Бейсенбі, 26 Тамыз 2021 10:07

Музей – халық қазынасы

Шелек тарихи өлкетану музейінде ықылым заманнан бері бүгінгі күнге мұра болып жеткен көне жәдігерлерді көріп, тарихи кезеңдерді кезіп, оқиғаларға ой жүгіртіп, белгілі дәуірдегі тұрмыс-салтпен танысып, тағылым алуға болады. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің арнайы қаулысымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мұражайының филиалы болып, Шелек тарихи-өлкетану мұражайы 1981 жылы мамыр айының 5-жұлдызы ашылған еді.

Шелек ауылының Жібек жолы көшесінің №119 ғимаратында орналасқан Шелек тарихи-өлкетану мұражайы ғимаратының тағаны 1902 жылы салынған жекеменшік үй болатын. Кейіннен  ғимарат 1935-1965 жылдары Абай атындағы орта мектеп, 1965-1972 жылдары интернат, 1972-1979 жылдары аудандық оқу бөлімі болып, қоғамдағы түрлі қажеттілікке қарай пайдаланылған. 1979-1981 жылдары ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, музей ашылған. Қазіргі күнде Ердос Дәркембаев музей меңгерушісі қызметін атқаруда. Жалпы музейде 11 қызметкер жұмыс жасайды, 2 қызметкер Сөгеті ауылындағы музей филиалында болса, қалғаны  осы ғимаратта еңбек етеді. Екі ғасырдың оқиғаларын басынан өткізген музейге қазіргі күні 40 жыл толып отыр.

– «Шелек музейі тарихи-өлкетану музейі» деген ресми мәртебені иеленгеннен кейінгі жылдардағы  музей жұмысына шолу жасар болсақ,  алғашқы жылдардағы Жібек жолы бойындағы өңірдің арғы тарихының өзі сан тарау. Одан бергі өмірінің өзі таусылмайтын әңгімелерге толы. 1916 жылғы ұлт-азаттық күрестің  бір ізі осы өңірден бастау алатынын біреу білсе, біреу білмейді. Сонымен қатар, бұл аймақ азамат соғысын да, колхоздастыру дәуірін де, кемелденген социализм кезеңдерін де бастан кешірді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан боздақтарды да шығарып салған, тірі қалғандарын жанарынан жас тамшылай отырып, қарсы алған жер. Бесжылдықтардың қызыл туын да желбіретті. Тәуелсіздіктің көк байрағын көтеріп, екі қоғамның формацияның ауысқан шақтарын да көрді. Соның бәрі музейге жәдігер болып топтасып, үнсіз сөйлеп тұр. Осыдан-ақ оның қоғам өмірінде қандай рөл атқаратынын байқауға болады.  Қазір Шелек музейі «М.Тыныш-баев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің» филиалы. Музей 40 жыл бұрын небәрі 150 жәдігермен есігін ашқан болса, бүгінгі таңда экспонаттардың саны 2303-ке жеткен. Олардың лайықты сақталуы қамтамасыз етілді. Музей көпшілікпен бірге жас ұрпақтың да қызыға бас сұғатын сүйікті орнына айналды. Себебі, кітаптан оқыған жайларға қатысты деректерді мұнда көзімен көреді, қолымен ұстайды. Әсерге бөленеді. Егер музей өз міндетін атқарып, жас өркеннің ғибрат алатын орнына айналса, ойымыздың орындалғаны. Сондықтан Тәуелсіздіктің қыры мен сырын жәдігерлер арқылы баяндауға барынша күш саламыз. Жастарды Рухани жаңғыруға бейімдеу біздің де басты міндетіміз болып саналады. Мұнда аға ұрпақ өкілдерімен қызықты кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. 2009 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша музейге күрделі жөндеу жасалды. Реставрация жүргізілді. Соның нәтижесінде бөлімдердің ауқымы бұрынғыдан да кеңейіп, мазмұны айқындала түсті. Залдар жаңаша жасақталды. Олар – «Тәуелсіз Қазақстан», «Археологиялық деректер», «Өлке табиғаты», «Этнография», «Ер есімі – ел есінде» және «Еңбек ардагерлері мен ел ағалары» деп аталады. Шелек өңірінен қайраткерлер аз шыққан жоқ. Әрқайсысы өзінше дара, ел мақтанышына айналған тұлғалар. Олар қалдырған үлгі мен өнеге бүгінгі ұлттық тәрбиенің алтын арқауына айналуға тиісті. Келушілер осындай ардақты азаматтар жайында мол мәліметтер алады», – дейді өз сөзінде Елдос Қалибекұлы.

Сонымен бірге музейде Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматтары мен әйгілі Желтоқсан көтерілісіне қатысқан  ерлердің де тарихы мен фотосуреттері ілінген. Шелек тарихи-өлкетану музейінің ең басты міндеті – келуші көрермен қауымға Шелек өңірінің өткен тарихын, мәдени және рухани құндылықтарын мүмкіндігінше бейнелі түрде көрсетумен қатар, көркем жеріміздің әсем табиғаты мен қоршаған ортасының сұлулығын сезіндіру. Қазақ хандығы кезіндегі етігімен су кешкен батыр бабаларымыздың бір шымшым топырақ үшін қасық қаны қалғанша майдан өтінде болған  ерліктерін, Екінші дүниежүзілік соғыстың қанды ортасында байтақ өлкеміздің шетін жау баспасын деп өз өмірінен Отан амандығын биік қойған батырлардың ерліктерін жастарға үлгі етіп, осы арқылы жас буынды отансүйгіштікке баулу. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» мақаласы аясында музей ісі тіпті де жанданып, көркейіп келеді. Музей ашылғанда 150 жәдігер есебінде болса, ұлтының келешегіне жанашырлықпен қарайтын жандардың арқасында музейге көптеген заттар келіп түскен. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса беретіндігі даусыз. Музейдегі әрбір жәдігердің маңызы өте жоғары. Олардың өз сыры, өз тарихы бар. Шетін қозғасаң, жазулы шежіредей сөйлеп кететін жәдігерлер – ұлтымыздың мақтанышы, халқымыздың тарихы екені даусыз. Шелек тарихи-өлкетану мұражайының ашылғанына 40 жыл толуына орай  18 мамыр халықаралық музейлер күнінде, «М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің», Еңбекшіқазақ ауданының мәдениет бөлімінің және Шелек ауылдық әкімдігінің қолдауымен «Асыл мұра» атты Шелек тарихи-өлкетану музейінің 40 жылдығына орай мерекелік шара өтті. Санитарлық нормаларды сақтай отырып өткен бұл мәдени кешке Еңбекшіқазақ ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Беспаева, Шелек ауылының әкімі Сәкен Абдихалиев, бұрынғы жылдары музейде қызмет атқарған азаматтар және Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматтары, ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысқан.

2020 жылғы әлемдік індеттің салдарынан көптеген мекемелер қашықтан жұмыс жасауына байланысты музейде де көптеген  онлайн іс-шаралар ұйымдастырылған. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Ауылым алтын бесігім» атты ауылдық музейлер арасындағы байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін 2020 жылы Алматы облысының әкімі А.Баталовтың арнаулы дипломымен марпатталса, музейдің қор сақтаушысы Қуанәлі Алмасбекұлы 2020 жылы «М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі» ұйымдастырған «Үздік экскурсия жүргізуші» байқауынан ІІІ орын алған.

Қарап отырсаңыз, Шелек өңірі тарихқа өте бай өлке екені даусыз. Сондықтан өлкетанушылардың да, тарихшылардың да ықылым замандардың қойнауына үңіліп, ізденістер мен зерттеулерді жалғастырып, болашақ ұрпаққа қалдырар мұралары әлі де көп.  Алдағы уақыттарда музей жәдігерлері толыға түсетініне кәміл сенеміз. Ендеше, алда да әлі талай шаралармен, болашақ ұрпаққа берер, көрсетер құндылықтары жетерлік тарихи музейдің айтар сыры әлі де көп демекпіз.

Нұргүл САБАҚАНОВА,

«Еңбекшіқазақ» газетінің

Шелек өңіріндегі тілшісі

Оқылды 1406 рет

Соңғы жаңалықтар

Қаз 31, 2025

Сыбайлас жемқорлық туралы

Сыбайлас жемқорлық – ол лауазымды тұлғалардың өз қызметін жеке пайдасы үшін пайдаланып,…
Қаз 23, 2025

Выставка, посвященная Жетысу

В историко-краеведческом музее имени М.Тынышпаева в г.Есике к Дню Республики организована…
Қаз 23, 2025

Мемлекеттік тіл – ортақ құндылық

Қандастар – бұл тарихи себептермен әр кезеңде Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аударып,…
Қаз 23, 2025

От возрождения – к дальнейшему…

Три десятилетия тому назад, 25 октября 1990 года постановлением Верховного Совета КазССР…
Қаз 23, 2025

Кітап оқу – өркениет кепілі

Қоғамның нағыз рухани құндылықтан ажырап, алақандай смартфонға бар уақытын сарп етіп…
Қаз 23, 2025

Құрметті мамандық

Рухани-мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз…
Қаз 23, 2025

Әлеуметтік сала – ізгіліктің алтын…

Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, адамдардың…
Қаз 23, 2025

Ұлттық өркендеу жолы

XXI ғасыр – цифрлық революция заманы. Бүгінде әлемдегі барлық салалар цифрлық…
Қаз 23, 2025

Әйнекті жууға арналған сұйықтықты…

Таза әйнек — үйдің, автокөліктің де ажары. Дегенмен, әйнекті жууға арналған сұйықтықты…

Күнтiзбе

« Қараша 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет