Жұма, 03 Наурыз 2023 11:16

Онлайн-казино – ұлт қасіреті

Еліміз болашаққа қарай қадам басып, биікке құлаш сермеген сайын кедергілер мен қиындықтардың кездесуі – заңдылық. Ақпараттық технология дамыған заманда қолжетімділік артып, тұрмыс-тіршілігіміз жеңілдей түсті. Десек те, бұл қолжетімділіктің кемшін тұстары да бар. Ұлтқа, жастарға жанашыр азаматтар букмекерлік кеңселермен күресіп, дабыл қағып жатқанда, қасіреттің «көкесі» босағамыздан аттап, төрімізден бір-ақ шықты. Айтпағымыз, жарнамасы айдай әлемге жар салған – онлайн-казинолар және құмар ойынның құрығына ілінген тағдырлар.

Осы күнге дейін талай тағдырларды қыршын еткен, мыңдаған отбасылардың шаңырағын шайқалтып, баланы тірі жетім, әйелді жесір атантқан букмекер атаулыны жою туралы бастама көтеріліп, үкімет құлақ асқандай болды. Осылайша, қала орталықтарынан ойып тұрып орын алған букмекерлік кеңселердің есігі оңай олжа көздегендер үшін тарс жабылды. Букмекерлік кеңселерге тексерулер жүргізіліп, салықтан жалтарған басшылықтар құрықталды. Бірақ, мұнымен мәселе түбегейлі шешілмеді. Керісінше, қанат жайып, қолжетімділігі арта түсті. Барлық бәс тігу ойындары онлайн жүзеге асып, букмекерлік сайттардың қатары артты. Бұнымен қоса онлайн-казинолардың да дәурені жүріп тұр қазір. Бұл бизнестің артында кім тұрғаны белгісіз, бірақ қаншама ата-ана, бала-шағаның көз жасына себепші болған, талай азаматтардың өмірін қиған казиноларға тосқауыл болмай тұр. Заң жүзінде онлайн-казиноларға рұқсат жоқ. Қазақстанда «Ойын бизнесі туралы» заңның 6-бабына сәйкес, республика аумағында интернет-казинолардың қызметіне тыйым салынған. Сондай-ақ заңмен сот актісі негізінде қызметі ел аумағында заңсыз деп танылған ойын бизнесін шетелдік ұйымдастырушылардың пайдасына ақша аудару қызметтерін көрсетуге болмайды. Заң бұзушылықтар анықталғаннан кейін, интернет-ресурстардың әкімшіліктеріне оларды жою туралы ескертулер жіберіледі. Ескерту еленбеген жағдайда материалдар мен интернет-ресурстар сот тәртібімен немесе соттан тыс тәртіппен бұғатталады. Елімізде құзырлы органдар тарапынан ескертулер немесе тосқауыл қою жұмыстары жасалмайтындай көрінеді. Себебі, интернет-казинолардың жарнамасынан көз сүрінеді. Алысқа бармай-ақ, Алматы қаласына жол тарта қалсаңыз көшелердің бойы толған букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолардың жарнамасы. Одан қалса, көліктерге де жапсырылған жарнамалар да күн санап көбеюде.

Құзырлы органдардың мәліметінше, 2021 жылы интернет-казино қызметіне және жарнамасына байланысты тіркелген заң бұзушылық бойынша 2 мыңнан аса интернет сайтының жұмысына шектеу қойылған екен. Алайда, бұл шара онлайн-казино санының азаюына септігін тигізбейді, керісінше, бұғаттаудан кейін жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жаңа сайттар қаптап шыға келеді. Яғни заң тетіктерінің мүмкіндіктеріне қарамастан, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан интернет-казинолардың қызметіне қарсы іс-қимыл шаралары жеткіліксіз болып отыр.

Енді қайтпек керек? Бұл бағытта шет елдердің тәжірибесін елімізге енгізген дұрыс секілді. Айталық, Американың бірқатар штаттарында 2006 жылдан бері интернет-казино қызметіне тыйым салынған. Қаржы ұйымдары интернет-казиноға бәс тігетін азаматтардың шоттарына қызмет көрсете алмайды. Ал Қытай аумағында үкімет интернет-казинолар мен букмекерлік кеңселердің сайттарын ғана емес, сондай-ақ аталған сайттарды жарнамалайтын ресурстарды да бұғаттауды қолға алған. Ал бізде жарнамалар ашық түрде жүргізілуде.

Қазақстанда бұл мәселе қанша көтерілсе де, әлі күнге шешімін таппай келеді. Онлайн-казиноларға тосқауыл қою қажеттігі Мәжіліс қабырғасында да айтылды. Мәжіліс депутаты болған Елнұр Бейсенбаев ел азаматтарына, әсіресе, жастарға үлкен қасірет әкелетін құмар ойындарға шектеу қажеттігін ескертті. «Әлеуметтік зерттеу деректері бойынша, адамдардың 57 пайызы тәуелділіктің негізгі себебі, жеңіл табыс табу мен ештеңе жасамай-ақ байып кетуді ойлайтынын көрсетті. Медицина мамандары ойынқұмарлық – нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиянды екенін айтады. Бүгінде интернет беттерінде әртүрлі онлайн-казинолар мен букмекерлік кеңселердің агрессивті жарнамасының көлемі айтарлықтай өсті. Онлайн-казинолар тайраңдап жүргенде, отбасылар ойрандалып жатыр», – деген еді депутат. Мәжілістегі жалпы отырыстардың бірінде депутат болған Екатерина Смышляева Премьер-Министрдің сол кездегі орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі ойынқұмарлардың мәселесі әлі де тиімді шешімін таппай отырғанын жеткізген еді. Депутат келтірген мәліметтерге сүйенсек, ойынқұмар қазақстандықтың қарызының орташа мөлшері 10 миллион теңге шамасында, еліміздегі отау құрған 10 жұптың 7-еуі құмар ойындардың кесірінен ажырасады, қылмыстық әрекеттер мен суицид жағдайлары да жиілеп кеткен. Осының бәріне қарамастан заңнамада букмекерлік орталықтарды жарнамалауға тікелей тыйым жоқ. Өткен жылы халық қалаулылары жастар саясаты жөніндегі заң жобасы шеңберінде букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тыйым салу бойынша қосымша заңнамалық шараларын ұсынды, өйткені қолданыстағы нормалар орындалмайды. Белсенді азаматтардың сөзінше, онлайн-казинолардың жарнамасына емес, сайттарының жұмыс жасауына тыйым салу керек. Олай болмаған жағдайда бұл мәселені толығымен шешу мүмкін емес. Себебі, статистикалық көрсеткіштер жыл санап өсіп, өз-өзіне қол салу фактілері жиілеп барады. Мәселен, өткен жылдың жарты жылдығында құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру бойынша қызметтер көлемі 294,4 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 8,3 есе көп және 2021 жылдың толық көрсеткіштерінен екі есеге жуық.

Кішкентай ғана Есік қаласының өзінде құмар ойындарынан зардап шегіп, онлайн-казинолардың торына шырмалған жастардың саны күн санап артып келеді. Барлығы дерлік басында ұтысқа кенеліп, оңай олжаның астында қалған. Түптеп келгенде қарызға батып, өзіне қол жұмсауға дейін барған. Осындай азаматтардың бірін әңгімеге тартып едік, аты-жөнін көрсетпеуді өтінген Д. есімді азамат өзінің басынан өткенін баяндады:

– Қазіргі уақытта онлайн-казиноға байлану тіпті де қиын емес. Көшедегі жарнамалардан көз сүрінеді. Ғаламторда да толып тұр. Ол аз десеңіз бүгінгі әлеуметтік желіде қаптаған блогер-сымақтар онлайн-казиноны жарнамалап қана қоймай, оны қалай ойнау керектігін үйретеді. Мен – толыққанды отбасыдан шыққан, жоғары білімім бар азаматпын. Осыдан 3-4 жыл бұрын онлайн-казино ойнауды бастадым. Басында 2-3 мың теңге салып, 10-15 мың ұтып жүрдім. Осылайша, қаражаттың көлемі арта бастады. Кейін 100 мыңдап ақша салдым. Құмар ойынның көзді байлап, сананы тұмандататыны соншалық, қарыз бен несиеге қалай кіріп кеткенімді аңғармай да қалдым. Ұтылған ақшаны шығарып аламын деген оймен бизнесімнің қаржысын да бәске тігіп жібердім. Казиноға жоламаймын деп неше рет өзіме серт еттім, бірақ одан түк шықпады. Бұл кеселден айығу өте қиын екен. Амалсыздан барлығын ата-анама, достарыма айтып, бірнеше ай психотерапевтке жазылып, емделдім. Өкініштісі, осы уақытқа дейін онлайн-казиноларды 30 млн теңгеге байыттым. Қарызға баттым, көлігімді саттым. Қазір сол қарызды өтеу үшін жұмыс істеп жүрмін. Бұл – тек менің басымдағы жағдай емес, өзім тұратын Есік қаласында тағдыры менікіне ұқсас қаншама адамдарды танимын. Танымайтыным қаншама? Бірі ес жиып, түзу жолға бет бұрса, енді бірі әлі онлайн-казинолардың, букмекерлік кеңселердің, лото-клубтардың, лото-аппараттардың шырмауынан шыға алмай келеді. Өйткені, бәрі қолжетімді. Екі-үш минутта тіркеліп, ойнай берсең болады, – дейді. Өткенге деген өкініш көп, бірақ өкінгенмен амал жоқ. Болар іс болды, бояуы сіңді. Қарызды қайтару – міндет.

Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек, құмар ойынға ұтылған адам қаражат тауып, қайта ойнау үшін барлық әрекеттерге барады. Құмар ойынның былығына батқандар үшін адамды алдау немесе ақша ұрлау түк те емес. Тіпті қылмыс жасауы да ықтимал. Естеріңізде болса, осыдан 3-4 ай бұрын Алматы облысының прокуратурасы 305 мемлекеттік қызметкердің құмар ойынға 507 млн теңге жұмсағанын хабарлаған еді. Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің (97 қызметкер), Қорғаныс министрлігінің (95 қызметкер), Қаржы министрлігінің (25 қызметкер), Жоғарғы соттың (7 қызметкер), Қаржы мониторингі агенттігінің (15 қызметкер), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (3 қызметкер), Жергілікті атқарушы органдардың (36 қызметкер), басқа да мемлекеттік органдардың (27 қызметкер) қызметкерлері бар. Енді ойлап қараңыз, күн санап тамырын кеңге жайған құмар ойын дәрігерлер мен мұғалімдер арасында дендеп кетсе, ұлтымыздың саулығы мен балалардың білімін кімге сеніп тапсырамыз? «Ет сасыса, тұз себеміз, тұз сасыса, не себеміз?»-дің керін кимесімізге кім кепіл?

Ойынқұмарлық, яғни, лудомания жөнінде психологтардың да өз айтары бар. Олардың пікірінше, ойынға ақша тігу, букмекерлерге тәуелді болудың бес негізгі себебін алуға болады.

Біріншісі – жалғыздық. Бұл сезім адамды алғаш рет ойнауға итермелейді. Оның ойын процесінен алған әсері адамды қайтадан ойнауға мәжбүр етеді. Екіншісі – қанағаттанбау сезімі. Қанағаттанбау адамды өзін ойында көрсетуге мәжбүр етеді. Шынайы өмірде өзіне-өзі наразы болады. Шынайы өмірге қарағанда ойында жеңіске қол жеткізу оңай болғандықтан, адам өзін ойында көрсеткісі келеді. Құмар ойындағы жетістіктері неғұрлым көп болса, соғұрлым осы ойынға қайта-қайта оралғысы келіп тұрады. Ал үшіншісі  – оңай олжа табу, яғни «жеңіл жол» ұғымы. Сол бойынша бір рет ұтып, жеңіл түскен ақшаны қолға ұстағаннан пайда болған адреналинді сезген адам сол жетістігін қайталағысы келіп тұрады. Бірақ көбіне ұту мүмкін емес екенін тәуелді адам онша түсіне бермейді. Төртіншісі – әртүрлі тәуелділіктерге тез еру. Басқа да құмарлықтарға, мысалы, есірткі, алкогольге тәуелді адамдар үшін ойынға құмарлық өте қауіпті. Тағы бір себеп, айқындалу дәрежесі әртүрлі психикалық бұзылулар. Мысалы, психикалық ауытқулардан емделген адамдар, сондай диагнозы барлар ойынқұмар болады. Яғни, олар қауіпті топтарға кіреді. Осылай деп пайымдаған психолог Нұрлыбек Тұрсынбеков лудомандар ақшадан басқа ештеңе көрмейтінін айтады.

– Ойынқұмар адамның ойын қалыптастыратын «ойлау қатесі» болады. Өз тәуелділігіне оң көзқараспен қарауына себеп болатын ойын трансы, тактикалық ойлау қателері болады. Соның ішінде ойлайтын стратегиялық қатеге белгілі бір сенімдер жатады. Оның ішінде, «ақша бәрін шешеді, соның ішіне эмоция және адамдармен қарым-қатынас проблемасын шешеді» деген ой келеді. Ұтысты, сәтті күнге сену болады. Кейде фильмдердегідей сәтті күнге сеніп тұрады. Одан бөлек, қарызды ойын көмегімен қайтару деген көзқарас болады. Яғни, ойынға құмар емес адам «бір рет ұтылғаннан кейін екінші рет жоламаймын» дейді. Ал тәуелді адам «қарызды адал еңбекпен емес, тек ойын арқылы қайтарамын» деп ойлайды. Соған деген сенім, мақсат болады, – дейді психолог.

Дәстүрімізбен біте қайнасып, адасқанды тура жолға салатын асыл дініміз де құмар ойынды құптамайды. «Құмар» сөзімен мағыналас Құран аятында «майсир» сөзі келтірілген. Бұл сөз жеңіл жолмен мал табу мағынасын меңзейді. Ислам дінінде құмар ойындары харам етілгендігі туралы Құран кәрімнің «Мәйда» сүресінің 90-91-аяттарында: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» – деп келтірілген. Демек, аятта ең үлкен күнәлардың қатарында Аллаға серік қосумен бірге арақ ішу, бал ашу, құмар ойнау да ерекше айтылған. Демек, адамды сана-сезімінен, адами қасиеттерінен айырып, шайтанның теріс жолына түсіретін ауыр күнәлардың ішінде құмар ойыны да бар. Сондықтан, бұндай харам істерден бойымызды аулақ ұстап, еңбек етіп, адал жолмен ақша тапқанымыз абзал.

Десек те, құмар ойынды қолдайтын азаматтар да жоқ емес. Олардың сөзіне сенсек, казинолар мен букмекерлер жыл сайын мемлекет қазынасына 10 млрд теңгеден астам салық төлейді. Сондықтан, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» мәселенің оң шешімін табу керек. Себебі, отандық ойынханалар жабылатын болса, оның орнын шетелдік казинолар басуы бек мүмкін. Ал оларға тосқауыл болу тіпті қиын.

Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі оған: «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы», – дейді. Ол қиналмай-ақ суырып алады. Енді одан жуанын суыруын тапсырады. Ол досын көмекке шақырып қана орнынан қозғапты. Данышпан одан жуан ағашты көрсеткенде, тағы көп адам жиналып ырғаса да, орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? Жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Ал нашар қылықты көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көммекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», – деген екен. Құмар ойыны – мемлекетке төніп тұрған үлкен қасірет екені даусыз. Бүгінгі жастарымыз – ертеңгі елдің иесі. Ал олардың бойын жаман әдеттерден аулақ ұстауына, адал еңбек етіп, дұрыс жолмен жүруіне жағдай жасау – қазіргі қоғамның міндеті. Ұлтымызға төнген қасіреттен уақытында құтылуға кешігіп қалмасақ екен...

С.НҰРАДИН.

Оқылды 2535 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 21, 2024

Наш собственный корреспондент…

С начала 90-х годов прошлого века в областной газете «Огни Алатау» сменилось несколько ее…
Қар 21, 2024

«ЖАҢАРТУ» расширяет возможности…

Проект «ЖАҢАРТУ» («Обновление»), презентация которого состоялась в мае 2024 года,…
Қар 21, 2024

Артық шығын абырой әкелмейді

Елімізде діни рәсімдерді өткізу барысында көптеген қателіктер орын алып жатқанын естіп…
Қар 21, 2024

Кәсіп болмай, нәсіп болмас

Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, кәсіпке деген көзқарасын қалыптастыруға барлық…
Қар 21, 2024

«Атамекен» приглашает к диалогу

Национальная палата предпринимателей «Атамекен» Алматинской области выступила инициатором…
Қар 21, 2024

Бейбіт күн – бірліктің жемісі

Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі саясатында ең маңызды дүние – ұлтаралық татулықты сақтау.…
Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет