Күллі мұсылман қауымы зор құлшылықпен Һәм құрметпен атап өтетін діни мерекелердің бірі – Құрбан айт мейрамы. Біздің елімізде демалыс күні болып белгіленген бұл мерекенің асыл түбін діни аңыздар осыдан 4200 жыл шамасы бұрын Ыбырайым (Ибрагим, Інжілде Авраам) пайғамбардың жалғыз ұлы Смайылды құрбандыққа шалуға ниет етуімен байланыстырады. Ұлының кеңірдегіне пышық тақалған соңғы сәтте жаратушы аспаннан қара қошқар түсіріп, Смайылды аман алып қалады. Алайда осы көне аңыздың өзі адамдардың құдайлар мен перғауындарға, дүниеден өткен ата-бабаларының рухына арнап құрбандық шалып, құлшылық ету салтының өте ертеде, тіпті дәстүрлі иудаизм, христиан, ислам діндері пайда болғаннан көп замандар бұрын, адам санасының балаң кезінде пайда болғанын аңғартады.
Дінтанушылардың пікірінше, құрбандық шалу салтының негізінде жұмыр басты пенденің өлімнен үрейлену түйсігі жатыр. Алғашқы адам өз жаратылысының сырын, жарық дүниеге қалай, қайдан келіп қалғанын ұға алмаса да, дәм-тұзы таусылған күні оны тастап кетуге мәжбүр екенін түсінген. Өлімнің ақиқат екенін, оның алдында өзінің шарасыз, дәрменсіз екенін мойындаған. Өлгеннен кейін тозаңға айналып жоғалып кетпей, өзге бір әлемде «тіршілікті жалғастыруым мүмкін-ау» деген үміт пен қиял, мәңгілік өмірдің болатынына өзін иландыру оны тосын әрекеттер жасауға итермелеген. Мысалы, өркениеттің тал бесігі саналатын ертедегі ассириялықтар мен бабилондықтарда (бабиллах – Аллаға барар қақпа) адам өлгеннен кейін, оның жаны жеті қат жер астындағы тұңғиық Ассу теңізінің арғы бетіне, «Барса келместің елі» деген елге барып тұрақтайды деген наным болса, ертедегі мысырлықтар «Құдіретті көк құдайлары Гор, Ассирис және Анубис өлген адамның жанын таразыға салып өлшеп, әлгі пақыр күнәдан пәк, таза болса, оның тәннен бөлінген жанын мәңгілік рухқа айналдырып, құдайлармен бірге рахатқа бөлеп өмір сүруге пәрмен береді» деп сенген. Құдайларды мейірлендіру үшін құрбандық шалған.
Дүниенің басқа бір қиырындағы қытайлар да о дүниенің барлығына, хақтығына шүбә келтірмеген. Бақилық болған бабаларының аруағына тәу етіп, құрмет көрсетуді аса сауапты іс деп білген. Қытайлардың ұғымында, кәрі болсын, жас болсын – өлген адамның жаны мәңгілік рухқа айналып, артында қалған ұрпақтарын сырттай бақылап, қорғап, қолдап жүреді-міс. Олар тіршілігіндегі мінез-құлық ерекшелігін сақтап, мейірімді, кінәмшіл, қатал да қаһарлы болады. Туыстарының пейіл-ниетіне, іс-әрекетіне көңілі толмаған сәттерде, қатты ашуланып, теріс айналуы, тіпті кеудесі өсіп, көкелерін ұмыта бастаған тоңмойындарын қатаң жазалап, тәубесіне келтіруі де бек мүмкін деп сескенген. Сондықтан аруақтардың көңілін аулап, үзбей құрбандық шалып отыруға тырысқан. Мысалы, Шань-Инь династиясының кейбір патшалары өлгенде оларға «о дүниеде қызмет көрсетулері керек деп» жүзден үш жүзге дейінгі қорғансыз, бейбақ жандарды қоса өлтіріп, бірге көметін қанды қасап дәстүр болған. Мұндай салт тек Қытайда ғана емес, Азия, Африка, Америка құрлықтарын мекен еткен ежелгі тайпалардың көбінде дерлік кеңінен қолданылған. Жолы түскендер Мексикадағы Майя өркениетінен қалған пирамидалардан әлі де қан иісі шығып тұрғандай әсерде болатынын айтады. Көп құдайға табынған грек аңыздарында өлген адамның жаны жер астындағы Аид патшалығына барып тұрақтаған. Тіпті өлгендердің денесін қайыққа тиеп, о дүниеге жеткізетін Харон деген ескекші бұл қызметті тегін атқармай, еңбегі үшін ақы алып отырған. Сондықтан гректер қайықшының жолақысы деп өлген адамның тілінің астына мыс ақша салатын болған (осыған қарағанда гректер тек демократияның ғана отаны саналмаса керек).
Көкке, отқа, тәңірге табыну, ата-баба аруағына бағыштап құрбандық шалып, тасаттық беру – түрік тектес халықтарында да бұрыннан бар дәстүр. Әдетте, түрік жұртының эпостық жырларындағы аты аңызға айналған батырлар һәм басқа да атақты адамдардың көбі ата-анасы әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып, баба түкті шашты әзиз, ғайып ерен, қырық шілтенге сыйынып, әлдебір әулиенің басына түнегеннен кейін барып дүниеге келген. Ауыз әдебиеті нұсқаларынан мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Ислам дінінің Аллаға серік қосуға қатаң тыйым салғанына қарамастан, түркілер ежелден келе жатқан ата дәстүрін берік ұстап, күні бүгінге дейін өлі риза болмай, тірі байымайды деген қағидамен өмір сүріп келеді. Оның дәлелі – түркілердің оғыз, қыпшақ бұтағынан тарайтын қазақ, қырғыз, башқұрт, татар һәм түрікмен халықтарының тұрмыстық салттарында тәңірге, Ұмай анаға табыну, аруақты құрметтеу ғұрыптарының кеңінен қолданылатындығы. Қыз ұзатып, келін түсіру, шілдехана өткізіп, өлім шығару, ақсарбас шалып, баталасу кезінде орындалатын салттарды былай қойғанда, бұл халықтарда Тәңріқұт, Құдайберген, Тәңірберген, Құдайқұлы, Құрбанберді, Қыдырәлі деген сияқты кісі есімдері әлі де көптеп кездеседі. Сол сияқты көнекөз қарттарымыз риза болып, алғыс айтқанда «Тәңірі жарылқасын!», «Құдай тілеуіңді берсін!», «Ата-бабаңның аруағы қолдасын!» деп жатады. «Алла жарылқасын» демейді, «Алла жар болсын» дейді. Қауіп-қатер төніп, жаны қысылғанда ата-баба аруағына сыйынып, жауға шапқанда ата-баба аруағын шақырып, ұрандап шапса, бейбіт күнде аруақтарға бағыштап құрбандық шалып, жеті шелпек пісіріп, құран оқиды. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар», «Аруақты жерден ат үркеді», «Адам ұрған оңалар, аруақ ұрған оңалмас», «Жер хабар бермесін», «Құдай аруаққа шет болма» деп тыйым айтып, «Пәленше, түгенше-екемдер түсіме кіріп жүр. Дәм-етіп жүр ме, май қоңырсытып, құран оқытайыншы» деп құран оқытып, бет сипап жатады.
Осы аталғандардың бәрі, соның ішінде құрбандық шалу мен құрбан айтын атап өту дәстүрі де біздің ата-бабаларымыздың ислам дінін қабылдай отырып, оның қағидаларын өз наным-сенімінің, өз дүниетанымының, яғни, озық үлгілерімен толықтырған ерекше сипатын көрсетеді.
Мұхаметнұр ЕСІМБЕК.