Бейсенбі, 25 Қараша 2021 11:36

Ұстаз мәртебесіне газет нұқсан келтіре ме?

 

Биылғы 2021 жылға баспасөз құралдарына жазылу барысында мектептерде өтетін сан қилы іс-шараларға білім мекемесі басшыларының шақыруымен барған тілші, фототілшілерімізге редакция тарапынан тапсырма беріп отырамыз: мұғалімдер газетке жазыла ма екен, анықтай кел деген. Өте ғажайып жағдайлар болып жатыр. Оқырманнан кешірім сұрай отырып, моральдық, заңдық тұрғыдан қызметкерлеріміздің естіген жауаптарын аттарын атамай келтіре кетпекпін. «Қандай газетке жазылдыңыз?» деген сұраққа біркелкі жауап – «Газетке жазылуға міндетті емеспін!».

Иә, газет оқы деп ешкім мәжбүрлемес. Газет-журналдарға жазыл деп те қыстау жоқ. Бірақ қай мамандықты алсаңыз да жоғарғы оқу орнының дипломымен бірге білім мен тәжірибе берілмеуі заңдылық. «Ғасыр өмір сүрсең, ғасыр бойы оқы» деген тәмсіл қайда қалады? Газет оқу міндеттелмеген деген жауаптан да сорақы ақпарат жетті газет редакциясына. «Газетке жазылмаймын, жаздырмаймын» деп жазбаша қолхат талап еткен де жағдай орын алған.

«Япырмай, ұлт ұстаздары Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин бабаларымыз, олардан бергі оқу-білім саласының белгілі тұлғалары осындай ақпарат алаңынан тыс вакуум жағдайында жұмыс істейміз деген әріптестерге не дер еді?» деген ой келеді.

Ұстаздың беделін түсіріп алғанымыз рас. Кеңес заманында сол білім саласының қызметкерлері Орталық, Шығыс, Солтүстік аумақтарда астық жинау, оңтүстікте мақта теру сияқты маусымдық науқандарға қатысқан. Осы жолдардың авторы мектепте істей жүріп, комбайнмен егін соғуға, жүк машинасымен астық тасуға да қатысқанын бұл үрдісті дәріптеу үшін жазып отырғаным жоқ.

Ол техниканың, жұмыс күшінің жетпей жатқан кезеңдері еді. Ол заманның мұғалімдері қырманда бидай қабылдай жүріп-ақ беделін жоғалтпаған.

Әрине, бүгінгі күндері кейбір шала басшылар ауыл, қала көшелерін сыпыртқызып қойса, газетке мәжбүрлеп жаздырса, әртүрлі комиссиялар құрамына кіргізіп, негізгі жұмысы жайында қалса, мұғалім мәртебесі плинтустан да төмен түсері анық. Бірақ қаланың да, даланың да алдыңғы қатарлы өркениетті азаматтары саналатын ұстаздар мен дәрігерлер, жоғары білімді мамандар мен мемлекеттік қызметкерлер оқымаса-тоқымаса, қалай интеллигенция санатындамыз деп өздерін атай алады?!

Мемлекеттік қызметкер демекші аудан бөлім, басқарма басшылары мен мамандары қызмет бабымен газетте жариялаған мақала-хабарландыруларының ең болмаса көшірмесін алуға ішкі саясат бөліміне осындағы тігінділерден скриншот алуға сабылады дейді бөлім басшылары мен мамандары.

Апырмай, әр бөлімде кемі үш-төрт қызметкер бар. Мың теңгеден жинаса бір дана аудан газетін жаза алады екен. Енжарлық па, сараңдық па? Әлде, кешіріңіздер, білімсіздік пе? Мемлекеттік қызметтің бір бағыты осы көрсетілетін қызметтің орындалу жолдарын елге түсіндіру. Айтары жоқ ауыл, қала әкімдіктері осы түсініктемелерді үздіксіз жіберіп, жариялап беруімізді өтініп жатады. Өтініштерін орындап отырмыз. Өкіндіретіні – кейіннен редакцияға қоңырау шалып, электронды пошта арқылы көшірмесін сұрайтыны. Ал сол ауыл тұрғындары газет алдырып оқымаса әкімдіктер түсініктерін кімге жолдағаны?

Бұл жағдай құқық қорғау органдарында да бар. Мен мемлекеттік құпия болмаса да ішкі істер басқармасының қатары біршама баршылық деп қана қояйын. Ішкі істердің атқарып жатқан қызметі ұшан-теңіз. Ақпарат алу-беру де өте қажет. Бірақ ең болмаса бөлім-бөлімше дегендей бір-бір тал газет жаздыру орнына қызметкерін жіберіп бір экземпляр сұрататыны қиын. Сол жүздеген тәртіп сақшылары, қылмысқа тосқауыл қоюшылардың оннан бірі газет алса, сауаттары ашылар ма еді, қайтеді? Тағы бір ашындыратын мәселе – ішкі істер қызметі негізінен орыс тілінде. «Равняйсь! Смирно!» деген сияқты сөздерді аудан аумағындағы әскери бөлім түгелдей қазақшалап, мемлекеттік тілді үйрету жүйесін де әлдеқашан жолға қойған. Ал түгелдей дерлік қазақ полиция қызметкерлері есепті баяндамаларын да орысша өткізеді.

«Газеттің күні қараң» деп сонау отыз жыл бұрынғы өтпелі кезеңде үкімет басқарған бір азамат аудан, қала газеттерін қысқартуды да ұсынған еді. Сонда кітап палатасында сақталған Ұлы Отан соғысы жылдары үздіксіз шығып, жерлестерінің ерліктерін, тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін жариялаған «Еңбекшіқазақ» газетінің «Үлгілі колхоз» деген атпен шыққан нөмірлерін мысалға келтіре отырып, аудан газетін шығаруды тоқтатуға қарсы болған көптің бірімін. Бір айтарлығы сол кездегі ыдыраған Кеңес одағынан кейінгі Тәуелсіз Қазақстанның Еңбекшіқазақ ауданының жаңа басшылығынан қолдау таптық.

Газеттің көлемі шағын дегенмен, жарияланымдар ауқымы кең. Ауданымыздың экономикалық бағыты ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өңдеу болған-дықтан әр кезде кәсіпкерлердің, фермерлердің іс-әрекеттерін бұл саладағы мемлекет қамқорлығын жариялап отыру міндетіміз деп есептеймін. Әттең «соны түсінетін бала қайда» дегендей фермер-кәсіпкерлеріміз белсенділік таныта қоймағаны да рас. Бір кездерде өсімдік өсіру саласына берілетін тегін немесе арзандатылған тыңайтқыш, өсімдіктердің аудан экономикасына пайдалы түрлерін өсіруге берілетін қайтарымсыз субсидия дегендей ақпараттарды да жариялап келгенбіз. Бірақ кейіндері бұл тақырып та жабылып тынды. Неге екенін көзі қарақты оқырман өзі болжай жатар.

Баспа ақпарат құралдарының болашағы жоқ деген сөздерге айтар уәжім – электронды, цифрлы құралдардан тыс қалған жоқ «Еңбекшіқазақ» газетінің редакциясы. 2017 жылы мемлекеттік тіркеуден өткізілген mezet.kz желілік басылымы негізі аудан аумағында болса да мүмкіндігі облыс, республикаға дейін ақпарат тарата алады. Бұл ақпарат құралы да ешбір қаржыландырусыз газет редакциясының есебінен қызмет көрсетіп тұр.

Сөз соңында айтарым – еліміздегі интернет қызметі жөнге келмей, баспа ақпарат құралының маңызы жойылмайды. Теледидар көрермендерінің жуықта көрген оңтүстік өңірдегі кірпіштен қаланған биік мұнар-мінбер естерінде болар. Бұл мұнараға мобильді байланысқа шығу үшін көтеріледі екен. Өз облысымызда да онлайн сабақ алу үшін үйдің шатырына, биік төбеге шығып сигнал «аулаған» тәлімгер-студенттер көрінісі де көз алдымызда. Көш жүре түзелер дегендей цифр қызметі де дамып кетер. Ал бүгінгі күні баспа ақпарат құралының маңызы кеміген жоқ, құрметті оқырман! Тек мәжбүрлеп оқытып, мәжбүрлеп газетке жаздырмасақ та жазылушылар бар. Оған айғақ сөз басында айтылған білім саласы қызметкерлерінің қоңырау шалып: «Неге мұғалімдерге газетке жазылуды шектейді?» деген наразылықтары. Ал бірнеше мектеп директорының орынбасарлары редакцияға келіп, осы тақырып бойынша шағымданғанын қайтерсің?! Менің жауабым: «Газетке, журналға мәжбүрлеп жаздыру деген заң жоқ және оған шектеу қою да шектен шыққан заңсыздық».

Хайролла АХМЕТЖАНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Оқылды 657 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Тіл — әлем есігін ашатын кілт Туризм – тәрбие кепілі »

Соңғы жаңалықтар

Сәу 15, 2024

Зоя МАГАМАДОВА, заместитель…

Акцию «Таза Қазақстан» школа имени Толе би проводит с начала апреля. Учащиеся 5-11…
Сәу 15, 2024

Жанаргуль НИЕТАЛИЕВА,…

Тургенский филиал Иле-Алатауского ГНПП такие акции с участием школ Тургенского сельского…
Сәу 15, 2024

Алматы облыс әкімі Марат…

Облыстағы аталған бағыт аясында Жамбыл ауданындағы «Жамбыл Жабаев» мұражайы, «Таңбалы»…
Сәу 11, 2024

Аманаттықтар көмек қолын созуда

Алматы облысында су тасқыны болған өңірлерге көмек жинау қызу жүріп жатыр. Игі бастамаға…
Сәу 04, 2024

Ұлт саулығына төнген қатер

Денсаулық – бірінші байлық. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстанып, деннің сау болуына…
Сәу 04, 2024

Әлеуетті мекеннің өрісі кең

Ауданымыз жер көлемі мен ел көлемі бойынша алдыңғы қатарда екені белгілі. Соған сай…
Сәу 04, 2024

Сатираның сардары

«Адамгершілігі жоқ қоғамның сатиригі хайуандар туралы мысал жазады. Уот тәк!» – деп…
Нау 29, 2024

Көктерек қашан «ауыл» болады?

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт…
Нау 29, 2024

Аудан әкімі тағайындалды

Кеше аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІХ сессиясында аудан әкімі лауазымынаТалғат…

Күнтiзбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет