп, жегенінен қалғанын жан-жағына шашып, айналаны қоқсытып кету – бүгінде, өкінішке қарай, көз үйренген жағдай. Демалушының мәдениеті осыдан аспай қалып жатыр. Осы орайда «Адамдар, тұмса табиғатты тек тамашалау керек. Қоқыс тастауға болмайды! Табиғаттың сұлулығына сүйсініп, одан ләззат алу керек. Ағашын сындырып, гүлін жұлуға болмайды! Тамақты үйде ішіп, тойып алыңыздар!» деп барша жұрт еститіндей айғайлап жар салғың келеді.
Қоқыс сияқты үлкен мәселенің жайын біржақты ету үшін парк Алматы қаласында орна-ласқан қоқыс өңдеу зауытымен келісімшарт жасасқан. Орманшылықтардан жиналған қоқыс бірден Алматыға жөнелтіледі екен. Сонымен қатар парк қызметкерлері әрдайым түрлі акциялар ұйымдастырып, демалушыларға түсіндіру жұмыстарын өткізіп отырады. Мысалы, жақында бір айға созылған «Эко ізсіз демалыс» акциясы қорытындыланды. Туризм күніне орай Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалы, Есік орманшылығы, Есік көлінде Қазақстан туристік ассоциациясымен бірлесе өткізген экологиялық маңызы ерекше бұл акцияда Есік көлінің аумағына ағаштар отырғызылып, айналаны қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілген. Демалушыларды қызықтыру мақсатында акцияға қатысушыларға жинаған қоқыстың көлеміне қарай түрлі жүлделер де табысталған. Мысалы, 5 қап қоқыс жинаған адам Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің грамотасымен марапатталады. 20 қап қоқыс жинаған жандарға Іле Алатау ұлттық табиғи паркінің логотипі және акцияның эмблемасы бар футболка мен бейсболка беріліп, парктің Құрметті еріктісі мәртебесіне ие болды.
Демалушы мәдениетін қалыптастыру мен халық арасында табиғатқа деген жанашырлықты ояту үшін Түрген филиалының эколог-ағартушысы Жанаргүл Ниеталиева белгіленген жоспарға сай халық арасында, мектеп оқушыларымен түрлі семинарлар, жарыстар мен ойындар, түсіндіру жұмыстары өткізілетінін айтты.
Заң бұзушылар жоқ емес
Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқанның өзінде заң бұзушылықтар тіркеліп жатыр. Филиал аумағында 12 орман заңнамасын бұзушылық оқиғасы тіркеліп, жалпы соммасы 189 520 теңге айыппұл салынып төлетіліпті. Оның ішінде: заңсыз мал жаю – 1 оқиға – 29 170 теңге айыппұл салынып төлетілген, орман алқабын қоқыстармен ластау – 10 оқиға – 145 850 теңге айыппұл салынып төлетілген, орманда өрт қауіпсіздігі талап-тарын бұзу – 1 оқиға – 14500 теңге айыппұл салынып төлетілген.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ.