Жексенбі, 06 Тамыз 2017 15:44

Жайдары жаз

«Т.Әубәкіров атындағы орта мектеп-мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мектеп жанындағы «Ғарышкер» жазғы демалыс лагері балаларға жазды есте қалдыратындай іс-шаралар ұйымдастырды.

Лагерьге ең алдымен жетім, жартылай жетім, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың балалары қамтылды. Лагердің IV-ші кезеңінде топ жетекшілері Д.Нүсіпова, А.Ибрагимова, С.Ибраимқұлова, спорт жетекшісі Е.Молбосынов бекітілді. Сонымен қатар мектеп жанынан қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша тілдік лагерь ұйымдастырылды. Балалар демалысына барлық жағдай қарастырылып, мектеп асханасынан бір мезгілдік ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Әртүрлі ұлттық ойындар, суреттерден түрлі көрмелер ұйымдастырылып, сайыстар өткізілді. Жүзден жүйрік шыққандар жүлделермен марапатталды.

Айнаш Абдулла,

орыс тілі пәнінің мұғалімі.

 

Жексенбі, 06 Тамыз 2017 12:03

ҚЫЛМЫС ХРОНИКАСЫ

Тәртіпсіздік жазасыз қалмайды

 

Бүгінде елімізде «Тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік» акциясы қолға алынып, ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын палуға септігін тигізуде.

Оған дәлел, 1979 жылы туылған аудан тұрғыны араққа сылқия тойып, өз үйінде жанжал шығарған. Өзінің туған ағасын жаман сөздермен балағаттаған оны ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73 бабы бойынша тәртіп сақшылары 3 тәулікке қамаған. Сонымен қатар, Түрген ауылы Мира көшесінің бойында қоғамдық орынды ластағаны үшін 52 жастағы азамат аталған кодекстің 434 бабы бойынша 1 тәулікке қамауға алынған.

 

Жаяу жүргіншіні

қағып кеткен

 

Алматы – Көкпек – Көк-тал тас жолының бойында «Митсубиси Паджеро» көлігі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Аталған жолдың 32 шақырымында жол талғамайтын көлікті тізгініне ие бола алмай қалған 1986 жылғы жүргізуші 22 жастағы жігітті қаққан. Соққыдан жарақат алған жігітті жедел жәрдем қызметкерлері дереу Есік қаласындағы емханаға жеткізген. Қазіргі уақытта жол-патрульдік полициясы оқиғаның мән-жайын анықтауда.

 

Ұрылар құрықталды

 

«Ұрлық түбі – қорлық». Бұл нақыл бекер айтылмаса керек. Бүгінде өзгенің ала жібін аттап, жаттың мүлкіне қол сұққандар жазасыз қалмайды.

Жақында Саймасай ауылындағы «Айдана» дүкенінен азық-түлік ұрлаған сол ауылдың 66 жастағы тұрғыны қолға түсті. Дүкен иесіне 2 мың теңгеге жуық залал келтірген азаматтың үстінен іс қозғалған. Осыған ұқсас оқиға Есік қаласында тіркелген. Аудан орталығындағы техникалық колледж ауласынан белгісіз біреу құрылыс темірлерін ұрлап кеткен. Дереу іске кіріскен тәртіп сақшылары 1975 жылғы Есік қаласының тұрғынын құрықтаған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 15 мың теңгеге жуық.

 

Нәрестені жарақаттаған

 

Өз баласын соққыға жыққан деген күдікпен Ават ауылының 42 жастағы тұрғыны уақытша қамауға алынды.

21 шілде күні Есік қаласын-дағы орталық ауруханаға дене жарақат-тарымен және миы шайқалған 2017 жылы туылған бала жеткізіледі. Кейіннен анықталғандай, нәрестені өзінің анасы соққыға жыққан. Қазір «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалып, оқиғаның жай-жапсары анықталуда.

Бұзақылар іздестірілуде

 

Аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері Бәйдібек би ауылында ер адамды соққыға жыққан бұзақылар-ды іздестіруде.

19 шілдеде Бәйдібек би ауылындағы Байболов көшесінде орналасқан балабақшаның маңына белгісіз адамдар сол ауылдың 42 жастағы тұрғынын соққыға жыққан. Оқиға түнгі 23:00 шамасында болған. Қабырғалары сынып, өкпесі жарылған жәбірленуші дереу емханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, бұзақылар іздестірілуде.

Материалдарды аудандық

ІІБ-ның берген мәліметі негізінде баспаға әзірленді.

 

 

Бейсенбі, 08 Қазан 2015 14:41

Ұрпаққа үлгі ғұмыр

Жақсымен өткен әр күнің

Жасыңа қосқан жыл болар.

Еліңе қосқан үлесің

Ұрпаққа кейін жыр болар, – деген ұлағатты сөздер айшықталып ілінген екен Мәдениет үйінің спорт залында.

Қ.Орынбетов атындағы мектепте өткен жиынында аудан басшысы Бинәлі Ысқақ осы тұрғыда ауданымызды абыроймен басқарып, айшықты із қалдырған Құдайберген Әбиірұлын еске ала тұрып, оқу  орнының фойесіне қойылған Қ.Орынбетовтың бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімін жасады.

Бейсенбі, 17 Қыркүйек 2015 11:35

Тәжік баласындай болмағанымыз ба?

Осыдан бірер күн бұрын Есіктегі орталық базарға бас сұқтым. Күнделікті әдетіммен көлік тұрағына беттеп, түскенім сол еді тәжіктің кішкентай баласы қайыр сұрады. Шамасы 8 бен 10 жас аралығында. Бізге беймәлім тілмен бірдеңені шүлдірлетіп жатыр. Ортасында Алла деген сөзін ғана ұқтым. Содан мен де: «Маған қазақ тілінде сөйле. Сосын сұрағаныңды берейін» дедім. Ал ол болса, ләм-мим жоқ, тек басын шұлғи берді. Содан сұраққа тарттым.

– Ұлтың қандай?

– Тәжік – деді зор дауыспен.

– Қазақ тілін білесің бе?

– Иә, – деді.

– Енді неге маған қазақ тілінде сөйлемейсің? дегенім сол еді үнсіз бетіме қарап тұрып алды.

Жұма, 18 Қыркүйек 2020 12:16

Түйткілді тарқату тетігі

Әлемдегі озық мемлекеттер дамуының негізгі себебі – халық пен билік арасында орнатылған алтын көпір. Бұл елдерде мемлекеттің және белгілі бір аймақтың ішкі мәселесі жергілікті тұрғындармен ақылдаса отырып шешіледі. Яғни жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі өз жемісін беруде.

Демократияның алғышарты саналатын жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі уақыт өткен сайын жұртшылықтың белсенділігін арттырып, өз өлкесінің түйінді мәселелеріне бейжай қарамайтындығын көрсетуде.

Өзін-өзі басқару жүйесі аясында құрылған Есік қаласының жергілікті қауымдастық мүшелері осы күнге дейін аудан орталығындағы жұмыстарды бірлесе атқарып, қала әкімінің аппаратымен етене жұмыс жасауда.

Осы жылдың көктемінде өткен қауымдастық отырысына қала әкімінің міндетін атқарушы Д.Сейдахметов, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Искаков, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Д.Мәлібеков, «Есік су» ММК директоры М.Бердалиев, мемлекеттік көлік инспекторы Б.Бекенов қатысып, жергілікті қауымдастық мүшелерімен бірқатар мәселелер көтерілді.

Жиын төрағасы Р.Бурнашев соңғы кездері әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында жаңадан төселген асфальттарды қазу кезіндегі жұмыстарға байланысты халық арасында наразылық туындап жатқандығын жеткізді. Тұрғын үйге су немесе кәріз құбырын жүргізу үшін тұрғындар осындай қадамдарға барады. Ал арыз-шағымдардың барлығы әкімдікке түседі. Осы орайда, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімін міндетті түрде асфальтты қалпына келтіру үшін мердігер мекемемен келісім-шарт болуы қажет деген талап койылды. Мүмкіндігінше асфальтты қазбау, яғни жолдың астын тесіп өтуді тәжірибиеге мейлінше енгізу керектігін айтты бөлім басшысы. Сонымен қатар «Есік су» өздерінің жұмыстары барысында туындаған қиындықтарды жергілікті қауымдастық арқылы аудандық мәслихатқа ұсынатын болды.

Негізінен, жолдың келесі бетіне құбыр жүргізу барысында өз бетімен асфальтты бүлдіріп, қазуға болмайды. Алдымен жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен рұқсат алу керек.

Қазіргі таңдағы қаладағы негізгі мәселелердің бірі – кәріз жүйесі қақпақтарының болмауы. Бұл жөнінде «Есік су» мекемесінің басшысы М.Бердалиев туындап жатқан қиындықтар жайында сөз қозғады. Айтуынша, стандартқа сай келетін кәріз қақпақтарының бағасы қымбат, оған қоса, темір қақпақтарды ұрлау өршіп тұр. Тіпті 1 түнде 40 қақпақ қолды болған. Ал мемлекеттік көлік инспекторы Б.Бекенов облыс аумағында 150 бейнебақылау камералары орнатылып, аталған ұрлық оқиғаларының азаятындығын жеткізді.

Жалпы, жиын барысында Есік қаласында күнделікті тіршілікте болып жүрген проблемалар көтерілді. Оны жергілікті қауымдастық пен құзырлы мекемелер талқылап, оң шешімін тапты.

Мұндай маңызды жиындар жиі өткізіліп, аудан орталығының дамуына тұрғындар ұсынған азаматтарды араластыру оң нәтиже беріп келеді. Тамыз айында өткен отырыста елді мекеннің санитарлық тазалығы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар мен туындаған мәселелер талқыланды.

Қаланың тазалығымен айналысатын «Бахыт и К» ЖШС директоры Б.Жусупов күл-қоқыс шығару жұмыстарына тоқталып өтті:

– Қазіргі уақытта бізде 14 адам жұмыс істейді. Есік қаласы бойынша уақытылы қоқыс шығарылады. 414 үй және 12 дүкен-мен  келісім шарт бар. Әрбір үйге ай сайын қызмет көрсету  – 800 теңге.

Қоқыс шығарудағы жалғыз мәселе – қоқыс полигонының толуына байланысты қоқыс төгетін жердің жоқтығы. Қазір бұл проблеманың шешімін қарастыру мақсатында жұмыстар атқарылуда.

Жер, су, көше атауларына тарихи тұлғалардың есімін қою және идеологиялық тұрғыда ескірген көше атауларын ауыстыру мәселесі бүгінгі күні өзекті болып отыр. Осы тақырып бойынша қала әкімінің орынбасары Д.Сейдахметов есеп берді. Бүгінгі таңда Есік қаласының 75 көшесінің атауы «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізіміне сәйкес өзгертіліп, тұрғындар арасында келісім парағы толтырылуда. Есік қаласының тұрғындарына көше атауы өзгерсе де, үйдің құжаттары ауыспайтындығы түсіндірілуде.

Жиын барысында учаскелік полиция инспекторы А.Уразымбетовтың жарты жыл бойы атқарған жұмыстары бойынша қауымдастық алдындағы есебі тыңдалды. Тәртіп сақшысының сөзінше, 6 ай ішінде қала жұртшылығынан 93 арыз-шағым түскен.

Жалпы алғанда, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі қаламызда оң нәтижесін беруде. Жоғарыда аталған жиналыстар барысында қауымдастық өкілдері арқылы түскен тұрғындардың талап-тілектері қаралып, атқарылар жұмыстардың жоспары жасалады. Қысқасы, қалалықтар ортақ мәселені шешуге тікелей атсалысады. Түйткілді тарқату тетігіне айналған бұл жүйе – жарқын болашаққа қадам басқан демократиялық Қазақстанның айқын көрінісі.

 

А.БОШКУЛОВ,

Есік қаласының әкімінің м.а

Жұма, 18 Қыркүйек 2020 12:09

Жұмыс жоқ па? Маман тапшы ма?

Қазақстанда жұмыссыздардың саны «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлықтай» күрт көбеюде. Жыл басынан бері жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендердің көрсеткіші 8 есеге артқан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осындай мәлімдеме жасаған еді. Бір қызығы, осы проблемамен үнемі  қатар келетін «кадр тапшылығы» дейтін шиеленіс тағы бар. Бұл парадокстың мәнісін іздеп көрейік. Сонымен, қандай салаларда маман жетіспейді? Баспасөз беттерінен сарапшылардың мынадай болжамдарын  байқадық: «Мектеп бітірушілер мамандық таңдауда нарықтың сұранысын ескере бермейді. Кейіннен жұмыс таппаған соң, басқа кәсіппен шұғылдануға мәжбүр», – деген екен. Еске салайық, бұған дейін ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев та осыған ұқсас ой айтқан. «Қазақстанда жұмыссыздық емес, кәсіптің тапшылығы бар. Сол себептен бірінші жұмысшы мамандықтарына тегін оқытатын бағдарлама әзірленген болатын. Біз жастар үшін барлық жағдай мен мүмкіндік жасадық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Демек, жұмыс бар. Оны игеретін маман жоқ. Ал жастар онсыз да толы қазанды тасытып отыр. Әрине, бәсеке ұғымының барын да ескерер болсақ, бір жағы сан артқан сайын сапа күшейе ме деген үміт те жоқ емес. Алайда, осы тұста кенжелеп, жетімсіреп тұрған кәсіптерді қайтпекпіз?

Ауыл шаруашылығы – Қазақстанның экономикасындағы негізгі сала. Мемлекеттің кең ауқымды, шөбі шүйгін жері де, қолайлы ауа райы да оған толық жағдай жасап беріп отыр. Бірақ осы тұста жоғарыда атап өткен мәселеге қайта тірелеміз. Агроөнеркәсіптік кешендегі кадр тапшылығы туралы бізде жер-жерде айтылып жүр. Егер білімді, кәсіби даярлығы мықты жастар өз болашағын ауылмен байланыстырса, ауылдағы өмірдің деңгейі мен сапасы айтарлықтай жақсарған болар еді.          

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов: «Елде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін субсидияға 2 триллион теңге бөлінгенін, бірақ саладағы көрсеткіштер өспегенін атап өтті. Еліміз импортқа тәуелді. Өңдеу ісі кенжелеп тұр. Тек малды тірідей экспорттаймыз. Бұл жағдай еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді», − деген болатын. Ал шын мәнінде қалай?

Халықаралық statista.com деректер жүйесіне сүйенсек, Қазақстандағы жұмысшылар аз шоғырланған сектор – ауылшаруашылығы екен. Өнеркәсіп саласындағы жұмысшылар пропорциясы да салыстырмалы түрде аз. Бұл алдағы 5-10 жылдықта ауылшаруашылығы саласындағы мамандарға деген сұраныс артатынын көрсетеді. Себебі елімізде дәл осы сектор кенже дамып келеді.

Сонымен, агроөнеркәсіптің болашағы қандай? Болжам жасап көру үшін «алдағы уақытта осы салада қызмет атқарамын» деп білек сыбанып отырған студенттерді оқытатын білім ордаларына шолу жасап көрдік. Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер кәсіптік колледжінің директоры Марат Ысқақовтың пікірін білген едік. «Қазіргі таңда тракторшы-машинисі, электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электрмонтер, дәнекерлеуші мамандықтары оқытылуда. Жоспарда агро сала бойынша мамандықтарды дайындау бар. Кәсіптік колледжін бітірген түлектер «Альтаир», «Gold product» сияқты жеке кәсіпкерліктерден тәжірибеден өтіп, жұмысқа тұра алады. Бүгінгі күні «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы 3 жылға келісім-шарт жасаған болатынбыз. Олар автомеханик, тігін мамандықтарына грант бөліп отыр». Бір қызығы, ауданымыздағы Шелек политехникалық колледжі де осы мамандықтар бойынша шәкірттерді даярлап жүр екен. Бір ғана ауданда бірнеше колледж құп көріп отырған осы мамандықтардың, бәлкім,  маңызы жоғары шығар деп едік.Аудандағы ірі қожалықтардың бірегейі «Әлімжанов» шаруа қожалығының басшысы Тілек Әлімжанов бұл ойымызды теріске шығарды. «Бұл мамандықтардың қажеттігі мүмкін болашақта туындайтын шығар. Әзірге жеке өз кәсібіме мал шаруашылығы бойынша кадр қажет», − дейді  ол. Агро саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкер, мұндағы кемшіліктің себебін былай деп те жорамалдайды: «Жастар ауылға келгісі келмейді. Бұл – мамандыққа сұраныстың жоқтығының бір себебі. Осы салаға шынайы қалап келетіндер тіптен аз. Тек, әйтеуір, диплом алудың амалын жасайды», – деді Т.Әлімжанов. Нақтылау мақсатында кәсіпкерге: «Қазір – технологияның дамыған заманы. Осындай кезеңде ауыл шаруашылығына кадр жетіспеушілігі орын алуы мүмкін бе?» деген сұрақ та қойдық. «Техника дамығанымен, шаруа қожалығының барлығы осы жабдықтармен толық қамтылған деп айта алмаймыз. Сондықтан бізге әлі де адам күші, кадр керек. Білікті мамандарға мұқтажбыз», − деп ойын жеткізді.

Ауызды құрғақ шөппен сүрте берсек те болмас. Көңілге демеу болатын жаңалықтар да бар. Жуық арада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында «Жетісу Вольфрам» ЖШС жұмысын іске асырмақшы. Егер де құрылысқа рұқсат беру құжаттары (рәсімдеу сатысында тұр) шешілетін болса, онда құрылыс жұмыстары биыл басталмақ. Жобаның жалпы құны – 270,0 млн.доллар. Аталған жобаның инвесторы – Jiaxin International Resources Investment Limited (ҚХР). Жобаның қуаттылығы – жылына 10356,9 тонна кен. Бірінші жылы карьерде тау-кен жұмыстарының алдыңғы шебін ашуға және алуға дайындалған қорлармен қамтамасыз ету үшін тау-кен жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты бірінші жылы жылына 2238 мың тонна көлемінде кен өндіру жобалануда. Қазақстандағы вольфрам триоксидінің жиынтық қоры 2 млн. тоннаға бағаланады. Бүгінгі таңда республикада 12 кен орны барланған. Бұғыты – біздің ауданда орналасқан ең ірі кен орындарының бірі. Олар ТМД, Еуропа және ҚХР елдеріне өнім экспорттауды жоспарлап отыр. Міне, осы «Жетісу Вольфрам» ЖШС өзінің қызметіне кірісетін болса, онда «Қаракемер», «Шелек» кәсіптік колледждер мамандары өз нәпақаларын тауып жейтін күннің де ауылы алыс емес. Демек, екі қолға бір күрек іздеп сабылып жүрген жастарға мұнда мүмкіндіктердің есігі айқара ашылатын түрі бар. Тек «туып-өскен елдің өнеркәсібін дамытамын, осы кәсіпті игеремін» деген ниет болса жеткілікті.

 

Ілия СҰЛТАН

Бейсенбі, 17 Қыркүйек 2020 16:47

Тұмауға қарсы екпе басталды

 

15 қыркүйектен бастап Есік қаласындағы ауданаралық көпсалалы ауруханада тұмауға қарсы екпе егу басталды.

Бірінші күннен-ақ екпе салдыру үшін кезек күткендердің қарасы қалың. Алғашқылардың бірі болып аудан әкімінің бірінші орынбасары Айбек Бидаев,

 әкім аппаратының басшысы Бекен Керімбеков бастаған мемлекеттік қызметшілер де тұмаудың алдын алуға арналған вакцина салғызды. «Қазіргі уақытта ауруханаға 16 мың доза вакцина жекізілді. Негізінен, мектеп жасындағы балалар, жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұрған азаматтар мен әлеуметтік қызметкерлер тегін қамтылуда. Вакцина салдыруға келген адамды дәрігер алдымен тексеріп, қызуын өлшейді. Егу жұмыстары 15 қазанға дейін жалғасады», – дейді аурухана директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Гүлмира Отынбекова.

 

С.НҰРАДИН

Бейсенбі, 17 Қыркүйек 2020 16:35

Кезекші сыныптар: талапқа сай сайланды

Елімізде орын алған төтенше жағдайларға байланысты биылғы оқу жылы онлайн форматта басталды. Дегенмен, ауыл мектептерінде 1-4 сыныптардың дәстүрлі түрде оқуына рұқсат берілген-ді. Әрі бастауыш сынып оқушыларының ата-аналардан көп өтініш түскендіктен I тоқсаннан бастап О.Жандосов атындағы мектепте кезекші сыныптар белгіленген тәртіппен ұйымдастырылды.

Оқу орнында санитарлық талаптар түгел қатаң сақталған. Мектептің кіреберісінде дезинфекциялық кілемше төселген. Әр оқушының қолын антисептик құралдармен тазалауы, бетперде тағуы біздің қадағалауымызда. Сабақ кестелері жасалып, әр сыныптың сабақ арасындағы үзіліс уақыты да бөлек-бөлек белгіленген. Кезекші сыныптарда оқушылардың дене қызулары тұрақты өлшеніп, балалардың денсаулығы қатаң бақылауға алынған. Ата-аналарға мектеп ғимаратына кіруге тиым салынған.

Бүгінде 427 оқушы дәстүрлі форматта білім алып жатыр. Әр сынып бөлмелерінде 10-15 баладан артық отырмауы қадағаланып, 20-22  оқушысы бар сыныптар 2 топқа бөлініп оқытылуда. Атап айтсақ, мектепке дейінгі даярлық сыныптардан – 5, 1 сыныптардан – 8, 2 сыныптардан – 6, 3 сыныптардан 6, 4 сыныптардан – 8 сынып.

Әрине, дәстүрлі форматта білім алуға ештеңе де жетпейді. Мектеп – тек білім ғана емес, сондай-ақ тәрбие ордасы екенін ескерсек, оқушы мен мұғалімнің бірін-бірі көзбе-көз көріп, бірлесе жұмыс атқаруы өте маңызды.

 

Н.А.Джилгельдиева, 

О.Жандосов атындағы орта мектеп

директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

                              

 

 

В рамках проекта «Жетісу адалдық алаңы» состоялась пресс-конференция с директором центральной больницы Алакольского района с Асхатом Бутабаевым, сообщает «Jetisy Media».

По его словам, на сегодняшний день, 119 врачей и 573 медработников среднего звена из 41 лечебно-профилактического учреждения обслуживают 67 768 человек по району.

«Приняты меры по повышению уровня и качества медицинских услуг, оказываемых населению. 19 врачей и 66 медработника среднего звена повысили квалификацию, в медицинские учреждения района приехали 34 молодых специалистов, из них 10 врачей и 24 медработника среднего звена», – сообщил Асхат Бутабаев.

Также, с целью повышения качества оказания медицинских услуг  было выделено  129,6 млн. тенге на закупку медицинского оборудования для районной больницы в районе.

Вместе с тем, в период пандемии открылись провизорные и инфекционные отделения, 225 провизорных и 30 инфекционных отделений, в которых работали 17 врачей, 54 медработников среднего звена и 40 медработников низшего звена.

Ежедневно ведется наблюдение за людьми старше 65 лет, также за инвалидами, одинокими пожилыми людьми, беременными женщинами, которые состоят на учете.  Людей с повышенной температурой обслуживают за пределами пункта регистрации через фильтры. С августа проводится плановая работа в больницах и поликлиниках района.

Бейсенбі, 17 Қыркүйек 2020 11:45

Қаланың сәулеті арта түспек

Әлемді әуреге салған коронавирус індеті экономикаға да өзінің кері ықпалын тигізіп, жұмыссыздық мәселесін тудырды. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өңірлерді дамыта отырып, азаматтарды жұмысқа орналастыруды тапсырды. Бүгінде аталған бағдарлама ауданымыздың гүлденуіне жол ашып, көптеген бағытта жұмыстар жүргізілуде.

Президент «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының дағдарыс кезінде өзін жақсы көрсеткенін айтып, оны қаржыландыруды кемінде 300 млрд. теңге деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінгі таңда осы бағытта  ауданда 106 нысан бағдарламаға қосылып, жол жөндеу, әлеуметтік маңызды объектілердің құрылысы, ағымдағы және күрделі жөндеу, су құбырларын, электр желілерін жаңғырту мен жарықтандыру сияқты бағыттарға 11,5 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, 2000-нан астам жұмыс орны ашылып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арнайы бағдарламасы аясында жұмыспен қамту орталығы арқылы 1000-нан астам азаматты жұмысқа жіберу жоспарланған.

Қазіргі уақытта Есік қаласының өзінде бағдарлама шеңберінде екі ірі жоба жүзеге асуда. Бірі 1500 балаға арналған жаңа мектеп құрылысы болса, екіншісі, Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары. Осы аптада мәдениет қайта жаңғырып жатқан ордасына арнайы ат басын бұрып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан едік.

Нысанды жөндеуге бюджеттен 549 млн 680 мың теңге бөлінген. Мердігер «ПСК Градцентр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көктемде құрылысты бастап кеткен болатын.

– Нысандағы нагізгі жұмыстардың барлығы дерлік аяқталды. Бүгінде ғимараттың сыртына кафель плиткаларын жабыстырып жатырмыз. Бірер күнде шатырды да аяқтаймыз. Кәріз және су жүйелері дайын. Сырттағы жұмыстарды бітірсек, жақын арада жұмысшылардың негізгі бөлгі ішкі жұмыстарына көшеді. Сонымен қатар мәдениет үйінің маңындағы саябақты да жөндеп жатырмыз – дейді құрылыс нысанының прорабы Нұрлан Асанбаев. Айтуынша, жобалық-сметалық құжатта саябақты да көгалдандыру, абаттандыру мен спорт, балалар алаңдарын орналастыру қарастырылған. Және де жаңғырған мәдениет үйінің сәнін алаңдағы субұрқақ кіргізетін болады. Бұл да жобаға енгізілген.

Нұрлан Жақсылықұлының сөзіне сүйенсек, құрылыста тек сапалы материалдар пайдалануда. Сондай-ақ Кеңес үкіметі кезінде салынған ғимараттың қауіпсіздігін күшейту үшін қосымша арматуралар өріліп, бетон құйылған. Бұл жұмысшыларға аздап қолбайлау болса да, мердігер мекеме нысанды уақытында өткізуді жоспарлап отыр. Яғни, желтоқсан айында аудан тұрғындарына есігін айқара ашпақ.

Мұндағы жалғыз мәселе – жоғарыда аталған бағдарламаның жүзеге асуы қиындық тудырып тұр құрылыс алаңында. Нұрлан Асанбаевтың сөзінше, жұмыспен қамту орталығы арқылы азаматтар келген. Бірақ бірнеше күннен кейін құрылысқа бас сұқпаған.

– Орталық бізге азаматтарды жібереді, осында бірер күн жұмыс істегеннен кейін, келмей қояды. Еңбегінің ақысын күнделікті алып үйренсе керек, айлыққа дейін шыдамайды. Қазір бағдарлама арқылы екі-үш адам ғана жұмыс істеп жатыр, – дейді прораб.

Барлап қарасақ, ғимараттағы негізгі жұмыстар аяқталуға жақын. Ішкі жұмыстар, саябақты абаттандырудан кейін мәдениет ошағы адам танымастай өзгермек. Ол үшін күнделікті 70 құрылысшы тер төгуде. Аудан тұрғындары үшін жасалып жатқан игіліктің нәтижесін желтоқсан айында көреміз.

Нысанды аралай жүріп, осында мәдениет үйінің директоры Бауыржан Шаяхметовты де жолықтырдық. Айтуынша, құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуын бақылап жүр.

– Адамдар аурухана барып тәнін емдесе, мәдениет үйінде рухани азықтанып, жанын емдейді. Аудан әкімінің бастамасымен сол үшін тұрғындарға барлық жағдай жасалуда. Өзіңіз көріп тұрғандай, ғимаратымыз жаңа кейіпке еніп, қаланың сәнін арттыра түспек. Мұндағы ең басты мәселе – жылу жүйесі өзгертіліп, заманауи қондырғы орнатылды. Енді қыстыңгүні залды жылыту қиындық тудырмайды, бір түйменің көмегімен электрлі ауа жылытқыш іске қосылады. Оның үстіне шатырға да жылу өткізбейтін материалдар қойылды, – дейді Бауыржан Шаяхметов.

Сардарбек НҰРАДИН

Соңғы жаңалықтар

Мам 16, 2024

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы…

Құрметті Есік қаласының сайлаушылары! Мен, Кураметов Жан Бауыржанұлы, 1989 жылы Жамбыл…
Мам 16, 2024

АЛАШТЫҢ Ардақты азаматы

«Құдай» қайта қиыпты жерге сені, Көгіме де керек деп бермес еді. Жерге де ортақ бір бала,…
Мам 16, 2024

Семья под защитой закона

Проблема семейно-бытового насилия актуальна в общемировом масштабе. Не является…
Мам 06, 2024

Көрікті көлге көңіл бөлінді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологоиялық акциясының аясында Есік көлінде «Мөлдір бұлақ»…
Мам 04, 2024

Еңбегіңді арнай білсең ел үшін, Сол…

 Ел қорғанысының әлсіз болуға еш хақысы жоқ. Әлемде геосаяси мәселелер өршіп тұрған шақта…
Мам 04, 2024

Танк жүргізуші ТЕМІРҚҰЛОВ

Ұлы Отан соғысы кезіндегі алмағайып заманда, от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…
Мам 04, 2024

«АЙБЫН» ордені БАТЫРЛАР есімімен…

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші…

Күнтiзбе

« Мамыр 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет