Дүйсенбі, 19 Қазан 2020 09:29

Еңбегі ерен абзал жан

«Дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ», − деп ұлы ғұлама, медицинаның атасы Ибн Сина атап кеткен. Ал, бұл айтылғандарды  қолданып, ем іздеп келген жанның дертімен күресе білген

ақ халаттылардың еңбегі орасан екені де рас. Осы салада ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп жүрген хирург дәрігер Қожабеков Ерақын Тұрғанбекұлы туралы сөз қозғамақпыз.

Ерақын Қожабеков Нарын-қол ауданы, Текес ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында алғырлығымен оза шауып, 10 жылдықты үздік бітіреді. 1974-1976 жылдары Мәскеуде 2 жыл әскери борышын өтейді. Және осы уақыттары медициналық институтқа 1 жылдық дайындық курсына түседі. 1985 жылы облыстық аурухананың  интернатурасында болып, осы  жылы Шелек ауруханасында хирург болып қызмет етеді. 1993 жылы бөлім меңгерушісі болып тағайындалады.

Ғұмырының басым бөлігін адам өмірін арашалаумен өткізген Ерақын Тұрғанбекұлы қазір зейнетте. Десе те, зейнет жасына шыққаннан кейін тағы 3 жыл мерзімге келісімшартқа қол қойыпты. Білігі мен мол тәжірибесі ұжым үшін ғана емес, халық үшін де құнды болса керек.

Кейіпкеріміздің жанұясы дәрігерлерден құралған. Жұбайы Гүлмира Сеңгербекова да дәрігерлік қызмет атқарып, бүгінде зейнетке шыққан. 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлы инженер, құрылысшы болса, қызы әке жолын қуған. Айгүл Ерақынқызы – сәулелі диагностика маманы. «Қызымның таңдауына тікелей ықпал етіп, араласқан емеспін. Өзі осы медицина саласын қалады. Дегенмен, анасы да дәрігер болған соң,«Алма ағашынан алыс түспейді» дегеннің жөні келді ме екен деймін», – деді Е.Қожабеков.

Ерақын Тұрғанбекұлы жылына 300-350-дей ота жасайды. Әрине, әрбірінің өз тарихы, қиындығы мен ерекшеліктері бар. «Күрделі оталар ойдағыдай аяқталған сәт – мені ерекше арқаландырып, күш-қуатымды еселей түседі. Мұның себебі кезінде мамандығымды жүрек қалауымен таңдағанымнан болар деп түйемін», – деп сөзін жеткізді хирург. Рас, хирургия – күрделі сала. Әрбір ота өмір мен өлімнің бітіспес арпалысымен өтеді. Хирургтің қолы мен қандауыры (скальпель) сәл ғана қателессе, бір адамның өмірі сол сәтте үзіліп түсуі мүмкін. Жаңылмай тапқан кәсібі бар Ерақын, машығы мол Ерақыны бар ел бақытты десек болады. Білікті хирургтің еңбегі де еленіп келеді. Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. 2019 жылы ҚР денсаулық сақтау министрінің Құрмет Грамотасын алған. Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы.

Осынша жетістіктері бола тұра, «қызметім – міндетім» деп қана, қарапайымдылықтың туын жықпай келеді Ерақын аға. Әрине, адами болмысын және қызметтегі жолын жастарға үлгі етуге тұрарлық.

– Бұл мамандыққа келерде жауапкершілікті алдыңғы орынға қою керек. Селқос таңдау – сапасыз жұмыс нәтижесіне алып келеді. Шалыс басуың – біреуді анасыз, бірін бауырсыз, бірін доссыз қалдыруың мүмкін. Түптеп келгенде, бір емес, бірнеше адамның тағдыры талқан болады. Сондықтан адам өмірімен, денсаулығымен байланысты салаға саналы түрде келуге шақырамын, −  дейді Ерақын Қожабеков.

Ілия СҰЛТАН

Жұма, 16 Қазан 2020 17:37

Өмірдің 30 қағидасы

1. Өзіңізге қателесуге мүмкіндік беріңіз. Мүмкіндікті жіберіп алсаңыз да, одан алуға болатын өмірлік сабақтарды жібермеңіз. Қателіктер толықтай жетіліп, тұлға болып қалыптасуға көмектеседі.
2. 3 минуттан да аз уақыт алатын жұмысқа тап болсаңыз, бірден орындап тастаңыз. Оны кейінге қалдырмаңыз.
3. Шешімдерді тек қана өзіңіз қабылдаңыз. Өзгелердің жетегінде жүрудің қажеті жоқ. 
4. Сіздің күлімсірегеніңізге қарап бақыттың құшағында жүрген жандар бар. Осыны есіңізде сақтаңыз. 
5. Саяхаттаңыз! Жылына екі рет бұрын соңды барып көрмеген жерлерге барыңыз. Саяхаттардың арқасында өзіңізге не керегін анықтауыңызға болады. 
6. Адамдар мен алдамшы сәттерді босата біліңіз. Болған іс болды, тек оның өтіп кеткендігін қабылдауыңыз қалды. Босатуға қиналсаңыз өзіңізге «Бұның мен үшін 5 жылдан кейін маңызы бар ма?» деген сұрақты қойыңыз. 
7. Тұлға болып қалыптасуға тырысыңыз. Өзгелермен емес, тек өзіңізбен ғана жарысыңыз. 
8. Сыртқы көрінісіңізге мән беріңіз. Әрдайым жаңа кездесулер мен жаңа жетістіктерге дайын болыңыз. «Бүгін кездесуге дайын емеспін. Ертерек айтқаныңызда жақсылап дайындалып келетін ем» секілді сөйлемдерді айтпаңыз. 
9. Тағдырға өкпелеп, назыңызды айтпаңыз. Жәй ғана орындалуы тиіс іс-әрекеттерді орындаңыз. 
10. Медитация жасап үйреніңіз. Ол босаңсып, ойды жинақтауға көмектеседі. 
11. Жоспарыңыз ойыңыздағыдай болмай қалса да, күлімсірей біліңіз. Кейде жоспардың бұзылуының да пайдасы тиеді. 
12. «Жоқ» деп айтып үйреніз. Ұсыныстан бас тартудан қорықпаңыз. 
13. Әрбір айтқан сөзіңіздің өзгеге де, өзіңізге де пайдасы тиетіндігіне мән беріңіз. Абай атамыз өсиет еткендей өсек, өтірік, мақтан сөзден аулақ болыңыз. Айтарға ештеңіз болмаса, жәй ғана үндемеңіз. 
14. Шешімді қабылдамас бұрын ойланып алыңыз. Маңыздылығына да мән беріңіз. 
15. Әр аптаның соңында мына сұрақтарға жауап беріңіз: «Өткен аптада не үйрендім?», «Қандай жетістікке жеттім?», «Осы апта өткізген сәттерімнің ең бағалысы қайсысы?», «Уақытымның бос кеткен сәттері болды ма?» 
16. Тәуелсіз бола біліңіз. Бақытыңыз тек ғана өзіңіздің қолыңызда. 
17. Өзіңізді де өзгелерді де сыйлай біліңіз. Адам өзі таңдайды. Өзіңізге қатысы жоқ істерге араласпаңыз. Өзгенің өміріне сөзіңізбен де кіріспеңіз. 
18. Өзіңіз көмектесе алмайтын істерге уайымдаудың қажеті жоқ. 
19. Таза ауада күнде жүріңіз. Серуендеріңіз ауа райы мен көңіл-күйге тәуелсіз болсын.
20. Армандар мен идеяларға сеніңіз. Олардың кейбіреуі орындалып қойған да шығар. 
21. Әр адамның бойында бұғып жатқан талант болады. Оны оятуды ұмытпаңыз. 
22. Сөзіңіз бен іс-әрекеттеріңізге 100 пайыз жауап беріңіз. Сөздеріңіздің алапат күші бар. 
23. Адал болыңыз. Адамдарға, өзіңіздің таңдауларыңызға адалдық танытыңыз. «Адалдық туа біткен қасиет емес, бар болғаны - шешім». 
24. Біреуге ашуланып тұрсаңыз, жауап қайтармас бұрын жоқ дегенде 24 сағат күтіңіз. 
25. Денсаулығыңызды күтіңіз. Ол біреу-ақ. Алдағы жоспарларыңызды орындауға ол міндетті түрде қажет. Медитация мен спорттың көмегі зор. Оны тексеріп көріңіз! 
26. Жан дүниеңізді тыныштыққа бөлеңіз. Адамның шынайы болмысы жүрегінде жатыр. 
27. Өткенді өтті деп қабылдаңыз. Ол енді жоқ және қайтып келмейді. Орнына сабақ алып, ілгері жылжыңыз. 
28. Басымдылығыңызды танытыңыз. Әр нәрсенің өз орны бар. 
29. Қорқыныштарыңызды жеңе біліңіз. Қорқыныш дегеніміз жәй ғана жасандылық. 
30. Ешқашан берілмеңіз! Батылдық пен табандылық үлкен жетістіктерге жеткізеді.

Тәбет ашатын шырынды жидектер адамға жазғы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ағзасын түрлі дәрумендермен байытады. Бірақ жидек киімге тисе, қалған дақты кетіру қиындау. Мұндайда не істеуге болады? 

Ыстық су. Егер шие, таңқурай, мүкжидек, құлпынай, қарақат секілді қызыл түсті жидектер киіміңізде жаңа ғана дақ қалдырса, мұны ыстық сумен кетіруге болады. Ол үшін бір шәйнек суды қайнатып, ыстық суды дақ тиген жерге құю керек. 

Ашыған сүт. Ашыған сүт немесе айранды киімнің дақ тиген жеріне тамызыңыз да, 2-3 сағатқа қойып қойыңыз. Дақ кеткен соң, киімді жуып алыңыз. 

Лимон қышқылы. Дақ қышқыл заттың көмегімен тез кетеді. Егер тоңазытқышта ашыған айран не сүт болмаса, лимон қышқылының көмегіне жүгінсеңіз болады. Киімнен дақты кетіру үшін лимон қышқылын жылы сумен ерітіп алып, дақ тиген жерді ерітіндімен ысқылаңыз да, 20 минутқа қойып қойыңыз. Егер нәтиже бермесе, тағы солай қайталаңыз. Кейін киімді жуып алыңыз. 

Сірке суы. Киімдегі жеміс дағын кетіру үшін сірке суы мен лимон қышқылын 1:1 қатынаспен араластырып алу керек. Ерітіндіге марляны батырып, киімдегі дақты сүртіңіз. Дақ тез кетеді. 

Тұз. Дақты тұздың көмегімен кетіру үшін тұзды сумен ерітеді. Қоймалжың болғанға дейін араластырып, дақты сүртіңіз. Кейін киімді сабындап жуып алыңыз. 

Глицирин. Егер киіміңіз түрлі түсті болса, мына әдісті қолданып көріңіз. 40 грамм глициринді жұмыртқаның сарыуызымен араалстырыңыз да, дақтың үстіне жағып 2 сағат қойыңыз. 2 сағаттан кейін киімді жуыңыз. 
 

Артық болмас... 

1. Аталған әдістерді қолданбас бұрын дайындалған тұнбаларға тәжірибе жасап көріңіз. Бір шүберекке жеміс дағын тигізіп, аталған әдістердің біреуін қолданыңыз. 
2. Егер жеміс-жидек киіміңізге дақ қалдырса, сабынмен кетіремін деп әуре болмаңыз. Есіңізде болсын, сабын дақты киімде қатырып тастайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей қаласына жұмыс сапары «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу салтанатымен басталды. Аталған композиция данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ашылды. Ескерткіште Абай ұлдары Ақылбаймен және Турағұлмен бірге бейнеленген. Композиция идеясы портреттік ұқсастықты ғана көздемеген. Автор ұлдарының ұлы әкесіне деген ерекше махаббаты мен шексіз мақтаныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен.

Мемлекет басшысы жұртшылықты Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен құттықтап, хакімді біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз екенін атап өтті.

– Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртатынымызды айта келіп, Абай аманатына адал болуымыз керек деді. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы ақын айтқан асыл қасиеттерге байланысты екеніне тоқталды.

– Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Турағұл – елге үлгі болған тұлғалар. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын басты фактордың бірі болуы керек! – деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ерекше мән берілгенін, мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткенін, ақын мұрасын насихаттауға, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойылғанын айтты.

– Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берген жоқпыз. Абай айтқан «мақтаншақтық», «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жолы осы деп санаймын. Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін! – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін Президент Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорық-мұражайын аралап көрді. Мұражай 1940 жылы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ашылған. Бұл Қазақстан тарихында тұңғыш әдеби-мемориалды мұражай саналады.

Ойшылдың 175 жылдық мерейтойына орай музей залдары қайта жөнделіп, ғимараттың қасбеті мен аумағы жаңартылған. Бүгін Мемлекет басшысы салтанатты түрде ашқан «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші де осы мұражай аумағында орналасқан. Президентке мұражайдағы жаңа экспозициялар ұсынылды. Айта кетейік, енді музейге келушілер экспонаттарды көріп қана қоймай, заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен Абай өмір сүрген заманның рухын сезініп, ұлттық аспаптардың үнін тыңдай алады. Қасым-Жомарт Тоқаев мультимедиялық залдың жұмысына оң баға берді.

 

Сонымен қатар Қазақстан Президентіне «Ақынның балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Ақынның шығармашылығы», «Абайдың поэзиялық мектебі», «Отбасы», «Қара сөздер» залдарындағы жәдігерлер таныстырылып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы жайында жан-жақты мәлімет берілді

Жер жүзіне жайылған аты жаман ауру өмір ағысына өз түзетулерін енгізуде. Осыған байланысты биыл оқу жылы бұрынғыдан басқаша басталды. Дегенмен, ата-аналардың өтінішімен кезекші сыныптар ашылып, бастауышта оқитын оқушылардың мектепте білім алуына рұқсат берілген еді. Өкініштісі, оқу басталған бір жарым айдың ішінде елімізде кезекші сыныпта оқитын 73 баладан коронавирус анықталды.

Олардың көпшілігі Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында оқиды. Сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінен 2-3 деректен тіркелген. Ал біздің аудандағы жағдай қандай?

Аудан көлемінде бүгінде барлығы 86 мектеп, 53 147 оқушы бар. Мектептердің 73-інде 987 кезекші сынып ашылған. Оларда 12 786 оқушы білім алуда. Сондай-ақ бала саны 180-ге жетпейтін мектептердің қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмысын дәстүрлі түрде жалғастыруына рұқсат етілген болатын. Осыған байланысты жалпы оқушы саны 164-ті құрайтын Тексенсу ауылдық округіндегі Толқын орта мектебі бүгінде толыққанды жұмыс істеп жатыр. Яғни 1-11 сынып оқушылары түгелдей мектепте білім алуда. «Ал осы кезекші сыныптардың санитарлық жағдайы қандай?» деген сұраққа Еңбекшіқазақ аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Бақбергенұлы жауап берді.

«Барлық кезекші сыныптар ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйырығына коронавирус пандемиясына байланысты биыл тамызда енгізілген талаптарға сай ұйымдастырылды. Мектептер портативті 144 пирометрмен, яғни жанаспайтын дене қызуын өлшегіш құралдармен, сондай-ақ дезинфекциялық тоннельдермен жабдықталған. Білім ошақтарында дезинфекциялық құралдардың төмендемейтін қоры жасалған. Күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимде жұмыс істеп жатқан оқу орындарының қызметкерлері мен оқушылар мектеп ғимратына тек бетпердемен кіргізіледі және күнделікті жанаспайтын термометриямен таңертеңгілік сүзгіден өтеді. Әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ғимарат алдында асфальт таңбаланған, ғимарат ішінде қашықтықты сақтау үшін сигналды белгілер жасалған, оқушылар мен қызметкерлердің қолдарын өңдеуге арналаған антисептикті санитайзерлер әр қабатта және әр сыныпта орнатылған, аяқкиім табанын дезинфекциялық кілемшелерге сүрту міндеттелген, сабақ арасындағы үзіліс кестесі әр сыныпқа әр уақытқа белгіленген, мектеп ішінде жүріп-тұру мен баспалдақпен көтерілу «біржақты қозғалыс» қағидасы бойынша арнайы көрсеткіштермен таңбаланған. Әр қабатта санитарлық бекеттер жұмысы ұйымдастырлған», – дейді Дәурен Бақбергенұлы.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Уважаемые читатели!

В связи с объявлением в стране чрезвычайного положения по борьбе с коронавирусом выпуск бумажной версии  газеты «Еңбекшіқазақ» временно приостановлен по причине закрытия типографии.

Оперативную информацию вы можете прочитать в электронной версии газеты – сетевом издании mezet.kz.

 

Редакция газеты «Еңбекшіқазақ». 

Адамзат қоғамының даму процесіне көз жүгіртсек оған бейнелеу өнерінің тигізген әсерін жоққа шығара алмасымыз анық. Алғашқы адамдардың салған суреттері қазіргі біз үшін тым қарабайыр болса да өнер тарихы мінберінен қарағанда теңдессіз құбылыс болғаны дау тудырмаса керек. Олар өздерінің діни сенімдерін, тұрмыс-тіршілігін, салт-жоралғыларын тасқа қашап, кейінгі ұрпақтарына өшпес мұра қалдырып кеткеніне, әрине, бас иетініміз анық. Испаниядағы Альтамир, Франциядағы Ласко, Австралиядағы Кимберли үңгірлерінен табылған ежелгі суреттер адамзат мәдениетінің теңдессіз жауһарлары саналады.  Олардың қатарында елімізде орналасқан Таңбалытас та бар. Тарих ғылымы да осы бір тасқа қашалған суреттерге қарай отырып сол кездегі адамдардың тарихы мен мәдениетінің, діни сенімі мен тыныс-тіршілігінің қандай болғанын болжай алады. Демек бейнелеу өнері адам баласының мәдени параметрі ғана емес, тарихи қазынасы да бола алатыны ақиқат.

 

Тылсым өнердің тарихы

Әрине, бейнелеу өнері тек қана сурет салудан тұрмайды. Өз ішінде сурет (графика), кескіндеме (живопись), мүсін өнері (скульптура), сәулет өнері (архитектура), дизаин, сәндік қолданбалы өнер секілді бірнеше түрге бөлінеді. Ал олардың әрқайсысы іштей бірнеше жанрларға жіктелетіні тағы бар. Осыған қарап-ақ бейнелеу өнерінің өте күрделі де сан қырлы тылсым өнер екенін түсінеміз.

Сонау тас дәуірінен бастау алған бейнелу өнері уақыт өткен сайын жаңарып, күрделеніп, дамып отырды. Ежелгі дәуір өнерінің ірі орталығы – Алдыңғы Азиядағы Тигр мен Евфрат өзендерінің аралығы. Б.з.б. ІІІ-І мыңжылдықтарда мұнда шумерліктер мен аккадтықтар мәдениеті, кейінірек Бабыл, Миттани және Ассирия мемлекеттері мәдениеті өркендеді. Бұл дәуірде мүсін және кескіндеме туындыларымен көркемделген сарайлар мен ғибадатханалар маңызды рөл атқарады. Олардың жалғасы саналатын ежелгі Мысырда да б.з.б. ІV мыңжылдықтың соңы мен б.з.б. 341 жылдар аралығында бейнелеу өнері аса қарқынды дамыды. Ол дінмен, құдай дәрежесінде дәріптелген перғауындарға табыну ғұрпымен өте тығыз байланысты болатын. Қалай десек те ежелгі Мысырдың бейнелеу өнері әлемдік мәдениетке қосылған ірі үлес болып табылатыны шындық.

Б.з.б. 3000 жыл мен б.з.б. 1200 жылдары Жерорта теңізінің шығыс бөлігінде, Эгей теңізінің жағалаулары мен аралдарында өркендеген Эгей мәдениеті де бейнелеу өнері тарихында үлкен маңызға ие. Оның негізгі орталықтары Крит, Киклада аралдары, Микен, Пилос және Тиринф қалалары болды. Крит-Микен мәдениетінің маңызды сәулет ескерткіші – әйгілі Кносс сарайы бейнелеу өнерінің түрлі жанрын бойына тоғыстырған туынды.

Ежелгі Грекияның бейнелеу өнері де Эгей мәдениетінің бай дәстүрлерін жалғастырды. Ол гомерлік кезең, ежелгі өнер кезеңі, классикалық немесе эллинизм кезеңдері болып бөлінеді. Ежелгі Грекия мәдениеті өзінің даму кезеңін көне грек қала-полистерінің өркендеген кезінде, құлиеленушілік демократия дәуірінде (б.з.б. V-ІV ғасырлар) басынан кешірді. Грек шеберлерінің шығармашылығы мифологиялық түсініктерге негізделеді. Олар сонымен қатар, болмыс шындығына, дүние-әлемнің үйлесімділігіне деген терең пайымдарға адамның тәни және рухани кемелденуі турасындағы идеяларымен де құнды еді.

Бұдан бөлек, ежелгі дәуірдің бейнелеу өнерінде Солтүстік Қара теңіз жағалауының мәдениетімен қоса, Урарту мемлекетінің, Үндістанның, Қытайдың, Орталық Азия мемлекеттерінің мәдениеттері секілді ірі мәдениет ошақтары болды. Мәселен, ежелгі Үндістан мәдениетінің ескерткіштері ретінде Синдтағы Мохенджо-Даро мен Пенджабтағы Хараппа елді мекендерін атауға болды. Бейнелеу өнерінің даму тарихына қарап отырып бір шындыққа көзіміз жетеді. Ол шындық – бейнелеу өнерінің тарихы адамзат тарихымен егіз екендігі. Біз тарих ғылымының ежелгі дәуір тарихы, орта ғасыр тарихы, жаңа заман тарихы, қазіргі заман тарихы болып бірнеше кезеңге бөлінетінін жақсы білеміз. Ал ежелгі дәуір тарихы жазудың пайда болуынан бастап, 476 жылы Батыс Рим империясының құлауымен аяқталады. Демек тарихтың басталуы жазудың пайда болуымен байланысты. Жазудың арғы тегі осы бейнелеу өнерінен шығатынын ескерсек, бұл тылсым өнерге тағызым етпеске амалымыз жоқ.

Енді өзімізге келсек, қазақ даласында пайда болып, өзіндік құрылымымен ерекшеленген сақтардың «аң стилінің» де бейнелеу өнері тарихынан алар өз орны бар. Барлығымыз сол сақ шеберлерінің қолынан шыққан «Алтын Адаммен» әлемге мақтанып жүргеніміз де рас. Сонымен бірге, қазақ даласының әр түпкірінен кездесетін балбал тастардың да ішке бүккен құпиясы жетерлік. Қалай айтсақ та қазақ қоғамында бейнелеу өнері басқа өнер түрлерімен салыстырғанда кенже қалғаны да жасырын емес. Еуропадағыдай сонау ХІV-ХVІІ ғасырлардың өзінде ренессанс кезеңін бастан өткеріп, бейнелеу өнерін кемелділікке жеткізген құбылыс болған жоқ. Бірақ кейіндеп кіріссек те, әлемдік көштен қалып қойған жоқпыз. Әйтседе сәндік қолданбалы өнерге келгенде мақтануға хақымыз бар. Түрлі-түсті оюлармен өрнектелген киіз үйлеріміз, текемет пен сырмақтарымыз,  киім-кешектеріміз, ат әбізелдеріміз шеберлігімізді шартарапқа әйгілеп тұрғандай.

Алғаш болып сурет салумен айналысқан қазақ суретші ретінде ешқандай кәсіби білім алмаса да, шеберлігі мен біліктілігіне шек келтіруге келмейтін ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов болатын. Ал алғашқы кәсіби суретшілер Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, Б.Сәрсенбаев, Қ.Қожықов секілді аға буын өкілдері. Осы кісілердің жолымен жүрген шебер суретшілер бүгінде арамызда аз емес. Солардың бірі – ҚР суретшілер одағының мүшесі, ҚР жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы, профессор, Серғазы Құсайынұлы Жаманғараев.

 

 

Шеберлікті шыңдау шарасы

Сурет салуға үйрену баланың дамуына, қиялының ұшқыр болуына, өзін қоршаған әлемді өзгеше сезінуіне жол ашатыны айдан анық. Сондықтан әлемдегі елдердің барлығының мектептеріндегі оқу бағдарламаларына бейнелеу өнері пән ретінде енгізілген. Сонымен қатар жоғары оқу орындары да ұйымдастырылып, кәсіби суретшілерді тәрбиелеуге де көп көңіл бөлінеді. Біздің елімізде де арнайы бейнелеу өнері мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындары баршылық. Солардың бірі – Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті. Жоғарыда атап өткен профессор С.Жаманғараев та осы оқу орнында оқытушы ретінде еңбек етіп, шәкірт тәрбиелейді.

Нұра ауылындағы О.Жандосов атындағы орта мектептің директоры Ы.Салмановтың ұйымдастыруымен С.Жаманғараев бастаған ҚазҰПУ-дың суретші ұстаздары өздерінің тәжірибелерімен бөлісуге арнайы келген болатын. Олардың қатарында ҚР дизайнерлер одағының мүшелері аға оқытушы, PhD докторы Қ.Бекболатова мен өнертану магистры А.Ермахановалар бар. Ұйымдастырылған шараның басты мақсаты мектептердегі бейнелеу өнері пәнінің ұстаздарына арнайы шеберлік сабақтарын өткізіп, олардың біліктілігін арттыру. Сонымен бірге оқушылар арасындағы жас таланттардың өнерін тамашалау. Әрине, олардың өнерін жай ғана тамашалап кете салмайтыны түсінікті. Ең әуелі жас суретшілерге бағыт-бағдар беріп, сурет өнеріне деген қызығушылығын ояту болса, екіншіден болашағын бейнелеу өнерімен байланыстырған талапкерлерді іздеп табу. Өйткені, сурет өнері де басқа өнер түрлері секілді талантты талап етеді. Егер бойыңда сол өнерге деген талантың мен бейімің болмаса оқып үйренем деу бос әурешілік екені онсыз да белгілі нәрсе.

Ең алдымен С.Жаманғараев өзінің тәжірибесімен бөлісіп, сурет салудың әдіс-тәсілдерін көрсетті. Осы орайда Қ.Бекболатова мен А.Ермаханова шеберлік сабаққа қатысушыларға сәндік қолданбалы өнер бағытында киізді өңдеп, оларды бояу және дайын бұйым жасау кезінде қалай жұмыс жасаудың жолдарын таныстырды. Ауданның әр түпкірінен келген мұғалімдер мен шәкірттер шеберлік сабағына белсене қатысып, зор қызығушылық танытты. Әсіресе А.Жексенбеков атындағы орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі А.Төлегенова шеберлік сабағынан көп нәрсе үйренгенін айтып, осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса деген тілегін білдірді.  Өзінің де жасаған жұмыстарын көрсетіп, болашақта шеберлік сабағын өткізушілермен тығыз байланыста болатынын айтты.

Келесі кезекте С.Жаманғараев шараға келген оқушылардың сол сәтте салған суреттеріне баға берді әрі олардың арнайы ұйымдастырған сурет көрмелерін тамашалады. Ұсынылған суреттерді іріктеп ішінен үздік деген жұмыстарды талдап алды. Ал осы талдап алынған жұмыстар ҚазҰПУ-да ұйымдастырылатын көрмеге қойылатын болады. Сонымен бірге, жұмыстары көрмеге қойылған әрбір оқушы арнайы сертификатпен марапатталады. Жиналған жас суретшілердің ішінде суреттері ерекше назар аудартқан Тескенсу ауылындағы Жамбыл орта мектебінің 11 «Ә» оқушысы Н.Бекқадыр болды. Оған бүгінде ұстазы ретінде А.Сейсенқұлов жетекшілік етіп келеді. Оның графика жанрында салған портреттері өте шынайы шыққандығымен сүйсіндіреді. Сол мезетте С.Жаманғараевтың портретін де салған ол нағыз суретші екендігін дәлелдегендей. Бұл туындысы да өзге туындыларындай жоғары бағаланды. Осы еңбегін шексіз құрметі ретінде С.Жаманғараевқа сыйға тартты.

Негізгі шеберлік сабақтар аяқталып, көрмедегі жұмыстар сараптан өткен соң жиналғандар өзара пікір алысып, бейнелеу өнерінің бүгінгі күйін сөз етті. Әсіресе бұрынғы «Бейнелеу өнері» мен «Технология» пәндерінің қазіргі жаңа бағдарлама бойынша «Көркем еңбек» деген бір пәнге біріктірілуі әрі одан туындайтын кемшіл тұстары туралы мәселелер көтерілді.

 

«Көркем еңбектің» кемшілігі

Екінің бірі суретші бола алмайтыны анық. Бірақ басқалардың суретпен қатысы жоқ деп тағы айта алмаймыз. Кішкентай ғана баланың әріп танымаса да сурет салуға ынталы болатынын байқаған боларсыз. Есіңізде болса балалық шағыңызда сіздің де шимайлап сурет салған кездеріңіз аз болмаған шығар. Сол себепті кез-келген бала алғаш қалыптаса бастағанда жазуға емес, суретке құмартып тұратыны таң қаларлық жағдай емес. Сондықтан алғаш қолымызға алған әліппенің суретке толы болуы да осы бір қағидаға негізделген әдістеме. Бұл туралы академик, жазушы, философ ғалым Ғарифолла Есімнің «Шимай философиясы» мақаласында жақсы айтылған. «Есі толық енбеген бала қолына қарындаш, қалам алса ақ қағаз бетін шимайлай бастайды. Бұл керемет. Алғашқы шығармашылық ізденіс. Өзін өзгеге таныту тәсілі. Сәбидің «мені» қалыптасып келеді. Қолға қалам алу, шимайлау сәбидің көңіл шуағы. Ол сол шимайды әке-шешесіне, үлкендерге көрсетеді, қоштау күтеді. Бірте-бірте шимайдан сурет шыға бастайды, ол бөлек әңгіме. Сурет әлемі сырға толы сәбидің дүниеге көзқарасы, сезім тұнығы, мөлдір бұлақ суы десек те жеткіліксіз. Оны сөзбен айтып түсіндіру мүмкін емес, сәби түсінігін түсінгің келсе, бірге отырып сурет сал», – дейді ғалым аталған мақаласында. Иә, баланың шимайынан біртіндеп сурет, ал суреттен оның санасының түпкірінде дүниеге деген көзқарасы пайда болады. Демек, сурет өнері – тәрбиенің де құралы. Сондықтан кешеге дейін мектеп бағдарламасында «Бейнелеу өнері» мен «Технология» пәндері басқа пәндермен қатар оқытылып келген еді. Бұл пәндерді оқып барлық оқушы суретші болып кеткен жоқ, әрине. Дегенмен олардың тұлға болып қалыптасуына аталған пәндердің тигізген әсерін жоққа шығара алмаймыз.

Олай болса, бастауыш мектеп пен жалпы орта мектептің жаңартылған білім беру процесінде анықталған білім беру мазмұнының кіріктіре түзілуі, оқу пәндерінің бірігуі оқушылардың жаңа сипатта қалыптасуына алып келетіні анық. «Бейнелеу өнері» пәні деген атау өткен ғасырдың соңғы жылдарында анықталып, оған дейін мектепте «Сурет» оқу пәні деген атаумен оқу үдерісінде жүріп келген еді. Оның білім беру мазмұны өткен ғасырдың басынан қазіргі кезге дейін түпкілікті өзгерістерге ұшырамай, өзінің классикалық тәжірибесін сақтап қалған болатын. Нақты айтсақ, бейнелеу өнерінің түрлері, олардың жанрлары, көркемдік құралдар мен оларды бейнелеу туралы оқытылатын.

Ал, «Технология» оқу пәні ретінде комплексті білім беру тұжырымы бойынша оқушыларды еңбекке үйретуге бағытталғандығымен ерекшеленетін. Мұнда оқу пәнінің атауы «Еңбек» деп те аталды. Осы оқу пәнінің білім беру мазмұны ағаш, метал, мата секілді бұйымдармен жұмыс жасау, тағам дайындау, электротехникалық жұмыстар, конструкциялық материалдарды өңдеу, ауылшаруашылық жұмыстары сияқты салаларды қамтитын. «Еңбек» пәні бойынша жоғары сынып оқушылары нақты еңбек түріне бағытталған кәсіби білім алуымен де тиімді еді.

Ал бүгінде «Көркем еңбек» болып біріктірілген қос пәннің бастары бір қазанға қалай сыйып тұрғанына таңданбай тұра алмайсың. Өйткені, екі пәннің бағыты сырттай ұқсас көрінгенімен, іштей бақылаған адамға айырмашылығы айқын аңғарылатыны анық. Бейнелеу өнері ең алдымен эстетикалық талғам мен нәзіктікті, байқампаздық пен шеберлікті қажет ететін сала. Сондықтан өлі бояуды қағаз бетінде қайта тірілтуге біршама дайындық керек. Осындайда Врубельдің: «Рояльда ойнайтын әрбір адам өзін музыкантпын деп ойлайтыны бар.  Ол бекер, сурет салатын әрбір адам өзін суретшімін деп ойлайтыны бар, ол да бекер», – деген сөзі ойға оралады. Сондықтан таланты  мен талабы бар жеткіншек қана суретші деген ардақты атты иеленуге талпына алады. Ал ол балалардың талантын ашуға «Бейнелеу өнері» пәнінің рөлін алмастыра алатын ештеңе жоқ. Әрине, оған осы пәнді оқытуда қалыптасқан методиканың тигізер әсері де бар. Енді екі пән біріккен соң бұрынғы методиканың орнын жаңа әдістеме алмастырары хақ. Демек бұрынғы әдістеменің эстетикалық қыры ескерусіз қалмаса да, бәсеңдейтіні талассыз.

«Технология» немесе «Еңбек» пәнінің де тасада қалуы табысты жол емес. «Еңбегің» не, «Көркем еңбегің» не бәрібір емес пе деген ойдың да қылаң беретіні рас. Бірақ еңбектің бәрі көркемдік сипатта бола бермейді. Ауыл шаруашылығы немесе электроникалық жұмыстарымен айналысқанда көркемдікке мән бере бермейтініңіз анық қой. Бұл жерде эстетикалық талғамнан гөрі теориялық білім маңызды. Ал «Көркем еңбектің» «Технологиядан» аясы да тар, ауқымы да кіші. Сондықтан әр нәрсенің өз жүлгесімен жүргені пайдалы болмақ.

 

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

 

Бейсенбі, 30 Сәуір 2020 12:45

Ән көгінде Шәмші аға

Қазақ – қашаннан өнерлі халық. Сонау заманнан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ауыз әдебиеті, шежіреге толы аңыздар, айтыс, ақындық, оның ішінде суырып салма жанрынан қазақтықтың иісі аңқиды. Ұлы даланың жеті қырына тән саф өнер осындай киелі халықтың ғана бойына дарыған десек, артық айтқандық емес. Күмбірлеген күй өнері  мен сары даланың сырлы сыңғырындай әншілік өнерінің өзі – бір төбе.

Халқымызда аты аңызға айналған небір серілер, ақын-жыраулар, күйші, сазгерлер, жүрек қылын шертер күміс көмей әншілер жетерлік. Солардың бірі де, қазақ вальсінің королі атанып кеткен – Шәмші Қалдаяқов атамыз. Көнекөз қарияларымыздан Шәмші ағамыз жайлы сұрай қалсаң, таңды-таңға ұрып әңгімелеуден бір жалықпайды. Оның өзі – Шәмші атамыздың ерекше дарын иесі болғандығының дәлеліндей. 

Бүгінде  қазақ сахнасының бел ортасынан ойып тұрып өзіндік орнын алған Шәмші ағамыздың шығармаларының бірі  –  «Сыған серенадасы». Осы туындыны сахналамаған театр қазақ сахнасына кемде-кем шығар.

Иә, «Серенада» әу баста француздардың «Серенаде» – кешкі ән, былайша айтқанда, әйелдерге арналған махаббат әні дегенді білдіреді. Ол көбінесе мандолин мен гитараның сүйемелдеуімен орындалады. 18-19 ғасырларда ол Еуропада, одан Ресейде әртүрлі аспаптардың, ансамбльдер мен оркестрде де орындалатын болған. Әйтсе де, «Серенада» сығандардың ең сүйікті аспабы гитараның сүйемелдеуінде ойналған. ХХ ғасырда солардың ұлттық музыкалық жанрына айналып кеткендей әсер қалдырды. Ендігі жерде «Серенаданы» гитарасыз елестету мүмкін емес сияқты.

Шәмшінің «Сыған серенадасы» да дәл солай. Гитара үні «Серенада» әуенінің грациясын шарықтау шегіне жеткізіп тұрғаны  – сазгерге ғана тән сезімталдық. Бүгінде осы шығарманың шығу тарихы жайында алып қашпа әңгімелер толассыз. Әркім өз пайымынша топшылайды. Бәзбіреулер Шәмші табырда жүрген сыған қызы Изольдаға сырттай ғашық болып туған десе, енді біреулер ол сығандармен өмір сүрген дейді.

Шәмші өмірінің соңғы жылдарында ауруханада көп жатқан екен. Күндердің күнінде қал-жағдайын біліп, Исраил Сапарбай барып, «Сыған серенадасы» әнінің туу тарихын сұрайды. Өткен күндерді еске алғысы келмеген Шәмші інісіне былай деп жауап қатыпты. «Ол  – ұзақ әңгіме. Мені қинамашы. Мен оқудан шығып қалғанда, төрт-бес жігіт вокзал жақта жүрдік. Алдымыздан үш-төрт сыған қызы шығып, табырға шақырды. Екі-үш күн табырда жүрдім. Осыдан басталды барлығы, айналайын» деген екен. Кейін Исраил Сапарбай біраз ақпараттарды арқау етіп, өз қиялына ерік беріп, шығарманы жазып шығады.

Отыз жылдық тарихы бар «Сыған серенадасы» осылай өмірге келген екен. Осы серенадаға жан бітіріп, сезім құшағына қиялмен жетелеген ол, әрине, театр өнері. Бүгінде қазақ театрын «Сыған серенадасысыз», ал «Сыған серенадасын» театрсыз елестету мүмкін емес.

Қорытындылай келгенде, Ұлы даланың жеті қырының бірі, жетпіс жеті өнерінің ең үлкен тармағы ол – саф  алтындай таза өнер – театр. Театр арқылы өскелең ұрпаққа ұлы жазушылар мен ақындар, жыраулар мен күйшілер, сезімге толы сазгерлерді дәріптейміз. Өнер өлмейтін – өнеге!

                                                                           Қанат Бахтинов,

Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің қызметкері

 

 

 

 

    

                                

Сейсенбі, 14 Қаңтар 2020 11:30

Домбыраның сиқырлы сазы

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Украинаның Днепропетровск қаласында міндетті әскери қызметімді атқарып жүрмін. Ол кезде әскери борыш үш жыл мерзіммен анықталатын (қазіргі мерзімді әскери қызмет қой бір-ақ жыл).

Иә, сонымен таңғы алтыдан түнгі онға дейін аяқ-қолға дамыл жоқ. Жалаңаяқ өскен, отын кесіп, шөп шауып, қорадағы малды күтіп үйренген ауыл баласы маған әскери марш-бросок, строевой, таңсәріден тұрып үш шақырым кросс дегендерге аптаға жетпей төселіп алдым. Бірақ...

Иә бірақ! Кешкі астан кейін екі сағат жеке басыңа берілетін уақыт бар. Кітап оқуға, теледидар қарауға, ата-анаңа жолдас-жораларға хат жазуға дегендей. Әскери киіміңді күтіп, жағасын ауыстыру, кирза етікті жарқыратып былғары аяқкиімдей ұстауға да уақыт жетеді. Жетіп артылады. Міне осы артылған уақытта әрнәрсе ойға түсе бастайды. «Наш адрес не дом, и не улица, наш адрес советский союз» – деп кеңестік идеология ауылың, елің түгілі, ұлтыңды, тіліңді, әдет-ғұрпыңды ұмыттырып, орыс ұлтының негізінде «біртұтас совет халқын» құрамыз, – деп тыраштанып жатқанда сол одақтың әр түпкірінен келген жас жігіттердің киген киімі – әскери формасы біркелкі хаки деген түспен тігілген матадан болса да бір-бірімен сәлемі де, айтатын әндері мен музыкалық аспаптары да ұлттық үлгіде. Грузиндердікі өз алдына, өзбектікі де өзгеден бөлек, Балтық жағалауындағы елдерден – латыш, эстон, литвалық – әркім өз бұрышында, өз тілінде сөйлесіп жатты әскери казармада. Мен де жалғыз емес едім – бір ауданнан қазақ-орысы бар отыз шақты жігіт бір ротада болдық. Қазақша десең достарым Қуаныш бар, Әскер бар, орыс десең ол жерлестер тіпті көп. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Он сегізге дейін сыртқа шығып көрмегесін елді, ата-анамды ауылымды сағынғаннан болар деп ойлап қана қойып жүргенде төртінші қабаттағы ашық тұрған терезеден домбыра дауысын естіп қалдым. Көкшетауымнан көп қашықта интернет жоқ уақытта, радиотолқыны тек Қазақстанда ғана таратылатын кеңестік тар заманда Днепрдің жағасында домбыра даусы қайдан шығып жатыр?! Елең етіп менің толқыған жүзімді аңғарған дембельге дайындалып жүрген жерлесім – жүр таныстырайын домбырашы жігітпен деп қолымнан жетектей жөнелді. Біздің қазармаға қарсы бетте алтыншы гвардиялық танк армиясына қарасты байланысшылар полкі бар екен. Аға сержант әскери шені бар дембель аға жерлесім кезекшіден Талип Абдрахимовті шақырып бер деп өтінгенше болмай арықша келген қараторы қазақ жігіті мені ертіп келген аға сержантқа «Ассалаумағалейкүм, Досым-аға» деп сәлем беріп маған сұраулы жүзбен тесіле қарағанын байқап:

– Мен екі күннен кейін пойызбен елге кетем. Служба аяқталды. Мына жігіт терезе алдында сенің тартып отырған домбыраңды тыңдап, толқып отыр екен, үйін, елін сағынған болар. Әлі бір жыл қызметің бар, осы жігітке қамқор болуды тапсырам, – деді де мені Ташкенттің қазағы Тәліпке таныстырып өз жұмыстарымен кетіп қалды.

Мен Тәліпке шынымды айттым:

– Үйден шыққалы екі айдың жүзі болды, не бір қазақша ән, не домбыра үнін, күй тыңдамаппын. Бір нәрсе жетпегендей өзіме-өзім келе алмай жүргенде сенің тарқан домбыраңды естіп қана түсіндім – радиодан таңғы алтыдан кешкі 12-ге дейін астанамыз Алматыдан беріліп жататын ән-күй, концерттердің жетіспейтінін. Мен меломан – ән-жырға, домбырадан төгілген күйлерге сонша берілген жан болмағанмен «құлаққа сіңіп, бойды алған» әуендер жетіспейді екен – деп Тәліпке ағымнан жарылдым.

Сонымен, қысқасы, Ташкенттің Тәліп атты қазағына бір сағат бос уақытым болса барып домбырасын, қоңыр дауыспен айтатын әндерін тыңдап жүрдім. Ол болса дембельге, яғни міндетті қыз-метінен босағанда біздің казармаға келіп кім жақсы домбыра тартса, соған осы домбырамды сыйға беріп кетемін деп жариялады да сол жылы ғана әскери қызметке келген өнерлі жасқа аспабын қәстерлеп тапсырып еді...

1990 жылдың наурыз айы. Мәс-кеудегі қоғамдық ғылымдар академиясында кеңестік идеологияның бүгі-шігін игеріп жатырмыз. Кешке отырып әлі түгел құлай қоймаған, бірақ тәлтіректеп әзер тұрған кеңестік одақтың астанасы Мәскеу қаласының теледидарынан «22 наурызда таңғы сағат 10.00-де Замоскворецк мәдениет үйінде Наурыз мейрамы өткізіледі. Келем деушілерге есік ашық. Әсіресе қазақстандықтарды құшақ жая қарсы аламыз» – деген жарнама елең еткізді.

Мәскеудің өзі алып мегаполис болғанмен баратын жерге тармақ-тармақ дамыған жер асты көлігі – метро әп-сәтте жеткізеді. Наурыз мейрамы өз еліміздің өзінде жаңа-жаңа кең етек алып келе жатқан кезі ғой. Қонақ үйде жатып оқып жатқан қазақстандықтар мереке басталмай жатып-ақ жетіп бардық Москва өзенінің арғы бетіндегі мәдениет үйіне. Кең көшенің ашықтау алаңындағы мәдениет ошағынан қазақ әндері, күмбірлеген Құрманғазы, Дәулеткерей күйлері шалқи төгіліп тұр. Көше бойы, алаң толған қазақ жастары-студенттер, Мәскеуде тұрып қалған отандастарымыз. Біздің Алматыдағы республика сарайынан екі есе кең бе дерсің мәдениет үйінің фойесіне қаз қатар үстелдер қойылып, үстіне наурыз көже, тоқаш-бауырсақ, құрт-ірімшік, сусындар қойылғанын қарап болып, тояттанғандай сыртқа шыққан бетте назар аударған көрініс қазақтан басқа ұлттар өкілдері көптеп келіпті наурыз- тойға. Ерекше көзге түскен апыстан асқан орыс азаматына келіп сәлемдесіп жөн сұрастым. Көзі жасаурап, кемсеңдегендей кейіпте тұр екен сол сұхбаттасым. «Неге толқып, жылағандай жағдайда тұрсыз деп сұраймын ғой сол ұмытпасам өзін Иван Андреевич деп таныстырған зейнеткерден.

– Звуки домбры меня взволновали, молодой человек. Я родился и вырос в казахской степи. Пшеницу сеял, хлеб растил. Выбился в большие начальники. И всю жизнь слушал эти домбровые кюи. Они оказывается впитались в мои мозги, в сердце. Домбра, домбра! Великий инструмент казахов, великие издает он, звуки, волнующие мелодии.

Сол кездегі қазақ ССР-нің Мәскеудегі тұрақты өкілі (қазіргіше елші десек те болады) С.Әбділдиннің басқаруымен сондағы тұрған қазақтар мен студенттерді ұйымдастырып, М.Шаханов бастаған өнер адамдары да Мәскеудегі Наурыз Мерекесіне өз үлестерін қосқан еді. Ал Қазақстанда қызмет атқарып, зейнет жасына келгенде Одақ астанасынан пәтер алып Мәскеу тұрғыны болғандардың қазақ даласын, қазақ домбырасын аңсаған орыс-қазақтарды көзім көріп, көңілім өсіп еді сол кеңес одағының соңғы жылында.

Әлеуметтік желіде, сахнада домбыраны насихаттап жүрген жалғыз Димаш емес, орыс Олег Никитиннің өте биік шабытпен Құрманғазының Адайын, С.Тұрысбековтің «Көңіл толқынын» асқан шеберлікпен орындағанын көріп тыңдап жүрміз.

«Нағыз қазақ  қазақ емес, нағыз қазақ домбыра». Домбыра қазақтың жаны, рухани серігі. Осы ақиқатты әлем сезініп келе жатқандай.

 

Х.АХМЕТЖАНОВ

Соңғы жаңалықтар

Қаз 03, 2024

Ерлан Барлыбаев: "Үкімет ұсынғандай…

Елімізде 6 қазан күні АЭС салу бойынша референдум өтеді. Осыған байланысты VIII сайланған…
Қаз 03, 2024

Международные стандарты в…

Строительство атомной электростанции – это масштабный и сложный проект, требующий…
Қаз 03, 2024

Алматы облысында референдумға…

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының…
Қаз 03, 2024

И след простыл: как современные…

Углеродный след человечества — тяжелый груз для планеты, который ей все труднее нести.…
Қаз 03, 2024

АЭС ел экономикасының өркендеуіне…

Ақтөбе облысындағы халықтық штаб мүшелері «Қамқор вагон» ЖШС-нің ұжымымен кездесу…
Қаз 03, 2024

Атомная энергетика не может быть…

Лэйла ТАСТАНОВА В преддверии референдума по вопросу строительства атомной электростанции…
Қаз 03, 2024

Имеем средство от рака в руках, но…

Более 200 тысяч человек в Казахстане состоят на учете как онкобольные. И 12 тысяч…
Қаз 03, 2024

Эксперт разобрал мифы и реальность о…

Директор департамента атомной энергетики и промышленности Министерства энергетики…
Қаз 03, 2024

Атом энергетикасын дамыту экологияға…

«Үлбі металлургия зауыты» АҚ-ның ғылыми орталығы бастығы, физика-математика ғылымдарының…

Күнтiзбе

« Қазан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет