Ел экономикасының ең маңызды саласы – ауыл шаруашылығы. Елімізде қараша айының 3-ші жексенбісі – осы салада еңбек етіп жүрген жандардың кәсіби мерекесі. Адам ас-ауқатсыз өмір сүре алмайтындықтан азық-түлігімізді өндіріп отырған ауыл шаруашылығындағы әр азаматтың еңбегі еленгені абзал. Еңбекшіқазақ ауданы үлкен болғанымен қоса, ауыл шаруашылығының ауқымы кең, аталған салаға бейім екені мәлім. Осы мерекеге орай аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ермек Жакеевпен тілдестік.
– Құрметті Ермек Ильянұлы, шаруаларға жанар-жағармай жетіспеушілігі жиі байқалатын жәйттар орын алып тұратыны жасырын емес, осы тұрғыда қандай көмектер қарастырылуда?
– Биылғы жылдың көктемінде шаруа қожалықтарына 900 тонна солярка отынын 194 теңгеден бердік, сол кезде жанармай құю бекеттерінде 230 теңге болатын. Жақында қазан айына бөлінген солярка отыны тағы да үлестірілді. Аталған көмек – нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағада үлестіру жұмыстары үзілген емес.
– Ауданымыз бойынша ауыл шаруашылығында қандай өзгерістер орын алып жатыр.
– Биылғы жылы да оң өзгерістер көп. «Айдарбаев» шаруа қожалығы сүт тауарлық өнімі бойынша кеңейе түсті, Дания мемлекетінен «Джерси» деп аталатын сүтінің сапасы жоғары 300 бас сиыр әкелінді. 2 бордақылау алаңы ашылды. 112 га интенсивтік технология бойынша алма бақ отырғызылды. Жаңа техникалар қатары көбеюде, басқа да қуантарлық жаңалықтар жеткілікті.
– Өзіңіз айтқандай ауданымызда интенсивті алма бақтар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұл технологияның артықшылықтарына тоқтала кетсеңіз?
– Расында қазір адамдар совет үкіметіндегі алма өсіру әдістерінен бас тартып, интенсивті бақ өсіретін шаруалар саны артуда. Ескі әдісте су мен күтімді ұзақ жылдар қажет етіп, жемісін 8-9 жылда береді және 1 га-ға 800-900 көшет қана отырғыза аласың. Интенсивті бақ тамшылап суару әдісі арқылы өседі. Көшеттердің арасы 60-70 см-ден егіледі, яғни 1 га-ға 3500-3600 көшет сияды. Бастамасында көп қаражатты талап еткенімен, 3 жылдан кейін жемісін ала бересің. Экономикалық жағынан тиімді тұстары өте көп. Облыс бойынша интенсивті бақтан біз алдыңғы орындамыз.
– Интенсивті бақтағы алма жемісін қанша жыл береді?
– Бұндай бақтар 12-14 жыл көлемінде жемісін береді. Одан кейін ескі көшеттердің орнына жаңа көшеттер егу қажет болады.
– Алма деп жатырмыз ғой. Осы алманы сақтау жұмыстарына тоқталып өтсеңіз.
– Аудан бойынша ірі көлемде 21 қойма бар. Алдағы уақытта қоймалардың саны да өседі деген жоспардамыз. Қазіргі таңда заманауи технологиямен алманы 4-5 жыл көлемінде қаз-қалпында сақтай алатын қоймалар ауданымызда бой көтеруде.
– Халық тарапынан малдың жем-шөбі неге қымбат деген шағымдарды жиі естиміз. Осының себебіна йтып өтсеңіз.
– Бұл таудан келетін судың көлеміне тікелей байланысты. Суармалы су қажетті мөлшерден кем болса, өнім де аз болады, әсерінен баға көтеріледі. Былтырғы жылдары осы мәселе елді қинағанын жақсы білеміз. Биылғы жылы Бартоғай, Есік көлі, Түрген өзендерінде су толы болғанының нәтижесінде, өнім де мол, баға да қалыпты. Бартоғай су қоймасына жылда 295 млн куб су жинаймыз. Аталған қойма ауданымыздағы 90 пайызға жуық шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз етіп отыр.
– Облыс бойынша ауыл шаруашылығы жағынан ауданымыздың алар орынына нақты тоқталып өтсеңіз.
– Біздің ауданымыз жаңа облысымыз бойынша ауыл шаруашылығы саласының 25 пайыздық үлесін құрап отыр, яғни бірінші орындамыз. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін өсетініне күмәніміз жоқ. Қазіргі таңда егін жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Соңғы 10 айдағы көрсеткішке тоқталсам, ауданымыз 164 млрд теңге қаражат көлемін құрайтын өнім өндірді, жыл соңына дейін бұл нәтиже өседі деген сенімдеміз.
– Айтулы сала бойынша ашық ақпарат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Ринат НАРХАНОВ.