ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН КЕЙІН ҒАНА ТҮГЕНДЕП, АРХИВТЕРДІ АҚТАРЫП, ТЫҢ ДЕРЕКТЕРМЕН ТОЛЫҚТЫРУ ҚОЛҒА АЛЫНУДА. ӘСІРЕСЕ «МӘДЕНИ МҰРА», «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАЛАРЫ АРҚЫЛЫ КӨПТЕГЕН ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРЫМЫЗБЕН ҚАЙТА ҚАУЫШЫП, ЖАҢА ҚЫРЫНАН ТАНЫП ЖАТЫРМЫЗ.
СОНДАЙ, ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БІРІ – ШЫҢҒЫСХАННЫҢ ТҰҚЫМЫ, АБЫЛАЙ ХАННАН ТАРАҒАН НҰРАЛЫ ХАННЫҢ БАЛАСЫ ТЕЗЕК ТӨРЕ. ТЕЗЕК ТӨРЕ ЖЕТІСУДА СҰЛТАН, ХАН БОЛҒАН, ЕЛІНЕ ҚАЙЫРЫМДЫ, ШАПАҒАТТЫ, ТІЛГЕ ШЕШЕН, БІЛІКТІ КӨСЕМ, ҚЫРҒЫЗ-ҚАЗАҚҚА БИЛІК ЖҮРГІЗІП, ДАУ-ЖАНЖАЛДАРДЫ ӘДІЛ ШЕШКЕН, БІЛГІР БАСШЫ БОЛҒАН.
«Төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды» деген қазақ халқының мақал сөзі өткен дәуір тірлігінен сыр шертеді. Әңгімеге арқау болған тарихтағы танымал тұлға – Тезек төре, Тезек Нұралин 1820 жылы дүниеге келіп, 1879 жылықайтыс болған. 1840 жылдан Хакімбек сұлтан қайтыс болған соң, Ұлы жүздің албан тайпасына билік жүргізген. Үйгентас пен Құлжаға дейінгі алқапты қыстайтын албандар ол кезде Қытайға салық төлеп тұрды.
Кеңес үкіметі кезінде қазақ халқының хан, төре, сұлтан-дары туралы теріс пиғылда жеккөрінішті етіп көрсету белең алды. Тезек төрені, әсіресе, албан елі жақсы біледі. Олай дейтінім, бала кезімізде ел басқарған Тезек төре туралы ақсақалдардың сөздерін тың-дап өстік. Ел аузында: «Іленің бер жағында Әлтөре, ар жағын-да Тезек төре өзіміздің әулие кісілеріміз ғой» – деп отыратын. Тезек төре туралы Кенен Әзірбаев, Сүйінбай Аронұлы, басқа да көптеген танымал ақын, танымал тұлғалар жақсы пікірлер қалдырған. Мысалы, «Шіркін, бар елдің төресі біздің Тезек төре мен Әлтөредей аузы дуалы, патуалы болса ғой» деп, оның жақы істерін айтып жүретіні де төрелерге деген әділ бағасы болатын. Мұнда Әлтөре деп отырғаны Ұлы жүздің дулат тайпасының аға сұлтаны Әли Әділұлы болатын.Ақын Сүйінбай Тезек төремен жақын сырлас, дос болған. Тезек те «Сүйінбай маған сенің өзің керек, шындықты бетке айтатын сөзің керек» – деп қадір тұтқан. Патша үкіметі тарапынан келіспеушілік туындап, Тезек төрені қамауға алғанда Сүйінбай Жетісудың игі жақсы-ларын жинап, өзі бас болып, арызданып жүріп босатып алғаны бұған дәлел. «Отызда орда бұзған дүлділ едім, Әли мен Тезектің бұлбұлы едім» – деп ақын да өле-өлгенше аузынан тастамай өткен. Ал Тезек төре қайтыс болғанда ащы шындықты айтып, өкінішке толы екі жоқтау арнағаны бар.
Тезек ел басқарған кезде аласапыран заман еді.Бір жағынан Қытай, екінші жағынан Ресей империясы, ол аздай бір шетінен Қоқандар ентелеген кез. Кіші және орта жүзді Ресей басып алып, Жетісуға көз тігіп, толық иемденіп алуға ұмтылғанда жерге ие болу оңайға соққан жоқ еді. Тезек төренің екі алып империя Ресей мен Қытай және Қоқан хандығымен тіл табысып, олардың толықтай сана-сып, сыртқы-ішкі саясатта, экономикада келісімге келуі, Шығыс Түркістан елдерінің жүргізген қарым-қатынасы, Ыстықкөлді мекендеген қыр-ғыздармен белсенді араласа білгені, Жетісу өңірінде Қазақ тәуелсіздігін сақтаудағы ерен дипломатиялық еңбегі зор. Өйткені Ресей мен Қытай империялары мойындаған, шебер дипломат-мәмілегер, ірі саяси тұлға. Қазақ-қырғыз хан атаған. Ресей жағынан «Аға сұлтан, полковник», Қытай тарапынан «Тәйджи» атақ-шендерге ие болған. Сонымен қатар ақын, күйші, батыр болған асқан өнер иесі.
Тезек төре жергілікті жердегі алуан рулы елді дау-дамай шығармай, тапқырлықпен жер бөліп қоныстандырғанымен де ерекшеленеді. Күнгей жақтағы Алтай-Тарбағатай, Бұратола маңында көшіп жүрген Қызай елінің рубасы Құдаймендемен ақылдасып, Құлжа-Іле өңірін-дегі жерге ие болуға көндіреді. Ал Көксу өзені маңында көшіп жүрген суан елін Іленің оң жағына көшіріп, албандарды Іленің сол жағына орналас-тырған (Ол кезде албандар Іленің арғы жағын да мекендеген болатын). Сондай-ақ қазақтармен құда-жекжат болып кеткен қырғыз елінің Бұғы руына Ыстықкөлде қалуына көмектесіп, оларға қарсылық көрсеткен «Сарыбағыш» руына өз әскерін жіберіп, тойтарыс бергені де тарихтан мәлім. Өз ата жұрты Алтынемел тауы маңына, ұлы жүз жерінде қаңлы, арғын, найман, басқа да руларына өмір сүруге жағдай жасап, ынтымағын жарастырған да Тезек төренің білікті басшы екенін аңғартады.
Жергілікті халықты оты-рықшылыққа үйретіп, егін егуді жақсы жолға қою үшін қарақалпақ, түрікмен сияқты отырықшылыққа бейім халық-ты қолданып, тоғандар салды-рып, арықтар қаздырып, суару жүйесін жүргіздірді. Орыс қалаларынан егістікке қажет саймандар алдыртып, пайда-лануға мүмкіндік туғызды.
Тезек төренің ақындығы, күйшілігімен қатар, қолөнер шеберлігі де бар еді. Елге қажет ұста, зергер, етікші, тігінші сияқты мамандарды да барынша қолдап, бар мүмкіндігін жасаған. Көршілес Қытай еліне ағылған саудагерлер керуені Тезек төреге бағынышты жермен өткенін пайдаланып, тиімді сауда жасауға да баса көңіл бөліп отырған. Тіпті, 1867 жылы Парижде өткен дүниежүзілік этнографиялық көрмеге қазақ халқының тұтынатын тұрмыс-тық жабдықтарын, өзінің жеке киіз үйін жібергені туралы деректер де бар екен.
Жетісу жерін жат жұрттық-тардан азат ету оңай болған жоқ. Талай қанды қырғынды соғыстар да жүрді. Ондай ел басына күн туғанда Тезек өзін батыл да батыр қолбасшы екенін де дәлелдеді. Алатаудан бері өтіп, Шілік өзенінің бойына және басқа да албан жеріне еніп, еркін тайраңдаған қырғыздарды Қоқандардың қолдағанына, олардың көптігі-не қарамастан, батыл тойтарыс беріп, таудан асырып, қуып жіберді. Шоқан Уәлиха-нов «Ыстықкөлге саяхат күнде-лігінде» Шілік өзенінің ортасы орман болып өскен шілікті (топ болып өскеніне байланысты) «бауағаш» деп атап кеткенін, өздері Шілік ауылының орынында орналасып алғанын, Орман деген манаптың кө-шіп-қонып жүретінін жазған болатын. Қордай жақтағы Шөміш өткелінен өтіп шабуыл жасамақ болған Қара қырғыз-дардың үлкен тобына да тойтарыс береді. Барымталаған малдарды қайтарып алып, қырғыздырдың бірталайын тұтқындайды. Шу өзенінен әскерлерін атпен өткізіп, тойтарыс беруде де тапқыр қолбасшы екенін тағы да дә-лелдейді. Қазақ-қырғыз ара-сындағы соғыс аяқталған соң, бейбіт бітімге келеді.
Орыстар қазақтарды «қол астына» алғанын пайдаланып, бұл жақтағы қазақтарды қытайға, ал ол жақтағы қазақ-тарды қытайлар орысқа айдап салыпотырған. Бұның соңы 1863 жылғы соғысқа ұласты. Жаркент-Құсмұрын өңіріне қытай әскері басып кіргенде Тезек төре қазақтардан үш үлкен қол жинап, оларға соққы беріп, шекарадан асырып қуып шығады. Қазіргі Панфилов, Ұйғыр, Райымбек, Кербұ-лақ аудандарында Қытайға қара-ған қалмақтардың бекет-бекіністерінің быт-шытын шығарып, Тезекке бағынған 300 ауыл тұрғындары және өзінің тұрақты 1500 атты жауынгерімен қалмақтардың қырғанын қырып, қалғандарын Қытай асыра қуып, қайта келместей етіп, тоз-тозын шығарған.
Тезек ауылына Шоқан Уәлиханов келгеннен кейін де Қытайдағы мұндай оқиғаның қайталанбауын бақылауға алып отырды. Қайта-қайта қоқаңдағанмен, ел болудан күні бітіп бара жатқан Қоқан-ды қолдамай, жымысқы саясат ұстанған Қытайды қабылдамай, рақымы жоқ Ресейді құп көргені де, өзіне етене жақын, жанындай жақ-сы көрген, өле-өлгенше пір тұтқан Шоқанның ықпалынан еді. Шоқан бұл сапарында көптеген ғылыми еңбектер жазды. Ұлы жүз қазақтарының аңыз-ертегілерін, тарихи шежі-ресін жинап, зерттеп, «Ұлы жүз шежіресі» атты құнды кітабын жазады. Шоқан Тезек төрені қатты сыйлаған. Ресей билігі алдында оны жақтап, қорғаған. Оған 1865 жылы Г.Колпаковскийге жазған хаты куә. Шоқан Тезек төренің қарындасы Айсараға үйленеді. 1865 жылы көкек айында Алтынемел жотасының етегіндегі Тезек төре ауылында ауырып қайтыс болады.
Тезек төре тірі кезінде өзінің бақилық өмірдегі мәңгілік орынын белгілеп, күмбезін орнатқан, және сол жерге жерленген. Ресейден келген қара шекпенділер үй сала-мыз деп, күмбезді бұзып, кірпіштерін алған екен. Кейін олар қиын жағдайға ұшыраған соң, зираттың кесектерін қай-та әкеліп тастаған көрінеді. Қасақана бұзылған Тезек тө-ре қорымының сол кезіндегі көріні-сін (биіктігі 18-20 метрдей, іргетасы 8 метрден астам, қабырғалары алтын түстес, күмбезі көкпеңбек болған мазарын) Түбек ақын жырлаған.
Тезек төренің Батырхан, Болатхан, Құдиярхан, Сүлейменхан деген ұлдары және бес қызы болғаны дерек көздерінде кездеседі. Құдиярханның 1851 жылы дүниеге келгені туралы нақты құжаты бар.1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс Пржевальск, Пишкек, Жаркент, Қарқара жерлерінде басталғанда, Жетісуда көтеріліс басшысы ретінде Тезекұлы Құдиярхан сайланған. Бірақ бұл туралы айтылмай келген. Көтеріліс аяусыз басып-жаншылды. Осы аласапыранда екі жақтан да қатты шығын болған. Ал, Құдиярхан тұтқындалып, генерал Фольбаумның өзі жауап алған. Ұлдарынан аты шыққан Құдиярхан 1888 жылы Сібір кадет корпусынан ауыстырылып, Омбы ерлер гимназиясында оқуын жалғастырған. Құжат дерегіне сүйенсек, Құдиярхан Тезекұлы 1906 жылығы өткен сайлауда 1907-09 жылдар ара-лығында, 1909 жылығы сайлау-да 1910-12 жылғы жылдар аралығында, ал 1912 жылығы сайлауда 1913-15 жылдар аралығында оныншы ауыл биі болған.
Ұлт-азаттық көтеріліс ке-зінде қазақтар дәстүрлі хандық билікті жаңғыртты. Патшалық басқару жүйесін жоюға ұм-тылып, Жетісудың бес болыс елі «Майтөбеде» Құдиярхан Тезекұлын хан көтерді. Бірақ, билікке келген большевиктер оны 1930 жылы ату жазасына кескен.
Патша үкіметінің үстемдігіне қарсылық танытқан Тезек төрені алты ай абақтыға отырғызды, кейін де оның соңынан қатаң бақылау қойды. Оның ел ішіндегі беделін түсіруге әрекеттенді. Бодандықтан тәуелсіздікке талпынған Тезек халқына қанша жақсылық жасауға ниеттенсе де, жан-жақтан анталаған жаулары бұған мұрсат бермеді.
2022 жылы Тезек төренің 200 жылдығына орай, оның мәңгі мекені «киелі жер» аталып, басына ескерткіш орнатылды. Аудан орталығы Сарыөзекте бір көшенің аты берілді. Тезек төренің сүйегі жатқан жерге дейін асфальт төселді, ал Шоқан басындағы кешенге бірталай абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Алматыда атылған орынынан бір уыс топырақ алып келіп, Құдиярхан Аблайхановқа да әкесінің қасынан белгітас орнатылды.
Ел ішінде «Жер иесі – Тезек, ел киесі – Шоқан, осы екеуінің аруағын разы қылмағанның ісі алға баспайды» деген тәмсіл бар. Ел әңгімелерінен оның өз халқының қамын ойлаған билік иесі екені айқындала түседі. «Жақсының аты өлмейді» демекші, Кеңес үкіметі кезінде қанаушы тап ретінде, жамандап көрсетіп, тарихтан сызып тастаса да, шындық бәрібір өмір-өзен бетіне қалқып шықты.
Дайындаған
Анарбек БЕРДІБАЕВ.
Сурет: Ұлы жүз қазақтарының сұлтаны Тезек төре. 1857ж. П.Кошаровтың салған суреті.