Дүйсенбі, 20 Шілде 2020 16:05

Әуезов Америкада

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 1960 жылы Совет жазушыларының делегациясы құрамында Америка Құрама Штаттарына сапар жасап, мұхит асып келгенін білеміз. Ол жайында жазушының «Америка әсерлері» атты жолсапар естелігінен де оқығанбыз. Калифорния университетінің Лос-Анджелес бөлімшесіндегі «Қазақ тарихы мен мәдениеті» бөлімінің  профессоры, АҚШ–Қазақстан достығы туралы жазып жүрген америкалық ғалым Деннис Кин (Dennis Keen) Әуезовтің АҚШ-қа сапары барысында барған жерлері мен кездескен адамдары туралы қызықты материал жазып, әлеуметтік желідегі өз блогына жариялаған екен. Газетіміздің көп тіл білетін журналисі Дүйсенәлі Әлімақынның аудармасында сол мақаланы «Қазақ әдебиетінің» оқырмандарына ұсынып отырмыз.

ҰМЫТ БОЛҒАН САПАР

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов – эпикалық сарындағы романдары мен сахналық шығармалары арқылы оқырмандарға кеңінен таныс әрі ағылшын тіліне аударылған ең алғашқы қазақ жазушысы. Оның жауһар туындысы – «Абай жолы» атты романы көптеген тілдерге аударылып, таралған, сонымен қатар әңгімелер жинағы да Ұлыбритания елінде кітап болып шыққан. Әуезовтің түпнұсқа қазақ тілінен өзге тілдерге аударылмаған бір туындысы бар, бұл туынды көшпелі халықтың фольклорымен байытылған сүбелі туындыларының бірі болып табылады. Шығарма «Америка әсерлері» деп аталады.

 Қазақ әдебиетінің аса танымал жазу­шы­сы, ғалым, фольклорисі 1960 жылы Америка Құрама Штаттарын бір ай бойы аралаған екен. Бұл тұс «Хрущев жылымығы» деп аталатын дәуір еді, соның аясында еларалық мәдени алмасулар жиілей түскен. 1959 жылдың қазан айында АҚШ Мемлекеттік департаментінің бағдарламасы бойынша төрт америкалық жазушы – Эдвард Векс, Пэдди Чайефский, Артур Шлесингер, кіші Альфред Казин КСРО-ға жіберіледі. Жарты жылдан кейін америкалық Білім беру кеңесі төрт совет жазушысының сапарына демеушілік жасайды. Сол кездегі Кеңес Одағының ең жоғары әдеби марапаттарына ие болған Әуезов үшін бұл сапарға баратындардың тізімінде болу таңғаларлық жағдай емес еді. Қазақ жазушысымен орыс жазушылары Степан Щипачев пен Леонид Леонов және украин жазушысы Олес Хончар сапарлас болады. Аталған қаламгерлердің бір де біреуі ағылшын тілінде сөйлей алмайтындықтан, олар Мәскеуден келген аудармашы және әдебиеттанушы Софья Кругерская, Мемлекеттік Департаменттің  қызметкері Джон Бейкер, Қоғамдық қатынастар бюросының экскурсия қызметкері Натали Грант Врага, Борис Кравец атты аудармашы және кеңесшімен бірге келеді. Ақпанның ортасынан наурыздың ортасына дейін Әуезов және осы топ мүшелері бүкіл Құрама Штаттарды аралап шығады. Вашингтонда жазушы ұлттық телеарнаға сұхбат беріп, Конгресс кітапханасынан өз кітаптарын көреді. Нью-Йоркте ол Бродвей шоуларына қатысып, астаналық өнер мұражайын тамашалайды және 21 клубқа барады. Калифорнияда  Йосемит ұлттық саябағын аралап, Аризонада Үлкен шатқалдың шетіне шығып көреді. Сапар барысында Әуезов пен оның серіктері қайда жүргендіктерінен ақпараттар беріп отырады. Осы ақпараттар мен Әуезовтің жеке жазбалары арқылы біз қазақтың заңғар жазушысының АҚШ-тағы саяхатын алғаш рет баяндағалы отырмыз.

Вашингтонда

Әуезов жазбасында Нью-Йорктегі Идевальд әуежайына (қазіргі кезде JFK деп аталады) қонған кезде, тым көңілді болғанын,   «Идевальд» атауы «Айдың ауылы» дегенді білдіретінін жазады. Әуежайдың көлемі де оны бейжай қалдырмайды, құдды әр әуекомпанияның өз әуежайы бар сияқты әсер алғанын да жасырмайды. Ондаған ұшақтардың жол бойымен қозғалатынына қайран қалады, тіпті бұл көріністі ол «теңіз түбінде дамылсыз жүзіп жүрген үлкен ба­лық­тың» бейнесіне ұқсатады. Қаламгерлер сапар барысында Нью-Йорк қаласынан екі рет түстенбекші болады, бірақ шұғыл түрде Вашингтонға аттанады. Ол жердегі КСРО Елшілігінде кеңес дипломаттарымен кездесіп, он бес журналиспен баспасөз кон­ференциясын өткізеді. Осыдан бір жа­рым жыл бұрын кеңестік жазушы Борис Пастернакқа әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілген кезде, кеңес шенеуніктері оны аталған ірі сыйлықтан бас тартуға мәжбүрлеген. Соны еске түсірген журналистер Әуезовтің даулы әріптесі туралы пікірін білгісі келді. Айналасын барлай білетін жазушы мұндай сауалдың алдынан шығатынын білген де еді. Әне, сол сәтте Кеңес дипломаты  Полянский Әуезовке қалжыңдаған болып, америкалық журналистердің сұрағына: «Пастернакқа қатысты үнемі осындай сауал қою сағыз сияқ­ты болып кетті, олар ол сағызды не еш­қашан ары жұтпады, не түкіріп тастамады, тек шайнаңдаумен келеді», – деген ойын білдірді. Журналистердің өздерінен Әуезов: «Неліктен шведтер Пастернакты таңдады?» – деп сұрайды. Сондай-ақ әлгі сауалға: «Нобель комитеті елемеген ұлы орыс жазушылары болды. Толстойдың таланты Нобель сыйлығын алуға молынан жететін еді,  бірақ ол оны алған жоқ. Орыс коммунизміне жанашыр, мемлекетіміз бен халқымыз талантын мойындаған жазушы Максим Горькийдің аталған сыйлыққа қай жері лайық емес? Ол да алған жоқ. Осындай ұлы таланттар өмірден өткен соң, Пастернакты марапаттаудың не қажеті бар?»  – деген сыни пікірмен жауап береді. Вашингтонда болған кезінде Әуезов «Атлант» журналының бас редакторы, бір жыл бұрын мәдениет алмасу бағдарламасы бойынша Советтер елінде болған Эдвард Вексс жүргізетін «Совет жазушылары» дейтін бағдарламаға қатысады. Бұл кадрлардың уақыт өте келе жоғалып кетуі ықтимал, бірақ олардың апта бойы Пастернак мәселесін қозғағаны анық. Бағдарламаның қысқаша сипаттамасына сүйенсек, әйгілі бір телесыншы Әуезовке қойылған «Кеңес жазушыларында ой шектемесі бар ма?» де­ген арандатушылық сұрақпен алдын ала таныс болған. Әуезов және оның серік­тері жүрген жерлерін жау көзбен емес, тұрақты туристердің көзімен аралап жүрді. Мемлекеттік палатада олар Сенатта қаралып жатқан азаматтық құқықтар туралы заң жобасына куә болды. Конгресс кітапханасында Әуезовке өзінің романдары ұсынылды (Бұл кітапханаға Қазақстаннан жылына елу кітап жеткізілетін). Бірнеше жыл бұрын салынған Ислам орталығында Әуезов имамнан намазға шақыру туралы сұрайды және оның стереомагнитофон арқылы таратылатындығын біледі. Әуезов үшін Шекспирдің кітапханасына бару осы сапардағы басты оқиға болады. Оның пьесаларын қазақ драматургінің тұңғыш рет қазақ тіліне аударуы, осы еңбектің әлемдегі ең үлкен Шекспир материалдары жинағына енуі кім үшін болса да үлкен қуаныш болатын.

Нью-Йорк қаласында

Әуезов Вашингтоннан Нью-Йорк қаласына пойызбен аттанады. Жазушы бұл қалаға алғашқы сапарынан кейін қайтарда тағы арнайы келеді, бірақ бұл сәттер туралы оның жазбасында анық ақпараттар жоқ. Бас шаһардағы екі сапарында да ол іс-шараларға қатысумен болды. Кеңес жазушылары империя Штаты ғимаратына көтеріліп, Нью-Йорк қор биржасында капитализмнің эпицентріне еніп, Бруклин көпірін көрді, бұл көпірді олар революционер орыс ақыны Владимир Маяковскийдің әйгілі өлеңінен білетін. Колумбия университетінің славян кафедрасында болған кезде, Әуезов PhD докторының қазақ эпикалық поэзиясы бойынша диссертация қорғағанын естіп, қатты қуанғанын жасыра алмайды. Ол қаланың мәдени байлығына қайран қалды. Астаналық өнер мұражайында Әуезов Ричард Липпольд, Джимми Эрнст және Иван Олбрайттың туындыларына назар аударды. Егер оған қандай заманауи өнер туындылары кереметтей әсер етті десек, ең алдымен Голливуд фильмдерін айтуға болады. Әуезов осы сапарында көрген «Жағажайда», «Сүлеймен мен Шеба», «Бен-Хур», «Джек риппер» және «Қан шелегі» сияқты бес түрлі фильмді айрықша есіне ала отырып, өз жазбасында суреттейді. Соңғы фильмде сюжет бойынша өліктерден мүсіндер жасайтын битник туралы көрініс Әуезовті үрейлендіреді. Ол Кеңес цензурасы мұндай моральдық құлдыраудың экранға шығуына ешқашан жол бермейтінін ашық айтады. Нью-Йорктегі уақытының көп бөлігі социалистік саясатқа жаны ашитын немесе мәдени диалогты жақтайтын америкалық жазушылармен және зиялылармен кездесумен өтті. Америкалық ПЕН орталығында олар 1930 жылдары Орталық Азияны аралаған Гарлем Қайта өрлеу дәуірінің ақыны Лангстон Хьюсті кездестірді. Американың Жазушылар одағынан түскі ас ішіп, сыншы Элизабет Джаньюайдың (Әуезов оны Женуа ханым деп атайды)  үйінде қонақта болады.   Ақын Карл Сандбургпен, жазушы Рекс Стаумен және сыншы Альфред Казинмен кездесті. Бейбітшілікті жақтаушы доктор Уильям Хицц Әуезовпен 21 клубта жолығады. «Saturday Review» журналының редакторы, Гитцигтің досы Норман Кусинсол оларды өз редакциясына шақырып қана қоймай, сондай-ақ Коннектикуттағы үйіне қонаққа апарды. Ядролық қарусыздануды насихаттаумен қатар, Казин «Күлкі терапиясы» деген атпен танымал бола бастайды, мұнда әртүрлі ауруларды емдеуде жалған күлкі қолданылған. Бұл дәрігер Әуезовтің жолдасы Леонид Леоновтың кеңестік әзілдерін кейінірек өз журналында жариялады және қазақстандық жазушыға: «Романист Мұхтар Әуезов Қазақ даласындағы Шыңғыс тауларының етегінде туып-өскен. (Журналистер республиканың атын жиі атайды). Ол кең маңдайлы, келбетті адам, тұрқы шығыстық пішінде. Бірақ сіз оны Сан-Франциско дәрігері ретінде елестете алар едіңіз», –  деген таңғажайып сипаттама береді.

Калифорния мен Аризонада

Наурыз айында Әуезов және оның мәдени елшілер тобы Батысқа қарай бет алды. Осы тұста айта кететін маңызды бір жайт, Әуезовтің «Американың әсерлері» эссесі – тек Американың Шығыс жағалауындағы сапар барысын қамтитын аяқталмаған сапарнама. Калифорния мен Аризонадағы жазушының шытырман оқиғаларын баян ету үшін біз жергілікті газеттердің үзінділеріне жүгінуіміз керек.  Делегация мүшелері бірнеше күн бойы Калифорнияның Фресно қаласында болады, бұл қала әдетте туристердің көп баратын саяхат орны емес. Фресно мемлекеттік кол­леджінде сабақ берген әйгілі ақын Филип Левиннің өзара танысы болуы мүмкін. Калифорниядан келген екі академикпен бірге «Колледж» атты мектеп журналының дөңгелек үстеліне ресейлік авторлар да қатысады. Әдеттегідей, пікірталаста Леонов кеудемсоқ болып көрінді, ал кішіпейіл Әуезов негізінен үнсіз отырды.  Саяжайындағы егіндік туралы сөйлегенін естіген Әуезов қатты қайран қалғаны анық. «Колледж» дөңгелек үстелінің материалында:  «Қазақтың көрнекті ғалымы және фольклортанушысы Әуезов алманың пішінін талқылау кезінде өзінің әдеттен тыс әрекетінен бас тартып,  бағбан сияқты сабырлы көрінді», –  деп жазылған. Әуезов өмірінің көп бөлігін Алматыда, алманың туған мекенінде өткізді, сондықтан оның бау-бақшаға деген құштарлығы керемет еді. Аталған басылым Кеңес жазушыларының осы сапары туралы: «Жазушылар көргісі келетін орындарды көрді, кейбір сәттерде олар фильм тамашалап, супермаркетке, орта мектептерге, фермалар мен жеке үй­лер­ге, Йосемит ұлттық паркіне де бас сұқты», –  деп жазады. «Шынында, интернетте Әуезовтің шытырман оқиғаға толы сапарынан алынған бірнеше фотосуреттің бірі кездеседі. Бұл суретте Әуезов үстіне қысқа пальто, басына сұр шіләпі киіп, Йосемит паркінің аты аңызға айналған қызыл ағаштарының бірінің түбінде серіктерімен бірге тұр. Ол аталған үлкен орманды аралап жүргенде қобалжыған да болуы мүмкін, өкініштісі, бұл сәттер туралы ешқандай деректер кездеспеді. 3 наурызда хатшылар Лос-Анджелеске кетеді, олар сол жақтағы бір университетке барғанынынан хабардармыз (Калифорния университетінің Лос-Анджелестегі бөлімшесі болуы мүмкін) және Уилшир бульварындағы «Chapman Park» қонақүйінде баспасөз конференциясын өткізеді. Сол жиналысқа қатысқан журналистер үшін Кеңес қайраткерлері көбіне қорғанушы және айыптаушы сынды болды. Әуезов делегацияның ең үлкен мүшесі еді, бірақ сабырлы қазақ пен украиналық Хончар топтың жетекшісі болып тағайындалған Степан Щипачевке арнайы жауабын берген жоқ. Келесі күні «LA Times» газеті Щипачевтің америкалық қатысушыларды ренжіткені туралы жазды. «Біз Америкада орыс жазушыларынан гөрі Ресейде америкалық жазушыларды әлдеқайда көп шығарамыз», – деп мақтанады ол. Бір аптадан кейін «LA Times» басылымы аталған материалды сұрыптаудан бас тарту туралы шешімдерін  жариялауға мәжбүр болды. Олар Щипачевтің айыптауы туралы  «Дені дұрыс емес ақпаратқа негізделген» деп жазады. «Орыстар «Доктор Живаго» шығармасының неше ай бойы әлемдік көп сатылымдағы кітаптар тізімінде тұрғанын ұмытып кетті ме? Немесе көптеген жоғары оқу орындарының драма, шағын проза, роман жанрын оқыту бөлімдерінде Чехов, Достоевский, Толстой, Тургенев және Гогольдың шығармаларын оқуға талап қойыла ма?» деген мәселелер қарастырылады.

    Өзара мәдени барыс-келістер болғанымен, екі елдің арақатынасы әлі де салқын екені аңғарылады.  Келесі аптада қаламгерлер  Аризонаға жол тартты. Онда Әуезов Үлкен шатқалға барып, Франк Ллойд Райттың Оңтүстік-батыс сәулет өнерінің таңғажайып мекені – Талиес Уэстке саяхат жасады. Қалаға қайтарда Әуезов пен бір тілші  бірге отырады да, екеуара әсерлі әңгіменің барысында жазушы алыстағы тау төбесіндегі зәулім үйді нұсқап, оның не екенін сұрайды. Сонда жанындағы тілші: «Бұл – Вриглидің үйі (Сағыз магнаты Уильям Вригли), – дейді. Әуезов бұған: «О, Капиталист!» –  деп жауап қайтарады. Ол: «Америкада барлығы капиталист », – деп айтқан кезде жүзінен күлкі байқалып тұрады.  

 Бостон, Нью-Йорк және қайту сапары

АҚШ бірлескен мемлекеттер ұйымының алғашқы ақпарында Әуезовтің Жаңа Орлеанға баруды жоспарлағаны туралы айтылған. Бірақ оның өз жазбаларында  олардың Жаңа Орлеанға барған-бармағаны анық көрсетілмейді. Бостонға жеткенде жазушылардың Гарвард университетіне барып, танымал сатирик және Пулитцер сыйлығының иегері Джон П.Марквандпен Эдвард Векс арқылы танысқанын білеміз. Сосын олар Нью-Йоркке қайтып,  америкалық ақын Роберт Фростпен кездескен.

Шынын айтқанда, бұл сапардың  тарихи құндылығы аса жоғары деуге болады. Бірақ бүгінгі ғалымдар мен зерттеушілер оның маңыздылығын жете түсіне қойған жоқ.   Мүмкін, осы тарихи сапардың бастапқы кезеңі туралы дереккөздердің жоқтығы оларды үмітсіздендірген болар. Сапар туралы интернеттегі дүдәмал ақпараттар және автордың балалық шағында отбасынан алынып, мұражайда сақталған суреттер ғана сыр шерте алады. Әуезов АҚШ-қа сапарынан бір жыл өткен соң, Мәскеуде ота кезінде қайтыс болды. Оның «Америка әсерлері» соңғы нүктесі қойылмаған күйде қалды. Бұл сапар оның өміріндегі ең ұлы оқиға еді. Келесі жылы Әуезовтің қайтыс болғанына 60 жыл толады. Ендігі мәселе – «Американың әсерлерін» көпшілік аудиторияға жеткізе алатын тілге аудару керек.  Шыңғыс тауында туған Мұхтар есімді жазушының дала эпостарын қағазға түсіріп, оның кітаби нұсқасын АҚШ-тың Конгресс кітапханасынан кездестіруі америкалықтар үшін таңғаларлық оқиға болмақ.

Ағылшын тілінен аударған

Дүйсенәлі Әлімақын

 

Дереккөз: qazaqadebieti.kz 

Бейсенбі, 02 Шілде 2020 10:16

Әрдайым бұлай бола бермейді

Ойға шомып, аяғын әрең басып келе жатқан жігіт жолдың жиегінде отырған қартты көреді. Жанына тоқтап:

– Қария, мен жаспын, бойымда күш-қуатым да бар. Бірақ еш жерден жұмыс таба алмадым. Ұлым жатыпішер, жалқау, қызым құрбыларымен қыдыруды ғана біледі, ал келіншегім не тамақ дайындамайды, не үй шаруасына араласпайды. Не істеуіме болады, ақылыңызды айтыңызшы, – дейді.

– Бір тақтайшаға «Әрдайым бұлай бола бермейді» деп жаз да, есігіңе іліп қой, – депті қария.

Уақыт өте әлгі азаматтың ұлы кәсіп ашады, қызы жақсы жерге күйеуге шығады, ал келіншегі күнделікті түрлі тәтті-дәмді тамақ әзірлеп, қуантады. Өзі де жақсы жұмысқа орналасып, ісі алға басады. Бір күні тағы да баяғы жолмен өтіп бара жатып өзі ақыл сұраған қарияны көреді. Жігіт көлігінен түсіп:

– Ақсақал, сен мұнда әлі отырсың ба? Ал менің мына қымбат көлігімді қара, табысым да қомақты, өмірім де керемет. Қазір қандай ақыл айтасың маған? – дейді маңғаздана сөйлеп.

Сонда қария:

– Баяғыда есігіңе ілген тақтайшаны алып тастама, – деген екен.

 

PS: Ештеңе де мәңгілік емес. Бүгін бар, ертең жоқ дүниеге қатты мастану – нағыз ақымақтық. Атақ та, ақша да, тіпті денсаулық та уақытша. Ал адами қасиет пен көркем мінездің бар не жоқ болуы тек өзіңізге байланысты.

Аударған: Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Бейсенбі, 11 Маусым 2020 11:58

Алтын жүзік оқиғасы

Сонау бір жаусоқты заманда туған топырағынан босқан ел дінсіз қауымның қолтығына барып паналайды. Олар қорғансыз елге өктемдік жасап, реті келсе дүние-мүлкін талайды.

Ауған ел бұл өлке баянды тұрақ болмайтынын сезіп, басқа жаққа қоныс аударуды ойлас­тырады. Бірақ ат-көлік жоқ, қол қысқа, жолай шөл даланы кесіп өту үшін азық-түлік, мол су қоры керек... Бұлар қиналып, не істерін білмей тарыққан кезде, кәрі ата-анасы бар айдай сұлу қыз айтады:

– Қадірлі халқым, сіздер мы­надай надан елде қалып қой­саңыздар түбінде ұрпақ азады, бәріміз дінсізге айналамыз. Мен сіздерді құтқарғым келеді. Осы елдің басшысы маған сөз са­лып, өзіне әйел болуымды қ­алай­тынын айтты. Мен сол адам­ға әйелдікке барам, оның ақы­сына патша сіздерге ат-көлік және шөлден өтуге жететін азық-сусын береді. Соны алып, сіздер мұсылмандарға же­тіп алы­ңыздар. Мен өз қауымы­м­ның діні үшін осылай етуге мәж­бүрмін, – деп жылайды.

Елдің ақсақалдары ақыл­дасып қыздың уәжін құп көріп, барлығы оған ақ батасын береді. Халықтың батасын алған қыз патшаға адам жіберіп, өзінің келіскенін және шартын айтады. Патша мақұл көреді. Осылай дана қыздың арқасында ауған ел діттеген жеріне жетіп, жау-жардан құтылады.

Ал дінсіз патшаға әйел бол­ған қыз күйеуінің айтқанын бұл­жытпай орындап жүре береді. Қанша қиналып бейнет шексе де құлшылығын тас­тамайды. Көрген қиындықты тәңірдің сынағы деп қабылдап, «сынақтан кейін оның сыйлығы боларына» үміт етеді.

Елгезек әйелге риза болған күйеуі оған есімі жазылған алтын жүзік сыйлайды. Қыз бұл сыйлықты шағын қобдишаға салып, сандыққа тығып қояды. Арада айлар өтеді. Патшаны шайтан түртеді. Әйелі жоқта сан­дықты ашып қобдишадан жүзік­ті алады. Оны жоғалтып «кім­ге бердің?» деп әйелін қина­маққа бекиді. Сөйтіп жүзікті қыстақтың қасында ағып жатқан үлкен өзенге лақтырып жібереді.

Оқиғадан бейхабар әйел ертеңінде су алу үшін өзенге барады. Ауылдың балықшылары ау салып, көп балық ұстаған екен. Олар әдепті әйелге екі ба­лық береді. Әйел үйге келген соң балықтардың ішін жарып тазалайды. О, құдірет, бір балықтың ішінен алтын жүзік шыға келеді. Анықтап қараса, өзіне күйеуі сыйға берген жүзік екен. Жүгіріп барып сандықты ашса қобдиша бос тұр. Әйел «бұл істе де бір ғибрат бар шығар» деп жүзікті орнына салып қойып, ешкімге айтпай жүре береді.

Бір күні күйеуі шақырады. Барса қабағынан қар жауып, ашуланып отыр екен. Бірден:

– Саған сыйға берген алтын жүзік қайда? – дейді. Әйел:

– Сандықта сақтаулы тұр.

Патша үйдегі сандықты са­райға алғызып, көптің көзін­ше: – Сандықты ашып жүзік­ті алып шық! – деп әйелге бұйы­рады. Әйел «бисмиласын» айтып сандықты ашады, ішінен қоб­дишаны алып шығып кү­йеуіне «міне, тақсыр» деп жүзік­ті көр­сетеді. Патша да жүзікті та­ни­ды, дәл өзі. Бұл қалай бол­ғаны, өз қо­лы­мен өзенге тас­таған еді ғой…

Бұл істе үлкен ғибрат барын аңғарған патша әйеліне шын­дықты айтады және жүзікті қалай тауып алғанын сұрайды. Әйел де ештеңе жасырмай, бол­ған оқиғаны баяндайды.

Тәңірдің өзі сүйген құлын қалай қорғайтынын ұғынған пат­ша әйелге, «сен тура жолда екенсің мен сенің дініңді қабыл­даймын, үйрет!» дейді. Әйел тағдырына мың рет шүкірлік айтып, күйеуіне өз дінін үйретеді. Патшасы мұсылман болған ел ақыры бәрі мұсылман болып тынады. Осылай бір тақуа әйелдің арқасында бір тайпа ел еш зорлықсыз ақиқат жолын тапқан екен.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Жұма, 05 Маусым 2020 09:28

Көк қаламның иесі

Сөздің киесі бар, киесінің иесі бар. Иесі – ақындар болса керек. Ақын деген – қоғамның қыңыр-қисық тұстарын түзетуші, жыртығын жамаушы жанашыр жан. Жұмекен Нәжімеденовтың сөзінше айтсақ: «көп тікеннің ішіндегі қайың, көп қуаныш ішіндегі уайым» арқалаған тұлға. Ақындар қай қоғамға да керек. Қазақ қоғамы үшін оны тіпті айтып жатудың өзі артық. Өйткені ақыны жоқ халық – рухы сөнген халық.

Сөз ауданымыздың құрметті азаматы, халықаралық жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Шаяхмет Құсайынов туралы болмақ. Бүгінде аудан тұрғындары шығармашылығымен етене таныс Шаяхмет ақын маусым айының жетісінде 70 жасқа толмақ.  Өз өлеңінде:

Мен 7 маусымда дүниеге келіппін,

Алпысымда талай жерді көріппін.

Қоғам үшін күресіппін, алысып,

Жас жігіттей жаяулаппын, желіппін.

Жеті рет жерден таяқ жедім мен,

Жетімде де жетімдікті көрдім мен.

Үлкендердің ұстап тілген қайысын,

Жеті өрім қамшы етіп өрдім мен.

Ол 1950 жылы дүниеге келген.  Ақынның айтуынша өз кіндігінен бала болмағандықтан Шаяхмет ақынды Құсайын атты туысы асырап алып, Талас ауданы Аққұм ауылына алып кеткен. Туыс-тардан алыс, өз ұлындай өсірген Құсайын ата молда болған екен. Ат құлағында ойнап, Талас өзенінің тереңінде балықтай жүзген бала Шаяхмет қазақша күрестен де түйе палуан атанған. Сондай-ақ, бала жасынан жазуға құмартқан. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлын іздене жүріп оқып, жігерлі жас жазушылыққа бет бұрған.  «Жолбарыс жүрек», «Із кесу», «Қалам және ғалам», «Ерекше тапсырма» және т.б өлеңдер кітабы мен  прозаға еркін қалам тербеген оқырманға етене таныс шығармалардың авторы.

Негізінде, Шаяхмет Құсайынұлы 1951 жылы туылған. Өз туылған жылын өзгерту себебі, ата-анасынан айырылған ақын 1966 жылы Алматы қаласына келген. № 142-ші училищеге оқуға тапсырған ақын сөзсіз қабылданып, онда көркемөнерпаздар арасында өткізілетін түрлі байқауларда бақ сынап жүлделі орындарды иеленген. Соның алғашқысы, 1968 жылы көркемөнерпаздар арасында өткен облыстық байқауда Шона Смаханұлының фельетондарын нақышына келтіре оқығаны үшін арнайы мақтау қағазымен марапатталған. Бұл мақтау қағаздарын ақын әлі күнге дейін көзінің қарашығындай сақтауда. Бұл ғана емес, 1967 жылдан бері газет беттерінде жарық көрген мақалалары арнайы альбомдарда сақталса, қолжазбалар жазылған қойын дәптерлері қол созым жерде тұр. Сондай-ақ, мақала тақырыбын көк қаламның иесі деп қою себебіміз – ақын алғашқы мақалаларын жазған көк қаламын да көрсетті.

Оқуын бітірген жылы өз туған жылын   өзгерту арқылы он жеті жастағы ақын  он сегіз жасар жастармен әскерге аттанып кеткен. Әскери теңіз күштері қатарында сүңгуір қайық ішінде үш жыл қатарынан борышын өтеген ақын ұлтын сүйер ұл екендігін дәлелдеген. Бір ауыз орысша білмейтін қазақ жігіті әскерге аттанарда өзімен бірге Абайдың өлеңдер жинағы кітабын және орысша-қазақша сөздікті ала кетеді. Ресейдің Владивосток атты қаласында Абайдың өлеңдері еліне деген сағынышын басса, сөздік ортаға сіңу құралына айналды. Бара-бара сөздік арқылы орыстың тілінде сөйлей бастаған ақын ерлік те жасаған. Шекара жер бетінде ғана емес, теңізде де болатындығын айтты. Шекара шебін сүңгуір қайықта жүріп қас-қақпай күзеткен матрос Шаяхмет қасындағы орыс досымен бірге шекара шебін бұзған жапонның екі бірдей тыңшысын ұстаған. Оқиға былай болған еді. Жартасқа жасырынған тыңшылар арнайы құрал арқылы өз әскерлеріне белгі беріп жүрген. Күнделікті рейд жасайтын жасақ мүшелері Шаяхмет пен орыс досы екі тыңшының дәл осы әрекетенің үстінен түскен. Қолдарына «кортик» деп аталатын әскери пышақты алып тұра ұмтылған жапон тыңшылары Шаяхметтің саусағына жарақат салады. Бала күнінен балуан атанған Шаяхмет әлгі тыңшының сүңгісін тартып алып, оң аяғындағы сіңірлерін орып жібереді. Сіңірсіз аяқ салбырап қалады. Аққан қанға ұмтылған теңіздің түрлі жыртқыш балықтары әлгі жапон тыңшысын қолға түсірмей жеп тынады. Екінші тыңшыны тірідей қолға түсірген Шаяхмет пен досы осы ерліктері үшін 18 жас-тарында партия қатарына қабылданған екен.  Онымен қоса, Шаяхмет сүңгуір қайық командирінен кейінгі әскери дәреже «мичман» яғни бас көмекші мәртебесін иеленді. Алайда, Абайға жасалған қастандық оның бұл дәрежелерден айырылуына себепші де болған. Әлгіндей шекара шебін күзету үшін сапарға кеткен Шаяхметтің каютасына баса-көктеп кірген орыс офицері басына жастанып жүрген Абайдың кітабын көріп дереу өртеп жіберуге бұйрық береді. Бұл бұйрықты орындауға Шаяхметтен қорыққан матростарды сыбап алған офицер өз қолымен Абайдың кітабын алып лаулаған отқа тастай салған. Мұны кезекті сапардан келген Шаяхмет біліп әлгі офицерді саптың алдында жақтан салып жіберген екен. Офицер ес-түссіз құлайды. Мұны көрген өзге офицерлер дереу батырдың қолын қайырып соттатпақ болған. Тағы бір айта кететін жәйт, Шаяхмет Құсайынов осы оқиғаға дейін теңіз әскери флотының намысын  спорттың бокс және самбо түрлерінен түрлі жарыстарда абыройлы қорғаған екен. Бірде Хабаровск қаласында бокстан өткен үлкен турнирде Шаяхмет ақын қарсыласын жеңіп, артынан олар жабылып қастандық жасап, басынан таспен ұрып та кеткен екен. Өлтірмек болған олардың арам пиғылдары жүзеге аспай Шаяхмет ақын жазылып шыққан. Айта кететіні, әскери теңіз күштеріндегі сүңгуір қайыққа қабылдану үшін түрлі қиын сынақтар тапсыру қажет. Шаяхмет Талас өзенінде жүзе жүріп өзін-өзі дәл осы сынақтарға дайындағандай. Су астында үш минутқа дейін жүзе беретін өкпесінің кеңдігі сынақтардан сүріндірмей алып өткен. Сондай-ақ, алда-жалда сүңгуір қайық апатқа ұшырап жатса ажал құшқан экипаж мүшелерін іздейтін ағайын-туыс та болмауы қажет. Тұл жетімдер және асқан спортшылар іріктеліп алынатын бұл мәртебеге Шаяхмет лайық еді. Құсайын әкесінен кейін анасы дүние салып, Алматыға келу себебін жоғарыда айттық.

Сөйтіп, ашық сот жасап жаза берудің орнына Шаяхмет ақынды Уссурискіде Тайга аталатын қалың орман ортасында орналасқан әскери қылмыс жасағандарға арналған түрмеге тоғытады. Камераға кірген бетте әлдекім ақынның кеудесінен теуіп жібереді. Қазақша күрестен түйе палуан атанған ақын әлгінің аяғын ұстап жерге көтеріп бір соғады. Түрменің түсінігі бойынша ешкім жабылмауы тиіс. Тек тепкен адам өз әрекеті үшін жауап беруі керек. Әлгіні илегеннен кейін күзетшілер екеуін де карцер деп аталатын арнайы бұзықтық жасағандар үшін салынған тек тізерлеп қана отыратын тар камераның ішіне тоғытады. Іші тастай суық әрі қараңғы камерада жарты сағатқа жетпей денесінің аяздан қата бастағанын сезеді. Әлгі ақынның кеудесінен тепкен тентек орыс жігіті шыдамастан шыңғыра беріпті. Ал Шаяхмет ақын тістеніп алып үн шығармаған. Өліп қалды ма деп күдіктенген күзет қызметкері басшысын шақыртып алып қазақтың үнсіз отырғанын айтқан. Күзет басшысы қазақ халқының қайсар екендігін, Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақтармен бірге жау қайырғанын айтып босатуын талап етеді. Сөйтіп Шаяхмет ақын түрме қабырғасында да абыройлы болған. Ақынның айтуынша жолбарыс жүрек атауы дәл сол түрме қабырғасында болған оқиғадан кейін лақап ат ретінде берілген екен. Екі ай уақыт түрмеде болған Шаяхметті әлгі жапон тыңшысын ұстағаны үшін партия қатарына ұсынған контр-адмирал Ковшар деген кісі алып шыққан. Ол кезде партия мүшесінің сотталып жатуы саяси бөлім басшысы контр-адмирал Ковшарға да жақсы атақ болмаса керек, дереу істің мән-жайын анықтап тергеу амалдары жүргізілген. Соңынан, әлгі соққыға жығылған офицер мен Шаяхмет ақынды жиналысқа салған сот мүшелері офицердің өзге ұлт өкілінің ар-намысына тиіп балағаттағаны үшін және кітабын әдейі өртегені үшін сол жерде иығындағы шен-шекпендерін шешкен екен. Әділ төрелік орнап Шаяхметті Ленинград қаласында орналасқан жоғарғы теңіз әскери училищесіне түсуге көндірген. Алайда, бір кеткенде 8-9 ай теңіз астымен іс-сапарға кету кім-кімді де ойландыратыны аян. Кейіннен бас тартқан Шаяхмет әскерден жолбарыс жүрек лақап атын арқалап туған жер қайдасың деп тартып отырған. Әскери орта тек қақ-соғымен есте қалмағандығын айтты ақын. Басында сөздік арқылы ғана орыс тілін түсініп жүрген ақын бара-бара Толстой, Лермонтов, Пушкин сынды орыстың классик ақын-жазушыларының туындыларын парақтаған.

Елге келісімен 30 жыл Ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарған ақын жазушылықтың детектив жанрына қалам тартқан. Жоғарыда келтірген «Ерекше тапсырма», «Із кесу» сынды кітаптар дәл осы жылдарда жарық көрген.

Шаяхмет Құсайыновтың жазба ақыны ғана емес, айтыскер ақын екенін де біреу білсе, біреу білмес. Марқұм жары Күлпара Құсайынова да аудан, тіпті облысқа белгілі айтыскер ақындардың бірі болған. Айтыскер ақындар көңіліндегі көрікті  ойды суырып салып көмейімен айғайлап  жеткізетіні аян. Осы себепті ақын демікпе ауруымен ауырып, кейін оны жүгіріп жүріп өз күшімен емдеп те алған.

Бір өкініштісі, Күлпара Құсайынова 1991 жылы ауыр науқастан дүние салған. Төрт баланы өз күшімен аяқтандырған Шаяхмет Құсайынов тағы да ерен ерліктің үлгісін көрсеткен.

Бұл жайында ақын Шаяхмет:

«1991 жылдың шілде айы,

Әйел өлді, тасқа тиді маңдайым.

Төрт жетімектің тынып қалды жырлары,

Өртенгендей болды түгел орманым, – дейді.

«Жетісу», «Қазақстан заман» газеттерінің тілшісі және жазушылар одағында лауазымды қызметтер атқарған Шаяхмет Құсайыновтың бар-жоғы он-ақ жылдық білімі бар. Мұндай ерлік жоғарғы оқу орнын бітірген кісілердің қолынан келмей жатады. Тіпті, заттарының қайда қалғанын білмей жататын кездері де аз емес. Ал ақын Шаяхмет Құсайыновтың алғашқы шығармаларын жазған көк қаламы, 1967 жылдан одан да бұрын жазылған мақалалары, кітаптары ақын жайлы сыр ақтарған мұражай іспетті сақтаулы тұр. Бұл ақынның ыждаһатталығының айғағы болса керек. Ерік-жігерінің көрінісі болса керек.

Жетпіске келген жақсы аға

Белгісіз қашан өлерім,

Отаным, елім сенерім.

Егемендігім болса аман,

Қалғанын тағы көремін, – дейді.

Бүгінде жары Нұрғайша Құсайыновамен бірге 9 баладан 19 немере, 4 шөбере сүйген жайы бар. Сондай-ақ, өз туындылары 30-ға жуық өлеңдер, поэмалар, дастандар жинағы мен романдар мен әңгімелерді, осып түсер сыни мақалаларды қамтыған кітаптардың авторы Шаяхмет Құсайынов Ішкі істер органдарының құрметті ардагері. Алған мақтау қағаздары мен медальдарын көрсеткенде еріксіз таңқалдық. Ақынның шығармашылығына табыс тілеп, келер туылған күнімен құттықтап батыр ақынға өмір тіледік. Өйткені Шаяхмет Құсайыновтай ақындар әсіресе біздің жас қоғамға қажет-ақ.

Атады талай таңдар ақ,

Құрады халқым салтанат.

Қадірле, сыйла, елімді,

Ұрпағым саған аманат, – деп ағынан жарылады ақынның жырлары, істері ұрпаққа үлгі, аманат.

 

Әділет САРЫБАЙ

Дүйсенбі, 01 Маусым 2020 10:03

ҚОС ҚАСҚЫР

Баяғыда бір қарт кісі немересіне:

–       Әр адамның бойында қос қасқырдың таласындай үздіксіз арпалыс болады. Қасқырдың бірі жамандықты: қызғаныш, өкініш, менмендік, қулық, қастықты білдірсе, енді бірі жақсылықтың: адамгершілік пен сүйіспеншіліктің, сенім мен мейірімнің нышаны, – деген екен.

Ата сөзінің тереңіне үңілген немересі:

–       Түбінде қасқырдың қайсысы жеңеді? – деп сұрапты.

–       Өзіңнің асыраған қасқырың жеңеді, әрине, – деген екен ақсақал жымия.

 

Өз бойыңыздағы қай «қасқырдың» семізірек екенін білесіз бе?

Аударған: Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Жолда бір әйел: «Айналамдағының бәрі – бас пайдасын ойлаған оңбағандар мен арсыздар. Күйеуім – ішкіш, қаңғыбас. Балаларым – тәртіпсіз, шетінен ақымақ. Ал мен байғұстың жүрісім мынау қайғырып, жалғыз...», – деп өзімен-өзі ашуға булығып келеді.

Оған соңынан ілесіп періште де келе жатыр. Қолындағы дәптеріне әйелдің айтқандарының бәрін рет-ретімен жазып жүр. Кілт тоқтап, жазғанына бір көз жүгіртті де, «Қызық, соншалық негативтің бұл әйелге қажеті не? Десе де, неге тапсырыс берсе, соны орындауым қажет», – деп, періште әйелдің айтқандарын орындауға асықты.

Аударған: Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Елімізде әлемдік эпидемияға байланысты карантин жарияланған сәттен бастап, республика көлеміндегі білім, мәдениет, ақпарат салалары бірден онлайн режимге бет бұрды. Әрине, әр сала өз базасында жұмыстарын үздіксіз атқарып келеді.

Соның ішінде Еңбекшіқазақ ауданының да мәдениет майталмандары оқыс оқиғадан абдырап қалмай, өз жұмыстарын орнықты атқаруда. Әлеуметтік желілердің көмегімен онлайн концерт ұйымдастырып, тұнжыраған халықтың еңсесін тіктеуге ел азаматтары болып атсалысып жатқан өнер ордаларының ішінде ауданымыздағы мәдениет үйлері мен клубтарының атқарып жатқан еңбектерін елемей кету мүмкін емес. Соның бірі – кеше ғана өткен ауданымыздың мақтанышы, жерлесіміз лирик ақын – Тұманбай Молдағалиевтің 85 жылдығына арналған «Көктем шақырады» атты ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан жас жеткіншектер арасында ұйымдастырылған онлайн байқау. Аталмыш байқауды ұйымдастырған Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері әуелгі баста байқауды округтік аймақта өткіземіз деп ойлаған. Бірақ «байқау ауқымды өтсін» деген ниетпен аудиториясын кеңейтіп, аудандық байқауға айналды.

Байқаудың шарттары инстаграм парақшада жарияланған сәттен ауданның түкпір-түкпірінен өтінештер қарша борады. Яғни, әр үміткер ақынның кез келген поэзиясын мәнерлеп жатқа оқып, оны бейнетаспаға түсіріп жіберуі керек болатын-ды. Байқауға ынта танытқан 30-дан астам өтінішті мәдениет үйінің қызметкерлері іріктеп, үздік деп тапқан үміткерлерді дипломдармен мараттады. Қазылар алқасының шешімімен 3-орынды ауданымыздың 3 оқушысы – Аружан Бақтияр, Назерке Азизова, Әмина Талқанбаева бөліске салса, 2-орынды – Әсем Туканова мен Артықгүл Янгибаева еншіледі. 1-орын иегері –  ЕркежанЖұмағалым. Ал бас жүлдені аядай ғана ауылдың дарынды қызы, Талдыбұлақ орта мектебінің 5 сынып оқушысы Мақпал Тұрған қанжығасына байлады. Ал көрермен көзайымы болып, әлеуметтік желіде ең көп лүпіл жинаған Шоманова Аяжан мен Шоманова Тоғжан арнайы жүлдемен марапатталды.

Жас өрендердің қазақ әдебиетінің жыр-жауһарларымен сусындап, елінің патриоты болып қалыптасуына ықпал етуді мақсат тұтқан Қаракемер мәдениет үйінің ұжымы осы қарқынын арттырмаса, бәсеңдетпесі анық.

         Ұлан ҚАЛИ, Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің

         музыкалық жетекшісі

Айгүл Әмірбекова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты

САДАҚА МЕН САДАҒА
Әдеби тілдің өміршеңдігін сақтау үшін сөздік құрамға енген әрбір
сөзіміздің мән-мағынасын танытудан аянбауымыз керек. Соған орай қазіргі қазақ тіліндегі жарыспалы сөздерге талдау жасап көрелік.
САДАҚА МЕН САДАҒА сөздері араб тілінен ақшалай не заттай қайыр беру мағынасында енгенімен, екеуі екі түрлі семантикалық сипат алған жеке-жеке лексемалар. Яғни олар бірінің орнына бірі синоним ретінде қолданылмайды және жарыспалы сөздер деп танылмайды. Садаға - бір нәрсенің жолындағы құрбандық, құрбандыққа беру. Оған «садағаң болайын», «бастан құлақ садаға», «баладан садаға болды», «садаға кеткір» (қарғыс), «малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» «жаудан аман жан қалса, қара орман — малым садаға» деген қолданыстар дәлел бола алады. Садақа - ислам діні бойынша қайырымдылық мақсатында мұқтаж адамдарға берілетін ақшалай немесе заттай көмек, қайыр, құдайы. Соған орай «садақа беру», «садақаны сауыңда бер», «пітір-садақа» (Ораза айында жан амандығына шүкірлік ретінде берілетін садақа), «желінсадақа» (мал төлдеп жатқан кезде малдың аман болуын ырымдап, тарататын ғұрыптық ас) сияқты қолданыстардан садақаның құрбандық емес, шамаға қарай материалдық көмек беру екенін ұғынамыз.

СӘРЕСІ. САҚАР. ТАҢСӘРІ. Сәрі — арабтың «сахар» сөзінен қалыптасқан, яғни таң бозарып келе жатқан алагеуім кезді білдіретін атау. Сәрі сөзінен таралып, түрлене қолданылған сәресі, сахар, таңсәрі сөздерінің барлығы таңғы табиғи мезгілді / таңның атуын/ сипаттаған. Көркем шығармаларда «сәресіде ұйқыдан тұрдым», «сәресіне дейін көз ілмедім» деп таң қараңғысының ыдырай бастағанын айтқан. Ал қазір сәресі - ораза кезінде аузы берік адамның таң алдында ішіп-жейтін асы ретінде белсенді сипат алды. Сәресін ішу қолданысының жиілігі артты. Ертеректе сәресін ішу дегеннің орнына сақарын ішу деп те айтылған. Оған қазақтың көркем шығармалары дәлел бола алады. Дегенмен, сақардан гөрі сәресі сөзінің кеңінен танылуы басымдыққа ие болды. Сонымен, сәресі мен таңсәрі бір-біріне синоним бола алмайды. Себебі сәресі бастапқы /таңсәрі (мезгіл)/ мағынасынан ажырап, санада таңғы ас мәнінде терең сақталып келеді. Ал сәресі мен сақар атаулары бір-біріне жарыспалы сөз бола алмайды. Себебі сақар көнеленіп, қолданыстан шығып барады.

ШӘРБАТ ПЕН ШЕРБЕТ. Дәмі тіл үйіретін осынау екі тағам атауларын ажырата аламыз ба? Парсы тілінен енген шәрбат сөзі - тәтті шырынды сусын (жүзім шырыны) мағынасын білдіреді. Қазақтың халық ауыз әдебиетінде де шәрбат су, шәрбат сусын деп жемістің шырыны айтылады. Ал парсыдан орыс тіліне енгенде шербет болып икемделген сөз - шығыс тәттілері мағынасында кең қолданысқа ие болды. Сонымен шәрбат - шырынды сусын болса, шербет - жаңғақ пен қант қосылған, шоколад пен жемістен дайындалатын, шай ішуге арналған тәтті тағам. Демек бір атаудан тараған екі түрлі жарыспалы қолданыстың негізінде шығыс тәттілерінің біріне атау берілді. Бұл жарыспалы сөздердің жаңа сөз жасаудағы, яғни сөздік қорды байытудағы ықпалын көрсетеді.

УАҚИҒА МЕН ОҚИҒА. Жарыспалы сөздер қатарында жүрген бұл екі сөздің мағыналарын да семантикалық реңкіне қарай ажыратып, бірінің орнына бірін қолдануды тоқтатқанымыз дұрыс сияқты. Уақиға деп ұзақ жылдар бұрын өткен жеке адамның өміріндегі немесе қоғамдағы елеулі бір құбылысты атауға болады. Мысалы, «мына суретке қарап басымнан өткен бір уақиғаны айтып берейін» деген сөйлемде уақиға сөзі қолданылғаны жарасымды. Себебі уақиға - болып өткен әрі ерекше есте қалған хикаялы естелікке жақын. Ал оқиға - болып жатқан іс, әне-міне болған маңызды жағдай, елеулі әрекет. «Жайсыз оқиға», «жол-көлік оқиғасы», «оқыс оқиға», «кездейсоқ оқиға», «төтенше оқиғ»а қолданыстары кенеттен болатын қалыпты өмір ағымындағы өзгерістердің дәйекті көрінісін сипаттайды. Сонымен уақиға жеке адам өмірінде айрықша есте қалған сәттерінің маңыздылығымен, естелік болып сақталуымен және ұзақ жылдар өткеннен кейін еске түсетін сағым оқиға болуымен ерекшеленсе, оқиға - қоғамда кенеттен болған күрделі жағдайлардың хронологиялық тізбеленуімен ерекшеленеді.

Жарыспалы қолданыстар сөздің дұрыс жазылуын нормалауда айтарлықтай кері әсерін тигізетіні де байқалады. Сондықтан алдағы уақытта мына сөздердің дұрыс жазылуын есімізде сақтап алайық: түкпір (түпкір емес), шариғат (шарият емес), шейіт (шәһид емес), ілтипат (ілтифат емес), мінажат (мұнажат емес).

Дүйсенбі, 20 Сәуір 2020 12:54

САРҒАЙҒАН СОЛДАТ ХАТТАРЫ

 

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл. Бұл соғыстың қасіреті аз айтылған жоқ. Кітап болып жазылды, кино болып түсірілді, тарих болып хатталды. Елге аман-есен келген жауынгердің сыр сұхбаты болып та баяндалды. Кейінгі буын «ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» ұстанымын атадан балаға өсиет қылып насихаттап та келеді.

Дейтұрғанмен, Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңін кең панорамада көрсетуге септігін тигізетін эпистолярлық жазбалар, яғни, ұрыс даласы мен бейбіт өмірді жалғаған жауынгер хаттары әлі де болса ғылыми тұрғыда арнайы зерттеу нысанына айналған жоқ. Жауынгер хаттары солдаттың елге деген сағынышы ғана емес, майдан өмірі, окоп шындығы. Дала почтасынан жолданған бұл хаттардың көбі бүгінгі күнге жеткен жоқ. Алайда, елім деп еңіреген ерлердің үшбұрышты үшбу сәлем хаттарын еміренген елі, асыл аналар көздің қарашығындай сақтап, ұрпағына рухани мұра қылып жеткізе алған екен.

Кеңес Одағының Батыры Мәншүк (Мәнсия) Жиенғалиқызы Мәметованың Орал қаласындағы музейінде қаһарман қазақ қызының алты хаты сақтаулы. Оның біреуі 1938 жылы латын графикасында жазылған хат болса, бесеуі орыс тілінде майдан даласынан жазылған хаттар. Музей қорындағы әріптері көмескіленіп, тозығы жеткен Мәншүк хаттары бізге дейін түпнұсқалық текстологиясы толықтай қалпына келтіріліп оқылған да, жарияланған да емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алғаш рет жеңістің 70 жылдығы қарсанында Мәншүктің майдан даласынан жазылған бес хатын 2015 жылы тоғызыншы мамыр күні «Приуралье» газетінде жариялап, Ақжайық жұртын көзайым еттік. Бұл істе материалдармен танысуға мүмкіндік жасаған музей қызметкері Әлия Жантөреқызына ризашылығымызды білдіреміз.

