Бейсенбі, 13 Маусым 2024 17:01

Тынымбике ТӨЛЕУБАЕВА: Салаға реформа қажет

Дәрігерлік – мәңгілік мамандық болып есептеледі. Қызығы көп қызметтің қаншалықты ауыртпашылығы бар екенін түсіне бермейтініміз белгілі. Бүлдіршін күнінде екі баланың бірі дәрігер болуды армандайтын шығар. Алайда сол арманның шыңына жететіндер кемде-кем. Осы орайда ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесінің қарсаңында өз арманының асқарын бағындырған, саналы ғұмырын тұтастай медицинаға арнаған ардагер дәрігер Тынымбике Төлеубаевамен сұхбаттастық.

– Құрметті Тынымбике Гелманқызы, сұхбатымыздың басында өз өмір жолыңызды қысқаша баян етсеңіз?

– Мен 1944 жылы 21 қыркүйекте Ақтөбе облысы «Путь коммуны» деген колхозда өмірге келдім. Қазақ және орыс мектептерінде білім алдым. 1962 жылы 10 сыныпты аяқтап, Ақтөбе қаласына оқуға түсуге бардым, бірақ түсе алған жоқпын. Ең жақсы көретін пәнім – химиядан өте алмадым. Ауылға оралған соң химияны жақсы оқығанымды білетін, білім бөлімінде қызмет жасайтын жиен ағам ауылдағы мектепте балаларға химия пәнін үйрет деп ұсыныс тастады. Бас тартсам, аттестатымды көріп сенетінін айтып көндірді. 2 жыл көлемінде химиядан сабақ бердім. Әкем бір күні пединститутты оқы, райком немесе хатшы боласың деп қоймағасын келісім бердім. Сырттай оқып жүріп, 2 курста жан қалауым медицинаға ауа берген соң оқуды тастадым. 1968 жылы Ақтөбенің мединститутына түсіп, 1975 жылы оқуымды аяқтаған соң өз ауылыма қызметке тұрдым. Содан кейін Хромтау деген ауданға жұмысқа орналасып, 1978 жылға дейін қызмет атқардым. 1978 жылдың аяғында Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылындағы емханаға невропотолог болып қызметке тұрдым. 1986 жылы Бөлек ауылдық округіне бас дәрігер болып келіп, 2017 жылға дейін сол қызметті атқардым. Осы аралықта көптеген жетістіктерге жетіп, ел алғысына кенелдік. Бүгінде Бөлек ауылында жеке емхана, дәріхана ашып,  халыққа қолдан келгенше қызмет етудеміз. Сәби күнімнен дәрігер болуды қатты қаладым, барлық қиындықтарды жеңіп, аңсаған мамандығыма жете білдім.

– Сіз қызмет еткен жылдар мен қазіргі уақыттағы медицинаның айырмашылықтары жөнінде не айтасыз?

– Қазіргі таңдағы еліміздегі медицина саласына көңілім толмайтын тұстары көп. Біздің ауданымыз облысымыздағы ең үлкен аудан болып есептеледі. Бұрын бүкіл жерде стационарлы бөлімдер бар болатын. Барлық амбулаторияда лаборатория болатын. Ауырған адам толық 21 күн жатып емделетін. Қазір 2-3 үлкен аурухананы қалдырғанымызбен науқас адам әрі кетсе 1 апта жатып ем алған соң, амбулаториялық емдеуге аттандырып жібереді. Қабылдауға бару үшін бірнеше күн бұрын кезекке тұру қажет, окулистке бару үшін әуелі терапевтке кіру қажет, хирургке бару үшін де терапевтке кіру керек.

Гиппократтың «зиян келтірме» деген сөзі бар. Демек алдыңа келген науқасқа мүлдем зияның тимеу керек. Қазір қоғамда кеселдің себебін түсінбесе де дәрі-дәрмегін жазып беріп отыра беретін дәрігерлер көп. «Емдей алмаймын», «білмеймін» деген сөзді айтпайды. Сонша жылдық тәжірибемен менің өзім «білмейтін дүнием әлі көп» деп айтамын. Келген науқас жанның дертін түсінбесем, басқа дәрігерге жіберетін кездерім бар. Жалпы медицинаға шұғыл реформа қажет.

– Қазіргі таңда аудандық ауруханаға бара қалсақ, қажетті мамандарды таба алмай жатамыз. Мамандар жетіспеушілігінің себебі «көбі ақылы емханаларға кетіп қалған» деген жауап аламыз. Бұған қалай қарайсыз?

– Медицинаның ақылы болғаны негізінен дұрыс емес. Бірақ кейбір адамдар ауруханаға ем іздеп бара қалса, медициналық сақтандыру жоқ деп емделе алмай жатады. Жұмысы жоқ адамда ол қайдан болсын? Дамыған елдердегі стандарттарды біздің тұрмыс-салтымызбен санаспай енгізіп жатады. Біздің мемлекетіміздің елге көрсетер қызметі мен халықтың менталитеті дамыған елдердің шартына сай келмейді. Сұрағыңызға келсек, ақылы емханалар күн санап көбейіп, медицина бизнеске айналып кеткені жасырын емес. Дәріханалар да дәрісін өткізу үшін дәрігерлермен байланыс орнатып, бонустарын беріп отыратындығы өкінішті.

– Дәрігерге ең қажетті қасиеттер деп нені айтар едіңіз?

– Медицина қызметкеріне бұл саланы жақсы көру өз алдына, халықты бөле-жармай жақсы көру керек. Яғни, адамның тұрмыс деңгейіне, нәсіліне қарамай мейіріммен көңіл бөлу қажет. Адам баласына деген махаббат, жанашырлық болмаса, дәрігермін деу бос сөз. Қол астымдағы жастарға «науқас адам саған ең қымбатты нәрсесін сеніп табыстайды, ол – адамның өмірі» деп үнемі айтамын. Осы дүниені түсіне білу керек.

– Адам өмірін ажалдан арашалап қалған кездеріңіз болды деп естігенбіз, сол оқиғаларыңызбен бөліссеңіз.

– Оқуымды аяқтап үйге оралған кезде, 1975 жылы туған інім аяғын жарақаттап қайтыс болып еді. Қайғыдан қан жұтып отырғанымызда ауылымызда бір жанұяның 1 жарым жасар баласы балшық судың ішіне түсіп кетіп, хал үстінде жатыр деген хабар келді. Барсам бала тыр-жалаңаш жатыр, емші апа жүр. Баланың тамырын ұстасам, жайлап соғып тұрды. Бірден аяғынан көтеріп сілкіп, бинтпен ауыз қуысын, мұрынын өз ауызыммен тазаладым. Ауылдағы медпункттен қажетті дәрілер табылып, соны қолданып, аман алып қалғанмын. Үйге келгенімде 3 жасар жиенім «біреудің кішкентай баласын аман алып қалыпсың ғой, ағамды неге аман алып қалмадың» деп жылағаны есімде. Осыған ұқсас қызмет барысында өлім аузындағы жандарды аман алып қалған біраз оқиғалар болды. «Бала күнімде мені өлімнен аман алып қалған екенсіз» деп сыйлықтарын әкеліп, алғыс білдіріп жататын азаматтар да бар.

– Ел ішінде «қазақтар басты байлық – денсаулығына немқұрайды қарайды» деген сөз бар. Расында солай ма, әлде бұл қасиет басқа ұлттарға да тән ба?

– Бұл шындық, оны мойындау керек. Денсаулығына өте жақсы күтім жасайтын халық – немістер мен еврейлер. Немқұрайдылық өзге ұлттың бәрінде кездеседі, бірақ алдыңғы орынды қазақтар алып тұр. Ауруы асқынғанда ғана келеді дәрігерге.

– Ақ халатты абзал жан ретінде қазіргі таңдағы дәрігерлердің қадіріне тоқталсаңыз.

– Өте төмен, оны өздері де біледі. Халықпен медициналық дұрыс байланыс орнамаған соң, солай болары анық. Біреу құлағы ауырып бір есікке кірсе «Менің салам басқа, лорға бар» деген дөрекі жауап алады. Сонша жыл оқыдың, түйгенің бар, жылы сөйлесіп, қарай салу деген жоқ.

– Кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!

Тілдескен Р.НАРХАНОВ.

Оқылды 5176 рет

Соңғы жаңалықтар

Қар 18, 2024

Внимание, жители г. Есик!

Региональный офис ЮНЕСКО в Алматы совместно с Центром «Содействие устойчивому развитию…
Қар 14, 2024

АФМ проводится расследование в…

Она подозревается в хищении свыше 1,5 млрд тенге, собранных для помощи гражданам,…
Қар 14, 2024

ҚМА еріктілер қозғалысының…

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд…
Қар 14, 2024

Eлянұр – әлем чемпионы

Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионаты өз мәресіне…
Қар 14, 2024

Бекзада өнер бәйгесі

Қазақ халқының ежелден келе жатқан аңшылық, саятшылық кәсібі бүгінде ұлттық спорт түріне…
Қар 14, 2024

Ұрпаққа тарту

Жасөспірімдеріміздің сапалы мектепте білім алуы болашақтың жарқын болуына жасалған…
Қар 14, 2024

Атқарылған жұмыстар сараланып, …

Осы аптада Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің алқа отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Талғат…
Қар 07, 2024

Жазушының шығармаларымен танысты

Қаратұрық ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 5…
Қар 07, 2024

Алихан әлемдік деңгейге көтерілді

Ауданымыздың жас спортшысы Алихан Ермекұлы 2024 жылдың 26-27 қазан айы аралығында…

Күнтiзбе

« Қараша 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет