«Құдай» қайта қиыпты жерге сені,
Көгіме де керек деп бермес еді.
Жерге де ортақ бір бала, көкке де ортақ,
Есіл ақын, ер талант, ерке сері.
Өзіңдей ғып жасапсың жыр тұлғасын,
Көз қимасын дегендей, жыртылмасын.
Туу керек еді ғой бəрі сендей
Дүниеге боса да бір туғасын, –
деп Ғафу Қайырбеков жырына арқау еткен қазақ әдебиетінің негізін құраушы, ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының негізін қалаушысы
Сәкен Сейфуллиннің тұлғасы бүгінгі жастарға үлгі. Тар жол, тайғақ кешіп, ұлттың мүддесін өз өмірінен биік қойған
Сәкен Сейфуллин Анненковтың «ажал вагонында» 47 күн өліммен арпалысты. Қазақ үшін басын бәйгеге тіккен «Үш бәйтеректің» бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына биыл 130 жыл.
С.Сейфуллин 1894 жылы 15 қазан-да бүгінгі Қарағанды облысының Ортау мекенінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Сәдуақас. Бірақ әке-шешесі еркелетіп, «Сәкен» деп атап кеткен. Әкесі Сейфолла сөзге шешен, домбырашы, саятшы болған. Ол тұңғышынан үлкен үміт күтті. Ал анасы Жамал баласына ертегі айтып беруден жалықпайтын. Сәкеннен кейін екі ұл Мәлік пен Әбен, одан кейін үш қыз Рахима, Сәлима мен Қалима дүниеге келген. Бірақ қыздың үшеуі де бала күндерінде көз жұмған. Әбен де жас кеткен.
Бала күнінен зерек Сәкен Сәйфул-лин ауыл молдасынан арабша хат танығаннан кейін орыс-қазақ мекте-бінде білім алады. Оқуды үздік бітіріп, Ақмолада приходская мектебіне түседі. Одан кейін тағы екі жылдық мектепте оқып, ары қарай Омбы педагогикалық семинариясына аттанады. Сәкен Сей-фуллиннің шығармашылық жолы осы тұста басталды десек те болады. Омбыда оқып жүргенде «Айқап» журналына алғашқы мақаласы жарияланды. Содан бастап жас Сәкен патшалық «охранканың» назарына ілігеді. Дегенмен, өзінің белсенді жұмысын жал-ғастыра берді. 1914 жылы қазақ жас-тарының «Бірлік» атты мәдени және білім беру қоғамын құруға атсалысты. Тура сол уақытта «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағын жариялады.
Сәкеннің ұстаздық еткенін бірі білсе, бірі білмес. Оқуды бітіргеннен кейін елге келіп, аз уақыт мұғалім болып істейді. Ал 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде арқалы ақын халық жағына шығып, патшаны тақтан тайдыратын ақпан төңкерісін қуана қарсы алады. Қазақ елі бостандық алып, бодандықтан құтылады деп сенді. Сөйтіп, дереу Ақмолаға келіп, жаңа заман жолындағы күреске білек сыбана кіріседі. Сол кезде ақын Амангелді Иманов бастаған көтеріліске арнап «Толқулар» атты өлеңің жазды.
Сол замандағы қазақтардың, қуғын-ға ұшыраған көзі ашық азаматтардың жай-күйін «Біз» атты өлеңіне сыйдырып, халықтың мұңын мұңдаған еді:
Асау өсіп арқада
Жүген, құрық тимеген,
Матау көрмей ер жетіп,
Жасынан ноқта кимеген,
Бостандық, кеңдік, еркіндік –
Басқаны жаны сүймеген,
Бұғалық салса ұстауға
Ақырып тулап сүйреген,
Арқаның болдық ұланы,
Еркін өскен бұланы.
Теңдік іздеп кедейге,
Жауызға көнбей туладық.
Залымдардың жасаған
Аранына уладық.
Қараңғы, суық зынданды
Жатақ қылды тәніміз.
Қылыштың жүзі, мылтықтың
Аузында болды жанымыз.
Өмірінде жауыздың
Кетіп адам сәніміз,
Арыстандай жаралы
Өртенді қайнап қанымыз.
Бір шұңқыр су, түйір нан
Үйреншікті ас болды.
Күл, көмір, қиқым, тоң төсек,
Жастығымыз тас болды.
Тас көмірдің топырағы
Денені басып қаралап,
Тас көмірдің түтіні!
Өкпені қауып аралап,
Қырлы темір шынжырлар
Қол-аяқты жаралап,
Жауыздардың дұзағын
Көрдік қорлық, азабын!
Кейіннен Ақмолаға ақтар келіп, сол жердегі Кеңес үкіметін құлатады. Сейфуллин тұтқындалып, түрмеге қама-лады. Одан кейін атаман Анненковтың «өлім пойызымен» Колчак түрмесіне жеткізіледі. Бұл туралы С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазған. Ең маңыздысы әрі қызықтысы, 1936, 1960, 1977 жылдардағы басылымдарда 1927 жылғы түпнұсқадағы «Алаш-орданың зиялылары, ақ жағалылар, көк жағалылар, қазақтың оқығандары» – «байшылдар, феодалдар, Кеңес үкіметі жаулары» боп біртіндеп өзгеріп келе береді. Түпнұсқада: «...Оқыған мырзалар, оқып жүрген мырза болам деушілер Бөкейханның жолын тосып қарсы алды... Омбыда, Семейде Әлекеңді Құдайдан сұрап алған жалғыздай құттықтады...» болса, 1977 жылғы нұсқасында: «...Оқыған ұлтшыл мырзалар, оқып жүрген мырзалар болам деушілер бай ниетті «ұлдары» Бөкейханның жолын тосып қарсы алды... Омбыда, Семейде Бөкейхановты Әлекеңді байшыл-ұлтшылдар сәжделер Құдайдан сұрап алған жалғыздай құттықтады құрметтеп жатты...» болып өзгертіледі. Айта кетейік, Сәкеннің көзі тірісінде романды сынап-мінеушілер болмаған, тек ақын қайтыс болғаннан кейін ғана түрлі сарындағы пікірлер айтылып, талқыға түсе бастады.
Сәкен Сейфуллин 1917 жылдың сәуір айында «Жас қазақ» ұйымын құрды. Бұл ұйым Ақпан төңкерісінен кейін Ақмола (қазіргі Астана) қаласында құрылған қазақ жастарының ұйымы. Мүшелерінің саны 50 адамға дейін жеткен. Төрағасы – Сәкен Сейфуллин, мүшелері қатарында Б.Әділов, Б.Серікбаев, Б.Айбасов, А.Асылбеков болды. «Жас қазақ» ұйымы социал-демократиялық бағытты ұстанды. Ре-сейдің федеративті республика болуын жақтады. Халық ағарту жұмыстарын жүргізуді, саяси істерге белсене араласуды алдына мақсат етіп қойды. Осы уақытта Қазақстанның түпкір-түпкірінде ашылған осы бағыттағы ұйымдардың көпшілігі алдына халық арасына газет-журналдар тарату, халықтың сауатын ашуға көмектесу, әйел теңдігі үшін үгіт жүргізу міндеттерін қойды. Сонымен қатар, «Айна» атты журнал шығаруды қолға алды. Ұйым мүшелері 1918 жылы көктемде Сейфуллиннің «Бақыт жолында» деген пьесасын сахнаға шығарды. Одан түскен қаражат Омбыда оқып жүрген қазақ балаларына берілді. Ақмола уездік қазақ комитеті құрамына «Жас қазақ» ұйымы өз мүшелерін енгізді. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен жалпықазақ жастарының съезіне «Жас қазақ» ұйымы атынан Асылбеков пен C.Садуақасұлы қатысты.
1920 жылы Қазақ Автономиялы Республикасы құрылғанда Сәкен Сейфуллин Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі, Жер-су Комиссиясының төрағасы, ал ІІІ Кеңестер съезінде, 1922 жылдың қазанында Қазақстан Комиссарлар Кеңесінің төрағасы етіп сайланады. Бүкілодақтық Орталық Атқару Комите-тінің (ВЦИК) мүшесі ретінде КСРО көлемінде шешілетін күрделі саяси, әлеуметтік, шаруашылық мәселелерді талқылауға қатысады. «Еңбекшіқазақ» газетінің (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз») журналының редакторы болған Сәкен Сейфуллин қазақ кеңес баспасөзінің басында тұрды. 1925-1937 жылдар ара-сында Жазушылар одағында, басқа да орындарда басшылық қызметтерде болып, жоғары оқу орындарында ұстаз-дық етті.
Ұлт үшін қылышынан қан тамған үкіметке қарсы күрескен Алаш арыс-тарымен, қазақтың қаймақтарымен тағдырлас Сәкен Сейфуллин 1937 жылдың қыркүйегінде «халық жауы» атанып, тұтқынға алынады. Ақынның жары Гүлбаһрам Сейфуллина Сәкенді соңғы рет 1938 жылы ақпанда көреді. «Кірсем, кірпігі көзіне жабысып, өңі құп-қу Сәкенім отыр. Нарттай беті қарайып кеткен. Жағы суалған. Қайратты қара шашын сыпырып тастаған. Шашы 4-5 айда ағарып кеткені көрініп тұр. Көз жанары сөнген. Өң жоқ. Екі ұрты ішіне кіріп кеткен. Тістері қаусап қалған болу керек. Алдымда отырған бір аруақ секілді... Бұл кездесу Сәкенді соңғы көруім екен ғой... Тіпті, ештеңе де дұ-рыстап сөйлесе алмадық. Орысша сөйлесіңдер деп жан алып тұрғанда не айтып, не қоярсың? Сөздің бір ретінде «Аянды неге сұрамайсың?» дегенімде, ұйқыдан шошып оянған адамдай: «Ол тірі ме еді?» – деп қарсы сауал қойды. «Қой қайдағыны айтпа, асыр салып ойнап жүр, мұнда жібермейді екен, үйде қалды. Ондай жамандықты қайдан естіп жүрсің! Аман, қам жеме, өзіңнің ақталып шығуыңды күтеміз», – дедім. «Әрине, солай ғой. Бір жаман түс көріп едім, тілім де, түсім де қаратасқа», – деп бір түкірді. Дауысы бұрынғыдай ашық естілмей, кетік тістен шыққандай ысыл араласып тұрды. «Адалмын, тазамын, ақталамын» деп анау естісін деп құшырлана айтты...» Бұл – Сәкеннің жары Гүлбаһрам Сейфуллинаның ес-телігі. Сәкен Сейфуллин 1938 жыл-дың 25 сәуір күні Алматыдағы НКВД түрмелерінің бірінде «Халық жауы» деген айыппен атылды.
Маржан БАЛАХАНОВА,
Абылай хан атындағы орта мектептің оқушысы.