Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет "қазіргі уақытта той жасамау ұят емес, керісінше, тығылып той жасау коронавирус секілді дұшпанға көрсетілген көмек" деді.

«Әлемді тітіреткен коронавирус індеті біздің халқымызға да қырғидай тиіп, шетінен баудай түсіріп жатыр. Күнде еститінің – қаралы хабар, азалы сөздер. Халқымыздың небір аптал азаматтары, қайраткер тұлғалары, таланттары беймезгіл дүниеден өтіп жатыр. Қаралы шаңырақтар, азалы отбасылар күннен-күнге көбейіп барады. Біз сақтық шараларын қайтадан күшейтуіміз керек. Былайша отырып, шыбынша қырыла беруге болмайды. Сақтық шараларын, медициналық нормаларды сақтап, індетті жеңуге бір кісідей жұмылып, ат салысайық. Бұрын шақырған жерден қалма деуші еді, қазір шақырған жерге барма дейтін мәтел пайда болды. Сонда да тығылып той жасау әдеті тыйылмай тұр. Біз карантин тәртібін орындамау арқылы коронавирус секілді дұшпанға көмектескен сияқты боламыз. Бұған қазақты «ұятын» кінәлі етіп жатқандар бар. Бұл дұрыс емес, қазақтың ар-ұяты әрқашан биікте. Бұның себебін ұяттан емес, ұятсыздықтан, тәртіптен емес, тәртіпсіздіктен іздеуіміз керек. Үмітпен өмір сүріп, сеніммен күн кешейік», – дейді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет.

 

Қазақ жазушысы және кинодраматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай халықты карантин талаптарын сақтауға шақырды.

«Құрметті алматылықтар! Қазір Алматы қаласындағы аты жаман індетке байланысты жағдай өте күрделі болып отыр. Сол күрделі жағдайды 17 күн ауруханада, мобильді орталық деген ауруханада жатып, өз көзіммен көріп, бастан кешкен адам ретінде пікір айтқымыз келіп отыр. Сол аурухана кереуетінде жатып, біз 17 күн бойы бір нәрсе ғана тіледік. Ол осы біздің басымыздан кешіп жатқан ахуалды адам басына бермегей деп тіледік және ең алдымен, жақындарымызға, балаларымызға, немерелерімізге осы нәрсені көрсетпегей деп тіледік. Алматы қаласында бұл індетті жұқтыру деңгейі қазір өте жоғары. Сондықтан да алматылықтардың той, басқосу, жаназа, содан кейін, әсіресе, жастардың басқосуы тоқтамай тұр шынын айтқанда. Оны өз көзімізбен көрдік, ондай трагедияның шет жағасын көзбен көріп отырмыз. Мінекей, осындай жағдайда маска киіп жүру, адам көп жиналған жерге бармау, бара қалса, ара қашықтықты сақтау, яғни, карантин тәртібін сақтау бәрімізге міндет дегіміз келеді. Оны сақтамау тек қана қасіретке алып келетінін көзбен көріп отырмыз. Аман болыңыздар, ағайын!», - деді С. Елубай.

Дереккөз: Almaty.tv

Сейсенбі, 21 Шілде 2020 15:05

БАҚ-қа жолданған үндеу

Бас редакторлар клубы еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарына үндеу жолдады. Үндеуді Бас редакторлар клубының жетекшісі Бибігүл Жексенбай  Facebook парақшасында жариялады.

 

БАС РЕДАКТОРЛАР КЛУБЫНЫҢ
еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарына, телеарналар мен интернет басылымдарға, әлеуметтік желідегі жекеменшік сайт иелері мен блогерлерге
ҮНДЕУІ

Бүгінгі таңда бүкіл әлем емі табылмай отырған қауіпті індеттің таралуынан шеті мен шегі көрінбейтін, таудай толқындары долдана тулаған теңізде төрт құбыласынан тыныштық таптай теңселген кемедей күрделі кезеңді бастан кешіп отыр. Қара түнек қыспақтан құтылудың жалғыз жолы – сөнбеген үміттей болып алыстан жылтырап, басты бағытқа жол сілтейтін шамшырақтың жанып-өшкен әлсіз жарығы. Біздің қоғам да кеме секілді. Ал енді қоғамды қиындықтан алып шығар шамшырақ – ол ақпарат құралдары. ХХ ғасырдың басындағы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деуі де тегін емес еді. Дәл осы аксиоманың бүгінгі ақпарат дәуірінде құны артпаса, кемімесі анық. Өйткені, қиындыққа тап болған қоғамның дертінен арылып, денесін тіктеп, бағдарын айқындау үшін шынайы ақпараттың ауадай қажет екенін тарлан тарих талай дәлелдеген. Ал жалған ақпараттың қатері індеттен жаман екені де шындық. Сондықтан да, күн сайын қаншама отбасы қимасынан айырылып, қара жамылып отырғанда біздің эфирлерден той тойлағандай тайраңдаған, би билегендей секеңдеген ток-шоуларды көрсетуіміз басқасын былай қойғанда, адамгершілік қағидаларымен қаншалықты қабыспақ? Оның орнына тақырыптық, танымдық дүниелерді халыққа ұсынсақ дұрыс болар еді деп ойлаймыз.
Қай заманда болсын ақпарат құралдары мемлекеттік идеологияның басты саласы болып саналады. Сондықтан, бүкіл ел көз тігіп отырған эфирімізден халықтың көңіліндегіні дөп басатын, елдің жоғын жоқтайтын, ұлттық дәстүрлеріміз бен бүкіл адамзаттық құндылықтарды насихаттайтын хабарлар мен дүниелер көрсетілсе деген тілегіміз бар. ...

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде шілде айында енгізілген екі апталық қатаң карантиннің нәтижелері туралы айтып берді.

"Екі апта ішінде қабылданған жедел іс-шаралардың нәтижесінде келесідей оң нәтижелерге қол жеткіздік:

коронавирустық инфекцияны жұқтырудың тәуліктік өсімі 4-тен 2,1%-ға дейін төмендесе, сауығып кеткендердің саны 60%-ға артты;

жедел жәрдемді шақыру саны 23%-ға, провизорлық төсек-орын саны 20%-ға, ал реанимациялық төсек-орын саны 6%-ға дейін төмендеді", дейді Алексей Цой.

Сейсенбі, 21 Шілде 2020 11:36

Әлемді мейірім құтқарады...

КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың коронавирус пандемиясы жайлы egemen.kz -те жарияланған толғанысын оқырман назарына ұсынамыз.

Қадірлі жерлестерім, баға жетпес байлығым – халқым! Қазір біз аса ауыр кезеңде тұрмыз. Мұндай сыни шақта қазаққа ауызбірлік ауадай қажет.

Өйткені мәңгілік елдің бас­ты қуаты – оның бірлігінде, қиындықты табандылықпен еңсере алуында. Ұлан байтақ қазақ жерін ақ найзаның ұшы­мен, ақ білектің күшімен сақтап қалған бабалар жеңісінің басты кілті – осы бірлігінде болатын. Алауыздыққа бой алдырған талай мемлекеттің тоз-тоз болып, жер бетінен жоқ болып кеткеніне кәрі тарих куә. Содан сабақ алуымыз керек. Өйткені бүгінгі біздің бетпе-бет келіп отырған жағдайымыз да майданның бір түрі. Қару алып соғыс даласына шықпағанымызбен, ақыл-парасат, сана мен мәдениеттің сынға түсер шағы. Сондықтан да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдап жатқан шешімдеріне толық қосылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын аса жауапты, кезек күттірмес кезеңге келдік. Қазіргі жағдайда бәрімізді жеке бас мүддесі емес, тұтас ұлт болып қалу мәселесі алаңдатуы керек. Ал еңселі ел болып, қанатымызды кеңге жаюымыз қазақтың амандығына, яғни әрқайсымыздың ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінуімізге тікелей байланысты. Себебі бұл жағдайдағы біздің әрбір салғырт әрекетіміз, немқұрайлы ниетіміз ертең орны толмас өкінішке алып келуі мүмкін.

Рас, қазір халық шара­сыз­дық­тан ашуға бой алдырған. Қорқыныш пен үрей басым. Ол заңды да. Алайда бұл үрей тек өз өмірі мен жақындарының саулығы үшін ғана емес, тұтас ұлттың амандығымен астасып жатуы керек. Бізге қазір мейірім ауадай қажет. Бір-бірімізге деген қамқорлық, жылылық һәм ауызбірлік қана бұл аждаһа індеттің құрсауынан аман алып қала алмақ.

Індет еліміздегі байлар мен ке­дейлер арасындағы теңсіздікті, адамдардың тұрмысы ара­сын­дағы алшақтықты айқын көрсе­тіп берді. Жүректі ауыртатын да осы жағдай. Бізге енді шынымен ойлану керек. Адам байлықты қанша жиғанымен, қатталған қазынасын қызғыштай қорығанымен, қара жерге өзімен бірге алып кете алмайды. Есесіне, осындай қиын шақта мұқтаж жандарға қол ұшын созып, мол сауапқа кенеле алады. Яғни өмірдің мәні – байлықта емес, деннің саулығында, адам­зат­тың амандығында екен. Әлем­ді жайлаған мына жағдай сол пе­йіліміздің көрінісі шығар бәлкім, кім білсін?

Өйткені бүгінгі заманда адам­ның пейілі тарылып, қу дүниенің құлы болып кетті. Соның салдарынан мейірім, жүрек, жан жылуы сынды адами аяулы сезімдер, рухани құндылықтардың қадірі де құлдырады. Бұл індет осы ниетімізді түзеп, әр адамның өмір мәні турасында ойлануына жіберілген сынақ па деп те ойлаймын. Күн сайын естіртіп жатқан өлім мен жоқтау сай-сүйегіңді сырқыратады. Жаратқан ием жақындарымызды жоғалтудан, қазақтың қынадай қырылуынан сақтағай! Ойлансақ екен! Түйсікпен түсінсек екен. Әр адам өз әрекеті, сақтық шараларын сақтауы арқылы күллі әлемді құтқаруға септесе алатындығын ұғынса екен. Халқым той-томалақты, жиын-басқосуларды шектей тұрып, ұлт саулығын бірінші орынға қойса деген үлкен тілегім бар.

Түсінемін, айлар бойы төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес. Бірақ қиын да болса бұл сынаққа төзуіміз қажет. Еліміздің ертеңі, жастардың болашағы үшін! Міне, 4 айдан аса уақыт үйде отырмын. Мен де әбден жалығып кеттім. Бірақ амал қанша?! Төзуіміз керек! Себебі әрқайсымыздың әрекетіміздің артында ұлттың болашағы, бар­ша адамзаттың амандығы тұр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та осы бір қиын жағдайдан шығудың жолын іздеп шырылдап жүр. Еліміздің тізгінін ұстаған арда азаматқа дәл қазіргі қиын шақта қолдау білдіруіміз керек. Ұлтымызды аман алып қалу дейтін ұлы идеяның, мағыналы мақсаттың төңірегіне ұйысуымыз керек. Әрбір адам, қызметкер осы сын­ды еңсеру үшін де жанын салуы, адал қызмет етуі қажет. Олай болмайынша, жағдайымыз қиын. Жолайрыққа келіп тұрмыз ба деп те ойлаймын кейде. Өткен­де Президент айтқандай, қазір той тойлайтын емес, тұтас ұлт болып ұйысудың, аман қалу­дың жолын ойлап, іздейтін уақыт. Қазақшылықты қойып, адам­шылыққа көшуіміз керек! Өйт­кені әлемді мейірім мен адам­шылық қана құтқара алады! Осыны бір сәтте есімізден шы­ғар­масақ екен! Алла лайым аман­ды­ғымыздан айырмасын!

 

Асанәлі ӘШІМОВ,

КСРО және Қазақстанның халық әртісі,

Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды. 

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылды", – делінген құжатта.

Асқар Қуанышұлы 1972 жылы Орынбор облысында дүниеге келіп, Свердлов Суворов әскери училищесінде оқыған. Кейін Харьков жоғары әскери командалық инженерлік зымырандық әскерлер училищесіне түсіп, КСРО ыдырағаннан кейін Алматыдағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне ауысады. Одан соң Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітіріп, Лозаннадағы Швейцария Федералдық технологиялар институтында электрондық басқару бойынша магистр дәрежесін алады.

Еңбек жолын 1996 жылы "Жарық" компаниясының бас директоры болып бастаған. Бірнеше жылдан кейін ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде сектор меңгерушісі қызметін атқарды.

Келесі жылдары көлік және коммуникация министрлігінде, байланыс және ақпараттандыру комитетінде, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінде әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

Ал 2006 жылы "Қазақтелеком"АҚ басқарды. 2010-2012 жылдар аралығында Байланыс және ақпарат министрі болып жұмыс істеді.

2012 жылғы қаңтардан бастап Көлік және коммуникация министрі қызметіне тағайындалды.

2014 жылдың наурыз айында Жұмағалиев байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы болды.

Ал осы жылдың жазында Инвестициялар және даму вице-министрі атанды.

2018 жылғы желтоқсаннан бастап премьер-министрдің орынбасары - Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарды.

2019 жылы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне келген-ді.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру саласын басқару жүйесі өзгеретінін айтты. Бұл туралы министр Facebook парақшасында жазба жариялады.

Келесі жылдан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгереді.

Білім беруді басқару органдары жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы – білім беру сапасы мен тиімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі.

Сарапшылар аудандық, қалалық және облыстық білім басқармаларының өзара байланысы мен жұмыс жүргізу жүйесіндегі кемшіліктер туралы ұзақ уақыт бойы айтып келеді. Бұл мәселені ескере отырып, жүйені өзгерту туралы шешім қабылданды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті Заң қабылданғаны белгілі.

Енді 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі, яғни әр мектеп пен балабақшаның мәселелері облыстың бақылауында болады. Бұл – жалпы білім беру саласы үшін өте маңызды қадам.

Мысалы, ауылдағы мектепке жөндеу жұмыстары қажет болса, мектеп директоры аудандық білім бөліміне жүгінеді. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы аудан әкіміне емес, бірден облыстық білім басқармасына өтініш жібереді.

Айта кетейін, қазір аудандық және қалалық білім бөлімдері (яғни мектептер мен балабақшалар) аудан әкіміне қарайды. Сәйкесінше, қаржыландыру мәселесі сол аудан мен қаланың мүмкіндіктеріне (бюджетіне) тікелей байланысты.

Мұндай өзгерістер Білім және ғылым министрлігінен әр мектеп пен балабақшаға дейінгі «жолды» қысқартуға жағдай жасайды.

Мысалы, бір ғана Қостанай облысында жиырмаға жуық аудан мен қала бар, яғни, 20 әкім жұмыс істейді. Білім бөлімдерінің облыстық білім басқармаларына берілуі шешім қабылдау орталығының да 20-ға қысқаратынын білдіреді.

Бастысы, жаңа өзгерістер білім беру ұйымдарындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді.

Елімізде бірыңғай нормативтік құқықтық актілер, бірыңғай стандарттар мен талаптар болғанының өзінде, білім сапасы өңірлерде ғана емес, бір облыстың аудандарында да әртүрлі екені жасырын емес. Халықаралық зерттеулер нәтижесі де бір облыстың ішінде білім сапасындағы айырмашылық үлкен екенін көрсетті.

Осы сияқты қаржыландыру деңгейі мен басқару тәсілдерінің әртүрлі болуы мектептерді жылыту маусымына дайындау, оқулықтармен, компьютерлермен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарын жүргізу барысына да әсер етеді.

Тағы да мысал келтіріп өтейін, сол Қостанай облысындағы ірі тауар өндіруші кәсіпорындар шоғырланған аудандарда (Қостанай, Меңдіқара, Әулиекөл аудандары) бюджетке аударым көбірек түседі. Дегенмен, өңірдегі Алтынсарин және Қамысты аудандары мұндай көрсеткішпен мақтана алмайды. Яғни бұл білім саласын қаржыландыруға, жөндеу жұмыстарына, компьютерлермен және оқулықтармен қамтамасыз етуге әсер етеді.

Білім саласындағы мұндай басқару жүйесі кері байланысқа, білім саласындағы саясаттың тиімді имплементациясына кедергі келтіреді. Нәтижесінде қаржыландыру бойынша, жөндеу жұмыстарына, кадрлық мәселелерге қатысты теңсіздіктер орын алады.

Ашық айту қажет, қазіргі уақытта аудан мен қала әкімдіктеріне бағынатын мектептер мен балабақшаларға Білім басқарламалары іс жүзінде әсер ете алмайды.

Басқармалардың құзыретінде колледждер, дарынды және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 5-10 мектеп, балалар үйі, ПМПК бар. Енді мектептер мен балабақшалар бір орталықтан басқарылса, қаржыландыруды теңестіру және арттыру проблемалары кешенді түрде шешілетін болады.
Бұл – жақын арада білім беру жүйесін әлдеқайда тиімді етуге негіз болатын қажет шешім.

Тағы бір жаңашылдық – білім бөлімдерінің басшыларын аудан және қала әкімдері емес, облыстық білім басқармасы басшысы тағайындайтын болады.

БҒМ талаптарына сәйкес олар іс-тәжірибелік және функционалдық дағдылары бар кадрлар, білім беру жүйесінде төменгі басшылық лауазымдарда жақсы тәжірибе жинаған мамандар болуы тиіс. Соңғы жылдары бұл лауазымдарға білім саласына қатысы жоқ адамдарды тағайындау фактілері жиі кездесті, оған жол бермеуіміз керек.

Министрлік пен білім басқармалары арасындағы өзара байланыста да бірқатар мәселелер бар екені жасырын емес. Бұл да – әкімшілік және ұйымдастырушылық бағыныстылықтың болмауының әсері.
Білім және ғылым министрлігі өз кезегінде балабақша, мектеп, колледждерге тек жанама түрде, МЖБС, оқу бағдарламалары мен НҚА арқылы ықпал ете алады.

Министрлік білім басқармалары мен бөлімдерінің басшыларын тағайындамайды, мектептерді, балабақшаларды, колледждерді қаржыландырмайды.

Бұл ретте қолданыстағы ұйымдастырушылық және қаржы жүйесі бойынша министрліктің 20 мыңға жуық ұйымды тиімді басқаруы мүмкін емес екенін түсіну керек.

Бұл жағдай жан басына қаржыландыруды кезең-кезеңмен енгізгеннен кейін, бухгалтерия, сатып алу және тағы басқа жұмысты цифрландырғаннан кейін, білім беру ұйымдары жанындағы корпоративтік басқару органдарын енгізгіп, басқа да шараларды қолданғаннан кейін ғана өзгереді.

Әзірше біз облыстық басқармалар мен қалалық/аудандық білім бөлімдерінің басшыларын тағайындау барысында Білім және ғылым министрлігімен келісілу бойынша және білім бөлімдерін облыстық басқармаларға беру жөнінде нормаларды енгізуге бастама жасадық. Бұдан әрі жағдайды талдап, осы бағыттағы келесі қадамдарды жасаймыз.

Басқару жүйесін өзгерту және білім бөлімдерін мектептермен және балабақшалармен бірге облыстық деңгейге беру, аудандық және қалалық білім бөлімдері мен білім басқармаларының басшыларын тағайындау мен жұмыстан босатуды БҒМ-мен келісу туралы норманы енгізу, бірыңғай біліктілік талаптарын қалыптастыру және қалалық, аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармаларының басшылығына кәсіби-практиктерді тарту, директорларды тағайындау жүйесін өзгерту, оларды аттестаттау және ротациялау институтын енгізу, қаржыландыру жүйесін дербестендірілген және жан басына шаққандағы деңгейге өзгерту – жалпы білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға сеп болатынына сенімдімін.

Алматы облысының аумағында қатаң карантиндік шараларды ұзарту туралы Алматы облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің м.а. А.Чарапиевтің қаулысы

№21 Қаулы

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сайтында Металлургтерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Құрметті металлургия саласының еңбеккерлері мен ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Металлург күнімен құттықтаймын!

Осы атаулы күні біз металлургтарға – ерлік пен зор қайрат-жігерді талап ететін мамандық иелеріне, өздерінің  абыройлы да ауыр жұмысына берілген еңбексүйгіш жандарға сый-құрмет көрсетеміз.

Менің өзім де домна пеші басындағы еңбекте шыңдалып, тәжірибе жинақтадым. Жұмылған жұдырықтай ұйымшылдықтың, өзара көмек пен нағыз достықтың шын бағасын білдім.

Металлургия – қазақстандық өнеркәсіптің жетекші саласының бірі, онда мыңдаған жоғары білікті мамандар мен басқарушылар еңбек етеді. Олардың қажырлы еңбегі мен асқан шеберлігі еліміздің экономикалық әл-ауқатының берік негізінің бірі болып отыр.    

Сіздер алдағы уақытта да Қазақстанның игілігі жолындағы өз жұмыстарыңыздың барысында кәсіби жаңа биіктерді бағындыра бересіздер деп сенемін.

Баршаңызға мықты денсаулық, табыс, бақ-береке тілеймін!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіруді міндеттеді.

Президент Twitter-дегі парақшасында «Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр.

Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс. Жариялылық пен өзара сенім болғанда ғана, біз бірлесе отырып бұл індетті тезірек жеңеміз» деп жазды.

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет