Дүйсенбі, 31 Қаңтар 2022 11:11

Облыста үздік үштіктеміз

 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада өтеді. Оған Қазақстан құрамасынан 34 спортшы қатысады. Барлығы 87 жолдама жеңіп алған қазақстандықтар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты спорт түрлерінен сынға түседі. Спортшыларымызға жеңіс тілей отырып, аудандағы қысқы спорттың жай-жапсарын аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Ерболат Сарабековтен сұрап-білдік.

– Ауданымызда қысқы спорт түрлерінің даму деңгейі қандай? Жалпы, қысқы спорт бізде бар ма?

– Біздің ауданда қысқы спорт жоқ деуге болмайды. Бар және ол жылдан-жылға дамып келеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қысқы спорт секциясы болмағанымен, Талғар ауданында орналасқан «Қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» бар. Бұл облыстық мектеп болғандықтан аудандарға жаттықтырушы бөле алады. Осы қысқы спорт базасында тіркелген үш жаттықтырушы бүгінде ауданымызда еңбек етіп, балаларды қысқы спорт түрлеріне баулып жүр.

– Ол жаттықтырушылар кімдер және балаларды қай жерде дайындайды?

– Өз ынта-талабымен ауданымызда балаларды алғаш шаңғыға баулыған Алпыс аға Арықбайұлына алғысымыз шексіз. Сондай-ақ Дулат Нұрмағанбетов, Қанат Пірімбаев сынды мықты мамандарымыз бар. Одан бөлек өз ынтасымен балаларды шаңғымен жүгіру спортына дайындап жүрген білікті жаттықтырушылар бар. Мысалы, Түргенде Тұрсын Бухатов деген ағамыз – бұрынғы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қазір зейнетте болса да, балаларды спортқа баулып, шаңғының қыр-сырын үйретіп жүр. «Қай жерде дайындайды?» дегенге келер болсақ, жаттықтырушылар таулы аймақ, яғни ауданымыздағы туристік базада, орталық стадионда шаңғымен жүгірудің классикалық, еркін жүгіру әдістерін үйретіп жатыр.

– Ал жаз айларында ше?

– Жазда орталық стадионда жаттығады.

– Қарсыз?

– Қарсыз. Жазда дайындалуға ыңғайлы арнайы ұсақ дөңгелектерімен жазғы шаңғы жарысына арналған шағын шаңғылар бар. Солармен жаттығады.

– Ал мұндай шаңғыларды балалар қайдан алады?

– Оларды облыстық мектептен әр жаттықтырушыға 20 жұптан тегін береді. Қысы-жазы балаларымыздың жаттыққанының арқасында бүгінде біздің ауданымыз дәл осы шаңғымен жүгіруден жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

– Нәтиже демекші, ауданда қысқы спорттың жылдан-жылға дамып жатқанын жоғарыда айттыңыз. Нақты нәтижелерге тоқталсаңыз...

– Сарыжаз ауылында шаңғымен жүгіруден Алматы облысының чемпионаты жыл сайын өтеді. Соңғы төрт жыл қатарынан сол чемпионатта Еңбекшіқазақ ауданы үздік үштікте келеді. Былтыр және 2019 жылы командалық есепте бірінші орынды, 2020 жылы Райымбек ауданына жол беріп, екінші орынды, 2018 жылы үшінші орынды иелендік. Бұл көрсеткіш – біздегі шаңғы спортының дамып жатқанының дәлелі. Оның алдыңғы жылдары осы чемпионатта Еңбекшіқазақ ауданы тек ондықта болатын. Әр жарыстағы жұмысты спортшылар саралай отырып, өз мүмкіндіктерін арттырып, жаттығуды жақсартып келеді. Бұдан бөлек біздің спортшыларымыз Алматы облысының құрамасымен Щучинск қаласында өтетін республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Ауыл спортшыларының қысқы спартакиадасының чемпионы болған жерлестеріміз де көп.

– Чемпиондар көп екен, бірақ жергілікті халық өз ішінен шыққан үздіктерді танымайды. Жалпы, спортшыларды ел арасында насихаттау жұмыстары қай деңгейде?

– Бәлкім, чемпиондарды спортқа қызықпайтындар танымайтын шығар? Республикалық, халықаралық жарыстардан орын алып келген спортшыларды біз міндетті түрде күтіп алып, газетке, әлеуметтік желілерге олар туралы ақпарат саламыз. Қуанышты хабарды елмен бірінші болып бөлісуге тырысамыз.

– Есік қаласында 3 жерде үлкен экран орнатты. Чемпиондар туралы ақпарат суретімен сол экрандарда тұрса, халық көріп-біліп жүрер еді...

– Әрине, жақын арада спортшыларымыз туралы видеолар ол экрандардан көрсетіледі. Дегенмен, чемпион болған балаларды көп насихаттай беруге тағы болмайды. Оң-солын енді танып келе жатқан жас бала «Болдым, толдым» деп, спортты тастап кетуі, «жұлдыз» ауруына шалдығып, жаттығуды доғаруы немесе бұрынғыдай бар жан-тәнімен дайындалуды қоюы ғажап емес. Тіпті ондай мысалдар да бар. «Спорт шебері» сынды тб спорттық атақтарды қорғаған балалардың құжаты дайын болғанда көбіне жаттықтырушылар оны балаларға көрсетпей, «Уақыты келгенде беремін» деп, жасырып қойып жатады. Мұның себебі – балалардың менменсіп кетпеуі. Яғни баланың психологиясын ескеру керек.

– Таулы аймақта орналасқандықтан территория да, табиғат та ауданда қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы. Неге бұл мүмкіндікті әлі пайдалана алмай отырмыз?

– Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасына дәл осы сұрақ төңірегінде сұраныс жіберіп, қысқы спорт түрлерін дамытуға жағдай жасайтын кешен салу мәселесін көтергенбіз. Бірақ сұранысымыз әлі қарастырылып жатыр.

– Сұранысты қашан жіберіп едіңіздер?

– Жылда жібереміз, бірақ қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты бұл сұрақ шешімін таппай келеді. Өкінішке қарай, инвесторлар да шықпай отыр.

– Қысқы спорт түрлерін дамыту үшін ауданда қандай жұмыс жасалып жатыр?

– Аудан тұрғындары арасында жыл сайын шаңғы жарыстарын жеті категория бойынша екі мәрте ұйымдастырамыз. Жетінші категория – оқушылар. Жалпы алғанда, әр чемпионатқа екі жүздей адам қатысады. Бұл жарыстарды өткізе отырып, облыстық чемпионатқа апаратын спортшыларға іріктеу жасаймыз. Сондай-ақ аудан халқын бұқаралық спортпен айналысуға шақырып, қысқы спорт түрлеріне баулимыз. Жаңашар ауылында Бақтияр деген ағамыз бар. Шаңғымен жүгіру – ол кісінің хоббиі. Шаңғы жарыстарынан жыл да ауданда да, облыста да чемпион атанады. Осындай спортсүйер жандардың ізбасарлары да әр ауылда баршылық.

– Қай округтерден чемпионатқа қатысушылар көп?

– Көктөбе, Есік қаласы, Түрген, Жаңашар, Асы-саға, Қазақстан, Бәйдібек би округтерінен қатысушылар көп. Бәйдібек би ауылында Кондратов деген мықты жаттықтырушы бар. Ол кісі ­– шаңғымен бағдарлау спортының шебері. Ауданымызда өтетін жарыстарда тек шаңғымен жүгіру ғана емес, биатлон және шаңғымен бағдарлау спорты да бар. Спорттың бұл түрінен өтетін облыстық, республикалық чемпионаттарға да жерлестеріміз белсенді қатысып, жүлделі орындармен оралып жүр.

Ардагер спортшылардың жүріп өткен жолын, жетістіктерін жастарға насихаттау мақсатында бір жобаны наурыз айынан бастап қолға алуды жоспарлап отырмын. Спортшылармен шағын сұхбат құрып, мектеп оқушыларымен кездестіріп, видео-жазбалар түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы таратсам деймін. Мықты спортшылармен кездескенде, олардың қызықты да, әсерлі әңгімелерін өз аузынан тыңдағанда оқушылардың спортқа деген қызығушылығы оянады, «Мен де ертең үздік спортшы боламын» деген ой-арманы пайда болады ғой. Мұның өзі елдегі бұқаралық спортты дамытуға, ертеңгі чемпиондарды тәрбиелеуге көп түрткі болары сөзсіз. 

– Ісіңізге сәттілік!

 

Сұхбаттасқан Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

Оқылды 2097 рет

Соңғы жаңалықтар

Шіл 10, 2025

«Е-өтініш –мемлекеттік органдарға…

Е-Өтініш – бұл Қазақстан Республикасының азаматтарына, ұйымдарына және заңды тұлғаларына…
Шіл 10, 2025

28 шілде — Дүниежүзілік вирустық…

28 шілде — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) белгілеген Дүниежүзілік вирустық…
Шіл 10, 2025

Чествование преданных делу…

В городе Қонаев состоялось торжественное собрание, посвящённое профессиональному…
Шіл 10, 2025

Қоғамдық денсаулық сақтау ісіне адал…

Қонаев қаласында кәсіби мереке — Ветеринария күніне арналған салтанатты жиын өтті.…
Шіл 10, 2025

Адам өмірі мен қоғамдық қауіпсіздік…

30 маусым күні Алмалыбақ ауылындағы футбол алаңында 10 жасар Максим Головачевке ит шабуыл…
Шіл 10, 2025

Жизнь человека и общественная…

30 июня на футбольном поле в селе Алмалыбак на 10-летнего Максим Головачёва напала…
Шіл 10, 2025

Дизентерияның алдын алу шаралары

Дизентерия — негізінен Shigella spp. туыстығына жататын бактериялар қоздыратын, ішек…
Шіл 10, 2025

Профилактика сальмонеллеза. Чем…

Сальмонеллез - острое кишечное заболевание (ОКИ), которое характеризуется резким…
Шіл 10, 2025

Энтеровирусты инфекция дегеніміз не?

Энтеровирусты инфекция дегеніміз қоздырғышы вирустар болып табылатын ішектің жұқпалы…

Күнтiзбе

« Шілде 2025 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Кез келген материалды
көшіріп басу үшін
mezet.kz - ке гиперсілтеме
қою керек 

Яндекс.Погода

 

https://kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

Жарнама

для детей, достигших 12 лет