«Үдере көшкен – уығын сындырады, жұмыла жұмыс істеген – жұмысын тындырады» демекші, отыз жылға жуық уақыт бұрын бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып, халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі кезеңде еліміз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығының және бір шаңырақтың астына жұмылдырған баянды бірлігіміздің арқасында егемендігімізді нығайтып, жүз жылда жүзеге асатын істерді атқарып, әлемдегі ең дамыған елу елдің қатарына қосылды.
Дегенмен, мемлекет қол жеткізген жетістіктермен шектелмеуі, ол әрқашан дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуде болуы тиіс. Себебі, ХХІ ғасыр – адамзат қауымы үшін жаңарулар заманы. Сондықтан, бұл ұлы өзгерістер үдерісі мемлекетіміздің де даму жолын анықтауда.
Халық нақылында айтылғандай: «Мақсат – жетістіктің желкені». Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткізеді. Сондықтанда, бүгінгі күні жаңа тарихындағы маңызды белеске қадам басқан еліміз өзінің дамуының жаңа кезеңінде егемендік алған уақыт аралығында қалыптастырған саяси тұрақтылық, қуатты экономика мен сапалы әлеуметтік жетілдірулерді одан әрі жалғастыра беретіндігі сөзсіз.
Осының бәрі осыдан бірнеше апта бұрын жарияланған (2019 жылдың 2 қыркүйегінде) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарат Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалдындағы бағдарламасына негізделген «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауында баяндалған болатын.
Ол өз сөзінде: «Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз» – деген болатын.
Өздеріңізге белгілі, әрбір жыл сайынғы Жолдауы – бұл біздің еліміз үшін маңызды оқиғалардың бірі, өйткені онда Мемлекет басшысы біздің қоғам дамуының негізгі бағыттарын дәстүрлі түрде белгілейді.
Ал, биылғы жолдаудың басты ерекшелігі – оның мазмұнында қамтылған тың идеялар мен ұсыныстардың басын біріктіретін,бір мақсат пен бір мүддеге тоғыстыратын билік сабақтастығы ерекше сезіледі және онда соңғы он – он бес жылда алғаш рет саяси реформа мәселесі жан-жақты әрі жүйелі түрде сөз болды.
Жолдау парламентарийлер, атқарушы билік органдары, жалпы қоғам үшін еліміздің алдағы кезеңге арналған даму мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын бағдар болады. Қазақстан Президенті қазақ қоғамының кемелденгенін, елдің жетістіктері мен табыс-тарын есепке ала отырып, экономикалық реформаларды жалғастыруды көздейді. «Елді қоғамдық-саяси тұрғыда жаңғыртпай тұрып, табыс-ты экономикалық реформаларды жүргізу мүмкін емес» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Мақсат – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» дейтін формулаға негізделген саяси жүйе құру. Бұл ретте, оның сөзінен азаматтық қоғамды дамытуға барынша басымдық бергелі отырғанын, азаматтық қоғамды елдегі мәселелерді шешуге барынша жұмылдырғысы келетінін көреміз.
Сондай-ақ, құжатта осыдан 3-4 жыл бұрын Елбасымыз жариялаған түбегейлі реформалар белсенді түрде жалғастырылып, одан әрі жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге күш салынады делінген. Олардың қатарында «Ұлт жоспары.Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы», «Мәңгілік ел», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:табыс пен тұрмыс сапасын арттыру», сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» сияқты маңызды стратегиялық құжаттар бар.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында «Сабақтастық – еліміздің жаңа даму кезеңінде Елбасының қолға алған бағытын әрі қарай тиімді жалғастыру. Ең алдымен бұл – Тәуелсіздік, Егемендік және ұлттық қауіпсіздікті нығайту. Бұл – тұрақтылық,азаматтық татулық пен келісім. Бұл – серпінді экономика мен мықты әлеуметтік саясат. Менің мақсатым – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыру» – деп, нақты атап өткен болатын.
Жалпы саяси маңызды құжатта Мемлекет басшысы ортақ міндеттерімізді іске асыруға қатысты бес негізгі бағытты үйлестіре отырып, елді дамыту жөніндегі негізгі мақсаттарды нақты айқындады. Олар:
Бірінші заман талабына сай тиімді мемлекет құру мақсатында саяси жаңғыру үдерісін азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асыру.
Сондай-ақ, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қолға алынды. Бұл мақсатқа жетуге мемлекеттік органдардың жеке адамдармен жұмыс істеу тәсілдері мен қоғаммен кері байланысқа қатысты көзқарастарын өзгертудің өзі аздық етеді. Ол үшін жеке адам мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасына қатысты санамызда орнығып қалған стереотиптерді жоюымыз керек. Осы мақсатта белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейді.
Жалпы Жолдаудың бірінші бағытында атап көрсетілген қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеу, халықпен тиімді кері байланыс орнату, қоғамдық келісімді нығайту бойынша бірқатар бағытты жұмыстардың жүргізілгендігін атап өтуге болады.
Аталған бағытта аудан аумағында азаматтық қоғам институттарымен өзара байланысты нығайту мақсатында арнайы аудан әкімдігінің жанындағы кеңес, сондай-ақ 8 этно-мәдени орталықтар, «Нұр отан» және «Ауыл» партияларының аудандық филиалдары ардагерлер мен әйелдер кеңестері қызмет істеуде.
Ұлтаралық қатынаспен қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Достық үйі –Қоғамдық келісім орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданында Есік қаласы мен 25 ауылдық округтерде қоғамдық келісім кеңестері құрлып, аудан аумағындағы қызмет атқаратын қоғамдық келісім кеңестері этномәдени бірлестіктермен бірлесе қоғамдық келісімді нығайту үшін жұмыс атқаруда.
Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданында 49 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оларды қолдау және тығыз байланыста жұмыс істеу үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында жыл сайын қаржы бөлініп, арнайы лоттар ұйымдастырылуда.
Екінші басымдылық азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот және құқық қорғау жүйесінде күрделі реформаларды іске асыруқолға алынбақ. Сонымен қатар, бүгінгі күнге, қоғамның үлкен дерті болып отырған сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу жос-парлануда.
Үшінші, қарқынды дамыған және инклюзивті экономиканы құру үшін барынша еліміздің мүмкіншілігін пайдалана отырып, Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруда болмақ.
Бұл дегеніңіз, шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру. Яғни, «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналады.
Біздің ауданымыздың негізгі көрсеткіші ауылшаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан осы саладағы жаңа технологияларды енгізе отырып, жас білікті мамандарды және инвестиция тарту мәселесіне көңіл бөлу қажет.
Сондай-ақ, тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Қазіргі таңда шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өміріндемаңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады.
Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек.
Бұл бағытта үкімет микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуде. Бұл, азаматтарға кәсібін кеңінен дамытуға берілген үлкен мүмкіндік.
Мемлекет басшысы атап өткендей әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін қалыптастыру үшін еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы қажет – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік салада баса назар аударылатын бағыттар:
Білім беру сапасын жақсарту. Осы бағытта жоғары оқу орындарымен қатар, орта арнаулы білім беретін кәсіби білім мекемелеріне де бақылауды күшейту қажеттігі сөзсіз. Себебі, бүгінгі таңда саны бар сапасы жоқ осындай білім ордалары тым көбейіп барады.
Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сала бойынша медициналық ұйымдардың желісін дамыту жоспары бойынша 15 минуттық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жоспарда үш – Бәйтерек, Ават, Жаңашар ауылдарының арасындағы 3 000 тұрғынды тіркей отырып қамтитын саяжай алабы;
- Есік қаласының төменгі бөлігіндегі 10 000 тұрғынды тіркей отырып қамтитын саяжай алабы;
- 11 550 тұрғынды тіркеумен қамтитын Есік қаласының шағын ықшам аудандарындағы дәрігерлік амбулатория қосылмақшы.
Осылайша, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Алматы облысының инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалы жоспарына 2025 жылға дейін 55 ғимараттың құрылысын салу енгізілді.
Бұдан бөлек отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, осы уақытқа дейін назардан тыс қалыпкелген мәдениет саласының қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту, еліміздің зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша да бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктелді. Жолдауда көрсетілген соңғы басымдық бұл қуатты өңірлерді құруға бағытталған.
Бұл бағытта жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігінің арттыру мақсатында жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс, сондықтан тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу ұсынылды.
Сондай-ақ, бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау сөз болды. Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнес-тен түсетін қосымша салық түсімдері өңірлердің құзыретіне берілетін болады. Бұдан бөлек, басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясатын, инфрақұрылымды дамыту бағыттар көрсетілген.
Қорыта келгенде, Президент жолдауында көптеген тақырыптар қамтылды, бірақ жолдаудың негізгі өзегі – қоғаммен, халықпен диалог. Жолдаудың құрылымы да өзгеше шықты, Жолдау әдеттегідей жахандық проблемалар, экономикалық жаңа бастамалар емес, саяси реформалар мен саяси бәсекелестікті дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдардан басталды.
Расында да «Үдеудің сыры – бірлікте, Жүдеудің сыры – алауыздықта.» – деген, даңқты ата-бабаларымыз бізге сүйікті Отанын, әдемі сұлулықтың берекелі жерін, өзіндік мәдениеті мен қайталанбас ұлттық дәстүрлерді мұраға қалдырды. Осы құнды мұра иелері ретінде біз болашақ ұрпақтың игілігі үшін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылуға тиіспіз.
Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты – қоғамдағы саяси тұрақтылықты, келісімді, бірлікті және бейбітшілікті сақтау қажеттілігі болып табылады деп айтқым келеді. Тек тұрақты елге ғана инвестиция тартуға болады, тек бейбітшілік пен келісім орнаған ел ғана тиімді дами алады!
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» немесе төрдегі иіледі. Сондықтан, ұлтты ынтымаққа ұйыстыратын, бір шаңырақтың астында бейбіт өмірін жалғастыруға мол мүмкіндік беретін Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы алдымызға қойған тарихи міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға аудандық маслихат депутаттары барынша атсалысатынын жеткізе отырып, баршаңызды белсенді болуға шақырамыз!