Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 11:33

Малай батыр

Тарихтың негізгі тұлғасы, қоғамның қозғаушы күші – адам. Жеке тұлғаның өзі халық арасынан шығады. Ел тарихы сол халықтың өмір сүрген ортасы, бастан кешірген оқиғасынан құралады. Қазақ халқына ойраттардың саяси бірлігі аш бүйректен қадалған шаншудай жиі әрі жойқын шабуылдар жасады. Міне, осындай алмағайып заманда, бес қаруын асынып, өмірін ат үстінде өткізген қазақ батырларының бірі – қыстық Малай батыр.

Профессор Құдайберген Өрісбаев батырды 1724 жылы туып, 1794 жылы қайтыс болған деп шамалайды. «Малай батыр» деген өлеңі де «Жетісу» газетінде жарияланды. Малай Албан тайпасындағы Аққыстық руының Маясар тармағынан шыққан. Ата қонысы Жетісу өлкесіндегі Іле өзенінің жағасы. Әкесі Қарабас Шілік (қазіргі Шелек) өңіріндегі Шадай батыр жазығы маңындағы жерге, (ол жер кейін Сабаншы би, бертін келе Милянфан, қазіргі Ақтоған ауылы деп аталады) қоныстанған. «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық анықтамалығының 552-бетінде: « Малай Қарабасұлы (шамамен 1724 – 1794) – батыр. Албан тайпасынан шыққан. Әкесі Қарабас Хангелді батыр жасағының құрамында Аңырақай шайқасына (1730) қатысқан. Райымбек, Әжібай, Өтеген, Саурық батырлармен бірге Малай Жетісу өлкесін жаудан азат ету шайқастарына қатысып, ерлігімен көзге түсті. 1747 жылы маусым айында Бұғыты мен Аласа тауларының арасындағы Көкпек жазығында жоңғарлармен болған шайқасқа қатысты. Малай Қулық тауының оңтүстік сілемдерінің бірінде (Жалаулы елді мекеніне жақын жерде) күші басым жаумен шайқаста қаза тапты» – деп жазылған. Бұл жерде батырды 1794 жылы қайтыс болған деген сөзін жоққа шығарып, Көкпектегі «Ойрантөбе» шайқасында шейіт болған деп жаңсақ жазған. Ал 2001 жылы Астана қаласы «Күлтегін» баспасынан жарық көрген «Елтұтқа» атты танымал тұлғалар жайлы жазылған кітапта (162-бет) : «Қол бастап талай-талай шайқасқа шыққан Наурызбай батыр 1750-52 жылдары Бәсентиін Малайсары, Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырлармен бірге тізе қоса қимылдап, қазақ қолының жеңісті жолын жалғастырып, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуып тастайды» – деп жазады.
Малай батырдың тікелей ұрпағы, марқұм Сағыныш Есберганов қария да: «Жерді азат ету жолындағы шайқастарда Райымбек, Бақай, Малай, тағы басқа батырлар ұдайы жеңіске жетіп отырды. Жауды ата мекенінен қуып шығып, жоңғарлар тұтқындап алып кеткен адамдар мен малдарды қайтарып алғаннан кейін, інісі Жоламан батырды сарбаздарымен сол жерде қалдырып, кері қайтады. Кейін шау тартса да Малай батыр қолын бастап Қытай, Қалмақ жеріне қайта барып, келісім жасайды. Жеңістен кейін азат етілген жерге билік жүргізу үшін қолдың бір бөлігін сол жаққа қалдырып, елге қайтады. Дегенмен, жау жаулығын істемей қоймайды. Батырға ер тоқымына у жағып, ат мінгізеді. Еліне келгеннен кейін әлгі удың әсерінен халі нашарлап, ақыры қастандықтың құрбаны болады. Өзі мекендеген Райымбек ауданына қарасты Жалаулы ауылы маңында жерленеді» – деп жазады «Қыстық руы» шежіре кітапқа.
Малай қыстық руының ұраны болған және батырдың таңбасы да сақталған. Ел арасында «Қыстық болсаң Малай бол, басқаларың қалай болсаң солай бол!» – деген сөз нақыл болып қалған. Аңызға айналған мына ақиқат ел аузында былай айтылады: «Малай батырдың тұлпар мінгісі келеді. Қыстықтың бас батыры Ескенеге қартайғандықтан сәлем беруге барғанда, бұйымтайын айтады. Сонда Ескене қария: «Мен де, тұлпар да қартайдық. Сен одан да қырғыздың атақты батыры Көлбайға бар. Оның екі тұлпарының бірін сұра, бермесе бір амалын тап» – деп кеңес береді. Бұл іске батыр інісі Жоламанды жібереді. Мән-жайды естіген Көлбай: «Сен Малайдың батыры екенсің, әрі үш күн байлауда жатпайтын көрінесің. Сол құдіретіңді көрейін, босасаң тұлпарды алып кет!» – деп қол-аяғын кісендеп, ат тұрған сегіз қанат киіз үйден ор қазып, қамап тастайды. Күзетшілер үшінші күні байлаулы жатқан Жоламанды көріп, мазақтап күледі. Сол күні түнде Малайдың қара тазысы келіп, шынжырды үзіп кетеді. Қол-аяғы босаған Жоламан бір атқа мініп, екіншісін жетектеп үйден шығып, «Қош бол, Көлбай!» – деп сырттан естірте айқайлап, тайып тұрады. Сонда Көлбай санын соғып: «Қазақ болсаң Малай бол, қалғандарың қалай болсаң, солай бол!» – деп өкініпті. Бұл –батырды дәріптеуден айтылған сөз.
Малай батыр есіміне байланысты шайқастар әкесі Қарабас ерлігімен де астасып кетеді. Өйткені, Қарабас та жас кезінен Малай атанып кеткен. Батырдың тікелей ұрпағы Сағыныш қария: «Малай батырдың әкесі – Қарабас қаракерей Қабанбай, шапырашты Наурызбай, Қасқары батырлармен үзеңгілес жаугершілікте жүрген батыр. Бала кезінде нағашы жұрты Жалайыр елінде жүргенде өз теңдестері қалжыңдап не кемсітіп айтқан болар, «сен, малайсың!» дейді екен. Жеңгелері де сол сөзді естіп, «Малай» деп еркелетіп, содан «Малай» атанып кеткен екен. Бабамыздың ерлік істері баласы Малаймен жалғасады. Қарабас орта жасқа келгенде Малай, Қонай атты екі бала сүйеді. Малайдың 10-12 жасында батыл істеріне риза болып: «Менің батырлығым Малайдікі» – деп жанынан тастамайды екен. Сөйтіп, Қарабас – Малай мен баласы Малайдың жеңісі бірге аталады. Қарабас бабамыз Қытай жеріндегі Жұлдыз деген жерде қайтыс болып, Сүйегі «Қарабас» аталып кеткен жазыққа, кейін Сабаншы (қазіргі Ақтоған) аталатын ауыл маңында жерленген» – деп жазады өз естелігінде.
Малай 10-11 жасында-ақ балаларды жинап, сайыс ойындарын ойнауға үйір болады. Атпен шауып, садақ ату, қылыштасу тәсілдерін үйренеді. 14 жасында Ра-йымбек батырдың аты шыққанда, қолына қосылғысы келеді. Бір күні қасына ерткен кілең жастармен жорыққа аттанып, Серектас, Бартоғай өңірінде жайғасып жатқан жоңғарларға шабуыл жасайды. Тұтқиылдан жасалған шабуылдан тұра қашқан жаудың құрал-жабдықтарын, ат-көліктерін тартып алады. Мұны қалмақтың Көкпек деген батыры балалар істеді дегенге сенбейді. Енді бірде, ауылды шапқан жау әпкесі Асылайды алып кеткенде де, тұтқиылдан шабуыл жасап, тұтқындарды азат етеді. Сөйтіп, бала кезден көзге түскен батырды Райымбек өз жасағына қосып алады.
Әкесі Қарабас – Малай батырдың жорығы Ташкент, Шымкент жерлерінен басталып, баласы Малаймен жалғасып, Бақанас, Балқаш, Алакөл атырауларынан әрі асып, Құлжа, Тұрпан ойпатына дейін созылады. Райымбек батырмен талай жорықтарда бірге болған Малай батыр Іле өзенінің солтүстік жағындағы Кербұлақ, Күреңбел өңірін інісі Жоламан батырмен бірге жаудан азат етуде де ерлік іздері қалады. Іле өзенінің арғы бетінде Жоламан батырдың құрметіне аталған елдімекенде Малайсары деген тау да бар. «Талдықорған мен Алматы облысының шекаралас тұсында, Балқаш бойында, Кербұлақтың батысында Малайсары атанған бір тау бар. Ел оның солай аталуын әр сақта түсіндіреді. Біреулер «жоңғарға қарсы соғыста асқан ерлік көрсеткен бәсентиіндік батыр Малайсарының құрметіне қойылған» дейді. Тағы біреулері : «Жоқ, ол Малайсары емес, басқа батырдың атына, атап айтқанда, Албан ішіндегі Қыстық руынан шыққан Малай батырдың құрметіне қойылған. Ол кісінің аты алғаш осы арадағы соғыста шыққан. Жекпе-жекте қалмақ батырын өлтірген. Батырдың өз аты Малай болғанымен, Қыстықтардың ұраны Малайсары» – дейді. Қазақ Совет энциклопедиясында бұл таудың батыр Бәсентиін Малайсары құрметіне қойылғаны жазылған. Алайда, кейінгі деректерде ол таудың албан Малайсары батырдың атымен аталғаны дәлелденген» – деп жазды жазушы Б. Нұржекеұлы. («Өзендер өрнектеген өлке» кітабындағы «Сулар салған сұлулық» тақырыбында, 43-бет). Бұл деректің жаны бар. Бәсентиін Малайсары еліміздің күншығыс жағындағы ақтық соғыстардың бірінде қайтыс болып, сүйегін туған жеріне жеткізе алмайтын болған соң, осы тау жотасында жерленген. Алайда, қыстық Малай інісі Жоламан екеуі ерлік көрсеткен жері осы өңір болған. Сондықтан да тау қыстық Малайдың, ал елдімекен Жоламанның атына берілгенін байқауға болады. Негізінде, Алатаудың теріскейіндегі жауға Малай шабуыл жасап, Іле өзенінің солтүстік бетіндегі жауды Жоламанға міндеттейді. Оған жалайыр елінің батырлары ілеседі. Сол шайқаста Жоламан жауды жеңіп, сол жерді мекендеп қалады. Іле өзенінен ары қарай Талдықорғанға дейін Жоламан батырдың атымен аталатын елдімекендер әлі бар. Кербұлақ ауданында Жоламан шаруашылығы, Жоламан темір жол станциясы соның айғағы. Жоламан бұдан басқа Өсек өзенінің алқабындағы Көктал, Үшарал өңірін де жаудан азат еткен.
Малай батыр Алатау етегінен жауды түре қуып, Іленің арғы бетіндегі інісі Жоламанмен Тұйықарал деген жерде кездеседі. Арқарлы таудың солтүстік жағындағы жалпақ аңғары да Малайсары аталады. Бұрын бұл жер аты «сары» деп аталған екен. Сол себепті оны ел енді «Малайсары» деп қосақтап атап кетті. Ағайынды екі батырдың азат еткен, ерлік жасаған жерлерді елі құрметтеп, солай атаған. Бұл тарихи бұлтартпас шындық. Райымбек батыр екеуінің ерлігіне риза болып, Малай батырға үлкен, Жоламанға кіші жалау әзірлетіп берген. Сол кіші ту Жоламанның кіші баласы Көгіқұлда қалған. Ол өлген соң жоғалған. Жалайырлар Албан батырларына осылай құрмет көрсетсе, албандар да жалайыр батыры Бақайға құрмет көрсетіп, тауға, сол таудың етегіндегі қызылбөрік болысына атын берген. Ал, жазушы Төлен Қаупынбаев «Бабалар аманаты» деген кітабында (43-бетте) тарихта үш Малай есімді тұлға бар екенін, оның бірі кіші жүз Тана руынан шыққан беделді би Малайсары болса, екіншісі Бәсентиін Арғынның Сырым деген атасынан шыққан Малайсары батыр екенін айта келе: «Ал, үшіншісі – Албан еліндегі Аққыстықтан /Ақназар/ тарайтын Тілестің жеті ұлының бірі, Қарабастың баласы Малайсары батыр. Түсінің сарылығына бола ауыл-аймағы Малайсары деп атап кетсе керек. Жоңғарлардың қосынын үш Турфаннан асыра қуып, ұрыс салған осы Малай Қарабасұлы. Оның туған жылы туралы нақты дерек жоқ. Ол Байсейіт пен Биеке, Құсық батырлардан едәуір кіші. Малайсары жорықтас қолбасшы Райымбек Түкеұлынан кейініректе, өз ауруынан Кеген өзенінің бойында, Малай жазығында дүние салса керек» – деп топшылайды.
Малыбай, Сөгеті, Бартоғай маңын-да орналасып, жылжымай жатқан жоңғарлармен болған шайқаста Сіргелі елінен келген Малайдың досы Қара батыр қаза табады. Батырдың білікті қолбасшысы, ақылшы досы сол маңда жерленеді.Сол замандағы қазақ батырларының ерлігін жырға қосқан шапырашты Қазыбек бек былай деп жазады:
Қыстық Малай, Малайсары екі жас,
Жау жолына қазақ үшін тіккен бас.
Аз ғана қол құмырсқадай қалмаққа,
Ерлік жасап, шыдап берген қайран жас.
Малай батыр Шілік (қазіргі Шелек) өзенінің бойындағы жазықта, кезінде «Авангард» кеңшары, қазіргі Май ауы-лы орналасқан жерде дүниеге келген көрінеді. Райымбек ауданына қарасты Жалаулы ауылының маңында жерленген. Малай батырдың басына кейінгі ұрпақтары үлкен кесене орнатты. Иә, «Ер есімі – ел есінде» деген осы емес пе?!

Анарбек БЕРДІБАЕВ,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 11:31

Жұмыссыздар саны азаюда

Еңбекшіқазақ ауданы әкімді-гінің халықты жұмыспен қамту орталығы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкер-лікті дамыту» бағдарламасын басшылыққа алып жұмыс жүргі-зуде. Ағымдағы жылдың 6 айында орталықта айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Жұмыспен қамту орталығымен алты айда барлығы 1523 адам жұмыспен қамтылды (2140 жүгінген адамдардың іші-нен), оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 98 азамат, жастар тәжірибесіне 50 азамат, қоғамдық жұмысқа 534 азамат тартылды. Бұдан басқа 361 адам аспазшы, тігінші, кондитер, шаштараз, газоэлектрдәнекерлеуші т.б. мамандықты игеру үшін қысқа мерзімді оқу курстарына жіберілді. Оқу бітірген азаматтар барлығы да жұмысқа орналасады, өйткені олар жұмыс берушінің өтінімі (заявка) арқылы оқытылды.
Осы сәтте жұмыс берушілердің назарына айтатынымыз, жұмыспен қамту орталығында үлкен көлемде жұмыссыз азаматтарды жұмысшы мамандарына қысқаша мерзімді оқыту курстарына (3 айлық) оқуға жіберуге үлкен мүмкіндік бар. Жұмыс берушілер жұмысшы мамандарын дайындауға өтінімдерін біздің мекемеге беру керек.
Бағдарламаның екінші бағыты бо-йынша шағын несие алуға ниет білдірген азаматтар баршылық. Аталған бағыт бо-йынша биыл 89 азамат «Бастау бизнес бо-йынша» кәсіпкерлік негіздеріне 1 айлық оқу курстарына жіберілді. Солардың іші-нен 12 азамат 54,1 млн. теңге несие алды.
Жұмыспен қамту орталығының жұ-мысы қала және ауылдық әкімдігі аппаратымен байланысты. Сондықтан біздің қызметкерлер күн сайын әкімшілік қызмет-керлерімен байланысып, бағдарламаға қатысты негізгі жұмыс бойынша кез келген мәліметтерді ала алады, өзара хат алмасады.
Қала, ауылдық әкімдерінің аппараты-ның қызметкерлерімен бірлесіп 104 мың-нан аса азаматтың мәртебесін анықтадық. Олар медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күнге дейін мәртебе туралы тұрғындардың сұрақтары болса қала, ауылдық округ апараттарына немесе жұмыспен қамту орталығына жүгінуге болады. Өте бір үлкен мәселе – мүгедектер үшін жұмыс орындарын дайындау, оларды жұмысқа алу. Жұмыс берушілер осы мәселеге көңіл аударса құба құп.
Жұмыссыз және өз бетінше нәтижесіз жұмыс жасайтын азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 2017 жылдың 10-ші шілдесінде Райымбек атындағы мектепте бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткіздік. Бұл жәрмеңкеде Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының делегациялары қатысты. Нәтижесінде бір топ азаматтар сол жаққа қоныс аударуға ниет білдірді.

 

С.БИСЕНҚҰЛОВ,
жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары.

Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 11:28

Түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Жақында «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мекен-жайларына барып, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шараға аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы, Түрген БПҰ мүшелері, партия филиалы қызметкері, жергілікті БАҚ өкілі қатысты. Шара барысында Түрген ауылында тұратын бес мүмкіндігі шектеулі азаматтың үйінде кездесулер өтті.
Атап айтсақ, Каныша Байгушукова - Түрген ауылы, Терехин көшесі, №21 үйдің тұрғыны. ІІ-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматша. Бұрын Алматы қаласында тәтті тоқаштар пісіретін цехта нан пісіруші болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда жұмыссыз. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жақын арада тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Нұрғиса Асанов 1980 жылы туған ІІІ-топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат. Арнайы мамандығы жоқ, бірақ үйінде көлік жөндейтін кішігірім орын ашуға ниеті бар. Сондықтан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде жеңілдетілген несие алуына нақты кеңестер беріліп, жолдары көрсетілетін болады. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың тұрмыс сапасын арттыру «Нұр Отан» партиясының бақылауында.

Нұрғиса ӘЛІШЕВ,

«Нұр Отан» партиясы 

Еңбекшіқазақ аудандық филиалының консультанты.

 

Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 11:27

Біз бақытты баламыз

Жақында Есік қаласындағы «Айжан» балабақшасында «Біз бақытты баламыз» атты ертеңгілік ұйымдастырылып, балалар өз өнерлерін көрсетті. «Ер Төстік», «Қарлығаш» тобының балалары «Көбелектер», «Саңырауқұлақтар» биін билесе, «Күншуақ», «Жалын», «Ақ желкен» тобының балалары «Біз үшін», «Бақытты балалық» әндерін шырқап, өз қиялындағы суреттерін асфальтқа бейнеледі. Оған қоса балабақшаның кіші қызметкерлерінің арасында «Қыздар – қызғалдақтар» атты арулар байқауы болып өтті. «Жайдарлы жаз» атты балалардың шығармашылық жұмыстары бойынша көрме ұйымдастырылып, ермексазбен, қылқаламмен, табиғи және қалдық материалдармен, қағазбен жасалған жұмыстардың ішінен жаз мезгілін ерекше бейнелеп, үздік шыққан балалар марапатталды.
Сонымен қатар, балалардың асыға күткен «Нептун» мерекесі ұйымдастырылып, басты кейіпкерлер Нептун ата мен Су перісі қонаққа келіп, өздерінің су ойындарын балалармен бірге ойнап, көңілді тарқасты.

Мадина ҚҰРҒАЛИЕВА,
«Айжан» балабақшасының
музыка жетекшісі.

Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 11:21

Оқушылар экспедицияға шықты

Әрбір мемлекеттің болашағы өскелең ұрпағында. Ертең осы елге ие болып, тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары мемлекеттің ерекше қамқорлығында. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аудан мектептерінде жазғы демалыс лагерьлерінің жұмыстары қызу атқарылуда. Көктөбе орта мектебінің оқушылары осы орайда туристік экспедицияға Өрікті елдімекені аумағындағы Сақ қорғанының қазба жұмысына тарих пәнінің мұғалімі Думан Айтбаевтың жетекшілігімен 28 бала қатысып, біраз мағлұматтар жинап қайтты.
3-8 сынып аралығындағы жасөспірімдермен өлке тарихын тану мақсатында «Туған жер тарихына тағзым» атты тақырыпта Алматы облысы музейлеріне саяхат ұйымдастырылды. Атап а йтар болсақ, Қарасай ауданы «Анаға құрмет», «Батыр бабалар рухына тағзым», Қазақстан Республика-сының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың музейлерін тамашалап, қызметкерлерінің берген мәліметтерімен танысып қайтты.
От ауызды, орақ тілді ақындар мен батырлар елі атанған Жамбыл ауданындағы сөз сүлейі Сүйінбай Аронұлы мен жүз жасаған бәйтерек Жамбыл Жабаевтың музейлеріне барып, тарихымен сусындаса, аққуды күйімен қайтарған Нұрғиса Тілендиевтің басына барып тағзым жасады.
Мектеп жанынан ашылған «Балдырған» демалыс лагеріндегі балалар да Бөлек батыр ауылындағы хайуанаттар бағына барып, естелікке суретке түсті. Есік қаласындағы Жамбыл атындағы жастар саябағындағы балаларға арналған ойын алаңдарына барып көңіл көтерді.
Мектеп жанынан ашылған «Балдырған» демалыс лагерінде қызмет көрсетіп жүрген мұғалімдердің еңбегі өте зор. Нәтижесінде, «Балдырған» демалыс лагерінде 325 бала қамтылып отыр. Қала сыртындағы демалыс лагерлеріне 17 оқушы барды. Алдағы уақытта 15 бала өз кезегін күтіп отыр. Көгалдандыру жұмыстарына 240 бала қатысып, мектеп жанындағы гүзарларды күтіп-баптауда өз үлестерін қосып келеді.

Ельмира БАЙШИГАШЕВА,
Көктөбе орта мектебінің директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 11:16

Сарыбұлақтағы шуақты жаз

Тамылжыған жаздың шуақты күндерінде Сарыбұлақ орта мектебінің жанынан құрылған «Балдаурен» жазғы демалыс және сауықтыру лагері өз жұмысын атқарды. Үш ауысымда 1-4 сынып аралығында 84 оқушы демалды.
Жазғы демалысында оқушылар Шелек өлкетану мұражайына, Бөлек ауылындағы хайуанаттар бағына саяхатқа шықты. Мақсаты – оқушыларды туған өлкеміздің тарихы мен табиғатын жақынырақ тануларына, өз Отанының патриоты болуға тәрбилеу. Сонымен қатар, 2, 5, 7 сыныптар арасында ағылшын тілі пәнінен тілдік лагерь, мектеп жанындағы орманшылығын көркейту және көгалдандыру лагері, оған қоса еңбек лагері, спорт үйірмесі кезеңдерге бөлініп, мұғалімдер арасынан жетекші тағайындалып, өз жұмыстарын атқаруда.
Жомарт жандардың демеушілігімен де балаларымыз демалыстарын қызықты өткізуде. Алматылық жеке кәсіпкер Ділшат Ахметовтың қолдауымен «Таужаңашар» демалыс лагеріне 108 мың теңге аударылып, аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан 3 оқушы, «Сәлем» лагеріне 180 мың теңгеге 6 оқушы демалып қайтты. Сонымен бірге Сәбит Қапыш, Азамат Ақылжан сынды ата-аналардың демеушілігімен «Алтын адам» лагерінде 2 оқушы демалыстарын өткізсе, Б.Ботабаеваның демеушілігімен «Happy Camp» лагеріне бір оқушыны жіберу жоспарлануда.

Әсел БЕКСАЙЫНОВА,

Сарыбұлақ орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы.

 

Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 11:10

Кемел болашақ келер ұрпақ қолында

№1 Азат орта мектебінің жанынан құрылған «Ақбота» жазғы сауықтыру лагерінде еліміздің бас қаласы, Еуразия кіндігі Астана күніне орай «Астана – бас қала» атты мерекелік шара өтті.
Мақсаты – оқушылар бойына патриоттық сезім ұялатып, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Алғашқы боп сөз алған мектеп директорының оқу ісінің меңгерушісі А.И.Ұзақбаева Астана күнімен құттықтады. Бастауыш сынып мұғалімі Л.А.Утеулиева Астана қаласының даму жолындағы тарихи деректер жайлы презентация, оған қоса халықаралық «ЕXPO-2017» көрмесі жайлы балалардың түсініктерін кеңейту мақсатында бейнефильм көрсетіп: «Көрменің біздің мемлекетімізде өткізілуі үлкен қуаныш, себебі жас мемлекетіміздің дамуына жан-жақты жол ашатын үлкен мүмкіндік. Кез келген салада біздің ғалымдар, жас буын дарынды азаматтар, өнертапқыштар жаңашыл идеяларын іске асырып, әлем деңгейіне шығу жолдарын табуда» – деп қорытындылады. Шараға қатысқан оқушылар өз шығармашылығынан өлеңдер мен шағын шығармаларын көрермен назарына ұсынды. Хормен ән шырқап, флешмоб биледі. Асфальтқа әсем суреттерін салды. Шара соңында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі А.А.Бурхандинов оқушылармен бірге қызықты эстафеталық ойындар өткізіп, көңілді тарқасты.


Салтанат АХМЕТОВА,
№ 1 Азат орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі.

Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 11:03

Өз перзентіңізді өгейсітпеңіз

Бірде 7 жасар Асқар мен Серік кезекті ойындарын ойнап отырған. Ойын соңы үлкен әңгімеге ұласты. Асқар Серікке:
– Серік, сен нені армандайсың? – деді. Сонда ол:
- Үлке-е-ен көлігім болса ғой. Мен онымен күні-түні ойнаушы едім. Ал сенің арманың қандай? – деді.
Асқар ойлы көзімен бір қарап: «Анам мен әкемнің ажыраспағанын қалаймын» – деді жәй ғана. Сырттай бақылап тұрған мен Асқардың жанарынан арманына жете алмай, бақытты балалық шағы уайымнан арылмай, мөлт еткен жасын әрең іркіп тұрғанын оқыдым сол кезде. Қарауға дәтім шыдамай, кері бұрылып кеттім.
Адамзат баласының жаратылысы қызық қой. Үйленіп, шаңырақ көтереміз деп асығамыз. Тойды дүркіретіп жасап, келген қонақтарды мәз-мейрам қып жібереміз. Келін, жар статус-тарына ие боп күндеріміз өтеді. Біраз уақыттан соң ана бақытын сезінеміз. Балаларымыздың тәтті қылықтарына сүйсініп, ата-ана атанамыз. Күндердің күні «шайтан түртіп», не «жұрт сөздерінің» арбауына еріп, басқа түскен қиындыққа шыдай алмай шарқ ұрамыз. Көлденеңнен келген кедергіге шыдамай, ақыр соңында бір кездері арманыңа айналған, «осы азаматпен отау көтеріп, отанасы атансам екен» деген тілегіңнің бәрі көкке ұшып, не жер жұтып, «ажырасамыз» деп сотқа арыз береміз. Соңында ажырасып, кезінде бірін-бірі өлердей сүйген қос жүрек екі жаққа кете барады.
Іс мұнымен бітсе жақсы ғой, жоғарыда аталған Асқар сынды қаншама бала не әкесіне, не анасына жақтасарын білмей, «жетім» атанып, жәутеңдеп қала береді.
Себеп пен сылтау іздейтін адамға ажырасу қиын емес. Түймедей нәрсені түйедей көретіндерге лезде-ақ табылады сылтауың. Оның үстіне жұрттың айтатын сөздері де шамыңа тиіп, себебіңнің үстіне екі есе себеп қосып береді. Бітімгерлікке шақырудың орнына екі жастың ата-аналары да бүгінде өз перзентін қолдайды, дұрыс деп есептейді, ажырасуына көп жағдайларда қарсы бола қоймайды.
«Бауыр етім – балам» дейміз. «Көңілдің гүлі, көзімнің нұры» дейміз. Кейде осы сөздер босқа айтылған сияқты елестейді маған. «Өтірік бақытты өмір сүргенше, балаға да шындықты айтып, ажырасайық» деп, бұл мәселеге келгенде тағы да «балам үшін» деп ажырасамыз. «Балам, балам» дегенмен, сол баланың жайын ойлайтын ата-ана қайда? Біздің отбасы болып, шаңырақ көтергеннен кейінгі өміріміз өзіміз үшін емес, балаларымыз үшін екенін жете түсіне қоймаған сияқтымыз әлі де. Ажырасамын деп алдыңызға мақсат қойғаныңыз секілді, балаңызға да бақытты балалық шақ сыйлағыңыз келсе, ол үшін кез келген қиындыққа төзіп, кедергі мен тосқауылды бұзып өтуге болады. Өзіміз үшін емес, перзентіміз үшін өмір сүруді үйренейікші!
ТҮЙІН:
Мақсатым – ақыл айту емес, көзбен көріп, көңілімізге түйіп, көкейімізге қозғау салған соң, өз ойыммен бөлісу ғана.
7 жас – бала үшін ажырасу туралы ойлап, уайымдайтын шақ емес, бал дәуренімен бақытты боп жүретін кезеңі түсінетін адамға. Ажырасқан соң барлық мәселе шешіледі деп ойлаймыз. Шындығында олай емес. Құрметті ата-ана, әйеліңізге басқа азамат, күйеуіңізге басқа жар табылады. Бірақ... бірақ мейіріміңіз бен қаныңыз бойына дарыған өз перзентіңізге өзгелер әке-шеше бола алмайды. Баланың да туған ата-анасымен бірге бақытты болуға құқығы бар шығар?!

Қамажай ЕРКЕБАЕВА.

Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 09:38

Құрдасым – мақтанышым

Құрдасым – мақтанышым
Ол – бар болмысымен ұстаздыққа берілген тұлға!
Ол – ойы мен ісін бір бағытқа жинақтаған ұстаз!
Ол – алыс пен жақынды, ащы мен тәттіні, ақ пен қараны ажырата білетін азамат!
«Ол» деп отырғанымыз қырық жыл ұстаз болып, алпыс деген асқар тауға көтерілген Төкеев Дәулет Уқыпұлы. Кейіпкеріміздің өмірбаянына сәл-пәл шегініс жасайық.
Дәулет Уқыпұлы 1957 жылы қарапайым шопанның шыңырағында дүниеге келді. Бала кезінен мал қайырып, ат суарып, шөп шауып, отын да-йындап еңбекпен шыңдалып өсті. Спортты жанындай сүйді. Шелек ауылындағы интернатта жатып оқыған кезінде «жүйрік бала» атанды. Жүз метрлік қашықтықта жүгіруден алдына жан салмады. Нұрлыдағы құрдасы Үсен кездескенде: «Жарысамыз ба?» – деп әзілдейтін сондықтан. Отан алдындағы борышын өтеп, Қарағанды қаласындағы педагогикалық институттың алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру мамандығы бойынша жоғары білім алды. Ұстаздық жолын бастады.
Әлі есімде 1987 жылы Нұрлы ауылындағы, Нұрлы орта мектебінде Дәулетпен таныстым. Әскери киім өзіне жарасқан сымдай тартылған ақсары өңді жігіт бірден ұнады. Сыйлас, туыс, сырлас болдық. Содан бері отыз жыл өтті. Уақыт-ай десеңші!
Мектеп директоры Ербосын Сүлейменұлы шақырып алып: «Бар-жоғы үш ер мұғалім бар. Дәулетті тыңдап жаңа мектеп ішін, оқу бөлмелерін эстетикалық талапқа сай көркемдеп шығыңдар. Бірігіп жұмыс жасаңдар» – деп тапсырма берді. Дәулет сурет те салады, ою да ояды, ағаш, темір жұмыстарын да бар кісідей істейді. Қысқасы, «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт. Тапсырманы екі ай мерзімде толық орындадық. Сол кездегі кейбір жасалған заттар әлі де ілулі тұр. Білмегендердің біліп жүргені жақсы ғой деп қаперге іліп отырмын. Алғашқы әскери дайындық пәні бойынша оқ ататын тир, турник, жүгіру алаңы, түрлі кедергілер және басқа да ойын-жаттығу алаңындағы заттар сол кездегі Дәулеттің еңбегі. Орнын жастарға беріп, дене шынықтыру пәніне ауыс-ты. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда ауыл жастарымен көп жұмыс жасады. Аптасына екі күн ауыл жастарының спортпен шұғылдануына жағдай жасады. Ауылдағы жігіт ағасы Қайрат Мырзабеков екеуі бұл тұрғыда тізе қосып бірге істеді. Қырық жылдық үздіксіз еңбек жолында көп шәкірт дайындады. Спорттың волейбол, баскетбол, футбол түрлерін қатар алып жүрді. Қазір бір ұжымда істейтін Сұлтан Айбын, Әлхам Сәмек соған дәлел. Шағын мақалада бәрін тізу мүмкін емес. Тек 2015 жылы аудан бойынша волейболдан оқушылар арасында жарыс-та кубок жеңіп алғанын айтсақ та жеткілікті.
Ол – сүйікті жар!
Ол – ардақты ата!
Ол – қамқор әке!
Жолдасы Дария Сәтиқызы математик. Отыз жыл бірге еңбек етіп келеді. Ұл-қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі жанұя. Қызы Айгерім мұғалім, ұлы Данияр құқық қорғау саласындағы қызметкер, кішісі 8 сыныпта оқиды. Бірге жүріп, бірге жұмыс жасаған құрдасыңның жақсы болғаны адамды марқайтады. Алдағы биік белестерге жетелейді. Құрдасым – мақтанышым! Алпыс жасың құтты болсын! Шағын жазбамды мінгізген ат, иығыңа жапқан шапан деп қабылдасаң болғаны. Басқа бөтен ой жоқ.


Жөкен Қаратаев,
Нұрлы ауылы.

Адам және табиғат

 

Қазақстан бойынша орман қоры республика жерiнiң 9,7 пайызын құрайды. Сондай орман-суы бар жерлердің бірі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Қызыл жиде» орман шаруашылық коммуналдық мемлекет-тік мекемесі.  Мекеме Еңбекшіқазақ  ауданында және Қапшағай жерінде орналасқан. Жер көлемі – 12946,0 га, оның ішінде жазықта орналасқан орманмен қамтылған алқап 5920,0 га құрайды. Аталмыш орман шаруашылығы Іле, Құр-Шелек, Шадай, Ақтоған өзендерімен қабысып жатқандықтан,  мұнда түрлі аңдар мен сирек кездесетін өсімдіктер бар.

Орманды алқаптарда қаланың ауасымен са-лыстырғанда бактерия-лар 300 есеге кем болып, ауаның тазалығы хирургиялық операция бөлмесiндегi тазалықпен бiрдей болады. Сондай-ақ, орман топырақтың құнар-лығын сақтайды, жердiң тозуын болдырмайды. Ауылшаруашылық жерлер мен жолдарды құм, шаң басудан қорғайды. Алайда оны аялап, табиғаттың осынау бізге берген тамаша сыйын игілігімізге жаратпақ түгілі, қолымызбен отап, мылтығымызбен қырып жатқанымыз қынжылтады. Адам мен табиғат бір-бірі-мен тығыз байланыста десек, бүгінгі таңда адам баласының табиғатқа тигізіп жатқан пайдасынан зияны көп. Бастапқыда табиғатты тек қорек ретінде пайдаланып, өсімдіктер мен аңдарды азық етіп, тіршілік еткен болса, бертін келе оны ермек ете бастады. Адамдардың жабайы аңдарды қолға үйретіп, егін егуді бастаған кезінен бас-тап табиғат пен жануарлар әлеміне тигізетін зияны одан сайын арта түсті.

Өзіміз суын ішіп, топырағына аунап жүрген туған жеріміздің табиғатына немқұрайлықпен қарап, аңшылық құрып, сан жағы-нан үлкен шығынға ұшыратып келеміз. «Қызыл жиде» орман шаруашылық коммуналдық-мем-лекеттік мекемесінің аумағында қарағай, майқарағай, шырша, сексеуіл, самырсын және балқарағай сынды өсімдіктермен қатар, Қызыл Кітапқа енген ақбас тырна, жорға дуадақ, қоңыр кептер, қарабауыр бұлдырық, бидайық, ителгі, қырғауыл сынды құстар мен Орта Азия құндызы, қасқыр, қарақұйрық, қосаяқ, жалман, құдыр, қабан, ілбіс, елік сияқты сирек кездесетін және жойылып бара жатқан аң мен құс, өсімдіктердің елеулі  түрлерінің тіршілік етуі облысымызға тән сипат. Дегенмен, күннен-күнге саны азайып, жойылып барады.

Заман дамыған сайын баяғы қосауыздардың орнын техниканың соңғы жаңалықтары болып табылатын тепловизор, Түркия және көршілес Ресейден шығатын 12-ші, 16-шы аңшылық және «Сайга», «Барс» «Лось» мылтықтары, тегіс ұңғылы аңшылық қарулары басып отыр. Осынау суық қарулармен сайланған браконьерлер аңдарды қынадай қырады. Кезіндегі ата-бабаларымыз салған із жоқ. Олардың аң аулау дәстүрі бүгінде өзінің бастапқы мәнінен айрылып, миссиясынан алшақтап кеткен. Бұрын өзіне азық табу үшін аң ауласа, қазір тамақ дегеніңіз дүкен сөрелері мен базарларда толып тұр. Бүгінгі адамдар табиғаттың шырқын бұзып, түз аңдарын қырып-жойып, көңіл көтеріп, ермек ету үшін  аулайды.

ҚР ҚК-нің «Заңсыз аң аулау» 337 бабы 4 бөлігі бойынша бес жылға бас бостандығынан айыру және 5 мың АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылғанымен, бүгінде бұл заңға қарап жатқан ешкім жоқ. Заңсыз әрекеттің бел ортасында өз бетінше аң аулап жүргендерге айыппұл төлей салу аса үлкен проблема емес. Ал аң аулағаны үшін бас бостандығынан айырылып жатқандары некен-саяқ.

Біз, аңтанушылар, орман қорғаушы қыз-меткерлер табиғат-ты қорғау барысында көптеген жұмыстар атқарып жатырмыз. Алайда адамдардан ұят пен ар кеткен заманда тосқауыл болу қиынға соғып отыр. Ал көптеген аң-құстардың 5-6 жылдан кейін жойылып кету қаупі бар. Бұл Сіз боп біз боп ойланатын мәселе.

 

ТҮЙІН:

Деректерге сүйенсек, осыдан 1500 жыл бұрын жер бетінен жануарлар мен аңдардың шамамен 320 түрі жоғалған. Омыртқасыз тіршілік иелерінің қарасы екі есеге азайып кеткен. Бұрын жануарлар мен аңдардың жойылуына табиғи апаттар себеп болса, ал бұл жолы адамдардың ашкөздігінен олардың шамамен 30 пайызы мүлдем жер бетінен жоғалып кетуі ықтимал. Сондықтан ойланайық, ағайын! Табиғат біздің болашағымызға, ұрпағымызға керек! Өз қолымызды өзіміз кеспейік!

 

Мәлік Мұрсалимов,

аңтанушы «Қызыл жиде» орман шаруашылығы

 коммуналдық-мемлекеттік мекемесі.

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 28, 2024

АЭС – объективті қажеттілік

АЭС — электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндірудің бір түрі. Ядролық энергия…
Қырқ 27, 2024

о проведении республиканского…

г.Қонаев – 2024 год 1. Общие положения 1.1. Настоящее положение определяет порядок…
Қырқ 27, 2024

Республикалық конкурс өткізу туралы …

Қонаев қаласы – 2024 жыл 1. Жалпы ережелер 1.1. Осы ереже «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы…
Қырқ 27, 2024

Сарапшы: Қоғамдық мәселелерге…

Ел тұрғындарының энергетика саласындағы мәселелерге қатысты пікірі қалыптасып, саяси…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау штабының өкілдері…

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халық штабының өкілдері ақтөбеліктермен…
Қырқ 27, 2024

Члены Народного штаба за…

В регионе продолжилась работа Народного штаба за строительство АЭС. Депутаты, эксперты и…
Қырқ 27, 2024

АЭС-тен көмірқышқыл газы да, күл де…

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза…
Қырқ 27, 2024

Халықтық штаб: Атом электр…

Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл…
Қырқ 27, 2024

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық…

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты.…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет