Мен бірде Алматыдағы М.Әуезов атындағы театрға спектакль көруге барып, антрактіге шыққанда Шайхислам Баймұхамбетов ағайдың ұлы Бағланмен кездесіп қалдым. Екеуіміз ағалы-інілі болып құшақ жая қауыштық. Нарынқолда өткізген күндерді әңгімелеп, мәре-сәре болып қалдық. «Қазір жол жақсы ғой. Баяғы ГАЗ-69-дай емес. Машинамыз жүрдек. Ауылға туысқаншылап барып тұрамын», – деді Бағлан. Сонау 60-70 жылдары Нарынқолдан Алматыға жетудің өзі мұң еді. Коробка автобустар. Оның өзі санаулы. Жолаушылар сыймай таласып жатқаны. Жолдың да оңып тұрғаны шамалы. Сондай бір күндердің бірінде университеттен шақырту келіп, редакторымыз Әлнұр Мейірбеков ағай-дан екі күн рұқсат алып, қалаға енді қалай жетсем екен деп жүргенімде Шайхислам ағайдың облыстық партия комитетіне баратынын қызметкерлерден құлағым шалып қалды. Ол жылдары Шәкен аға аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқаратын. Редакциядағы жұмысты сылтауратып кабинетіне барсам, қабылдауында адам жоқ екен.
– Иә, Әбілбек, жұмыс қалай? Келген шаруаңды айта бер, – деді Шәкен ағай амандықтан кейін. Уақыты тығыз екенін де аңғартты.Мансабы жоғары болғанымен бұл кісінің мінезі қарапайым, үлкен-кішінің көңілін қалдырмайды деп еститінмін. Қысылып қымтырылып келген шаруамның шет жағасын жеткізгендей болдым.
– Мақұл. Таңертең сағат жетілерде кешікпей Райкомның алдына кел, – деп қысқа қайырды. Төбем көкке жеткендей болып, кабинетінен қуанып шықтым.
Ертесіне түс ауа Алматыға қазіргі Абылай хан көшесіндегі облыстық партия комитетінің тұрағына келіп бірақ тоқтадық.
– Ертең қайтатын болсаң, түстен кейін осында кел, – деді Шәкең қамқор үнмен. Университет қазіргі Бөгенбай көшесінде. Мен де алып ұшып оқу бөліміне тарттым.
Келер күні айтылған мезгілде обкомның жанында тұрақта тұрған көлікке келіп жайғастым. Жүргізуші ағай әңгіме бастады. «Ағаның екі ұлы, үлкен қызы Алматыда институтта оқиды. Пәтер жалдап тұрады екен. Шәкең аға кеше қонақ үйге бармай балаларының жанына түнеп шықты. Балажан, мейірбанды кісі ғой», – деп маған сұрақ сала қарады. «Шәкең аға секілді жоғары басшылардың көбінің қалада үйлері бар. Ал бұл кісі болса, квартир жағалап жүргені несі?» – деп көкейінде айта алмай қалған сөзді сезгендеймін.
Жол ұзақ. Мені баласынбай, бетімді қайтармай Алматыға алып келіп, алып қайтқанына дән ризамын. Шәкең жол-жөнекей сәл мызғып алды. Оянған соң қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайлы әңгіме қозғады. Ара-кідік бұл тақырыптан не хабарың бар дегендей мені сұрақ астына алып қояды. Жұмсақ қоңыр дауысымен:
«Ағынан да алманың көгі жақсы,
Барынан да жаманның жоғы жақсы.
Бір сөз айтсаң жаманға қорс етеді,
Қорғасындай балқыған қайран жасы», – деп әуендетеді. «Ал, Әбілбек, осы өлең жолдарынан не түсіндің?» – деп маған қарайды. Мен де өз білгенімді ортаға саламын. Аға болса қазақтың қара өлеңін тағы айтып, әңгіме қозғайды. Осылайша жол қысқарсын деді ме, Нарынқолға жеткенімізді аңғармай да қалыппыз. Абзал ағамен сапарлас болған сол қимас күндер оның ұлымен кездескенде ойыма неге екенін орала берді.
– Бағлан, Шәкен ағамен қызметтес болған көпшілік адамдардың бүгін көзі жоқ. Ағаның өмір жолына байланысты жеке құжаттары сенде барма?
– Бар аға. Үйде сақтаулы.
Мен қуанып кеттім. Бағлан мені көп күттірмей қалың папкага салынған құжаттарды маған жеткізіп берді. «Аштықта берген құйқаның дәмі тоқтықта кетпейді», – демеуші ме еді. Алғаш еңбек жолымды 1966 жылы аудан бүгінгідей Кегеннен қайта бөлінгенде аудандық «Советтік шекара» газетінде жай тілші болып бастаған мен сияқты өрімдей жастарға бұл кісінің жасаған жақсылығы, қамқорлығы аз болған жоқ. Қолыма дерек құжаттары түскен соң көңілім орнықты. Өзімді мазалаған көп сұрақтарға жауап тапқандаймын.
Шәкең аға балалық шағы, Ұлы Отан соғысына қатынасқаны жайлы үй ішіне де, көпшілікке де ашылып айта бермейтін. «Балалық шақ жоқшылықта өтті. Соғыста не көрмедік дейсің?», – деп қысқа қайыратын. Әңгіме сонымен үзілетін. Сөйтсек... сөйтсек Шәкен аға ашаршылық жайлаған 1924 жылы дүние есігін ашыпты. Балалық шағы жоқшылықта өткен. Көрмеген азабы қалмаған. Төрт жасында әкесі дүниеден өтті. Анасы үйелмелі-сүйелмелі төрт баласымен азапты күндерді, ұйқысыз түндерді бастан өткізіп, өлместің күнін кешкен. Баланың үлкені Шәкең болса, 4-5 жасынан қозы, бұзау бағып отбасына тіреу болмаса да, сүйеу болуға жараған. 9 жасқа келгенде анасы да жарық дүниемен қоштасқан. Жалаң аяқ жүріп, тас тілімдеген табанына май жаға отырып, көз жасын бұлап, аялы алақанымен маңдайынан сипайтын анасын сағынып, өрісте жүргенде жылап алатын. Қозы, кейде бұзау баққан үсті-басы кір-қожалақ, жамау-жыртық киім киіп жүрген баланы үкімет адамдары көріп оны Кегендегі Қарабұлақ мектеп-интернатына тапсырады. Балалықтың бал дәмін татып көрмеген, төсек емес бөстекте жатып аш-құрсақ күн көрген Шәкең интернатта пейіштің төріне шыққандай күйге бөленді. Әйтеуір, күнделікті наны, қара шәйі үзілмейтін. Әр ауылдан арып-ашып жиналған өзі секілді жетімдер үшін бұдан артық не керек?
Интернат мұғалімдеріне Шәкеңнің оқуға деген ынтасы ұнады. Интернат басшылары тапсырманы орнықты орындайтын, тәртібі де, оқуы да жақсы талапты баланы Қарабұлақ бастауыш мектебін бітіргеннен кейін Жалаңаш ауылындағы мектепке орналастырып, оқуын жалғастыруға мүмкіндік жасады. Ал 9-шы сыныпты Нарынқол өңіріндегі «СоцҚазақстан» мектебінде бітірді. Осы жылдары өз-өзіне келіп, кәдімгідей есейген балаң жігіт дереу Көміршідегі ауылына келіп, колхозға жұмысқа кірді. Ағайындарының қолында қалып, асырауында жүрген іні-қарындастарына бас-көз болды. Енді кісі қатарына қосылдық па деп жүргенінде екінші дүниежүзілік соғыс басталды да кетті.
Ауылдағы бас көтерген азаматтар майданға аттанып жатты. Шәкен болса бірнеше рет қорғаныс бөліміне келіп Қызыл Армия қатарына алу жайлы өтініш жазды. Жасы он жетіде болса да оның алған бетінен қайтпайтынын байқаған қорғаныс бөліміндегілер құжаттарын қарап 1942 жылдың күзінде Өзбекстанның Қаттақорған қаласындағы Гомель жаяу әскер училищесіне кіші командирлер даярлайтын жеделдетілген курсқа оқуға жібереді.«Талапты ерге нұр жауар», – деген емес пе, оқуда озат, әскери дайындықта үздіктер қатарынан көрінді. Орыс тілін де тәп-тәуір меңгеріп, әскери білімін толықтыруға ұмтылды. Училишені бітіріп аға сержант шенін алған Шәкен 1943 жылдың көктемінде-ақ Батыс майданның №133 атқыштар дивизиясына келіп, от пен оқтың ортасынан бір-ақ шықты. Ашаршылық пен жоқшылықты көрген Шәкен зұлмат соғыстың тозағын, қасіретін көзбен көріп, бастан кешірді. Бала кезінен еңбекпен көзін ашып, арқасына ауыр жүк арқалап болаттай шыныққан Шәкен Белорус жері үшін қатынасқан алғашқы шайқастарында кездескен қиындықтарға мойымады. Толарсақтан су кешіп, бет қарыған аязда шинелін жастанып окопта жатты. Боран мен үскірікте бөлімшесін жауға көтеріп алдыңғы сапта жүрді. Оқтан бұқса да бойдағы алғашқы қорқыныш сезімінен арылып жаудан тайсалмады.
Алдымда жатқан, 1942 жылдан бергі оқиғаларға, Шәкеннің басып өткен жорық жолдарына, ерлік істеріне куә, сарғайған құжаттар сыр шерткендей болады. Оған қарап отырып Шәкеннің соншама жылдар бойы бірде-бір кісіге өзінің ерлік істерін «мен, мен» деп мақтанып айтпауы, көкірегін қақпауы оның тұлғасын өзгелерден биікте те түскендей. «Жамандар жақсымын деп айқайлайды, жақсылар жақсымын деп айта алмайды», деп ақын әрі мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықов бекер айтпаған ғой. Соғыстың ең ауыр, ең қиын, әрі ең шешуші ауыр жылдарында Батыс майданның №251 Витебск атқыштар дивизиясында, одан соң №3 Белорусия, №1 Прибалтика майдандарында кескілескен соғыстарға қатысты. Әскери құжаттарында жазылғандай, ол Витебск, Орша, Ярцева, Кинисберг, Смоленск қалаларын, Прибалтиканың Каунас, Вильнюс қалаларын, және Польшаның солтүстік-батыс аймақтарын неміс-фашисттерінен тазарту операцияларына қатысып, жеңіс жолын жалғастырды.
Дивизия командирі соғыс кезінде Шәкеңе тапсырған мына сарғайған марапат қағазына назар салайықшы. Онда «Советтік Прибалтиканы жаудан азат етуші жауынгер Ш.Баймұханбетовке! Жоғарғы Бас Қолбасшы, Совет Одағының Маршалы И.В.Сталиннен. 1944 жылдың 19-шы қыркүйек күнгі бұйрығымен Рига қаласының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі мықты бекіністерді бұзып, Иецава бағы-тындағы терең қорғаныс шептерін жаудан тазартуда көрсеткен ерлігіңіз үшін Сізге Алғыс жариялаймын!» деп жазылған. 1944 жылдың 28-ші шілдесінде Витебск қаласын, 1945 жылдың 6-шы қаңтарында Шығыс Пруссияның Мазур көлдері маңын, Баркен қаласын,1945 жылдың 6-шы ақпанында Прибалтиканың Ландсберг, Партенштейн қалаларын, 1945 жылдың 11-шы ақпанында Преистиш, Айлау қалаларындағы немістердің әбден бекінген мықты қорғаныс шептерін, өте маңызды коммуникациялық аймақтарын жаудан тазартуда көрсеткен ерліктері үшін Ш.Баймұханбетов Жоғарғы Бас Қолбасшы И.В.Сталиннен бес рет қатарынан Алғыс хат жазылған бұйрығын алған. Осынау жеңісті жолдарда, ауыр шайқастарда Алғыс хаттардан бөлек жауынгерлік ерлігі үшін екі рет «Ерлігі үшін» медалімен, офицер кезінде 1-2 дәрежелі Ұлы Отан Соғысы ордендерімен марапатталған. Бөлім командирі, партия қатарына қабылданған соң командирдің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған.
Соғыста бір өліп, бір тірілген азапты күндерді де бастан кешірді. Төрт рет жараланыпты. «Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз аман қалады», – демекші, 1944 жылдың 24-ші қаңтарында денесіне бомбаның жарықшағы оң жақ жауырынына тиген. Контузия да алды 1943 жылдың 9-шы желтоқсанында әскери дала госпиталінің бастығы берген № 277 анықтамасында былай деп диогназ қойылыпты: «Сквозное пулевое ранение». Жау оғы сол жақ қабырғасының үстінен, жүрек тұсынан денені тесіп өткен. Есін білмей госпительге түскен Шәкеңді көрген дәрігер: «Жігітім, көрер күнің бар екен», – деп оны емдеп қатарға қосқан. «Енді сені комиссовать етеміз. Үйіңе қайтуға болады», – дегенде Шәкең бұған келіспей «Жазылдым. Денсаулығым жақсы, жеңіске жетпей үйге қайтпаймын!» – деп айтқанынан қайтпай тұрып алды.
Осы материалды дайындау барысында Алматы қаласындағы соғыс және ардагерлер ұйымының кейбір мүшелерімен кездесіп, әңгімелескенім бар.
– Шәкеңді білеміз. Ол кісі қалаға көшіп келгеннен кейін Алматы қалалық және Әуезов ауданындағы соғыс және ардагерлер кеңесінің мүшесі болып сайланып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Көкірегін көтермейтін. Мақтануды сүймейтін, ұстамды жан болатын. Ұлы Отан соғысына қатынасқандар арасынан Маршал Жуков орденімен наградталғандар сирек. Шәкең осы марапатқа ие болған ардагеріміз. Жастарға үлгі болатын өнегелі істері жетерлік, – деп сөзін қайырды қорғаныс бөлімінің қызметкері. Шәкең жайлы осындай жылы лебізді Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, әскери ғылымдардың кандидаты, полковник Ким Серікбаевтан да естідім.
Ш.Баймұханбетов 1945 жылы Москвада Жеңіс парады өткен соң енді туған жеріме, Қазақстанға оралармын деп жүргенінде әскери командованиядан жаңа бұйрық алды. «Басқару және саяси тәрбие жұмысын білетін кадрлар тапшы. Сондықтан Қызыл Армияның резервіне алындың», – деп оның қолына ССРО Ішкі істер министірлігінің №31 батольонына командир болып тағайындалғаны туралы бұйрықты тапсырды. Бұл қызметті де сенімге селкеу түсірмей екі жыл бойы абыроймен атқарды. Тек 1947 жылдың күзінде бес жылдан соң аман-есен Көміршіге оралды. Талай бейкүнә жанның жанын жалмаған, баланы жетім, ананы жесір қалдырған сұрапыл соғыс осылай жеңіспен аяқталды.
Бүгіндері бейбіт күнде алаңсыз тірлік кешіп жатқанымыз үшін Бауыржан батыр атамыз бастаған Шәкең сияқты ет, сүйегі болаттан жаралған ержүрек мыңдаған аймаңдай қазақ жігіттеріне, тыл еңбеккерлеріне қарыздар екенімізді ұрпақтарымыз білгені және ұмытпағаны абзал.
Шәкеңді ауылдың үлкен-кішісі қуанышпен қарсы алды. Адамзатқа қайғы, қасірет әкелген осы соғысқа, кейін білді, әкесінің бауырлары Нұрмұхамбеттің Қожақ, Әли, Тұрысбек, Саламаттың Асылбек деген ұлдары да қатынасып, соғыс салған жараны арқалап елге оралыпты. Осы шағын ауылдың өзінен ондаған жігіттер майдан даласында жан тапсырып, отбасыларына қан жұттырып, аза тұтқызып қала беріпті.
Бауырларын көріп көңілі орныққан Шәкең партиялық және әскери есепке тұру үшін Нарынқолға келді. Қорғаныс бөліміндегілер жас офицерді құқық қорғау саласына жұмысқа шақырса, ал аудандық партия комитетінде тікелей өзі қабылдаған бірінші хатшы құжаттарымен танысқан соң«Ертеңнен бастап жұмысқа кірісесің, маған көмекші боласың», – деп дереу шешімін шығарды. Бес жасында еңбек жолын қозы бағудан бастаған Шәкең аудандық партия комитетіне жауапты қызметке алынармын деп тіпті ойламапты.
Ш.Баймұханбетов 1985 жылы Республикалық дәрежедегі зейнет демалысына шыққанға дейін Нарынқол ауданында жоғары лауазымды партиялық қызметтер атқарды. Алматыдағы үш жылдық, Москвадағы Жоғары партия мектептерін бітірді. Нұсқаушы, колхоздың партком хатшысы, аудандық комсомол комитетінің хатшысы, одан кейін он бес жыл бойы аудандық партия комитетінің үгіт-насихат, партиялық-ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі, он жеті жыл бойы аудандық партия комитетінің үшінші және екінші хатшысы болып жемісті қыз-меттер атқарды. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де он жыл бойы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланып, қоғамдық істердің бел ортасында жүрді. Дархан көңіл, кішіпейіл мінезімен, біліктілігімен, білгірлігімен адамшылық келбетіне дақ түсірмеді. Ауданда ғана емес облыс, республика көлемінде қайраткерлік дәрежеге жеткен есімі белгілі басшы болды. Ұзақ жылғы адал еңбек, төгілген маңдай тер елеусіз қалмады «Құрмет Белгісі» орденімен, жиырмаға жуық медальдармен және көптеген грамоталармен марапатталды. Сьездерге делегат болып сайланып Райымбек ауданының, Алматы облысы-ның Құрметті азаматы атағына да ие болды. Аудан тұрғындарының өзіне көрсеткен ыстық ықыласымен жасаған сый-сияпаты, ілтипатын бәрінен артық санайтын! Шәкең қызмет барысында да, отбасында да дауысын көтеріп сөйлеп, тіпті баласына да зекіп, ұрысып жатқанын көрмеппін. Керісінше, жұмсақ үнімен, жылы сөзімен жаныңды баурап алатын, айтар ойын байыппен, дәйектеп жүрегіңе жеткізетін.
Осынау жылдар ішінде Нарынқол ауданын басқаруға мінезі, ұстанымы әр-түрлі басшылар қызметке келді. Олардың барлығы Шәкеңнің ел алдындағы беделін, жұмысқа деген адалдығын көріп «Шәке» деп аға тұтып сыйлады. Бюро мәжілістерінде өндірістік шаруашылық жөніндегі мәселелер қаралған азаматтар-дың ісінің оң, терісінің жігін ажыратып, олардың тағдырының оң шешілуіне дәлелмен ұсынысын айтатын. Шәкеңнің уәжді сөзі қолдау тауып жататын. Өйткені ол ауданда қызмет жасаған әр азаматтың еңбек жолын, отбасылық жағдайын, мінез-құлқын, біліктілігін бес саусағындай білетін. Кейде адамның мінезін отырған орынтағы өзгертеді дейміз. Менмен мінез, тәкаппарлық, даңдайсу сияқты жаман әдеттерден Шәкен аға бойын аулақ ұстады. Басшы болған соң алдына әділдік іздеп келген жандардың бетін қайтармады, жалалы болған адамдардың кінәсінің ақ пен қарасын айырып қорған болды, сүрінгенді сүйемелдеді. Өзі де пендешілікке бой алдырмай байлық қумады, ақ жолдан таймады.
Отбасында да балаларына үлгілі әке, сүйікті жар бола білді. Марқұм жұбайы Мейірхан тәтей мектепте мұғалім болып жұмыс істей жүріп Шәкеңнің бір жағына шықты. Отбасына құт әкелді. Келген қонағына әркез дастарханы жаюлы, қолы ашық, кең пейілді, сегіз бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана болды. Олардың барлығын оқытып, жақсылыққа, имандылыққа баулыды.
Шәкең Әлнұр Мейірбеков секілді майдандас достарымен, Нүсіпбек Әшімбаев, Сәрсенбай Байғұлов, Атамқұл Шыңдалиев сынды ауыл академиктері атанған өндіріс тарландары мен ағалы-інілі қарым-қатынаста болып, сыйласып жүрді. Олардан білмегенін үйренді. Мол тәлім алды. Олар да «Шәке,Шәке» деп іні санап, басшымыз деп бағалап мәртебесін көтеретін. Сонау 1940 жылдардан бері қарай аянбай еңбек еткен осынау асқар таудай аталарымыз төрттағандаған шаруашылықтарды тік көтерді. Мәдениетті гүлдендіріп, өндірісті өркендетті. Батыр-лар мен ақиық ақындар, мемлекет қайраткерлері алып тұлғалар шыққан қасиетті де киелі өлке Нарынқолдың атағын аспандатты. Тау барысындай тек алға, тек биікке ұмтылған осындай тарланбоздарымызға әр ауылдан бір-бір ескерткіш қойсақ артық болмас еді.
Адал ісің өнеге боп соңында,
Еңбек еттің әділдіктің жолында.
Жамандықтан аулақ болдың,жан аға,
Бар дүние тұрсадағы қолыңда
Ізгілікті серік еттің жаныңа,
Қанағат қып қолындағы барыңа.
Тәубәңді айтып өттің аға, өмірден,
Кір келтірмей адамшылық арыңа.
Бүгінгі ұрпағымыз Шәкең сияқты тұлғасы Хантәңіріндей биік азаматтың есімін, ерлігін ұмытпайды деп ойлаймын.
Әбілбек АЙТАҚЫНОВ,
Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарының Құрметті азаматы. Шелек ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы.