Бейсенбі, 08 Тамыз 2024 13:20

АБАЙ – дана, Абай – дара қазақта

Қазақтың ұлы ақыны,

ойшыл, философ,

 қазақ руханиятының

темірқазығы –

Абай Құнанбайұлының

туғанына биыл 179 жыл.

Немістер Гетесімен,

Орыстан Пушкинімен мақтанса, Алаш жұрты қалың елін өркениетке жетелеген Абайымен мақтанады. Ұлы ақынның терең пәлсапасы, мазмұнды һәм мағыналы қара сөздері, надан болмай, адам болуға шақыратын мәңгілік шығармалары, рухани мол мұрасы, классикалық әндері қазаққа ғана емес, күллі адамзатқа ортақ. Сондықтан әлем мойындаған Абайдың терең мағыналы өлеңдерін  ұлықтау мақсатында, оның пәлсапалық шығармаларын жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында хакімнің 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының  ұсынысымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 тамызды «Абай күні» деп белгіледі. Қазақ руханиятының мерекесінде әрбір адам баласы Абайды қаншалықты тани алдым, қаншылықты зерттей алдым, қаншалықты жүрегінің түбіне терең бойлай алдым деп, өз-өзіне сұрақ қойып, соған жауап беруі тиіс. Себебі, бұл күн – рухани жаңғырудың жарқын үлгісі.

 

«...Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім.

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» – деп жырлаған ғұламаның сырлы әлемі әлі де жұмбақ. Абайды оқыған сайын жаңарып, тазара бересің. Тереңіне бойлаған сайын ойлана түсесің. Мына сұлу дүние есігін ашып, рухани құндылыққа ұмтылғысы келген әрбір адам, Абайдың шығар-маларымен етене танысу керек. Өйткені, Абай қай заманда болмасын ұлы кемеңгер болып қалады. Абайдың ойы, ақынның толғанысы, данышпанның қайғысы – бүтіндей тіршіліктің үні, тұтас қоғамның сөзі деп ұғынатын уақыт келді. Абай адамзат тарихында енді қайтып келмейтін тұлға.

 

Білім қуған,

ілім қуған ұлы ойшыл

 

Абай Құнанбайұлы 1845 жылы  Батыс-Сібір генерал-губернаторлығы Семей уезінің Жидебай өлкесінде, Шыңғыстаудың бөктерінде дүние есігін ашқан. Абайдың әкесі – Құнанбай, атасы – Өскембай, арғы атасы – Ырғызбай. Бала Абайдың тәрбиесі әкеден гөрі жұмсақ мінезді, мейірімді шешесі Ұлжан мен кәрі әжесі Зеренің қолында болды. Абай он жасына дейін ауылда өсіп, молдадан білім алады.

Он жасында оны әкесі Семей қаласына әкеліп, медресеге оқуға береді. Абай медреседе үш жыл оқиды. Оқу әрине ескіше, ылғи дін сабақтары. Өзімен бірге оқыған үлкен, кіші балалардың барлығынан зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты Абай оқыған кітаптары мен шығармаларына көбіне сынмен қарай білетін сезімді оқушы болады. Араб, парсы, түрік ақындарының ішінде өзінің әбден сүйіп, таңдап оқыған ірі ақындары болады. Сондай-ақ  шығыстың ұлы ақын-ғалымдары Науаи, Низами, Сағди, Фердоуси шығармаларымен танысады. Солардың әр сөздерін оқып шығып, талай жырларын жаттап жүреді. Соны-мен қатар, араб, иран, шағатай тілінде жазылған ертегі, дастан, қисса сияқты әдебиет мұраларын да оқиды. Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» түсіп, орысша оқи бастайды. Бірақ мұндағы оқуы ұзақ болмайды. Басы-аяғы үш-ақ аймен бітеді. 13 жасқа толғанда әкесі Абайды оқудан шығарып әкетеді. Ел билеу жұмысында өзіне серік қылмақ болып, жаңа міндетке арнап, сол жолға баули бастайды.

Жасы отыздан асқан соң, бұрынғы азды-көпті білімін есіне түсіріп, орыс кітабын мықтап оқиды. Едәуір тіл біліп алған соң, енді көп нәрлі кітаптар оқуға кіріседі. Әдейі қала кітапханасының кітаптары үшін Семейде қысқы айларда ұзақ жатып ізденеді. 35-36 жастардың шамасында кітап қарастырудың жолында жүріп, Абай 1870 жылдарда Петербургтен айдалып келген революционер жас Михаэлис деген кісімен таныс болады. Михаэлис арқылы 1880 жылдарда айдалған басқа демократтармен де танысады. Соның ішінде Гросс, жас доктор Долгополов, Леонтьев сияқтылар  болған. Осылардың кейбіреулері Абай ауылына қонаққа барып, досы болады. Бұрын қолына  түскеннің бәрін талғаусыз, ретсіз оқып жүрген Абай, бертіндегі оқуын Михаэлистің ұсынысы бойынша ретке қойып, көркем әдебиет, сын, философия, табиғат ғылымдарын оқитын болған.

Абайдың ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтіп, шыңырау биікке көтерген, әрине орыстың А.Пушкин, М.Лермонтов, Л.Толстой, Е.Салтыков-Щедрин, Н.Не-красов, И.Тургенев, И.Крылов секілді ең көрнекті жазушы, қоғам қайраткерлерінің шығармаларын оқып, олардың озат ой-пікірлерімен тікелей танысуы екенін атап айтқан жөн. Сонымен қатар, сыншыл ойшыл демократтардан Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Еуропа ақындарынан Гете, Байрон,  философтардан Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сияқты талайларды оқыған. Ақынның шығармашылықпен еркін араласуы 1860 жылдар болды. Ол кезде Абай өлеңдерін басқа аттармен жариялаған, тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бас-тайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыры», сонымен қатар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің сол кездегі әлеуметтік жағдайларды түсіну үшін маңызы зор.

Абай  Крылов, Лермонтов, Пушкин, Гете мен Байронды қазақша сөйлетті. 1882 жылдардан бастап, осы 85-86 жылдарда ол Пушкин, Лермонтовтан бірен-саран өлеңдерді қазақшаға аудара бастайды.  Сонымен, Абай 1886 жылдан 1889 жылға дейін шығармашылықпен айналысты. 1889 жыл Абайдың барлық шығармашылығы үшін ең өнімді, ең жемісті жылы болады. Бұл кездегі өлеңдері тек өсиет болып келмей, сонымен қатар махаббат жайында, табиғат суреттері, өлең, ән-күй туралы, өзінің бас қайғысы, ішкі сыры туралы болады.

Абайдың нәрлі еңбегін айтқанда, ылғи ақындығын сөз қылып келмей, осымен қатар, одан қалған мәдениет мұраларының ішінде үлкен, елеулі орны бар әншілік (композиторлық) еңбегін де атау керек. Абай ән-күйге талай-талай сұлу мағыналы жырларын арнайды. Абайдан қалған 16-17 ән бар. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған. Сол тәрізді Пушкиннен аударған Татьяна, Онегин хаттарына да арнаулы ән шығарады.

1890 жылдардан бастап ұстаздық, үгітшілдік жолына түскен соң Абай өлеңді аз жазса да, «қара сөзбен» айтатын өсиетті көп жазды.  Абай – қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салды. Абайдың 170 өлеңі және 57 аудармасы, поэмалары, «Қара сөздері» бар.

Абай үш рет неке қидырған, ең үлкен бәйбішесі Ділдаға 16 жасында үйленген. Үлкен ұлы Ақылбай Абай 17 жаста болғанда туылды. Бірақ, бала Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның тәрбиесінде болды. Ділдадан туған балалардың есімі Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан.

Екінші рет үйленіп, сүйіп қосылған жары Әйгерімнің шын есімі – Шүкіман. Абай Әйгерімнің әнін естіп, ұнатып алған. Екеуі 1875 жылы шаңырақ көтерді. Әйгерімнен Тұрағұл, Мекайіл, Ізкәйіл, Кенже есімді балалары болды. Абайдың он баласы болған. Бірақ, Абайдың әмеңгерлікпен үйленген үшін-ші әйелі Еркежаннан баласы жоқ.

1868 жылы Әбдірахман есімді ұлы дүниеге келді. Әкесі оны еркелетіп «Әбіш» деп атады. Ол Түмен қаласындағы мектепті бітіріп, Санкт-Петербургте Михайловский артиллерия мектебін аяқтады. Алайда оның денсаулығы оған әскери академияға түсуге мүмкіндік бермеді. 1895 жылы Әбдірахман туберкулезден қайтыс болды. Бәйбішесі Ділдадан туған екінші ұлы Әкімбай да 7 жасында көз жұмды.

Ал, Мағаш деп аталып кеткен үшінші ұлы Мағауия Семейде оқуын бітіріп, өз ауылына оралды. Ол әкесінің талабы бойынша өлең жазумен айналыс-ты. Оның ең көлемді еңбегі «Медғат-Қасым» поэмасы. Мағаш өмірінің соңғы жылдары жергілікті судья болды.

Ал төртінші ұлы Тұрағұл 1875 жылы дүниеге келді. Тұрағұл «Алаш Орда» партиясының қоғам қайраткері, ақын және жазушы. Ол Джек Лондонның «Эскимос Киш» және «Мартин Иден», Максим Горькийдің «Челкаш», Неве-ровтың «Мария-большевичка», Болеслав Прустың «Антек» және тағы басқа шығармаларды қазақ тіліне ау-дарған. Алайда, оның аудармалары сақталмаған. Ол 1934 жылы Шымкент қаласында қайтыс болды.

Қазақтың қамын жеп, руханияттың шыңына айналған Абай Құнанбайұлы 1904 жылы 23 маусымда қайтыс болады. Ақынның сүйегі Жидебайда өз қыстауының жанына қойылады.

 

Тәлім мен тәрбие мектебі

 

Абай шығармалары адамзатты жақсылыққа, еңбекке, жауапкершілік пен адамгершілікке үндейді. Бұл жайында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан атты мақаласында жазады.

«...Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет. Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында.Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет.

Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.

Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Рас, абай өлеңдері – тұнып тұрған тәрбие мектебі. Өмірдегі жақсы мен жаман әдеттерді «Ғылым таппай мақ-танба» атты бір өлеңнің ішіне сыйдырып, ақ пен қараның ара жігін ажыратып берген.

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ

– Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой

– Бес асыл іс, көнсеңіз.

Жамандық көрсең нәфрәтлі,

Суытып көңіл тыйсаңыз.

Жақсылық көрсең ғибрәтлі,

Оны ойға жисаңыз.

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз?

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз,

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл берсеңіз.

Бұдан бөлек «Сабырсыз, арсыз еріншек», «Әсемпаз болма әрнеге», «Бойы бұлғаң» өлеңдері балаларды ғылым-білім үйенуге шақырып, адам бойында кездесетін жақсы, жаман қа*\сиет*\тердің жігін түсінуге жетелейді. Адамның өсіп жетілуіндегі тәрбиесіне де ерекше мән берген ақын. Оның дәлелі: «Адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап татып – естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарында болады. Естіген нәрсені есте сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді» деген даналық ойы, яғни адам ақыл-ойының, есінің тәрбие арқылы ғана жетілетінін ғылыми түрде дәлелдеген.

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан,

Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан, – деп өсіп келе жатқан жас өркенге өмірден өз орнын табуды насихаттайды.

Иә, адамзатты бес нәрсеге асық болуға, бес нәрседен қашық болуға насихаттайтын Абай шығармалары қай заманда да өзектілігін жоғалтпасы анық.

 

Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...

 

Абайдың махаббат тақырыбындағы осы өлеңін білмейтін қазақ жоқ шығар. Себебі, сырлы сезімге толы махаббат лирикасына Абай ерекше қалам тербеген. Өмірдегі барлық құбылыс Абайдың назарынан тыс қалмаған. Әсіресе, махаббат тақырыбын Абайдай жырлаған адам кемде-кем. Отанға, жарға, досқа деген сезімді айрықша жеткізген Абай-дың өлеңдері мен әндері әлі күнге дейін көпшіліктің жүрегінен орын алып келеді.  Ал «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» өлеңі – Абайдың ғашық жанның сырт-қы құбылысын іштегі әртүрлі сезіну түйсіктерімен жымдастыра суреттеген махаббат лирикасындағы шоқтығы биік классикалық көркем туындыларының бірі.

Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,

Көзбен көр де ішпен біл.

Сүйісер жастар қате етпес,

Мейлің илан, мейлің күл.

Ол тілге едік оңтайлы –

Қаріпсіз біліп сондайды.

Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,

Енді ішіме қонбайды.

Жүрек лүпілін, нәзік сезім ырғағын, жан тоқынысының психологиялық күйін иланымды, табиғи әсерлі қалыпта бейнелеген өлеңін Абай 1894 жылы 49 жасында Ақшоқы қыстауында жазып, өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы хатқа түсірген. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте басыл-ған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

Махаббат құдіретіне, ғашықтық сезімінің асқақтығына бойлаған ақын сүйіспеншілік дертінің тылсым құдіреті, мұңды күйінен сыр шертеді. Ғашық жанның сыртқы құбылысын іштегі әртүрлі сезіну түйсіктерімен жымдастырады. Жүрек лүпілін, нәзік сезім ырғағын, жан толқынысының психологиялық күйін иланымды жеткізеді, әсерлі бейнелейді. Ғашықтық дертіндегі іңкәр, ынтық жастардың бірін-бірі сүйіп ұнатуын табиғи қалыпта қабылдайды. Оған илану да иланбау да ғашық жандар еркінде деп біледі. Адамға тән шынайы ғашықтық сезім әлеміне, иман күшіне бойлатады. Психологиялық күйін, ішкі тебіренісін, жан тебіренісін жеткізеді. Жан жүрегімізді сүйіспеншіліктің шексіз де жұмбақ қасиетінің кіршіксіз қасиетіне бөлейді. Өз басында шымырлап бойға жайылған сәулелі сүйіспеншілік шуағын шын жүректен сезінгенін алайда осынау бусанған мөлдір сезімнің алыстағанын, қайта оралмайтын құдіретін ақындық мәдениет шыңында толғайды. Баянды махаббат, ынтық сезім күйіндегі адам жанының асыл қасиеттерін қастерлеу көркемдік шеберлікпен жырланады, сұлулық сезіміне еріксіз елітіп әкетеді.Адам бойындағы ғаламат сезім – ғашық-тық сыр құпиясын терең толғайды. Сезім күйінің психологиясын тербейді. Сүйіспеншілік тылсымын түйсінуіндегі жан сырын бүкпесіз жеткізіп, ғашықтық сезімнің пайда болуынан бастап жоғалу табиғатын жүрек жарды сөзіне терең мағына дарытуымен жеткізеді.

Махаббатсыз дүние бос

Қайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар –

деп жазады ұлы ойшыл.

Абайдың махаббат лирикасын тал-даған ғалым, Абайтанушы Асан Омаров та ақынның сырлы өлеңдері сезімге толы екенін айтады.

«Адам баласының көңіл-күйі айнымалы, құбылмалы. Бірде қамығулы, жабырқау көңілдің келесі сәттерде есері, көкке шарықтауы бек мүмкін (оған қызбалы, асау жүрек, оның кейде жөнді, кейде жөнсіз алқынуы себепкер).

Кейде есер көңіл құрғырың,

Махаббат іздеп талпынар.

Ішем деп бейнет сусынын,

Асау жүрек алқынар, – деуімен Абай патша көңілдің сондай бір қалтарысын жырға қосқан. Бұл ақын 45-жасқа келген, Толағай құсап, күллі қазақтың мұңын иығына алған шақ. Қазақ әдебиетінің классигі атандырған парасат биігіне шыққан мезет.  Сол парасат биігіне өмірдің бейнетін тарта отырып, тағдырдың күйігі мен тәлкегін көре-көре сатылағаны анық. Мұны екінші шумақта:

Тартқан бейнет, өткен жас,

Жүректің отын сөндірмес.

Махаббат – өмір көркі, рас,

Өлген соң, ол да үндемес, – деуінен аңғаруға болады. Тартқан бейнет те, тоқтаусыз уақыт та – «жүректің отын сөндірмес». Неге? Өйткені, «махаббат – өмір көркі» деп сыр шертеді ақын. Сөйтіп, адамның жүрек отын сөндірмей, оның қызулы қылушы құдірет – махаббат екендігі мағлұм болды.Оған дәлел: «Жүректен қызу-қызба кете қалса, Өзге тәннен еш қызық іс табылмас» дейді кейінгі Абай«Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» өлеңінде. Жүректе от (яки қайрат) болмаса, қызыққа, жылулық пен достыққа жарымай, құр мүлгумен өтпексің. Махаббат сезім отқа тамыздық қана емес, тіпті тіріліктің де белгісі: «Өлген соң, ол да үндемес». Тағы Абай: «Дүниенің мағмұрлығы бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе» (38- қара сөз) дейді. Мұндағы арабтың «мағмұр» сөзі  әлгідегі «махаббат – өмір көркі» деген тіркеспен астасып жатыр. Абай бұл сөзді қызық, әдемі, көрікті деген мәнде қолданған. Тізе берсек, Абайда жүрек культі қалыптасқанына мысал көп-ақ. Жүрек – жан мекені деп кәміл сенбесе, Абай Абай бола ма» – дейді Абайтанушы.

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да,

Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да.

Сорлы асық сарғайса да,

сағынса да,

Жар тайып, жақсы сөзден

жаңылса да,

Шыдайды риза болып жар ісіне,

Қорлық пен мазағына табынса да.

Иә, әйелге деген кіршіксіз ыстық сезімді бұдан асқан сөздермен жеткізу мүмкін емес. Абайдың махаббатты жырлаудағы ерекшелігі де осы. Әр өлеңін сиқырлы, сырлы сезімге толтырып, махаббаттың мәні мен мағынасын терең тебіреніп жырлай білуінде.

 

Табиғат лирикасы

 

Абай өлеңдері десе әр қазақтың көз алдына табиғат көрінісі мен түрлі табиғат құбылыстары келері хақ. Табиғатты сүйіп, оны өлеңдеріне арқау еткен суреткер ақынның өлеңдеріне зер салсаң жаратылыстың жайдары жазын, түсі суық тұманды күзін, не болмаса сақылдаған аязы мен қарлы боранын өзің көріп тұрғандай боласың.«Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңінде:

Желсіз түнде жарық ай

Сәулесі суда дірілдеп,

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы,

Сыбырласып өзді-өзі.

Көрінбей жердің топырағы

Құлпырған жасыл жер жүзі, –  деп, жазғы түннің әдемі суретін алдыңа тартады, жаз кезінің желсіз тымық күні, аспандағы жарық айдың суға түскен сәулесі, жазғы ауыл, оның жанындағы терең сай, гүрілдеген өзен суретшінің бояуы арқылы тұтас бір картина ретінде көз алдыңа келеді.

Күз мезгілін суреттейтін «Күз» өлеңі де тұнып тұрған картина дерсің! Қоңыр күздегі жан-жануардың мінез-құлқы, табиғаттың ерекше көрінісі өлеңмен көмкерілген.

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып дымқыл тұман

жерді басқан.

Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма?

Жылқы ойнап, бие қашқан,

тай жарысқан.

Жасыл шөп бәйшешек

жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес

бала шулай.

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айрылған ағаш,

қурай...

Абайдың ызғарлы қыс мезгілін су-реттеуі мүлдем бөлек. Сықырлаған сары аяз бен үскірік боранды рақымсыз адамның бейнесімен жырлайды.

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап, келіп қалды.

Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып ажарланды.

Бұлттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып,

мазаңды алды.

Ақын жайдары жазды да асқан шеберлікпен суреттеп, тыныс-тіршіліктің қайнаған кезін көз алдыңа елестетеді.

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер

құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай

кемпір мен шал,

Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың

мойыны босап,

Сыбырласып, сырласып,

мауқын басып.

 

АБАЙДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН БІР МАҚАЛАНЫҢ КӨЛЕМІНДЕ ТАЛДАП, ТАУЫСПАСЫМЫЗ АНЫҚ. АҚЫН ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МАҒЫНАСЫ ТЕРЕҢ, СИҚЫРЛЫ СЕЗІМГЕ ТОЛЫ. РУХАНИ ШӨЛІРКЕГЕН АДАМҒА АЗЫҚ БЕРІП, ТУРА ЖОЛҒА САЛАРЫ ХАҚ. АБАЙ – ҚАЗАҚТЫҢ ЕМЕС, АДАМЗАТТЫҢ ҰЛЫ ОЙШЫЛЫ. ОНЫ ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН. РЕСЕЙ, ИРАН, ӘЗЕРБАЙЖАН, МЫСЫР, ҚЫТАЙ, ӨЗБЕКСТАН, ВЕНГРИЯ,

ФРАНЦИЯ, ТҮРКИЯ,

БЕЛОРУССИЯ, ГЕРМАНИЯ, ИТАЛИЯ, БОЛГАРИЯ, ГРУЗИЯ, ҮНДІСТАН,

ЛАТВИЯ, ҚЫРҒЫСТАН СЫНДЫ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЛЫ АҚЫННЫҢ ЕСКЕРТКІШІН АШЫП, АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ ӘЛЕМНІҢ 60 ТІЛІНЕ АУДАРЫЛҒАН.

АРТЫНДА ШЫҒАРМАЛАРЫМЕН СУСЫНДАҒАН ЕЛІ БАРДА,

АБАЙ ДА МӘҢГІ ЖАСАЙДЫ. СЕБЕБІ, АБАЙ – ДАРА,

АБАЙ – ДАНА ҚАЗАҚТА.

 

Дайындаған

Сардарбек НҰРАДИН.

Оқылды 1405 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

Соңғы жаңалықтар

Қырқ 16, 2024

Конкурс «Тәуелсіздік ұрпақтары»

Министерство культуры и информации Республики Казахстан объявляет о начале конкурса…
Қырқ 16, 2024

Мәдени тірек

Қырқ 16, 2024

Тұрақты энергетика тұрақты бағаны…

Қоғам белсендісі, блогер Сәбит Рысбаев әлеуметтік желідегі парақшасына елімізде АЭС салу…
Қырқ 16, 2024

Какие проблемы решит строительство…

О проекте строительства АЭС и его преимуществах редакции Liter.kz рассказал ведущий…
Қырқ 16, 2024

В случае строительства АЭС,…

Официальный представитель министерства отмечает, что использование воды для строительства…
Қырқ 16, 2024

Под председательством вице-премьера…

13.09.2024 под председательством вице-премьера Каната Бозумбаева прошло совещание,…

Күнтiзбе

« Қыркүйек 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет