Жұма, 25 Қыркүйек 2020 21:25

Туризм – тәрбие кепілі

«Ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту – маңызды міндетіміз»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың

Қазақстан халқына Жолдауынан.

 

Қазіргі заманда туризм дамып, кейбір елдерде экономиканың өркендеуіне зор үлес қосуда. Алтын киімді адам табылған ауданда соңғы кезде туризм саласы алға жылжи бастады. «Еңбекшіқазақ» газетінде жарияланған кәсіпкерлік бөлімнің басшысы Нұрболат Серғалиұлының газет тілшісіне берген сұхбатына сенсек, қазіргі уақытта ауданда 7 қонақ үйі, 1 қонақжай үйі, 3 демалыс үйлері, 3 сауықтыру лагері, 2 аңшы үйі және 2 демалыс орны жұмыс істеуде. Жарты жылдың өзінде 10496 адамға қызмет көрсетіп, туристік-сауықтыру қызметінің көлемі 23,9 млн теңгені құрады. Әрине, 300 мыңға жуық адам тұратын аудандағы бұл көрсеткіш туризм саласының дамуына көп әсер ете қоймасы анық.

Ауданымыздың географиялық орналасқан жері туризм саласын дамытуға өте ыңғайлы. Бұл өңірде, тау да, көл де, өзен де, орман да, дала да, қала да бар. Аудан арқылы өтетін Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Алматы – Көкпек – Көктал және Үлкен Алматы каналының бойымен жүретін автомобиль тас жолы, Жетіген – Шелек темір жолы, сондай-ақ Қапшағай-Іле өзені арқылы жүретін су көліктері аудан индустриясының дамуына серпін берері сөзсіз. Алайда, туризм саласының дамуына қолбайлау болып тұрған кейбір мәселелерді қозғамай өтпеске болмас.

Ертеде әскерлер үлкен өзеннен өте алмай қиналыпты. Сол кезде ақылды бір адам аттардың жал құйрығынан арқан есіп, сал жасап өзеннен өткен екен. «Ертеде» демекші, бабаларымыз талай өзеннен өтіп, талай асулардан асып, «көшпелі туристер» күнін көріп өтті ғой. Ғалым, этнограф, саяхатшы Шоқан Уәлиханов Қашқарияға, Ыстықкөлге саяхат жасап, талай тарихи танымдық еңбектерін жазды. Демек, туризмді тек бір елге, бір жерге барып саяхат жасау деп түсінбеу керек. Қазіргі заманда туризм ол балаларды, жастарды, азаматтарды тәрбиелейтін құрал болмақ. Кезінде халықаралық туризм орталығының басшысы В.Шляков «Коммунизмді тек туризм арқылы құруға болады» деген еді. Демек, туризм арқылы адамдар, бір мақсатпен еңбек етеді.

Тәрбиенің бастауы – мектеп. Бір сыныпта оқыған балалар бірігіп, топ құрып, жорыққа дайындалады. Жол картасын жасайды, керекті заттарды түгендейді, ішінен жол басшысын сайлайды. Топ құрамында: жетекші, суретші, күнделік жүргізуші, аспазшы, дәрігер, биолог, зоолог, географ, геолог, гидролог тағы басқа жорыққа керекті мамандарды оқытып, дайындайды. Жорықтан кейін бәрі ақылдасып, қорытындысын шығарады, жақсы еңбек еткендер марапатталады. Жалқаулар келесі жорыққа қатыстырылмайды. Сөйтіп, «құмырсқа илеуіндей» туризм үйірмесі пайда болады. Осы үйірме арқылы мектепте, ауылда туризм жұмысы жандана бастайды.

Жалпы, туризмді дамыту үшін осындай «құмырсқа илеуінен» бастау керек сияқты. Жаңағы «туристер» құмырсқалар сияқты еңбек етеді. Алғашында оларға ешкім дайын тамақ, көлік, шатыр тігіп бермейді. Қармақ салу, тұзақ құру арқылы бабаларымыз секілді жан бағып, өмір сүруге дағдыланады. Бұл мысалды мен өз басымнан өткен күндерден келтіріп отырмын...

Ал қазіргі заманда бәрі бар, тек дұрыс ұйымдастыра білу тиіс. Ол үшін әр ауылда туризм үйірмесін ашу керек. Мектептерде туризм үйірмесіне факультативтік сағаттардан «өлкетануға» бөлінетін қаражат табуға болады. Үйірмені жүргізетін мамандарды таңдап, олардың білімін жетілдіріп, дұрыс жұмыс жүргізуіне жағдай жасау қажет. Сонда ғана туризм саласының алғашқы бағыттары жұмыс істей бастайды.

Ауданда туризм саласын басқаратын маман керек. Туризмге керекті қаражат бюджет және жеке кәсіпкерлер арқылы жиналады. Сол кезде ғана туристік базалар жұмыс істей бастайды. Ал мектептер мен оқу орындарында туризмді тәрбие құралы ретінде пайдалансақ, жастардың ой өрісі, білімі, дене дайындығы, өмір сүруге, Отан қорғауға дайындығы шынықтырылады.

Ауданда «Менің елім – Қазақстан» деген жастардың туристік-өлкетану экологиялық экспедиция жұмысын жүргізу керек. Ол үшін әр ауылда, әр мектепте 15 адамнан кем емес экспедиция мүшелерін құрып, оларды экспедиция бағыттары бойынша нұсқаулық-оқыту әдістерін үйрету керек. Экспедиция мүшелері өз бағыттары бойынша жоспар жасап, конференциялар, келісулер, серуендер, экскурсиялар, жорықтар, саяхаттар ұйымдастырады. Ең тиімдісі – жаяу жүру жорығы.

Туристер велосипедпен, атпен, автомобильмен, мотоциклмен, су көлігі және авиация арқылы, мысалы, мынандай бағыттар бойынша жұмыс істейді:

– «Тарих қойнауына» тақырыбында тарихи археологиялық ескерткіштер, мұражайлар, қорықтар т.б.;

– «Сөнбейтін жұлдыздар» ауылдың, қаланың ардақты адамдары туралы деректер. Оларға орнатылған ескерткіштерді қорғау;

– Халықтардың әдебиеті, мәдениеті, әдет-ғұрпы, халықтар достығын бейнелейтін кино, фото материалдарды жинау;

– Ауыл, қала экономикасын зерттеп, талдау, насихаттау;

– Табиғат және экология тақырыбында ауылдың, қаланың жағдайында туристік-экологиялық соқпақтармен жүріп, эколоuиялық туризмді дамыту.

Экспедиция елді мекен тұрғындарының 30%-ын спортпен, туризммен қамтамасыз етудің жағдайын жасауға атсалысады. Осылайша, жыл соңында әкімдердің, мекеме қызметкер-лерінің есебінде экспедиция мүшелерінің жұмысы рейтинг бойынша бағаланып отырса игі еді.

Бұл – менің тәжірибелі туризм маманы ретіндегі ұсынысым ғана. Әлеуеті мол алып ауданымыздағы туризм саласын көркейту – баршамыздың міндетіміз, азаматтық парызымыз. Осы парызын атқару барысында туризм саласында аянбай еңбек еткен, олардың нәтижелі жұмыстарының арқасында Еңбекшіқазақ ауданы облыс, республика, халықаралық дәрежеде жүлделі орындарға ие болды. Есік қаласында балалардың туризм және экскурсиялық орталығы болған. Оларды Мәлік Әлиев, Владимир Гардиенко, Руслан Белобров, Әбжәміл Абдулхаиров, Мәулен Есімханов, Дәулетхан Айтбаев басқарса, соңғы кезде облыстық туризм орталығы тарап, оның орнында Есік қаласында аудандық балалар туризм орталығы құрылған еді. Орталықты басқарған Сейдахмет Жұмалиев зейнеткерлікке шығып, қазір Мұрат Ақаев аудандық балалар және жасөспірімдер туризм-экологиялық орталығын басқарып отыр.

Туристік үйірмелердің іс-тәжірибесі олардың өлкетанудағы жетістігіне байланысты. Ешбір жәдігерлерді жинамай, құры серуендеу ешқандай нәтиже бермейді. Сондықтан туристердің жорық, саяхат, серуен кезіндегі жинаған экспонаттарын өлкетану мұражайында сақтау керек. Ал мұражайды құру бір күндік мәселе емес.

Қазіргі кезде жастар арасында туризм саласында талпынып, машықтанып жүрген Асылбек Сайбосынов, Қанат Жеткербаев, Азамат Мырзағали, Жандос Рахымбай, Бахтияр Таиров және Екатерина Малыгина сияқты жас мамандар өсіп келеді.

Ауданымыздың туризм саласындағы еңбек еткен ардагерлер арасынан Алевтина Волкова – экологиялық туризм, Сәрсен Қасымов – велотуризм, Евгений Кандратов – спорттық бағдарлама, Осман Сардаров – Қазақ Спорт Академиясында туризм кафедрасының магистранты, Орденбек Мазбаев – Астанадағы Еуразия Университетінде география ғылымдарының докторы ретінде қызмет атқарады. Осы сияқты тәжірибелі туризм мамандарының еңбектерін үйреніп, зерттеп жұмыс істесек ауданымыз туризм саласының «меккесіне» айналар еді.

Спорт және туризм саласында жарты ғасырдай қызмет атқарған кездерімізді еске алсақ, талай белестерде, асуларда, бірге қолтықтас болған жолдастарымды халықаралық туризм күнімен құттықтай отырып, олардың алынбаған асуларын келешек ұрпақтар атқаратынына сенемін.

 

Тоқтасын МҰСАБАЙҰЛЫ,

Халықаралық балалар, жасөспірімдер туризм және өлкетану академиясының құрметті академигі,

ҚР Халық ағарту ісінің озық қызметкері,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ауданның құрметті азаматы.

Қорам ауылы.

Оқылды 1865 рет

Соңғы жаңалықтар

Нау 18, 2024

Құрылтай

Кешегі Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомат Тоқаев күн…
Нау 14, 2024

Түйінді түйіткілдер оң шешімін…

Жуырда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыстың күн…
Нау 07, 2024

Аудан әкімінің міндетін атқарушы …

Ардақты ақ жаулықты аналар, аяулы арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні…
Ақп 22, 2024

Отбасы – тәрбие бастауы

Жақында Азат орталау мектебінде Рахат округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан…
Ақп 22, 2024

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Есік қаласында ауқымды…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен Тустукбаев Бағлан Ахихатұлы, 1989 жылы 7 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Мен, Әділхан Азамат Әділханұлы, 1993 жылы 11 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келдім.…
Ақп 21, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы …

Мен Тойғанбеков Бақберген Бауыржанұлы 1988 жылы 21 сәуірде Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе…

Күнтiзбе

« Наурыз 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет