Қазақтың ұлттық киімдері – халқымыздың ақыл-ойы мен биік эстетикалық талғамының жемісі. Тігілген матасы, ою-өрнегі мен ондағы әшекей тастарының өзі көп нәрседен хабар беріп, киім иесінің кім екенін елге танытып тұрады. Үлкен талғампаздықпен, әрі аса тапқырлықпен тігілген ұлттық киімдеріміздің бірі – сәукеле.
Сәукеле – ұзатылар қыздың бас киімі. Қалыңдық болғанда бір-ақ рет киетін оны қыз ұзатылғанда күйеу еліне киіп бару үшін арнайы алдын-ала тіктіреді. Ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсариннің «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлері очеркінен» «Күйеу қалыңдығына ұрын келіп кеткеннен кейін қалыңдықтың ата-анасы көптеген кілем, шапан, ішік сықылды жасау әзірлей бастайды, зергерлерге сәукеле жасатады» деген жолдарды кездестіруге болады.
Сәукеленің сәні мен сыры неде?
«Жеті жастан жинасаң – жетеді, алты жастан жинасаң – асады» дейтін қазақ қыздың жасауы мен ұзатылардағы киім-кешегіне үлкен мән беріп, ерте бастан қамданған. Әсіресе, қалыңмалдың құнын орап әкететін сәукеленің өзіндік мән-мағынасына бей-жай қарамайтын қазақ әдейілеп білікті шебер таңдап, қолақысын беріп, бір әулеттің дәулетін көрсетер сәукелені айлап-жылдап тіктірген. Қыз әкесі бай болса, бір сәукеле үшін қырық қысырақтың құнын беріп те жасататын болған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «ХIХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты бай қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағалаған» деген дерегі де бар. Осыдан-ақ бұрынғы заманда сәукеле байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін, ұзатылар қыздың әлеуметтік жағдайын білдіретін көріністің айғағы болғанын аңғара аламыз. Сәукеле неғұрлым биік болған сайын, ондағы әшекей бағалы тастардың да қатары артып, қымбаттай түсері анық. Бұрын әдемі тігілген сәукелеге қалың малдан бөлек төлем төленген екен.
Ертеде сәукеленің биіктігі – 50-70 сантиметрге дейін баратын. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, Бөкей Ордасы аймағындағы сәукеленің биіктігі бір кез болатын деген мәліметті кездестіреміз. Демек, бай-бағланның тіктірген сәукелесі 70 сантиметрден де асқан.
Сәукеленің негізгі бөліктері – тәж, төбе, құлақбау және артқы бойы. Сәукеленің төбесі қиық конус тәрізді болып келеді. Оның төбесінде «тәж» деп аталатын жартылай дөңгелек айдары болады. Оны асыл тас, алтын, күміс, меруерт, маржанмен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді.
Сәукелені өлшеп пішіп алып, ішіне астар, сырт жағына бидай шүберек ұстап, жиі етіп сырады. Одан соң оның сыртын қамқа, дүрия, торғын сияқты асыл матамен тыстайды. Сәукелені әшекейлеу үшін оның тысының сыртынан зер жіптен тоқылған оқаларды белдеулеп басады. Оның етегін мақпалмен, не қара барқытпен көмкереді. Ал маңдай тұсына зер, не жібек шашақ тағады. Шашақтың сәукелеге жалғасқан тұсын асыл тастан көз орнатқан алтын, күміс түйреуіштермен бекітеді. Сәукелеге ұзын құлақбау тағады. Оны шегі шыр айналдыра зер, не жібек жіппен шалып көмкеріледі, түбіне сәнді түйреуіш түйреледі. Сәукелеге міндетті түрде жұқа ақ желек ілетін болған. Ол көйлектің етегі сияқты жерге сүйретіліп жүреді. Бұл қалыңдықтың жүзін, бүкіл денесін жауып төгіліп тұратындықтан, беташар айтылғанда қыздың дене пішімін өте нәзік, сымбатты етіп көрсеткен. Ақ бүркеншек – шәйі жібек капрон алғаш түскен келінді тіл мен көз сұғынан сақтайды, әрі оның ақ болуы – адалдық, тазалықтың белгісі, ибалықтың нышаны. Сондай-ақ жас отаудың арман-үміті. Сәукеленің шағын отау сынды болып келетіні де сол. Жаңа түскен келінге беташар айтылып, үлкендер тілек-батасын берген соң сәукелесінің сыртынан жабылған жамылғысы – бүркемесі қамшының сабымен түріліп, беті салтанатты түрде ашылған соң сәукелені шешіп, оны желекпен алмастырған.
Желек – жас келіншектің басына жамылатын шәлі. Қазақ әйелдерінің баскиімдері практикалық қызметінен өзге, әйелдердің отбасылық жағдайының көрсеткіші болғанын ескерсек, желекті келіншектер тұңғыш баласы, кейде екінші баласын туғанға дейін киген.
Бүгінгі сәукеле – қай сәукеле?
Халқымыздың салт-дәстүрінен сыр шертіп, сән-салтанатымен ерекшеленген сәукеле – шеберліктің озық үлгісі, өнер туындысы екенінде дау жоқ. Алтынмен апталып, күміспен күптелген өне бойындағы әр тастың тарихы тереңде, үлкен мағынаға ие. Жақмоншақ, жақтама, жақтау, жырға, сәукеленің сырғасы сынды әшекейлер мен басқа да құрамдас бөліктерінің сәукелеге тағылу себептері бар, айтар ойы, өзіндік ерекшеліктері бар. Бір қуантарлығы, тұрмыстағы қолданыстан қалып, тарихтың тереңіне кеткен сәукеленің сәні бүгінде ерекше бағаланып, қайта оралуына жағдай жасалып жатыр. Қыз ұзатқанда көптен бері еуропалық үлгідегі көйлек пен фата кигізіп келген халқымыз соңғы кездері сәукеле мен бүрмелі көйлекке қайта бет бұрды. Дегенмен, сәукеленің сәнін ұққан көпшілік, оның сырына қанық емес. Бүкіл бір елдің қадір-қасиеті, бақ-дәулетінен хабар берген сәукеле бүгінде бұл ерекшеліктерінен айырылып, сәні де кеткендей. Әдемі әшекейі азайып, сұңғақ бойы аласарған сәукеленің сараң қолдан шыққандай әсер берері сөзсіз. Бұл – қазіргі қоғам жағдайының жайы ма, әлде «әйтеуір, кию керек екен» деген түсінікпен кие салған білместік пе? Бір кездері қалыңдық жұртының атақ-дәрежесін әйгілеп тұрған сәукеленің бүгінгі сәні солғын. Сондықтан да көрсе, көздің жауын алатын сән-салтанатымен қатар, сәукеленің бойына бүккен сырының да тереңде екенін естен шығармағанымыз жөн.
Сау келеді
«Сәукеле» сөзі «сау келеді» дегеннен шыққан екен. Жоғарыда сәукеленің қалай жасалатынын және оның құны қандай қомақты болатынын айтып өттік. Ендеше ұзатылар қыздың әлеуметтік жағдайынан хабар беріп, бір әулеттің дәулетін көрсетер сәукеледен дәмелілер де аз болмаған. Қалыңмалдың құнын орап әкететін бұл «байлықты» қолға түсіру үшін ұры-қары, қарақшылар жол торып, келін әкеле жатқан топқа тосыннан шабуыл жасайтын. Тек сәукеле емес, қыздың жасауына да қол салып, кейде кісі өлімі де болған деседі. Күйеу, һәм қалыңдық тобының адамдарын шығындап, кейде бәрін қырып кететін кездер де болған екен. Сондықтан келін түсіріп отырған ауылдың балалары осынау күйеу-келін тобын қозыкөш жерден таймен күтіп алып, адамдардың, сәукеленің амандығын көріп, «сау келеді, сау келеді» десіп, сүйіншілеп, ауылға хабар беретін болған. Міне, содан «сәукеле» атауы шыққан деседі.
Қазақта сәукеле кигізу салты бар
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған салт-дәстүр, әдет-ғұрып – асыл қазынамыз. «Халқым қандай десең, салтымнан сұрап біл» дейтін қазақ салт-дәстүрден кенде емес. Мән-мағынасы тереңде жатқан салтымыздың бірі – сәукеле кигізу.
Сәукеле – тек сәндік үшін киілетін бас киім емес, бұлғақтап өскен оң жақтағы өмір мен ақ босаға аттар арасындағы қимас та, қызықты сәттің ескерткіші, жаңа өмірге жасалар қадам. Өмірінде бір-ақ рет киілетін сәукеленің әйел заты үшін киімдері ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті екені түсінікті. Сондықтан қалыңдыққа сәукеле кигізудің орны бөлек. Ол – ерекше бір салтанат. Бұған құда-құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Сәукелелі келіншек ажарлы да, базарлы көрінеді. Оны жұрттың бәрі көруге ынтық. Оның көрімдігі де соған лайық болу керек. Сәукеле байғазысының бағасы да олқы болмайды.
Басжақсы – сәукеленің әшекей бұйымдарының жалпы атауы. Сәукеленің әшекей заттары көп, әрі олар қымбатқа түсетіндіктен, күйеу жағы қалыңмалдан тыс сәукеленің құнын төлеген. Ол төлем сәукеле әшекейлерінің атауымен «басжақсы» деп айтылған.
Шытақ – сәукеленің қозасы (шар сияқты металл әшекейі);
Бергек – желекті ұстап тұратын әшекейлі қатырғы;
Жырға – сәукеленің моншағы, шұбыртпасы, салпыншағы;
Зере – іші қуыс, ұзын келген, сәукелемен бірге киілетін баскиім. «Сәукеледей әдемі, сұңғақ болып өссін» деген ниетпен қазақ қызына Зере деген есім берген.
Бетмоншақ – сәукеленің екі жағына, маңдайына салбырата қадап қоятын бірнеше қатар төгілмелі моншақ. Оның екі түрі болады. Бірі – бірыңғай ірілі-ұсақты моншақтардан түзілсе, екіншісі – матадан тігіліп, моншақтар мата бетіне орналастырылады. Екеуінің де арасында күміс қозалар қадалады. Бетмоншақ белге дейін, тіпті одан да төмен түсіп тұрған. Бетмоншақ жас келіннің ұялшақ жүзін жартылай жасырып, бетін бүркемелеп тұрады. Сондықтан «ұялып тұр» деудің орнына «бет моншағы үзіліп тұр» деген.
Жақмоншақ – сәукеле, бөрік, бергек, кимешек сияқты әйелдер баскиімдерінің екі жақ самайлығына және маңдайының алдыңғы жиегіне қасқа түсіре, тізбелі шоқ жасап шілтерлеп тағылатын әшекей. Жақмоншақты зергерлер алтын, күміс қозаларын жібек жіптерге тізіп, асыл тастармен бұршақтап, үзбелеп жасайды.
Үкіаяқ – жоғары жағына асыл тас орнатып, төменгі жағын күміспен күптеп, баскиімге, бесікке тағатын әшекей. Ертеде үкі киелі құс саналып, оның аяғын, қауырсынын тұмар орнына қолданған. Үкіаяқ сырға, шаштеңгелермен бірге сәукеленің де құрамдас бөлшегі ретінде пайдаланылған.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