Мәншүк Мәметованың хаттарына да адресатпен амандық сұрасу, ақпарат бөлісу, бірінші жақтан баяндалатын көңіл-күй реңіктері сынды эпистолярлық стиль ерекшеліктері тән. Ал хат мәтініндегі жеке сөйлемдер жазушының дүниетанымы мен заман шындығын көрсетеді. «Дорогая апа» деп басталатын бірінші хатында анасын бірінші мамыр мерекесімен құттықтап, Қызыл әскер қатарында Отанын жаудан қорғауда алғы шепте жүргендігін мақтан ететін тұстан кейінгі: «Выполняя приказ Сталина, не отступать ни на шаг назад. И я лично оправдаю доверие партии, храня в груди кандидатскую карточку» деген екі сөйлем назар аудартады.

Екінші дүниежүзілік соғыста адам шығыны жағынан кеңес елі бұрын соңды соғыс тарихында болмаған көрсеткіш көрсетті. Мұның барлығы «қарыс қадам шегінуге болмайды» деген Сталиннің бұйрығының салдары екендігін соғыс зардабын зерттеуші ғалымдар дәлелдеді. Шегіне ұрысып адам шығынын мейлінше аз болуын қарастырудан көрі, қауқарсыз қарумен қарыс қадам шегінбеу стратегиясы адам өлімін еселей түсті. Адам шығынының көп болуына және бір себеп Мәншүктің хатынан алынған үзіндідегі екінші сөйлемде жатыр. Комунистік партия қатарындағы және оған кандидат жауынгерлер кеңестік идеология жүргізген саясаттың салқынымен «я лично оправдаю доверие партии» деп қарыс қадам шегінбей және өзгені де осыған үгіттеді. Бұл соғыс өрті шарпып тұрған ұрыс даласында басын бәйгеге тігіп, жауына қасқайып қарсы тұрған қазақ қызының қапылыста жазылған бас-аяғы жүз сөзге жетпейтін хат мәтініндегі заман шындығы.

Мәншүктің 20.05.1943 ж. хаты көңіл күй реңкіне толы. Елге деген сағынышы, елден келген хаттың жанына шуақ құятыны: «Апатай, я очень соскучилась о Вас... Когда получаю от Вас письмо, оно мне дает больше энергии в дальнейшей моей жизни...» деген тебіренісінен анық сезіледі. Осы хаттағы: «Я всегда буду жива, здорова и меня никакая немецкая пуля не возьмет, только лишь Вы пишите письма почаще» сөйлемі бір Мәншүктің аузымен айтылғанымен елден келген үшбу хат жауымен бетпе-бет келіп

алысып жатқан мыңдаған жауынгерге қаншалықты қуат беретінін боямасыз көрсетіп беруімен де құнды.

Мәншүктің 7.08.1943 ж. жазылған үшінші хаты деректердің нақтылығымен, қоршаған орта суретінің дәлдігімен, ахуалдың ашық айтылуымен құнды. Дерек нақтылығын: «Наша сотая бригада, которая формировалась в Алма-Ата сейчас находится в Калининской области, недалеко от Великих – Лук. Пока ст. от передовой находится 10-12 километров» сөйлемдері аңғартса, соғыс жылдарындағы қоршаған орта суретінің дәлдігі: «...а если есть деревня, то разрушена, населения не живут. Живем рытой из земли в землянке» жолдарында жатыр. Ал: «Сейчас в нашей бригаде казахов мало, так как были в двух боях... Но моя судьба в боях шаткое, иначе говоря, трудно сказать, что буду цела. Абкетай, конечно я Вам пишу откровенно, только не огорчайтесь и не думайте ни о чем. Если погибну то за Родину, за отца и за Вас» сөйлемдерінде ахуал бүкпесіз баяндалады.

Соңғы сөйлемдегі «...за отца и за Вас» сөз саптауы кім үшін және не үшін қолына қару алғанынан сыр аңғартады. Мәншүк майданға шақырылып емес, сұранып барғандар қатарынан. Себеп, кеңес үкіметі ел ішінен жау іздеп, өз халқын өзі жазықсыз қырған тұста Мәншүктің де әкесі ызғарлы жылдардың құрбаны болып кете барды. Отағасын опат еткен үкімет өздерін халық жауының отбасы деп қарады. Соғыс басталған сындарлы сәтте «халық жауының отбасы» отан алдындағы кінәларын қолына қару алып, майдан даласындағы ұрысқа қатысу арқылы өтей алады деген жымысқы үндеу таратты. Сондай-ақ, халық жауы болып ұсталғандардың үштіктің қаулысымен атылып кеткендігін жасырып, ел арасына ұрпақтары соғысқа қатысса тұтқындалғандарды ақтайды деген де сыбыс шығарды. Қаршадай қазақ қызының: «Если погибну то за Родину, за отца и за Вас» деуі міне осыдан.

Мәншүктің төртінші хаты адресаттың ортасы, оның жан дүниесіне әсер еткен детальдардың нақты әрі мерзім дәлдігі көрсетілуімен құнды. Мұны Мәншүктің: «Дорогая мамочка! Долгожданное письмо и посылку получила в тот же день и в тот же час, когда мы тронулись на передовую. Это было 10.ІХ.1943 г. В этот день в 7 часов должны были двинуться вперед, а мне сказали только в 6 часов, что приехал этот капитан, но я все - таки сумела дойти к нему и взять, но поговорить не пришлось, что я до сих пор жалею. Была очень рада, хотя только мне досталось одно яблоко, так как наши бойцы и командиры встретили меня также, как и я, ожидали маленький подарок. Мамочка уже второй год, как мы не видим фруктов и вообще что-нибудь домашнее» дейтін хатынан оқи аламыз.

Бұл да Мәншүктің хаты арқылы жеткен сұрапыл соғыстың жазылмаған шындығы. Сыз топырақ окопта түнеп жүрген жауынгерге бейбіт өмірдегідей тәбетін шапқаннан дәм татуға майдан мұрша берген бе. Сондай-ақ, хаттағы «мне досталось одно яблоко» үзіндісі елден жеткен сәлемдемені қаруластарымен теңдей бөлісіп, қолында жалғыз түйір алма ұстап тұрған Мәншүк қыздың мырза бейнесін мәңгілікке қалдырған авторлық жолдар емес пе.

Осы хаттағы Мәншүктің көрген түсі баяндалатын: «Дорогая Абкетай, сегодня днем легла отдохнуть, целую ночь не пришлось спать, парочку уснула, сразу мне приснился такой сон. Приехал папа, но с ним не разговариваю, он как будто служит в армии и вдруг слышу, приехала делегация из Алма-Ата и открываю дверь, слышу Ваш голос, подхожу к Вам и обнимаю, целую и говорю, неужели я вас вижу. Что-то никогда не думала встретить вас и будто целую и потом как будто это в настоящем. Начинаю рассказывать, как мы живем, рассказала встречу с отцом, потом спросила, как пришел сюда, а вы отвечаете, что вам посчастливилось попасть с этой делегацией и вдруг будят меня на обед и вся эта сладкая минута оказался сном» деген үзінді жазушының (хат иесі) жан дүниесінің хабаршысы сынды. Мәншүктің ерекше алабұртқан көңіл күйін көрсететін «...мне приснился такой сон. Приехал папа...» сөздері өңінде жоғалтқан әкесін түсінде тапқан Мәншүк қыздың көңіл шуағының қоңырауы десе болғандай. Түсінде әкесінің әскери адам болып көрінуі, елден әскери делегация келуі хат иесі сана сезімінің соғыс жағдайындағы жаңғырығының көрінісі деп қабылдаған дұрыс.

Болашақта Мәншүк Мәметованың өмірін жолын зерттеймін деушілер табылып жатса 22.ІХ.1943 жылы жазылған хатына ерекше көңіл бөлуге кеңес береміз. Мұнда көзін тауып сөйлете білген адамға Мәншүктің әлемін тануға септігін тигізер детальдар жетерлік.

Мәншүктің бесінші хаты қысқа бас-аяғы жеті-сегіз сөйлем. Хат мәтінінен батырлар жырындағы «аспанды бұлт торлайды» психологиялық параллелизм көңіл күйін аңғаруға болады. Шабынған ажалды көзімен көріп, көңілмен қорытқан Мәншүк анасына: «Дорогая мама! ... а сейчас я нахожусь в передовой, сумею ли еще раз написать письмо не знаю... Теперь ждите письмо после боя. Хош, крепко целую Вас, дочка Манчук» деп хатын аяқтаған екен. Бұл Мәншүктің 11.10.1943 ж. елге жазған соңғы хаты болатын.

Соғыс жылдары жазылған хаттар зерделеп қараған жанға есен-амандық қана емес, өмір шындығын бүкпесіз көрсететін тарихи құжат. Бір ғана Мәншүктің хаттары мезгілсіз қиылған миллон тағдырдың арманы мен аманатын, ызғарлы жылдардың саясаты мен салқынын тануға септігін тигізетіндей. Бұдан бес жыл бұрын Мәншүктің хаттарын жариялаудан кейін Жайық жұртынан жиналған жауынгер хаттарының негізінде «Сарғайған солдат хаттары» атты кітапты шығаруды жоспарлап отырмыз. Кітаптың ерекшелігі жауынгерлердің өз қолымен жазған хаттары сол күйінде сканерленіп берілді. Бұл оқырманға көне жәдігерді көзбен көруге мүмкіндік туғызуымен қатар, түпнұсқаның редакцияланбай теріліп басылғанына көзін жеткізеді. Сондай-ақ, кітапта эпистолярлық жанр табиғаты мен заман шындығын таныту мақсатында хат мәтініне ғылыми талдау жасалды. Мұны мақтан үшін емес, елден жиналатын жауынгер хаттарымен жұмыс осы бағытта жалғасын табатындығын айту үшін жазып отырмыз.

Ардақты ағайын, сарғайған солдат хаттары біржола тозығы жетіп жойылып кетпей тұрған кезде жинақталып, көп томдық кітап болып жарық көруі тиіс. Бірліктің күші мен бейбіт өмірдің қадірі жауынгер хаттарында. Бүгінгі таңда БҚО Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті жанындағы «Академик Қажым Жұмалиев атындағы ғылыми зерттеу орталығы» бұл жұмысты кезең-кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осы сауапты іске атсалысайық, Алаш баласы.

Жауынгер хаттарын осы күнге дейін сақтап жеткізген әулет адамдары мен хаттарды жинақтап бізге жеткізуші архив, музей, кітапхана т.б. қызметкерлер есімі жарияланымда міндетті түрде көрсетілетін болады. Хаттарды сканерлеп, байланыс телефонымен мына электронды почтаға Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс., 8777-704-59-57 жолдасаңыз қазақ руханиятына өз үлесіңізді қосқан болар едіңіз.

Азамат Мамыров

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

Бейсенбі, 16 Сәуір 2020 13:26

Абай – қазақтың бойтұмары

Абайды бас ақын деп бағалаған,

Терең деп теңіздейін саралаған.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын да,

Әдебиет жұлдызы деп тағалаған.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Айта білген ақиқат салмақтысын.

Халқына бере білді өз әлемін,

Арнаған мұрат, мұра, ақындығын.

Қым-қуыт тұрмыс пенен тіршілікте,

Ел жанына әр сөзі жақын бүгін.

Тәңірінің берген тума талантымен,

Су сепкендей қарлығаш қанатымен.

Адамзатты ақылмен нәрлендіріп,

Тамсандырған сан қырлы қабатымен.

Әлемдік әдебиетте орны бөлек,

Қадірі мен қасиеті елден ерек.

Абайды қара өлеңнің тәңірі деп,

Ақындар мен шешендер ойды тербеп.

Танылған ұлттық болмыс үлгісі боп,

Қоғамның жан ашыры үрдісі боп.

Еуропа әдебиетінің жауһарымен

Сусындаған әуел баста бір кісі боп.

Орыстың зиялыларын танып,біліп,

Көкірегіне жақсысын келген түйіп.

Өз ұлтының кемшілігін қатты сынап,

Олардың қылығына жүрді күйіп.

Рухани өресіне баға беріп,

Дін танушы,философтар дара көріп.

Әлемдік деңгейдегі тұжырымына,

Назар аударды  ерекше көңіл бөліп.

Бір ғасырдан астам бұрын қазағын

Жаңғыртуға алға қойды талабын.

Жаңа өмірге бейім бол деп шақырып.

Ұлылықпен берді жаңа сабағын.

Адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайрат,

Жылы жүректі жадында жүрсін байлап.

Үш ұғымға бірлікте қарастырса,

Ұлт құндылығы мәресінде тұрар қайнап.

Қабырғалы ел болуды танытқан,

Абай арқылы болмысымызға қаныққан.

Қанаттанып қара сөзі, өлеңін,

Ақыл-ойын, жүрегі бар жан ұққан.

Абайды оқы, жетем десең мұратқа,

Өз ісіңе жауап та бер тұрақта.

Бес асыл іс жүзеге сен асырып,

Бес дұшпаннан аулақ жүргін, жырақта.

Деп білеміз, Абай қазақтың бойтұмары.

Жүрегіңе сақтай біл,түпкірі боп тұрағы.

Өзгені қор санама, өзіңді мақтан қылып,

Деп тілеген өзіңді зор санамай бол қырағы.

Өз ұлтын төрлетуді мақсат еткен,

Ұлы Абайды алты алашқа мақтан етем.

Ұлт киесі, бойынан табылады бар қасиет,

Ұрпағымыз Абайды, десе екен, жаттап өсем.

 

Емелхан ҚАЙЫПОВА,

 Батыр Ана

 

*****

Ұлылығын мойындатқан әлемге

 

Абай десе Абайсың,

Абайладың жан-жақты.

Риза еттің, жарайсың,

Қалың елің қазақты.

М.Әуезов.

 

Ой-қиялға сыймайтұғын дара шың,

Кемеңгерім – ғұламасың, данасың.

Ақыл түйген, жырды сүйген ұрпақтың,

Болашаққа көшін бастап барасың.

Әрбір сөзің жіпке тізген маржандай,

Оқу қиын тебіренбей таңданбай.

Жырларыңыз кәусар бұлақ суындай,

Оқығанның жан сусыны қанғандай.

Адалдықтың ала жібін үзбеген,

Әр сөзіңнен ақыл табар іздеген.

Жер әлемге таныттыңыз қазақты,

Ал қазақтың бағы жанды сізбенен.

Ой толғаған ұрпақ үшін, елі үші,

Оқи берсін кеңиді ойың өрісің.

Жомарт тәңәр елден артық жаратқан,

Даналықтың таусылмайтын кенісің.

Имандық берген тағлым-тәлімді,

Көктен түскен дейді Құран –Кәрімді.

Араб тілін бәрі бірдей ұғынбас,

Ал қазақтың алды сізден бәрі үлгі.

Ұлыларсыз тіршілікте  барма мән,

Қырын олар ой көгінде самғаған.

«Абай жолын» жазу үшін толғанып,

Ұлы Мұқаң  жарты өмірін арнаған.

Сөз жақұтын тере білген саралай,

Қараңғыға түрен салған  данам-ай.

Берген тәңір байлық, билік, ақылды,

Қайғы-мұңды берген бірге аямай.

Өз қайғыңды қара нардай көтердің,

Ал парызың елге деген өтелді.

Тәуелсіз ел, тәрбиелі ұрпағың,

Есіміңді асқақтатты, көтерді.

Ұлы баба дана десе, данасың,

Айтқан сөзің бәрі өнеге, бәрі асыл.

Ұрпағың мен мәңгі бірге жасайсың,

Қазағыңа Абай болып қаласың.

Алты Алашы ауызына қараған,

Дейді халқы: «Дана туар данадан».

Қасиетті ұл сыйлаған қазаққа,

Айналайын ақ ниетті анадан.

Атты баба армандаған азат таң,

Құтылды елің қасіреттен, азаптан.

Ұлылығын мойындатқан әлемге,

Айналайын сізді берген қазақтан.

 

Айтан АБИЛЖАНОВ,

Н.Островский орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Бәйдібек би ауылы

Соңғы жаңалықтар

Қаз 03, 2024

Ерлан Барлыбаев: "Үкімет ұсынғандай…

Елімізде 6 қазан күні АЭС салу бойынша референдум өтеді. Осыған байланысты VIII сайланған…
Қаз 03, 2024

Международные стандарты в…

Строительство атомной электростанции – это масштабный и сложный проект, требующий…
Қаз 03, 2024

Алматы облысында референдумға…

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының…
Қаз 03, 2024

И след простыл: как современные…

Углеродный след человечества — тяжелый груз для планеты, который ей все труднее нести.…
Қаз 03, 2024

АЭС ел экономикасының өркендеуіне…

Ақтөбе облысындағы халықтық штаб мүшелері «Қамқор вагон» ЖШС-нің ұжымымен кездесу…
Қаз 03, 2024

Атомная энергетика не может быть…

Лэйла ТАСТАНОВА В преддверии референдума по вопросу строительства атомной электростанции…
Қаз 03, 2024

Имеем средство от рака в руках, но…

Более 200 тысяч человек в Казахстане состоят на учете как онкобольные. И 12 тысяч…
Қаз 03, 2024

Эксперт разобрал мифы и реальность о…

Директор департамента атомной энергетики и промышленности Министерства энергетики…
Қаз 03, 2024

Атом энергетикасын дамыту экологияға…

«Үлбі металлургия зауыты» АҚ-ның ғылыми орталығы бастығы, физика-математика ғылымдарының…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет