Сейсенбі, 14 Қаңтар 2020 11:30

Домбыраның сиқырлы сазы

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Украинаның Днепропетровск қаласында міндетті әскери қызметімді атқарып жүрмін. Ол кезде әскери борыш үш жыл мерзіммен анықталатын (қазіргі мерзімді әскери қызмет қой бір-ақ жыл).

Иә, сонымен таңғы алтыдан түнгі онға дейін аяқ-қолға дамыл жоқ. Жалаңаяқ өскен, отын кесіп, шөп шауып, қорадағы малды күтіп үйренген ауыл баласы маған әскери марш-бросок, строевой, таңсәріден тұрып үш шақырым кросс дегендерге аптаға жетпей төселіп алдым. Бірақ...

Иә бірақ! Кешкі астан кейін екі сағат жеке басыңа берілетін уақыт бар. Кітап оқуға, теледидар қарауға, ата-анаңа жолдас-жораларға хат жазуға дегендей. Әскери киіміңді күтіп, жағасын ауыстыру, кирза етікті жарқыратып былғары аяқкиімдей ұстауға да уақыт жетеді. Жетіп артылады. Міне осы артылған уақытта әрнәрсе ойға түсе бастайды. «Наш адрес не дом, и не улица, наш адрес советский союз» – деп кеңестік идеология ауылың, елің түгілі, ұлтыңды, тіліңді, әдет-ғұрпыңды ұмыттырып, орыс ұлтының негізінде «біртұтас совет халқын» құрамыз, – деп тыраштанып жатқанда сол одақтың әр түпкірінен келген жас жігіттердің киген киімі – әскери формасы біркелкі хаки деген түспен тігілген матадан болса да бір-бірімен сәлемі де, айтатын әндері мен музыкалық аспаптары да ұлттық үлгіде. Грузиндердікі өз алдына, өзбектікі де өзгеден бөлек, Балтық жағалауындағы елдерден – латыш, эстон, литвалық – әркім өз бұрышында, өз тілінде сөйлесіп жатты әскери казармада. Мен де жалғыз емес едім – бір ауданнан қазақ-орысы бар отыз шақты жігіт бір ротада болдық. Қазақша десең достарым Қуаныш бар, Әскер бар, орыс десең ол жерлестер тіпті көп. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Он сегізге дейін сыртқа шығып көрмегесін елді, ата-анамды ауылымды сағынғаннан болар деп ойлап қана қойып жүргенде төртінші қабаттағы ашық тұрған терезеден домбыра дауысын естіп қалдым. Көкшетауымнан көп қашықта интернет жоқ уақытта, радиотолқыны тек Қазақстанда ғана таратылатын кеңестік тар заманда Днепрдің жағасында домбыра даусы қайдан шығып жатыр?! Елең етіп менің толқыған жүзімді аңғарған дембельге дайындалып жүрген жерлесім – жүр таныстырайын домбырашы жігітпен деп қолымнан жетектей жөнелді. Біздің қазармаға қарсы бетте алтыншы гвардиялық танк армиясына қарасты байланысшылар полкі бар екен. Аға сержант әскери шені бар дембель аға жерлесім кезекшіден Талип Абдрахимовті шақырып бер деп өтінгенше болмай арықша келген қараторы қазақ жігіті мені ертіп келген аға сержантқа «Ассалаумағалейкүм, Досым-аға» деп сәлем беріп маған сұраулы жүзбен тесіле қарағанын байқап:

– Мен екі күннен кейін пойызбен елге кетем. Служба аяқталды. Мына жігіт терезе алдында сенің тартып отырған домбыраңды тыңдап, толқып отыр екен, үйін, елін сағынған болар. Әлі бір жыл қызметің бар, осы жігітке қамқор болуды тапсырам, – деді де мені Ташкенттің қазағы Тәліпке таныстырып өз жұмыстарымен кетіп қалды.

Мен Тәліпке шынымды айттым:

– Үйден шыққалы екі айдың жүзі болды, не бір қазақша ән, не домбыра үнін, күй тыңдамаппын. Бір нәрсе жетпегендей өзіме-өзім келе алмай жүргенде сенің тарқан домбыраңды естіп қана түсіндім – радиодан таңғы алтыдан кешкі 12-ге дейін астанамыз Алматыдан беріліп жататын ән-күй, концерттердің жетіспейтінін. Мен меломан – ән-жырға, домбырадан төгілген күйлерге сонша берілген жан болмағанмен «құлаққа сіңіп, бойды алған» әуендер жетіспейді екен – деп Тәліпке ағымнан жарылдым.

Сонымен, қысқасы, Ташкенттің Тәліп атты қазағына бір сағат бос уақытым болса барып домбырасын, қоңыр дауыспен айтатын әндерін тыңдап жүрдім. Ол болса дембельге, яғни міндетті қыз-метінен босағанда біздің казармаға келіп кім жақсы домбыра тартса, соған осы домбырамды сыйға беріп кетемін деп жариялады да сол жылы ғана әскери қызметке келген өнерлі жасқа аспабын қәстерлеп тапсырып еді...

1990 жылдың наурыз айы. Мәс-кеудегі қоғамдық ғылымдар академиясында кеңестік идеологияның бүгі-шігін игеріп жатырмыз. Кешке отырып әлі түгел құлай қоймаған, бірақ тәлтіректеп әзер тұрған кеңестік одақтың астанасы Мәскеу қаласының теледидарынан «22 наурызда таңғы сағат 10.00-де Замоскворецк мәдениет үйінде Наурыз мейрамы өткізіледі. Келем деушілерге есік ашық. Әсіресе қазақстандықтарды құшақ жая қарсы аламыз» – деген жарнама елең еткізді.

Мәскеудің өзі алып мегаполис болғанмен баратын жерге тармақ-тармақ дамыған жер асты көлігі – метро әп-сәтте жеткізеді. Наурыз мейрамы өз еліміздің өзінде жаңа-жаңа кең етек алып келе жатқан кезі ғой. Қонақ үйде жатып оқып жатқан қазақстандықтар мереке басталмай жатып-ақ жетіп бардық Москва өзенінің арғы бетіндегі мәдениет үйіне. Кең көшенің ашықтау алаңындағы мәдениет ошағынан қазақ әндері, күмбірлеген Құрманғазы, Дәулеткерей күйлері шалқи төгіліп тұр. Көше бойы, алаң толған қазақ жастары-студенттер, Мәскеуде тұрып қалған отандастарымыз. Біздің Алматыдағы республика сарайынан екі есе кең бе дерсің мәдениет үйінің фойесіне қаз қатар үстелдер қойылып, үстіне наурыз көже, тоқаш-бауырсақ, құрт-ірімшік, сусындар қойылғанын қарап болып, тояттанғандай сыртқа шыққан бетте назар аударған көрініс қазақтан басқа ұлттар өкілдері көптеп келіпті наурыз- тойға. Ерекше көзге түскен апыстан асқан орыс азаматына келіп сәлемдесіп жөн сұрастым. Көзі жасаурап, кемсеңдегендей кейіпте тұр екен сол сұхбаттасым. «Неге толқып, жылағандай жағдайда тұрсыз деп сұраймын ғой сол ұмытпасам өзін Иван Андреевич деп таныстырған зейнеткерден.

– Звуки домбры меня взволновали, молодой человек. Я родился и вырос в казахской степи. Пшеницу сеял, хлеб растил. Выбился в большие начальники. И всю жизнь слушал эти домбровые кюи. Они оказывается впитались в мои мозги, в сердце. Домбра, домбра! Великий инструмент казахов, великие издает он, звуки, волнующие мелодии.

Сол кездегі қазақ ССР-нің Мәскеудегі тұрақты өкілі (қазіргіше елші десек те болады) С.Әбділдиннің басқаруымен сондағы тұрған қазақтар мен студенттерді ұйымдастырып, М.Шаханов бастаған өнер адамдары да Мәскеудегі Наурыз Мерекесіне өз үлестерін қосқан еді. Ал Қазақстанда қызмет атқарып, зейнет жасына келгенде Одақ астанасынан пәтер алып Мәскеу тұрғыны болғандардың қазақ даласын, қазақ домбырасын аңсаған орыс-қазақтарды көзім көріп, көңілім өсіп еді сол кеңес одағының соңғы жылында.

Әлеуметтік желіде, сахнада домбыраны насихаттап жүрген жалғыз Димаш емес, орыс Олег Никитиннің өте биік шабытпен Құрманғазының Адайын, С.Тұрысбековтің «Көңіл толқынын» асқан шеберлікпен орындағанын көріп тыңдап жүрміз.

«Нағыз қазақ  қазақ емес, нағыз қазақ домбыра». Домбыра қазақтың жаны, рухани серігі. Осы ақиқатты әлем сезініп келе жатқандай.

 

Х.АХМЕТЖАНОВ

Оқылды 3099 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Қанатты қаламгер Ән көгінде Шәмші аға »

Соңғы жаңалықтар

Мам 05, 2025

1 мамырдан бастап жедел медициналық…

Жаңа өзгеріс ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі №32 бұйрығына сәйкес,…
Мам 05, 2025

Алматы облысында…

2025 жыл – Ішкі істер министрлігі «Профилактика жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысы…
Мам 05, 2025

Биылғы құрылыс маусымы аясында…

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы құрылыс маусымы аясында13 мың шақырым жол…
Сәу 30, 2025

Стартовал первый день IV…

8-9 апреля 2025 года Высшая школа экономики и бизнеса Казахского национального…
Сәу 28, 2025

Әлемдік қант алыбы Қазақстанға келеді

Алматы облысында әлемдік қант өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі – Al Khaleej Sugar…
Сәу 28, 2025

Сахарный гигант из ОАЭ приходит в…

В Алматинской области может появиться завод одного из мировых лидеров сахарной…
Сәу 25, 2025

Алматы облысында өрт қауіпсіздігін…

Бүгінгі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің 10,6 гектар аумағында 2 орман өрті…
Сәу 25, 2025

«Кибернадзор» жүйесі арқылы 520…

Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық…

Күнтiзбе

« Мамыр 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет