Жұма, 21 Мамыр 2021 16:38

Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді

Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді mezet

Көшпенділер ұғымында ыдыс-аяқ түрлері материалдық игіліктің бірі ретінде молшылық-тоқшылық, ырыс-берекенің көзі деп есептелінген. Өйткені дәстүрлі наным-сенім бойынша аузы жоғары қараған іші қуыс ыдыс-аяққа тәңірі несібе бұйыртады екен деседі. Қазақ дүние танымында ыдыс-аяқ үзілмес үміттің, өшпес өмірдің баламасы іспетті, бабаларымыздың  «Өлмеген құл алтын аяқтан ас ішеді» деген дана тағылымы да осыдан қалса керек. Демек, ұлтымыз үшін ыдыс-аяқтың алар орны айырықша болған. Қазақта «Асын ішіп, аяғын теппе» деген сөз бар.  Біз  бұл даналық тағылымды  тұрмыстық тіршіліктен тыс адамдар арасындағы дәнекер саналатын «дәм-тұз» деген киелі ұғыммен ыдыс-аяқтың тығыз байланысы бар деп топшыладық. Сонымен қазақтың ыдыс-аяғы жайлы аздап ой қозғауды жөн көрдік.

Әр жолы Ақши ауылдық округіндегі «Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайына» барғанымда ондағы әр жәдігерге жасырылған тылсым сырдың ұшқынын сезіп қайтамын. Аталған мұражайдың директоры, әке жолын қуған Дәулет Шоқпаров ондағы әр жәдігер туралы тереңнен сыр шертеді. Сауалымызға сай Дәулет аға әңгіменің әлқиссасын қазақтың ыдыс-аяқтарынан бастады. Шебердің айтуынша, қазақ ыдыс-аяқтары көбінде қайың мен қарағаштан жасалады. Өйткені ол ағаштар берік, кемірілмейді. Сонымен қоса, қайың мен қарағаштан жасалған ыдыстардың   денсаулыққа  кері әсері жоқ. Ағаш ыдыс-аяқтарға сақталған тағамдардың табиғи нәрі өзгермей сақаталатыны тағы бар.Мұндай ыдыс-аяқтар көші-қон кезінде оңайлықпен бүлінбейтіндігімен әрі жеңілдігі-мен ерекшеленген. Ағаштан жасалған ыдыс-аяқтың күнделікті тұрмыста қолданылатын аяқ, шара аяқ, шара, зере, саптыаяқ, тостаған, тегене, табақ, астау, керсен, шөміш, ожау, қасық, ағаш шелек, күбі шелек сияқты түрлері бар. Бұл ретте Дәулет Дәркембайұлы: «Қазір біз ағаш-тан жасалған ыдыс-аяқтарға ою-өрнектерді жиі салып жүрміз. Біздің мұражайда ғасыр бұрын жасалған табақтар мен астаулар сақталған. Зер салып қарасаңыз сол көненің көзі болған ыдыс-аяқтарға ою-өрнек тым аз бедерленген. Олай дейтініміз,  бабаларымыз ыдыстың тазалығына баса мән берген. Өйткені ою мен өрнектегі кір мен май дақтары оңайлықпен кетпейді. Сондықтан бұрынғы шеберлер гигиеналық талаптарға сай ағаш ыдыстарға ою-өрнекті тым сирек салатын болған. Алайда сол көне жәдігерлерде түрлі нышандарды бейнелейтін символдық таңбалар да жоқ емес. Ол рудың таңбасы не  ағаштан түйін түйген шебердің өз қолтаңбасы болуы мүмкін», – дейді.

Төрт түлігін тірлігінің арқауы еткен ата-бабаларымыз оның  сүті мен етінен тартып, тері-тарамысына дейін кәдеге жаратақан. Әсіресе, мал тәрісінен саба, көнек, жан торсық, мүйіз торсық,  қауға сынды ыдыс-аяқтар да жасай білген. Ат жалында, түйе қомында өмір кешкен көшпенді жұрт үшін теріден жасалған ыдыс-аяқтардың орны бөлек. Бүгінгі үсті бейіш, асты кеніш кеңбайтақ жерімізді қорғаған жаужүрек оғыландарымыз жан торсы-ғындағы шалабын шайқап ішіп, ат үсінде алты малтасын ас қылмады деп кім айта алар? Қазақ теріден жасалған ыдыстарға да ою-өрнек сала білген. Зерделеген жанға ондағы оюлардың аса терең философиялық мәні бар екені шындық. Дәулет ағамыздың айтуынша, тері ыдыстардағы ою-өрнектер көбінде шеңбер ішіне салынған. Ондағы шеңбер – тұтас тіршілік әлемін, ал шеңбер ішіндегі төрт бөлік – төңіректің төрт бұрышын бейнелейді. Ал сол төрт бөліктегі түрлі өсімдіктер мен гүлдердің бейнесіндегі өрнектер ондағы жайнаған өмірдің жалғасып жатқанын көрсетеді. Қысқасы, ежелгі қазақтың дүние танымына өмір жер бетіндегі  төңіректің төрт бұрышына салтанат құрады.

 

–  Қазақтың ою-өрнектері әлі күнге толық зерттелмей келеді. Біздің көптеген оюларымызда мифологиямыз бен дүние танымыз жасырынған. Соның көзін ашу керек. Әкем марқұм қезінде қазақ қыздары сүйген жарына деген махаббатын, жат жұртқа кеткенде ата-анаға деген сағынышын, өзінің хал-жағдайын ақ шытқа салған  ою-өрнекті кестемен жеткізіп отырған деп жиі айтатын. Демек біздің ыдыс-аяқтарымызда да бүгінгі тұманданған зердеміздің түбінде қалған  қаншама сыр жасырынып жатыр. Бұның барлығы үлкен ғылыми тақырыптарға арқау болатын дүниелер, – дейді Дәулет Дәркембайұлы.

«Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайынан» тері ыдыстардың алуан түрін жолықтырасыз. Оның кейбірі ғасырылық тарихқа ие. Онда сирек кездесетін тері ыдыстарды да кездестіруге болады. Сондай тері ыдыстардың бірін Дәулет ағамыз қауға деп таныстырды.  Қауға – көбінде бие және сиыр саууға арналған ыдыс. Қауға өте жұмсақ болғандықтан сауған кезде малға жайлы сезім тудырады. Қауғамен сүт сауғанда мал екеш мал да алпыс екі тамырын иіп, сүт беретін көрінеді. Бұл, сірә, табиғатпен ғажап үйлесім тапқан өткен өмір салтымыздың бір үзігі ғана болса керек. Соңғы кездері  халқымыздың ұлттық құндылықтарға қайта бой бұра бастағаны байқалады. Өйткені әр шаңырақта  дарқан көңілмен жайылған дастарқандарда әдемі на-қышталған астаулар мен табақтарды, тостағандарды жиі көзіміз шалып жүр. Иә, сырлы аяқтың сыр кетсе де, сыны кетпес.

Әлемнің бір қыдыру  елінде өткен қолөнер көрмелеріне  қатысқан Дәулет Шоқпаров шетелдіктер біздің қолөнерімізді жоғары бағалайтынын, қашанда таласа-тармаса сатып алатынын айтады. Сондықтан да бұл саланың нарыққа сұранып тұрғаны аян. «Шеберлікте шек жоқ» деген осы болар. Бүгінде Дәулет Шоқпаров мұражай маңынан шеберлер мектебін ашып, этноауыл  құруды жоспарлауда. Егер жоба жүзеге асып жатса, ұсталары алуан өрнектен алтын-күміске зер салатын, әншілері алты қырдан асырып ән шырқайтын нағыз қазақ өнерінің кешенді орталығы қалыптаспақ.  Аталған орталыққа ат басын бұрмайтын туристер де аз болмас деген ойдамыз. Қазақ өнерінің саф алтындай сарқылмас мұралары сақталған мұражай замана сұранысына сай, ұлт руханиятына қызмет ете бермек.

 

Ерзат АСЫЛ

Оқылды 4310 рет

Соңғы жаңалықтар

Желт 25, 2024

2024 жылғы су тасқыны: азаматтарға…

2024 жылғы су тасқыны елімізде соңғы 80 жылда орын алған ең ірі су тасқыны болды.…
Желт 25, 2024

Қазақстандық оқушылар халықаралық…

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 1816 оқушы 35 халықаралық олимпиада мен конкурстарға…
Желт 24, 2024

Әлеуметтік әмиян: 703 мыңнан астам…

Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан…
Желт 23, 2024

Жемқорлықпен күресте қоғамның рөлі…

Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес белсенді түрде жүргізілуде. Бұл туралы…
Желт 23, 2024

«Таза Қазақстан» объединила миллионы…

По инициативе Главы государства Касым-Жомарта Токаева с апреля текущего года была…
Желт 23, 2024

Қазақстанда «Халықтың экологиялық…

Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экологиялық сананы ұзақмерзімді…
Желт 19, 2024

Итоги года: Ключевые достижения и…

Энергетический сектор Казахстана является одной из ключевых отраслей экономики. В…
Желт 19, 2024

Жыл қорытындысы: Еліміздің…

Еліміздің энергетикалық секторы экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Орнықты…
Желт 19, 2024

О мерах по либерализации экономики

12 ноября 2024 года, во исполнение Указа Главы государства от 8 мая 2024 года № 542 «О…

Күнтiзбе

« Желтоқсан 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет