Қазақстан Республикасында 2020 жылғы 16 наурыздағы сағат 08.00-ден бастап 2020 жылғы 15 сәуір күнгі сағат 07:00-ге дейін төтенше жағдай енгізілді. Осыған байланысты Сыртқы істер министрі қандай жағдайларда мемлекеттік шекара арқылы кіріп-шығуға болатынын мәлім етті.

1. Төтенше жағдай қолданылатын кезеңде Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктердің мемлекеттік шекара арқылы кіруіне - шығуына шектеу енгізілетін болады. Төмендегі жағдайлардан басқа:

бұрын шет мемлекеттің аумағына шыққан және Қазақстан Республикасына қайтып келген Қазақстан Республикасының азаматтары; 

денсаулық сақтау мекемелерінің растайтын құжаттарын ұсынып, шетелге емделуге шығатын Қазақстан Республикасының азаматтары;

осыған дейін Қазақстан Республикасының аумағына кірген және елден шығатын шетелдіктер;

еліміздің және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызмет персоналы және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша Қазақстанға келетін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелері;

поездық және локомотив бригадаларының, әуе және теңіз кемелері экипаждарының мүшелері; 

Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдік трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін персонал және шектес мемлекеттердің аумағындағы қазақстандық трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін персонал; 

шектеулерді енгізгенге дейін (2020 жылғы 16 наурыз сағат 08.00-ге дейін) жолға шыққан және транзиттік жолаушылар поезымен жолда келе жатқан шетелдіктер; 

Қазақстан Республикасының аумағында тұруға ықтиярхаттары бар шетелдіктер (азаматтығы жоқ тұлғалар); 

Қазақстан Республикасы азаматының отбасы мүшесі болып табылатын шет ел азаматы (туыстық байланыс фактісі расталған жағдайда – жұбайы (зайыбы), олардың ата-аналары мен балалары). 

2. Тараптар азаматтарына шұғыл медициналық көмек көрсету үшін жүгінген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге сәйкес жұмыс істейтін Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы өткізу орындары арқылы жергілікті тұрғындарды өткізу тоқтатыла тұрсын. 

Трансшекаралық құрылыстар – мемлекеттік шекараны кесіп өтетін темір жолдар, автомобиль жолдары, құбырлар, электр беру желілері, кабельдер, көпірлер, бөгеттер, шлюздер, су арналарының құрылыстары және басқа да құрылыстар, сондай-ақ Тараптардың бірінің шекара маңындағы аумақ (шекара аймағы) шегінде, екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы объектілері.

 

Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілді. Бұл туралы Жарлыққа ҚР Президенті қол қойды.

***

Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы

Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16) тармақшасына және «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілсін.

2. Төтенше жағдайдың кезеңінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес құрамда құрылсын және оған «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өкілеттіктер берілсін.

3. Төтенше жағдайдың күшінде болу кезеңінде мынадай шаралар және уақытша шектеулер енгізілсін:

1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;

2) ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылсын;

3) сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтата тұрсын;

4) карантин енгізсін, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асырсын;

5) ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын;

6) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленсін.

4. Төтенше жағдай режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері айқындалсын.

5. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры осы Жарлықта белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етсін.

6. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінен қажетті қаражаттарды бөлсін;

2) медициналық тексеруден және емделуден, карантиндік режимді сақтаудан бас тартатын, эпидемиологиялық жағдайды айқындау үшін маңызы бар деректерді жасыратын адамдарға бақылау, сондай-ақ аталған адамдардың жауаптылығының шаралары күшейтілсін;

3) орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының аумағында COVID-19 коронавирусының таралуын болдырмау мақсатында осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.

7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президенті Қ.Тоқаев

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 15 наурыз

№ 285

Дүйсенбі, 16 Наурыз 2020 08:55

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1932 жылы Б.Майлиннің «Келін мен шешей», К.Қырқымбаевтың «Келіншек» атты комедияларымен Жамбыл аудандық театры өз шымылдығын ашты. Театрдың алғашқы труппасы құрамында С.Атамқұлов, Ж.Абызбаев, С.Абызбаева, Ш.Сәкиев, М.Табанов, т.б. актерлер өнер көрсетті, ал режиссерлік жұмысты Р.Әбдірахманов, Ж.Арғынбаев атқарды. Аудандық театр 1940 жылы облыстық қазақ драма театры болып құрылды. 1945 жылы Абай есімі берілді.

1944 жылы Көкшетау облысы құрылды. Әкімшілік орталығы - Көкшетау қаласы. Оның аумағы сол кезде батыстан шығысқа 600 шақырымға жуық, солтүстіктен оңтүстікке 200 шақырымнан астам жерді алып жатты. Облыс 1997 жылы мамырдың 3-інде Солтүстік Қазақстан облысына қосылуына байланысты таратылды. 1999 жылы оның үш ауданы және Көкшетау қаласы Ақмола облысының құрамына енді.

1944 жылы Талдықорған облысы құрылды. Әкімшілік орталығы - Талдықорған қаласы. Облыс 1997 жылы Алматы облысына қосылуына байланысты таратылды.

1998 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары ғылыми-зерттеу институтының атауы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы болып өзгертілді.

2009 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің жоғарғы наградасы - Заид орденімен марапатталды. Заид ордені Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаған шейх Заид бен Сұлтан әл-Нахайянның құрметіне бекітілген марапат. Ол екiжақты қатынастардың дамуына ерекше үлес қосқан шет мемлекеттерiнің басшыларына табыс етіледі.

2009 жылы Алматыда «Алашорда» деректі фильмі таныстырылды.

Фильмнің режиссері - қазақстандық танымал кинематографист Қалила Омаров. Фильм Қазақстан Республикасының ақпарат және мәдениет министрлігінің тапсырмасымен «Алаш» қозғалысының 90 жылдығына арналып түсірілген. 52 минуттық фильмнің сценарийін жазған - Болат Мүрсәлім, композиторы - Ақан Мұсақұлов.

2012 жылы Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы «Азалы кітаптың» 9-басылымын шығарды. «Азалы кі­таптың» бұл шығарылымы қызыл террор кезеңінде Алматы қаласы маңындағы «Жаңалық» қорымында жатқан жазық­сыз құрбандардың есімдерін жаң­ғыртуға арналды.

Кітапта 1937-1946 жылдар аралығында атылып, Жаңалық ауылы маңындағы қорымға көмілген 4 121 адам туралы қысқаша мәліметтер берілді.

2012 жылы Нью-Йорк университеті жанындағы Ежелгі әлемді зерттеу жөніндегі институт ғимаратында «Көшпенділер және олардың байланыстары: Қазақстанның ежелгі өнері мен мәдениеті» («Nomads and Networks: The Ancient art and Culture of Kazakhstan») деген атаумен бірегей көрме ашылды.

2016 жылы халықаралық жеке құқықтар бойынша Гаага конференциясының жалпы істер және саясат кеңесінің отырысында Нидерланд Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің өкілдеріне Қазақстан Республикасының Гаага конференциясына қосылуға ниет білдірген хаты тапсырылды.

2018 жылы Қазақстан астанасында Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі Астана процесінде кепіл елдердің сыртқы істер министрлері кездесті. Иран, Ресей, Түркия СІМ басшыларының кездесуі жақын болашақтағы үшжақты өзара ықпалдастықты айқындап, Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі ынтымақтастықтың алғашқы жылында қол жеткізілген нәтижелерді талқылау мүмкіндігін берді.

2018 жылы Қазақстандық «Анаға апарар жол» фильмі Нью-Йорктегі кинофестивальдің «Өмір жетістіктері» аталымында «Үздік көркем фильм» наградасын жеңіп алды. Кинофестиваль «Киноматографтағы әйелдер» тақырыбындағы форум аясында өтті. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100-ге жуық киноматографистер қатысты.

2019 жылы Норвегияда өткен Әлем кубогында қазақстандық спортшы Сергей Ткаченко трамплиннен шаңғымен секіруден Қазақстанның жаңа рекордын орнатты. Елдің ең жоғары жетістігі енді 199,5 метрді құрап отыр.

Дереккөз: inform.kz 

Президенттің төрағалығымен Шұғыл әрекет ету штабының кеңесі өтті. Оған Үкіметтің және бірқатар мемлекеттік органның басшылары қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы әлемнің жаһандық экономика мен геосаяси ахуалды қайта өзгертудің күрделі кезеңін бастан кешіріп отырғанын атап өтті. Қазақстанның алдында мүлдем жаңа талаптар кезеңінде экономиканы орнықты даму режимінде сақтау міндеті тұр.

Премьер-Министр Асқар Мамин ел экономикасына кері әсер ететін сыртқы факторларды азайтуға байланысты Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуына қарсы күрес жөніндегі шешімнің ақталғанын және дер кезінде қабылданғанын, оның отандастарымыздың денсаулығын сақтауға бағытталғанын атап өтті. Президент кәсіпорындар мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерінің медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қосымша шаралар қабылдау қажет деп санайды.

Мемлекет басшысы балаларына қарау үшін үйінде отыруға мәжбүр ата-аналардың біріне ақылы еңбек демалысын беру қажеттігін жұмыс берушілерге түсіндіруді тапсырды. Үкімет фискалды механизмдер арқылы кәсіпорындарға қолдау көрсету шараларын қабылдауы керек.

Президент медициналық мекемелер мен азаматтарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін шұғыл шешуді, медициналық нысандардың дайындығын тексеруді талап етті.

Мемлекеттік қызметшілер мен басқа да лауазымды тұлғалардың шетелдерге іссапармен баруына тыйым салынады, тек азаматтарымыз бен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сапарларға ғана рұқсат беріледі.

Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және бюджет шығындарына қатысты болжамды қысқа мерзімде қайта қарауды тапсырды.

Мемлекет басшысының пікірінше, бюджет шығындарын халықты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағыттап, қайта қарау керек.

Президент Үкіметке, ең алдымен, отандық өнім өндірушілерге басымдық бере отырып, тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алудың тікелей және ашық жүйесіне көшуді тапсырды.

Үкімет отандық ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірісті қолдау және кеңейту, жұмыс орындарын сақтау бойынша дағдарысқа қарсы мақсатты жоспар әзірлейді.

Мемлекет басшысы отандық тауарларды және жұмыс күшін пайдалана отырып, инфрақұрылымдарды жөндеуді, әлеуметтік нысандар мен жергілікті жолдар салуды көздейтін Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға кемінде 300 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма берді.




 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, қазақстандық бизнеске несие беру көлемін азайтпау жөнінде шаралар қабылдауға тапсырма берілді.

Аймақ әкімдері азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасын бақылау жұмыстарын белсенді жүргізуі керек.

Сонымен қатар Президент мемлекеттік органдарды жекелеген тауарлардың сұранысына дүрбелең тудырмай, бос үрей мен алып-қашпа сөздің алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуге, оның ішінде, әлеуметтік желілерге айрықша көңіл бөлуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздің азық-түлік қоры Қазақстан халқының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады, тұтыну тауарларына қатысты ешқандай тапшылық болмайды.

Дереккөз: inform.kz

Мемлекет басшысының Өкімімен Қайрат Сүнтаев ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Қайрат Сүнтаев Павлодар облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек өтілі:

1979 жылы Павлодар облысында Комсомол жастар бригадасында тас қалаушы;

1983-1987 жылдары «Алматықұрылыс» тресі тұрғын үй-пайдалану учаскесінің дәнекерлеушісі, тас қалаушысы;

1986-1987 жылдары - «Алматықұрылыс» тресі тұрғын үй-пайдалану учаскесінің 1 санаты бойынша спорттан нұсқаушы;

1992-1993 жылдары – Павлодар облысы Краснокутск ауданы прокуратурасының тергеушісі;

1993-1994 жылдары - Павлодар облысы прокуратурасының тергеушісі;

1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі органдарының тергеу мен анықтауды қадағалау жөніндегі прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Тергеу департаментінің аға прокуроры;

1995-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жедел іздеу қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының аға прокуроры;

1997-1998 жылдары – Ақмола облысы Ерейментау ауданының прокуроры;

1998-2000 жылдары – Астана қаласы Алматы ауданының прокуроры;

2000-2002 жылдары – Астана қаласы прокурорының орынбасары;

2002-2004 жылдары - «KEGOC» компаниясы заң департаменті директорының орынбасары;

2004-2006 жылдары – Астана қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) басшысының орынбасары;

2006 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тергеу және анықтау департаменті басшысының міндетін атқарушы болды;

2006 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тергеу және анықтау департаменті басшысы қызметін атқарды; 2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тергеу комитеті төрағасының орынбасары;

2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тергеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы;

2008-2009 жылдары – Атырау облысы ІІД бастығы;

2009-2010 жылдары Қарағанды облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары;

2011-2014 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігі құқық қорғау жүйесі бөлімінің инспекторы;

2014-2016 жылдары – Ақтөбе облысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысы;

2016-2018 жылдары – Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы;

2018-2019 жылдары – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро басшысы;

2019 жылдың шілдесінен бүгінге дейін Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы қызметін атқарды.

«Қазақстан полициясына 15 жыл», «ІІМ-дегі үздік қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталған.

Дереккөз: inform.kz 

Мемлекет басшысының өкімімен Бағдат Мусин ҚР Президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Бағдат Мусин 1983 жылы 3 наурызда Павлодар облысында дүниеге келді. Сүлеймен Демирел атындағы университетті, Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген.

2011 және 2012 жылдар аралығында ҚР БАМ Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және ХҚО қызметін үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары болды.

2012 жылдан бастап ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және ХҚО қызметін үйлестіру комитеті төрағасының лауазымын атқарды.

2014 жылдың сәуірінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.

2017 жылы 25 қаңтарда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Оған дейін «Қазпочта» АҚ басқармасының төрағасы қызметін атқарды.

Жұма, 13 Наурыз 2020 11:06

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Алғаш рет 2008 жылдың 14 наурызында өтіп, содан бері жыл сайын көктемгі күн мен түннің теңесу күні алдындағы жұма күні өткізіледі. Бұл күннің атап өтуге Халықаралық медицина қауымдастығындағы халықаралық күн комитеті бастамашы болды. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйқы мен денсаулық мәселелері жөніндегі жобасы аясында атап өтіледі

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1981 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Кенен ауылында халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды. Мұражай залына ақынның шығармашылығын, өмір жолын сипаттайтын 961 экспонат қойылған. Ақын 13 жаста болған кезде жасалған домбыра, Жамбыл Жабаев сыйға тартқан күміс белдік мұражайдың құнды экспонаттары болып табылады.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Ливия Ұлы Социалистік Халық Араб Джамахириясы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды.

2001 жылы Алматыдағы Қазақ сәулет-құрылыс академиясының студенттер жатақханасында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш тақта орнатылды.

Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков (1966-1988) Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1986 жылдың күзінде жолдамамен Алматы сәулет-құрылыс институтына (АСҚИ) оқуға түседі. АСҚИ-дің бірінші жатақханасында тұрған Қайрат бірінші курс студенті болғанына қарамастан институттың қоғамдық өміріне белсене араласып кетеді. Сол кезде-ақ жас комсомолдар жасағының командирі, студенттік кәсіптік бюросының (профбюро) мүшесі болды. 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Брежнев алаңындағы бейбіт шеруге қатысты. Сол үшін Қайрат шеруге шыққан достарымен бірге тұтқындалып, «18 желтоқсанда Мир (қазіргі Достық даңғылы) және Қаныш Сәтбаев көшелерінің қиылысында сойқандық жасап, Савицкийді өлтірді, Ведельді ауыр жарақаттады» деген айып тағылды, достарымен бірге сотты болады. Тергеу жұмыстары алты айға созылып, соңында Қайратпен бірге болғандар 4-15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады. Ал Қайрат алғашында ату жазасына кесілді. Кейіннен шетелдік ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінің қарсылықтарынан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 28 сәуірдегі жарлығымен оған кешірім жасалып, сот үкімі 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

2003 жылы «Қазақстан Республикасының қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің кейбір мәселелері туралы» №244 ҚР Үкіметінің қаулысы жарыққа шықты. Қаулының негізінде «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрылды. Компанияға 19 машина жасау кәсіпорны мен салалық институттар кіреді. Олардың қатарында «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «С.М.Киров атындағы Петропавл зауыты» АҚ, «Мұнаймаш» АҚ, «Тыныс» АҚ, «Семей машина жасау зауыты» АҚ, «ҚР радиоэлектроника және байланыс жөніндегі ұлттық орталығы» АҚ, «Металлист» АҚ, «Бронды танк жөндеу зауыты» кәсіпорындары бар.

2014 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды.

2015 жылы қазақ-түрік лицейінің тәрбиеленушісі Жанар Әбдірахман Оңтүстік Кореяда өткен «Жас ғалым» халықаралық ғылыми байқауында алтын медальға ие болды.

Халықаралық байқауда жүлде үшін Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның 10-11 сыныптарындағы 200-ден астам оқушысы таласқан еді.

2017 жылы Құддыс Қожамжаров атындағы мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрына, Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрына, Республикалық неміс драма театрына «академиялық» мәртебесі берілді.

2018 жылы Өзбекстан Президенті қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау туралы жарлыққа қол қойды.

2019 жылы Румыния астанасындағы «Галатека» галереясында қазақстандық суретші, қоғамдық қайраткер мен галереяшы Лейла Махаттың «Мен мұндамын» атты жеке көрмесі ашылды.

Көп жылдар бойы оның шығармашылығы түрлі елдердің үздік залдарына қойылып, картиналары Қазақстан, Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Қытай, Молдова, Ресей, Румыния, АҚШ, Түркия, Чехия және Жапония елдерінде коллекцияда тұр.

Дереккөз: inform.kz

Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 09:02

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік киберцензураға қарсылық күні

Алғаш рет 2008 жылы атап өтілген. «Шекарасыз тілшілер» және «Халықаралық рақымшылық» үкіметтік емес ұйымдарының бастамасымен бекітілген.

Күн-Жер күні

Күн-Жер күні деген мереке бар екенін дүйім жұрт біле бермейді. Ол 2000 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл мерекені АҚШ-тың Ұлттық әуеде ұшу және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) мен Еуропа ғарыш агенттігі (ESA) бекітті. Ол адамдарға ғарышта болып жатқан оқиғалар жайлы көбірек ақпарат беру мақсатында күнтізбеге енгізілген.

Дүниежүзілік бүйрек күні

Жыл сайын наурыз айының екінші бейсенбісінде аталып өтеді. Халықаралық нефрологтар қоғамы мен Халықаралық бүйрек қорлары федерациясының күш салуымен осы күн мереке ретінде бекітілді.

Осы күнді атап өтудегі мақсат – бүйректің адам денсаулығындағы маңызына, бүйрек ауруларын емдеуге әлем жұртшылығының назарын аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет Алматы-Шарджа (БАӘ) бағытында авиарейс ұшырылды. Бортта 90 адам болды, Төрт жарым сағаттан кейін ұшақ Шарджаға келіп қонды.

1999 жылы Каирде (Египет) Қазақстан елшілігі орналасқан көшеге Абай есімі берілді.

2002 жыл Қазақстан журналистерінің І конгресі өтті. Ұйымдастырушылар - Қазақстан Журналистер одағы мен Телерадиотарату қауымдастығы.

2010 жылы Будапештте өткен министрлер форумы мәжілісі барысында Қазақстан Болон процесіне қосылды. Қазақстанның қосылуы туралы шешімді Болон декларациясына қол қойған 46 елдің өкілдері бірауыздан қолдады. Болон үдерісіне қосылу қазақстандық жоғары оқу орындарына отандық білім беру бағдарламаларын еуропалық стандарттарға сәйкестендіру, қазақстандық біліктіліктер мен академиялық сатыларды тану, студенттер мен оқытушылардың академиялық икемділігін қамтамасыз ету, қазақстандық дипломдардың Еуропада танылуы және түлектердің шетелде жұмысқа тұру мүмкіндіктерін кеңейту сияқты бірқатар басымдықтар береді.

2010 жылы Дрезден қаласында Қазақстан Республикасының құрметті консулдығының ашылу рәсімі өтті. Консулдықтың қызметі Германияның Саксония және Саксония-Анхальт федеральдық жерлеріне таралатын болады.

2013 жылы Түркияның Анкара қаласында Мұқан Төлебаев жылының салтанатты ашылуы өтті. 2013 жылды Мұқан Төлебаев жылы деп жариялау туралы шешім Уфада өткен ТҮРКІСОЙ мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінде қабылданды.

2014 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасының және Сейшел аралдарының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Мари-Луиза Поттер екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғаны туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды.

Қол қою рәсімі кезінде екіжақты деңгейде ынтымақтастықтың болашағы туралы және Қазақстан мен Сейшел үшін қызығушылық тудыратын БҰҰ күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.

2016 жылы Қазақстанда алғаш рет еліміздегі бірегей және жалғыз ISAC жабдығының көмегімен аллергодиагностиканың инновациялық және нақты әдістерінің бірін енгізу мүмкін болды. Мұндай аппарат Алматы қаласындағы «№33 Қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ МҚК «Аллергология орталығы» ЖШС-да орнатылған.

2017 жылы Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) белбеуінде Геннадий Головкин мен Қазақстан туы бейнеленді. Белбеуде бокс тарихына есімдерін алтын әріппен жазып қалдырған ұлы чемпиондар: Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Леннокс Льюис, Рэй Леонард, Роберто Дюран, Хулио Сезар Чавес, Ларри Холмс, Виталий Кличко, Марвин Хаглер, Томми Хернс, Оскар де Ла Хойя мен Флойд Мэйвезер бар.

2017 жылы қазақстандық дзюдошы Ислам Бозбаев Бакудегі Үлкен дулыға турнирінде алтын еншіледі. Ол 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын.

2019 жылы қазақстандық ЖОО тарихында алғаш рет IT халықаралық университеті ASIIN халықаралық аккредитациясын алды.

Дереккөз: inform.kz

Сәрсенбі, 11 Наурыз 2020 10:02

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік мұсылман мәдениеті, бейбітшілік, диалог және кино күні

Жыл сайын атап өтіледі. 2010 жылы Калифорнияның жазушысы және продюсері Джаведо Мохаммед бастамашылығымен бекітілген.

Мұсылман мәдениеті күнінің міндеті - ислам халықтары мәдениеті, олардың бірегейлігі мен көп мағыналылығы туралы ақпаратты тарату, сондай-ақ басқа дін өкілдерімен диалог және өзара түсіністік үшін мадениет арасында көпір құруға арналған өнердің түрлі нысандарын пайдалану.

Терроризм құрбандарын жалпыеуропалық еске алу күні

Еуропарламент 11 наурыз күнін 2004 жылы 11 наурызда жасалған Мадридтегі лаңкестік салдарынан қазақ тапқан 200 адамды, 2005 жылы Лондонда бомба жарылып, соның құрбанына айналған 50-ден астам адамды еске алу күні етіп таңдады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1937 жылы КСРО Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест қоғамдық одағының құрамындағы республикалық ұйым ретінде Қазақ КСР Қызыл Крест қоғамы құрылды. 2002 жылдың наурызында Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты ай қоғамы болып атауы өзгертілді.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасында ғылымды мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес, Ұлттық ғылым академиясы, Қазақ ауылшаруашылығы ғылымдарының академиясы және Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі - Ғылым министрлігі - Қазақстанның Ғылым академиясы орталық атқарушы органның құрамында біріктірілді. 2003 жылдың қазанынан бастап академия президенті Мұрат Жұрынұлы Жұрынов.

2007 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Катар мемлекетінің «Тәуелсіздік» ордені табыс етілді. Бұл шетелдік мемлекеттер басшыларына берілетін ең жоғары награда.

2011 жылы Орталықазиялық-қазақстандық ұсақ шоқылардың бірегей экологиялық жүйесін сақтау мақсатында «Бұйратау» Мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы құрылды.

Саябақ Ақмола облысының Ерейментау ауданының аумағында 60 814 гектар және Қарағанды облысының Осакаров ауданында 28 154 гектар жерді алып жатыр.

2014 жылы ғарыш орбитасынан оралған ұшқыштар Олег Котов, Сергей Рязанский және америкалық Майкл Хопкинс Қарағанды қаласының 80 жылдығына орай қала елтаңбасына қол қойды. Бұл елтаңба облыстық өлкетану музейінде сақталады.

2014 жылы Берлинде қазақстандық стенд әлемдегі ең ірі халықаралық туристік көрмеде (Internationale Tourismus-Börse Berlin 2014) үздік үштікке енді. Қазақстан Республикасы «Азия, Тынық мұхит аймағы және Австралия» санатында ITB-те үшінші орынды жеңіп алды. Бірінші орынды Оңтүстік

Корея қанжығасына байлады, екінші орында – Малайзия.

2016 жылы Түркияда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Түркияда Қазақстан елшілігін ұйымдастырған кезінде Халықаралық түрік мәдениеті ұйымы мен Анкара қаласы Етимесгут ауданының әкімшілігі 200 и приезд Лоссерталесмажыл мерейтой құрметіне «Тәттімбет атындағы саябақты» ашты.

2018 жылы Хельсинки қаласында бокстан GeeBee 37-халықаралық турнирінде қазақстандық спортшылар бес алтын және бір күміс медальға ие болды. Қайрат Ералиев, Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев, Бек Нұрмағанбет – «алтын», Олжас Байниязов – «күміс» иеленді. Осылайша, қазақстандықтар турнирде жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді.

2018 жылы жас әнші Данэлия Төлешова «болашаққа көзқарас» номинациясы бойынша бірінші халықаралық «BraVo» кәсіби музыка сыйлығының иегері атанды. Данэлия сыйлығын француз әншісі Zaz қолынан алды. Екеуі бірлесіп «Je veux» хитін орындады.

2019 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Smart City» мамандарды даярлаудың қосдипломды инновациялық бағдарламасын ашты. Жетекші қазақстандық университет «Smart City» жоғары оқу орындарының халықаралық консорциумының мүшесі бола отырып, Еуропалық одақтың жоғары оқу орындарымен бірлесе «ERASMUS+» жобасы бойынша «Ақылды қалаға арналған ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша магистрлік бағдарламаны әзірлеуге кірісті.

Дереккөз: inform.kz 

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет